АТЫРАУДА СПОРТ КЕШЕНДЕРІ КӨБЕЙЕ ТҮСТІ

Атырау қаласы маңындағы  «Самал» ықшам  ауданында жатақханасы бар жаңа спорт кешені салтанатпен ашылып, тұрғындарды қуанышқа бөледі. Бұл спорт кешеніне Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәлік Сүлейменовтің есімі берілді.

Денешынықтыру нысаны Қызылқоға ауданының перзенті, танымал спорт шебері Айбар Есенғалиевтың қаржыландыруымен тұрғызылды. Әсем де сәнді ғимаратта 34 жатын бөлме, 32 спортшы мен екі жаттықтырушыға арналған жаттығу залы, асхана, жуыну бөлмесі және шынығу алаңы бар. Мұндағы үйірмелерге 6 жастан бастап қабылдайды бір уақытта 50 адам татамиде джиу-джитсумен айналыса алады. Бұл жоба – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақала-бағдарламасы аясында «Туған-Жер» бағыты бойынша жүзеге асырылған облыстағы маңызды құрылыстардың бірі.

– Спорттық кешеннің сәулет жұмыстары 2015 жылы көктемде басталды. Бүгінгі таңда толық аяқталып, ашылдық. Алдағы уақытта жастарымызды спорт кешеніне жаттығуға шақырамыз. Облыс спортшыларының шеберлігін арттыруға бірден-бір үлес қосатын зал болады деп есептейміз,- дейді Айбар Есенғалиев.

Өткен жылы облыста 35 спорттық нысан пайдалануға берілді. Мәлік Сүлейменов атындағы спорт кешені 2018 жылы ашылған алғашқы зәулім денешынықтыру нысаны.

 

Светлана Муньянова,

Атырау облысы

(19)