Сабырлылық — ізгі қасиет

Құрметті редакция.

Халықаралық  «QAZAQSTAN  ZAMANY» газетінің ұжымы.

Жуырда туған інім небары  27 жасында көлік апатынан қаза тапты. Артында екі кішкентай ұлы қалды. Жары қалды еңіреп. Содан бері өзімді қоярға жер таппай, қатты күйзелісте жүрген жайым бар.  Өмірге деген құштарлық пен арман-мақсаттың бәрі «адыра қалды».  «Адамның өмір сүрудегі  мақсаты не?» —  деген сұрақ ойымды жиі мазалайды. Дүние, ақша, атақ-даңқ — жалпы біз құлшына «қуып» жүрген нәрселердің ешбірінің баяны жоқ екендігін шынымен ұғындым. Адамға адам табылмайды екен. Адамға бауыр табылмайды екен.

Құдайдан сабыр мен төзім тілеп, ойыма түйгенімді қағаз бетіне түсіріп, қауыммен бөліссем қайғым жеңілдеп, көңілім сәл де болса орнығатын сияқты. Сол үшін шын жүректен шыққан сөзді қағазға түсірем. Өмірде мен сияқты басына ауыр күн туып, қиналып жүрген жандарға сәл де болса демеу болсын деген оймен осы мақаланы сіздерге ұсынып отырмын. Алла ризалығы үшін газетке жариялап берсеңіздер деймін.

Отбастарыңыз  аман, еңбектеріңіз жемісті болсын.

Сабырлылық ізгі қасиет

« …Оларға біз сауаптарын еселеп беріп қоямыз,

олар сабырлық   танытқандары үшін…»

/Құран кәрім. Нахыл сүресі.96-аят /

«Сабыр түбі – сары алтын»

                                                   (қазақ мақалы)

Мұсылман баласының басына  әлдеқандай іс түскенде оның өмірден түңіліп, тіршіліктен мән-мағына таппай абдырап қалуына кедергі болатын ізгі қасиет — сабырлылық. Біздің бүгінгі айтпағымыз басымызға қиын сынақ туған сәттегі сабыр сақтау мәселесі жөнінде болмақ. Ал жалпы алғандағы  «сабыр» ұғымы әлдеқайда кең ауқымды тақырып. Бүгінгідей адам баласының бәрі әлдеқандай бітпей жатқан шаруасыменен, әлдеқайда асығып бара жатқан «асығыс» заманда әрқайсысымызға күнделікті  тіршілікте сабыр сақтау қажет-ақ. «Бұйырған   кетпес, қуған жетпес» деген бабалар тәмсілін санаға тоқып алып «ақырын жүріп, анық басқанымыз» абзал. Сол асығып қуып жүрген нәрсеміздің біз үшін қаншалықты қайырлы екенін және тіпті бізге бұйырып-бұйырмасын да білмейміз.  Күнделікті тіршілікте әрбіріміз таң атқаннан күн батқанша қаншама қателіктер мен асығыстыққа бой алдырып, сабырсыздық пен күйгелектікке түсеміз. Сабырсыздықтың кесірінен біреуге тіліміз я қолымыз тиеді, қатты сөзге де келеміз. Асығамыз, ашуланамыз, айқайлаймыз, түкке тұрмайтын бірдеңе  үшін жақынымызбен, жатпен дауласып, дауыс көтереміз, жаға жыртысуға дейін барамыз,   сөйтіп жүйкемізді жұқартамыз. Өзімізге де, өзгеге  де зиянымыз тиіп, берекеміз қашады. Қадіріміз кетіп, жақының жатқа, досың дұшпанға айналады. Осының бәрін болдырмаудың бірден-бір жолы — сабырлы болу.

Сабырдың тән  сабыры және нәпсі сабыры  деген түрлері бар. Сонымен қатар  сабырдың төрт  түрі және бар. Олар:

  • Қиыншылықта сабыр сақтау;
  • Алланың берген нығметтеріне (байлық, атақ-абырой, бала-шаға, денсаулық т. б.) риза болып, сабырлылық таныту;
  • Аллаға құлшылық қылуда сабырлы да төзімді болу;
  • Күнә істер жасаудан тоқталу, сабыр сақтау.

Басына әлдеқандай қиын күн туған пенденің сабыр сақтап, қайғыға қасқайып қарсы тұруына, мұңға мұқалып мүжіліп кетпеуіне дем берер бабалар өсиеті мен ғұламалардың құнды ойларының түп-төркіні қасиетті дінімізден негіз алса керек.

Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса, ерге дәулет оралмаған.

Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,

Сонда да күдер үзбе бір Алладан, — деген бабалар өсиеті сүрінгенді сүйеп, құлағанды қолдайтын нағыз салиқалы сөз  емес деп кім айта алар?

Сабырлылық, сабыр сақтау — аса ізгі қасиет, көркем мінез, мұсылманға тән ұлы сипат. Қиыншылықта сабыр ету оңай іс емес екендігі сөзсіз. Алайда  мұсылман баласы өзін-өзі шектеп, сабыр сақтай білуі тиіс.

Мұсылманның  басына әлдеқандай қиын іс түскен сәттегі сабыр сақтауына байланысты пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) бір хадисінде былай делінеді:

«Қандай да бір мұсылманның басына шаршау, ауру, қайғы-қасірет келген болса, зиян тиген болса, тіпті шөгірдің өзі денесіне кірген болса, тіпті сол шөгірдің тигенін ауырсынудың өзімен қиналып, соған сабыр ететін болса, оның күнәлары кешіріледі». Хадисте айтылғандай,  мұсылман баласы қиындыққа сабыр ету арқылы күнәдан арылады  екен.

Тағдырымызға жазылып қойған сынақ келген сәтте сол қиыншылықты шарасыздық танытып, ашуланумен емес, шамамыз келгенше сабырмен мойындап, мойынұсына қабылдай алу нағыз мұсылманның сипатына тән қасиет екен. Егерде жақсы көретін жақынымыз жан тәсілім етсе, біздің қолдан келетін қандай амал бар? Біз оны қайта тірілте аламыз ба? Шашымызды  жұлсақ та, бетімізді қан-жосалап  тырнасақ та, ол бізге енді қайтып келмейді. Қаншалықты өзегіміз өртеніп, қимағанымызбен қара жердің қойнына тапсырудан басқа шара бар ма? Оның жүргені, тұрғаны, күлгені, айтқаны, кигені, тек өзіне ғана тән мінезі мен қылығы, бет-бейнесі күндіз көзімізге елестеп, түнде түсімізге де талай кірер. Жүрегімізге орнап,  кетпестей түйдектелген түйнекке айналған қасірет өзімізбен бірге көрге кеткенше мәңгілікке қатып қалар. Жүректегі жараны сыдырып алып тастайтын ағаштың қабығы емес. Алға ұмтылсақ, «арттағымыз»  еріксіз мойын бұрғызып, көңіл шіркінді құлазытар да тұрар. Іштегі сырымызбен үнсіз, өзімізбен-өзіміз сырласқанда сан мәрте сағынып, іштей егіле сағынармыз  сол жанды.

Ерде ме, кеш пе  қара жердің қойнына  бәріміз де кезекпенен кетеріміз анық. Сол себепті, Аллаға шүкір,  мұсылман болып туған соң, өмірдің  ақ пен қарадан, қуаныш пен қайғыдан тұратынын ақылмен ойлап, санаменен сезінгеннен кейін  нар тәуекелке бел буудан басқа жол жоқ.

       Көзімізден жас шығады, жүрегіміз езіледі. Бұны   сабырсыздықдыққа жатқызбаймыз. Ол дүниеден өткен жақынымызға деген мейірім мен сағыныштың нышаны. Мұсылман адам басына қандай да бір қиыншылық келген сәтте немесе бір жайсыз хабар естіген уақытта былай деп тілмен айтып: «Иннә лилләһи, уә иннә иләиһи рожиғуун» («Баршамыз Алланың мүлкіміз, Алладан келдік (Алла Тағала жаратты) және баршамыз Аллаға қайтамыз» немесе «Алла берді, Алла алды»), сол сөзге сай бірден жүрегімізді, ой-санамызды сабырлылыққа бағыттай беруіміз  керек екен.

Қасиетті Құран кәрімде Алла Тағала  мұсылман қауымға: «Сіздерден бұрынғыларды сынағандай, сіздерді де сынаймыз»,  дейді.

         Адам баласы бұл дүниеге ішіп-жеп, уақытын бостан-босқа, еш мақсатсыз өткізу үшін келмегені айқын. Адамның ту басынан-ақ жаратылудағы мақсаты сынақ өмірдің шын мәні мен мағынасын түсініп, жан мен тәннен жаратылған болмысының тәнінің қалауы үшін барын салып, ал жан азығын ұмыту емес. Керісінше, жан-рухын «азықтандыру», салиқалы, ізгі амалдар арқылы күнәдан арылу емес пе? Ал тәннің азығы ішу, жеу, киім, көлік пен үй адам жаратылысының басты мақсаты емес. Себебі ертең біз өмірден озғанда сол тән «қоректерінің» бәрі де артта қалады. Екі-үш метр ақ матадан басқа не әкетеміз мына жалғаннан? Өзінің жаратылу мақсатын шынайы түсінген пенде Жаратушы тарапынан берілген сынақтарда төзімділік танытып, сабыр сақтай алары хақ.

Қойшыбайұлы Ермұрат

                                                                                   Еңбекшілдер ауданы

                                                                                    Мамай ауылы 

(72)