mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Костюм киетін емес, ұлтын сүйетін ұрпақ керек

Көңілге тисе де, шындық осы. Баламыз жоғарғы оқу орнын бітіре салып шет елде білім алса екен, еліне қызмет етсе екен, мамандығын меңгеріп білікті азамат болса екен деп қарекет қылмаймыз. Оқу бітіре салған кезде үстіне киетін сағатын, галстугын, костюмын ойлаймыз. Қарапайым қоғамның мүшесінен элитаға сапар шегіп бара жатқан джентльменнің образын қалыптастырамыз. Неге? «Менің баламның одан қай жері кем?» жауап осы.

Қай бір жиында болмасын, дөңгелек үстел, мемлекеттік мәселелер талқыланатын жерде үстеріне кигені жүз мыңның үстіндегі костюм, галустук, жылтыраған туфли, екі қанаты екі жаққа жайылған жастарды көресіз. Сырты бүтін, іші қуыс. Бітіріп жүрген ештеңесі жоқ, тек әдемі костюмі бар. Сол ғана. Адымы алыс, қолы қалтада. Сөзінде мән, ісінде береке жоқ. Бастысы мемлекеттік органда жұмыс жасап жүр. Не істеп жүр, қандай шара ұйымдастырып, қандай тұлға туралы сөйлеп жатыр, бәрібір. Себебі оның әдемі киімі бар.

Патша да шапан ішінде емес, өзінің шекпенінде туып-өсті. Еңбектеніп барып елеулі болды. Ал біздікі ше? Жоқ, бүгін-ертең шалқайса жататын, бұрылса айналатын, бастысы артық қимыл жасатпайтын орындыққа жайғасу. Одан қала берді «гос органға» орналасып алсам, ары қарай өсеміз ғой дың айналасы.

Бізге қаптаған джентельменнің не керегі бар? Бізге жұмыс жасайтын, үстіне не кисе де, ісінен жеміс беретін өркен керек. Еркін тыныстап, халықпен бірге болсын. Костюм сатып алып абырой жасаудың қажеті жоқ. Халық ісіңе тәнті болса, өзері-ақ бағасын береді, өздері-ақ киіндіреді.

Он адам бас қосады. Дөңгелек үстел. «Жастар мәселесі» туралы сөйлеп отыр. Бәрі бір мода көрсетуге келген адам секілді. Қызы да, ұлы да «гүл» дерсің. Қолдарына қымбат қаламсап, күміспен аты жазылған қапшық, блокнот, қолда смартфон. Жазып отыр, сызып отыр. Сөйлеуге шығып жатыр. Бәрінің айтып жатқаны бір әңгіме. Тек мектеп қабырғасында сабақ айтқан секілді бір әңгімені мың құбылтып  айтады. Оған бәрі мәз. Соңында ду қол шапалақ соғылады. Есеп дәптеріне қаладағы ең белсенді жастар мен ұйым басшылары жиналып талқылады, бәрі ат салысты деп қол қойылады. Ал олардың не талқылағаны, не айтқаны ешкімге қызық емес. Себебі олар өздері түсінбейтін тақырыпта ештеңе талдаған жоқ.

Бізге шіреніп киген киіммен емес, миына қонған дарынын халықтың игілігіне, мемлекеттің мүддесіне жұмысайтын азаматтар керек. Жалған атақ, сұқбат, қолдан жұлдыз жасау, бесіктен белі шықпай жатып «саясат деген…» деп әңгіме айтатын, костюмі үстіне шақ болса да, абыройына төрт-бес размер үлкен тұратын, жеңіл әңгімеге әуес жастар керек емес. Олар онсыз да қоғамның соқыр ішегі секілді бір күні керексіз боп қалады.

Ең сорақысы, өзінен он костюм артық тоздырған әкесіндей адамға мұрын шүйіре қарап, күзетіші мен еден жуушы аналарына да зеки жөнелетіндері жетеді. Солар маңдайдан тамған еден жуушы ананың бір тамшы теріне де татымайтынын білеме екен?!

Қорыта келген кезде, біз адам болып қалыптасуға талпынатын ұрпақты емес, костюмге размері келетін «жас шенеуніктерді» өсіріп жатырмыз. Кім жақсы, сен жақсы. Кім жаман, мен жаман.

Костюм кимеңіз дегенім емес, адам киген кимі мен ішкен асына да есеп беру керек. Қарапайым екі санды қоса алмайтын болсаңыз, елдің басын қалай қоспақсыз. Адамның асылы болған, пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с) кигені мен оның үмбеттері үшін жасаған жақсылығы жер мен көктей. Басқа мысалдың керегі де жоқ шығар…

 

                                                                                                                      Марғұлан Ақан

 

(11)