mm
Халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» қоғамдық-саяси газетінің Бас директорының бірінші орынбасары.ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, “ЕлАна” Қоғамдық, әлеуметтік, танымдық, ақпараттық сайтының бас редакторы.

«Гейша» азғындықтың ұясы, оны тез арада жабу керек!

«Евразия» телеарнасының жексенбі күнгі хабарындағы тосын бейне көріністі көріп есеңгіреп қалдым. Жанымдағы балалардан ұялдым. Бөлмеме барып тіптен жатып қалдым. Даусым шықпай қан қысымым көтерілді. Жаным күйзелді, жүрегім жылады. Осының алдында ғана «Қоғам кінәлі ме, адам кінәлі ме?» деген мақала жазып едім, дүйім жұртқа билікке хат жазып едім. Үндемеді! Жетімдерімізді сатты, үндемедік! Қытайдағы қандас бауырларымыз көрмегенді көріп жатыр, үндемей отырмыз. «Жер менікі» деп екі жақтағы көршілер иемденіп намысымызға тиеді, үндемедік. Қазақ қыздарын Қытайға береміз, фирма ашады, үндемейміз. Енді міне бұған қалай шыдайсыз?!

«Гейша» мектебі жайлы бейнекөріністі де үндемей көрдік. Әрі қарай да үндемейміз-ау, сірә. Қыз-келіншектерге төсектің қыры-сырын, еркекті айналдырудың жолдарын үйрету деген не пәле?!

Естеріңде болса, қарақтарым, бұрын күйеуден ажырасты дегенді естімеуші едік. «Бала алдырыпты, қыз кезінде екіқабат болыпты»  деген сұмдықтарды естімедік. Естісек те үлкендер жасырын сыбырлап, бұндай жаманаттарды айтпауға тырысатын. Көгілдір, еркекшораларды кейін көрдік. Ұят, обал, сауаппен өскен біз бақытты екенбіз. Рухани жаңғыру деп дабыл қаққан елбасының шырылын түсінген пендені көрмедім, Рухани азғындау үстіндеміз. Ресми түрде ашылған азғындыққа үйрететін мектепті көрген ұрпақтың тағдыры не болмақшы? Беті былш етпей ата-бабасының мұрасын дәріптегендей қазақтың жап-жас қыздары мектептің мақсатын мақтана сумаңдап таныстырып отыр.

60-тан асқан кемпірлер де сол мектепте отыр. Қазақтарды адастыруға арналған жеңіл әрі ұтымды жол. Масқара! Дәл осы еркекті айналдыруға арналған сабақ бергенше басқа тағлымды істермен неге айналыспайды? Нағыз көрсоқырлар, надандар!

Неге сырттың қаңсығына таңсық болдық? Орыс, неміс, американ мектебі, 3 тіл, ертең қытай мектебі ашылса ше? Бұл не болды бізге? Көз тиді ме? Қазағымыздың мәдениетін, салтын, әдет-ғұрпын құрту үшін жан-жақтан шабуыл жасап жатыр. Осылай үндемей жата берсек ұлт болудан қаламыз. Дереу қимылдау керек. Ертең кеш болады.

Мынау Астана мәңгүрттерінің ақша табу тәсілі ғой. Бұл мектеп қазақтың қыз-келіншектерін азғындыққа итермелейді. Мынадай бизнес нысандарына лицензия неге береді екен? Билік қайда қарап отыр? Ерлі-зайыптылар сезімдерін құпия түрде ұстамаушы ма еді? Бұл дегенің сезімді бизнеске айналдыру, яғни нәрестені шетелге сатқандай, қатын-қалаштарды шетелге күйеуге жібергендей, жерімізді, Отанымызды сатқандай көкейтесті мәселе ғой. Сұмдық қой, сонда бұл әр адам баласы өз сезіміне өзі ие бола алмайды деген сөз ғой. Зорлық-зомбылық, педофилдердің көбеюуіне жол ашып беру деген сөз. Ана ел бүйтеді, мына ел сүйтеді дегенді қою керек. Біз — қазақпыз. Менталитет басқа. Не масқара еркекті еліту деген. Ол екі адамның арасындағы құпия. Оны үйрету деген қайдан шықты? Сендер үйретпей-ақ аз емес қой бүлініп жүргендер.

Міне, бұл — мылтықсыз майдан. Солардың бәріне төзген қазағым күніге өліп қара жамылуда. Баланы далаға тастап кету, ата-анасына қарамау, өзін-өзі өлтіру. Аяр, айлакер, қу қатындардан не оңды сабақ үйренуге болады? Ақша табу, аңқау, ессіздерді құрыққа түсіру оңай болды-ау қазір. Бақырайып тұрған затты неге көрмейміз? Сиқырға, жезөкшелікке бастар осындай тренингтерді неге жоғары жақ жауып, айыппұл салмайды? Бұл — ессіз көргенсіздік. Бұл — сұмдық қой. Болашақ ана болатын бойжеткендерге мұндайды үйреткенше, одан да қалай жақсы келін болудың қыр-сырын үйретпей ме?

Айтпақшы «Гейша» деген бұл мектеп жапондардан көшірме етіп алынған. Бірақ менің білуімше, онда жапонның салт-дәстүрлерін, ұлттық мәдениетін, күйеуін, үлкендерді қалай сыйлауды, құрметтеуді үйретеді. Ал біздің «Гейшамыз» керісінше. Қазақ қызына оны үйретудің қажеті жоқ. Әр қыз өзінің назды қылығымен, биязылығымен кез келген жігіттің көңілін аудара алады. Ал мұндай мектептердің Қазақстанға қажеті жоқ. Кемпірлер немене жас жігіт іздеп жүр ме екен? Жабылсын, керек емес. Бұл — жастарды бұзу. Жетіспегені осы еді! Бұдан кейін басталады біреудің жанұясын бұзу, күйеулерін тартып алу. Бала туып, көшеге тастау өрши береді. Бізде мұндайлар аз ба еді? Өкімет, депутаттар, ақсақалдарымыз қайда қарап отыр?

Сәуле Мешітбайқызы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

(702)