«Есілдің мен де бір ерке ұлымын»

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жерлесіміз, ақын, әнші, сазгер, КСРО Журналистер одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері Бүркіт Бекмағанбетовтің «Есілдің мен де бір ерке ұлымын» атты шығармашылық кеші өтті.

Армысың аңсап жүрер ардақты елім.

Кешімді өткіземіз арнап менің

Дегенде толқып кеттім, тебірендім,

Елге есеп, не деген салмақты едің? — деп, дүйім жұртпен сағынысып көріскен Есілдің ерке ұлы Бүркіт Бекмағанбетовтің халқына арнаған бір ауыз сөз өлеңі болатын.  Иә, Ерке Есілдің бойында дүниеге келіп, есімі елге етене таныс жерлесіміздің шығармашылық кеші автордың орындауындағы «Өтеді жылдар» әуезді әнімен бастау алды. Пах, шіркін, сұңқылдаған дауысты айтсаңызшы! Мөлдіреп төгілген өлең сөздері де салмақты. Отыз жыл елден жырақта жүрген ұлдың өткен өмір белестерінен сыр шертер әсем әннің қанатында қалықтаған қауымның толассыз шапалағы өнер айдынында биікке самғаған Өрнектің өр баласына деген ерекше құрметті аңғартты. Өмірге құштарлық, туған жерге деген перзенттік сезім, балалық шақ, жастық дәурен суреттелген шығармалар арқылы көз алдымызға ауылда өткен сағым күндер елестеп, естен кетпес ерекше күйге бөлендік. Сан алуан тақырыптарда қалам тербеген жерлесіміздің әндері мен өлеңдері лирикаға толы. Ән-жырдан рухани ләззат алған көрерменнің айызын қандырған ақын өткен күннің белгісіндей болған естеліктерімен бөлісті.

«Сегіз қырлы, бір сырлы» деген сөз осы азаматқа қарата айтылғандай. Өйткені бір бойында бірнеше өнер тоғысқан, аққуға аспандағы үнін қосқан қазақтың тума таланты Бүркіт ақын, әнші ғана емес, сазгер, термеші. Дикторлық шеберлігі де бір басқа. Журналистика саласында айшықты қолтаңбасы бар оның дара болмысы бәрінен биік.  Өйткені өнерде салған өзіндік сара жолы бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, терме, мысалға да қалам тербеді. Кеш барысында термелері айтылып, өзінің орындауында мысалдары оқылды. Сондықтан 100-ден астам ән, 25-тей терме жазған дарынды тұлғаның шығармалары руханиятқа қосқан үлкен олжа десек, қателеспейміз.

Отыз жеті жылдан кейін сахна төрінде «Көкшетау» әнінің тұсауы кесіліп, тарихи сәттің куәсі болған көрермен бір терінің пұшпағын илеп, ақынның шашбауын көтеріп келген жезтаңдай әншілер де тамаша өнер көрсетті.  Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының дәстүрлі әншілері, Мәдениет саласының үздігі Әбсалық Салық пен Мәдениет қайраткері, туған бауыры Мереке Бекмағанбетовтің орындауында әсем әндер әуелете шырқалды. Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің (көркемдік жетекшісі, бас дирижері Қайырлы Ғафуров) сүйемелдеуімен Мереке Бекмағанбетов «Өрнек жастарының вальсі», «Астанам менің» атты әсем әндер арқылы туған жерге деген іңкәрлік сезімін қара орман қазақтың жүрегіне тебіреніспен жеткізді.

Ақын «Өмір — роман» атты шығармаларымен көрермен қауымды өлеңмен сусындатып, бірнеше мәнді де мағыналы жыр шумақтарын арнады. Сондай-ақ, облыстық ақындар орталығының тәлім алушылары оның өлеңдерін тебіреніспен оқыса, өңірде өлең сөздің туын желбіретіп жүрген Өрнек ауылының жас дарыны Жұмабек Рақым арнау айтып, көпшіліктің алғысына бөленді. Жас болса да, қазақы дәстүрмен ағасының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

— «Өлі разы болмай, тірі байымайды» демекші, мені қолдаған, осындай дәрежеге жеткізген азаматтарға алғысым шексіз. Жарман Рақымов, Кеңес Тынымбаев,  Ғабдолла Қожабаев, Ерік Асқаров, Нұрлан Қасымов, Ерназар Ыбыраев сынды азаматтардың елдің абыройын көтергенін қалайша ұмытайық? — дей келе Бүркіт Бекмағанбетов Қызылжар өңірін өнермен әйгілеген дарындардың айтыстың дамуына қосқан сүбелі үлесіне ерекше тоқталды.

Кеште сахна төріне көтерілген зиялы қауым өкілдері де жүрекжарды тілектерін арнады.

Ал Қазақ радиосының «Алтын дауысына» айналып, «Қазақтың Левитаны» атанған ардақты азаматтың шығармашылық кешіне қатысқан халықтың ақ пейілі, дархан көңілі қол соғып, қолпаштағанынан аңғарылғандай. Биікке самғаған өнер қыранына қанатының қайрылмауына тілектестік білдірген жерлестері асыл өнердің арқауы үзілмегеніне қуанды. Иә, қазақта осындай дарындар бар да өнер ешқашан өлмейді. Рухани санамыз жаңғырып, руханиятымыз түлеген шығармашылық кеш соңында қаумалаған қауым көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

 

Ақмарал Есдәулетова,

Суреттерді түсірген

Талғат Тәнібаев.

 

(52)