mm
«Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР «Ақпарат саласының үздігі». «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный», «Мен Саған ғашықпын!» атты романдары, балалар туралы хикаяттар мен әңгімелерден құралған бірнеше жинақтары жарыққа шыққан. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің алтын медалін, «Жалын» жабық бәйгесінің жүлдегері атақтарын жеңіп алған. «Спорт», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде әрқилы қызметтер атқарған.

Мектебің жабылып, ауылың қаңырап қалмасын десең… жетімді асыра!

«QAZAQSTAN  ZAMANY» газетінің ұсынысы

Қошқарбай ауылының бұл бастамасы бізді қатты тебірентті әрі қуантты. Жесірлерді қайдам, жетімдер жайлы журналистер көп жазады. Қанша жазса да жетім балалар көбеймесе, азайған жоқ. Әрине, оларды жүректері иманға толы жекелеген ізгі жандар асырап алғандарын, оларды өз балаларындай тәрбиелеп жатқанын жақсы білеміз. Кейінгі кездері мемлекет тарапынан отбасылық жетімдер үйлерінің пайда болғаны да көңілге медеу. Бірақ бұл да жүз мыңдап саналатын жетімдердің жағдайларын толық шешіп отырған жоқ.

Біз көп этносты (көп ұлтты емес)  қазақ еліміз.  Сондықтан осы қазақтығымыздың іргесін де, шаңырақ-керегесін де мемлекеттік тұрғыдан бекіте беруіміз керек. Ал оны күшейтпесек, онда бәрі бекер. Жетімдеріміз де біздің бір бөлшегіміз немесе сыздаған жарамыз. Ол жарамызды емдемесек, ушыға береді. Жетімдерді асырап алған Қошқарбай ауылының мұғалімдері ең алдымен мектептің жабылмауын, сол арқылы ауылдарын сақтау жолында осындай қадамға барды. Өте жақсы, құптарлық, тамаша бастама. Сондай-ақ олар Алла алдында зор сауап жинады. Олар басқа ұлттың балаларын қазақ етті. Бұған қалай риза болмайсың!

Бұл жетімін жылатпаған бабаларымыздың салт-дәстүрінің жалғастығы деп білеміз. Билік те, халық та осы игі істен үлгі-өнеге алуы тиіс. Себебі соңғы жылдары солтүстік-шығыс өңірлерде халықтың өсімі, саны құлдырай бастады. Ондағы Қошқарбай тәрізді мектептерде бала жетпей ілдәлдалап өмір сүріп жатқанын тіптен, біржола жабылған жүздеген ауылдар, мектептер бар екенін жақсы білеміз. Мемлекет шұғыл шаралар қабылдады. «Серпін» бағдарламасын дүниеге әкелді. Оңтүстіктен солтүстікке тұрғындарды көшіріп әкелуге миллиондаған теңге бөліп отыр Үкімет. Бірақ әзірге толыққанды нәтиже болмай тұр. Ал мынау Қошқарбай ауылының тірлігі қанатымен су сепкендей әрекет болғанымен, біріншіден, жетімдердің қара тізімін кемітсе, екіншіден, білдей бір мектепті жабылу қаупінен сақтап қалды. Үлгі алыңыздар! «Ертең, арғы күні жабылады» деп жапырақтай дірілдегенше, Қошқарбай тұрғындары сияқты жетімдердің маңдайынан сипап, ауылдарыңызға жетектеп әкеліңіздер. Мұндай адами-имани істі тек солтүстіктегілер ғана емес, бүкіл республика болып қолдасақ, нұр үстіне нұр. Сонда жетімдер үйлері жабылады, елімізде имандылықтың нұры еседі. Кәнекей, ағайын, ойланыңыздар!

Ертай Айғалиұлы

(12)