Пайдаланылмаған жер телімдері тәркіленді

Атырау облысының Махамбет ауданындағы көшпелі отырыста көтерілген тақырыптардың бірі – жерді беру және пайдалану мәселелері болды. Атырау облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Гүлзия Құрманованың мәлімдеуінше, 2017 жылы инспекторлар 534 жоспардан тыс тексеру жұмыстарын жүргізген. Тексеріс кезінде көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Сөйтіп, жердің пайдаланылуына қатысты 448 құқық бұзушылық тіркеліп, тиісті шаралар алынды. Нәтижесінде мұндайларға 61 млн.теңге көлемінде айыппұл салынды.

Игерілмей тұрып қалған 105 жер учаскесі (66 мың гектардан аса) тәркіленді.
– Қазіргі таңда пайдаланылмаған жер телімдерін тәркілеу жұмыстары жалғасуда. Ең басты мәселе, жеке тұлғалар ауыл шаруашылық жұмыстарына пайдаланамыз деп жер алғанымен, кейіннен оларды жеке тұрғын үй салушыларға сатып жібереді. Осындай жағдай Береке ауылында орын алды. Адамдар үй салды, ал біз оларға ол жерлерінің заңсыз екенін айтуымыз керек. Кезінде біреулер құрылыс жұмыстарына рұқсат берген, бірақ тексеру нәтижесі бойынша заңсыз деп танылып отыр, – деді Махамбет ауданының әкімі Сырым Рысқалиев.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өз кезегінде осы ауыл тұрғындарымен кездескенін атап өтті.
– Ауыл шаруашылығына арналған бұл жер телімдері осы саламен айналысатындарға бөлінген. Біз барлық жерді алу міндетін қойып отырған жоқпыз, бірақ бұл участкелерде үй салуға болмайды. Осындай фактілерді ашып, қажет болған жағдайда, заң бойынша мұндай құрылымдарды бұзу туралы аудан әкіміне міндет жүктедім. Бұрынғы қалпына кері қайтаруды тапсырдым. Тек осы жағдайда ғана заңсыз құрылыс жүргізетін адамдар ойланып, жерді заңсыз алу жолдарын тоқтатады. Біз ауыл шаруашылығымен айналысқысы келетін адамдарға жер телімдерін тауып беруге тырысамыз, десек те жүздеген гектар жер не мақсатына сай пайдаланылмайды, не кері сатылуда,-деді Нұрлан Ноғаев. – Сонымен қатар, аудан әкімдері осындай жағдайдағы жер иелерімен кездесіп, олардың мәселесін шешу туралы ұсыныс айтулары керек. Адамдардың кінәсі мына жерлерді сатып алғаны болып отыр.
Жылыой ауданында жер телімдерін рұқсатсыз пайдаланған, заңсыз құрылыс салған үш кәсіпкерлік нысан анықталды. Әкімдік ғимараттарды бұзу туралы шешім қабылдады.

2017 жылдан бастап жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы жер телімдерін анықтау үшін аэроғарыштық суреттерді пайдалана бастады. Өткен жылы 9 мыңға жуық заңсыз жер телімдері анықталды. Бұл жұмыс биыл да жалғасады. Аэрофототүсірілім деректерін пайдалана отырып, жер учаскелерін тексеретін және жер телімдерін дұрыс пайдалануды реттейтін арнайы топтар құрылды.

Светлана Муньянова

(11)