Мен өзім де осы нәрселерге мұқтажбын ғой…

…Ілгері заманда айтулы бір қолбасшы шағын қаланы жаулап алыпты. Қала халқы қарсылықсыз бағыныпты. Қолбасшы да жеңілген халыққа тізесін батырмай, алым-салығын ғана алыпты.

Ол қаланың барша жұртын жинап:

«Өз араларыңда ақылды адам бар ма? Болса кім? Мен сол адамды сіздерге әмірші етіп тағайындаймын»,-депті.

Көпшіліктің ішінен біреу:

«Патшамыздың ұлы бәрімізден ақылды еді. Бірақ, ол қазір дәруіш болып, бейіттердің арасында жүр», – дейді күмілжіп. Қолбасшы екі нөкерін дәруішті алып келуге жібереді.

Нөкерлер бейіт басында отырған дәруішті көріп:

«Ей, дәруіш! Сені Құдай жарылқады. Сен бақытты боласың. Өз қалаңа әмірші болатын болдың. Қолбасшымыз бізді сені шақырып келуге жіберді», – дейді.

– Бармаймын, – депті сонда дәруіш, – Әмірші болу үшін халықпен істес болу керек. Мен өзімді биік санаймын деп астамшылыққа ұрынып, осындай хәлге душар болған жанмын. Салтанатты сәнді сарайда тұрудың маған еш қажеті жоқ. Бүкіл әлемдегі жолдың бәрі осы зиратқа келіп бітеді, – депті.

Екі нөкер қайтып келіп:

– Бізге еріп жүрмеді, – дегенде қолбасшы ашуланып:

– Қазір маған ол дәруішті күштеп алып келіңдер, – деп қайта бұйрық берген соң, нөкерлер дәруішті алып келіпті.

– Патшам, сізге бейіт басынан екі сүйек ала келдім. Бірі – әміршінің сүйегі, бірі – дәруіштікі. Осыны ажыратып бере аласыз ба? – дейді дәруіш.

– Ей, сен не тантып тұрсың? Қураған сүйекті қалай ажыратуға болады?

– Ендеше, асыл текті патшам, әмірші мен дәруіштің сүйектерінде еш айырмашылық болмаса, маған дәруіштіктен әмірші болудың қажеті қанша? – дегенде патша ойланып отырып:

– Сені жұрт есалаң дейді. Бірақ, сен негізінде ақылды адам екенсің. Сен әмірші бол, – дейді.

– Жоқ, әмірші болу маған қол емес.

– Ойлан, кезінде патшаның ұлы, әмірші болдың, қазір дәруішсің. Алма-кезек өткінші бір дүние ғой бұл өмір. Қайтадан әмірші болғың келсе, жол ашық, – деп, патша қайта-қайта айта берген соң, дәруіш илігіп:

– Ендеше менің төрт тілегім бар. Соны орындасаңыз, әмірші болайын, – дейді, – Бірінші тілегім: маған өлмейтін өмір бер.

Екінші тілегім: қартаймайтын жастық бер.

Үшінші тілегім: сарқылмайтын байлық бер.

Төртінші тілегім: қайғыға айналмайтын қуаныш бер.

Сонда қолбасшы басы салбырап:

– Уа, дәруіш! Мен саған бұларды бере алмаймын. Себебі, бұл Жаратушы Алланың билігінде ғана. Мен өзім де осы нәрселерге мұқтажбын ғой, – деген екен…

(25)