Мамандар тапшылығы шешімін таба ма?

Сәрсенбінің сәтті күні Ауыл шаруашылығы министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы болып өтті. Бейнеконференц байланысы арқылы өткен жиналысқа АШМ министрі Ө.Шөкеев, облыс әкімшілігінің ауыл шаруашылығына жауапты басшылары, агробизнес өкілдері мен журналистер қатысты. Жиналыс барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының аясында өткен бір жылда атқарылған жұмыстар қорытындыланып және саланы дамытудың негізгі міндеттері жарияланды.

Алдағы уақытта Агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін арттыру және өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды 2,5 есеге жоғарлату талабы жүктеліп отыр. Бұл міндеттерді орындау үшін бір қатар тиімді шаралар жүзеге асырылмақ. Қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру үшін қолданыстағы қаржы құралдарын жетілдіру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қолхаттары сияқты жаңа құралдарды енгізу арқылы жеке қаржыландыруды тарту жоспарланған. Бұдан басқа, «ҚазАгро» «ҰБХ» АҚ біртіндеп агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін одан әрі қаржыландыру үшін несиелік серіктестіктер, ЕДБ, микроқаржы ұйымдары, лизингтік компанияларды қаржыландыруға ауысады. Осы жерде ерекше ескеретін бір жәйіт, бұдан былай тиімсіз субсидиялар қысқартылып, салық салу жүйесі жетілдірілетін болады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін, саланы техникалық қайта жарақтандыру жүргізілмек.
Мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыру шекара аудандарында ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау бекеттерін құру арқылы қамтамасыз етіледі. Ішкі нарықты қорғау мақсатында халықаралық талаптарға сәйкес техникалық реттеу жүйесін жаңғырту, сондай-ақ ауылшаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін және қадағалауын «фермадан үстелге дейін» қағидаты бойынша, ветеринарлық қызметтің тігінен қамтамасыз етудің бірыңғай жүйесін құру жоспарланып отыр. ҚР, АШМ-ның бірінші вице-министрі А.Евниевтің баяндамасына қарағанда алдағы уақытта Аграрлық оқу орындары қызметінде де өзгерістер орын алатын сияқты.
Ауыл тақырыбына айырықша көңіл бөлетін «QAZAQSTAN-ZAMANY» халықаралық, қоғамдық, саяси газеті ақпан айының басында АШМ басшылары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерін қатыстыра отырып, дөңгелек үстел өткізген болатын. Сол жиналыс барысында өз пікірлерін білдірген азаматтар, шалғай ауылдардағы мал дәрігерлерінің жетіспеушілігін ортаға қойған еді. Әрі оны шешу үшін, Аграрлық университеттердегі кейбір мамандықтарға, гранттар бөлу мәселесін қайта қарау немесе бірыңғай ұл балаларды қабылдауды ұсынған болатын. Министрлік тарапынан тілге алынған бұл маңызды мәселенің еліміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап жатқан оқу орындарының жұмысына қаншалық өзгеріс әкелері қазірше белгісіз. Дейтұрғанмен, ауылдық жерлердегі мамандар тапшылығы мәселесінің мемлекеттік деңгейде қарастырыла бастауы көңіл қуантарлық жұмыс еді.

(11)