mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Технологияны дамыту тәуелділіктен құтқарады

немесе Қазақстан экономикасын қалай дамыту керек?

Бұл сауалға бірден жауап беру қиындау. Төрткүл әлемдегі ешбір ел басқалардан оқшау өмір сүре алмайтынын ескерсек, ғаламдық кірігуден біздің ел де тыс қала алмайды. Сосын, өз экономикасын дамытып, жаһандық дамудан тыс қалмайын десе, кез келген мемлекет әлемдік нарыққа араласып, өзі өндірген отандық өнімдерімен тауар алмасып отыруы тиіс. Олардың қатарында саяси құрылымы, экономикалық дамуы мен әлеуметтік әлеуеті әр түрлі елдер кездесері даусыз. Жалпы, әлемде мемлекеттерді саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік дамуы дәрежесіне қарай «сортқа» бөлу үрдісі барын  жоққа шығаруға болмайды.

Осы «рейтингке» жүгінсек, өнеркәсібі дамыған, жаңа индустриалды елдер қатарына АҚШ бастаған Германия, Жапония, Франция, Сингапур, Оңтүстік Корея, мұнайымен «ырғап-жырғап» отырған бірқатар араб елдері, соңғы кездері отандық тауарларымен күллі әлемді жаулап алған Қытай сынды алпауыт мемлекеттерді жатқызуға болады. Аталмыш нарықта Қазақстанның да алар өз орны бар. Біздің еліміздің бірнеше әлемдік ұйымдарға мүше болып кіруі оған отандық өнім шығаруда, экономикасын дамытуда (әсіресе, мұнай мен газ, уран, тағам өнімдері, астық шаруашылығы және туризм саласында) оң ықпал етіп отыр. Тарихқа жүгінсек, Қазақстан әлемдік нарыққа сонау ықылым замандарда ел территориясымен өткен Жібек жолы арқылы шыққанына көз жеткіземіз. Сол кездің өзінде Қазақстан керуендер арқылы Қытайдан тауар тасымалдауға ден қойып, алыс-жақын шетелдермен тауарлармен алмасуды жолға қойған екен. Ал, қазіргі Қазақстан экономикасына келсек, бөрікті аспанға лақтырып мақтанардай жағдайда емеспіз. Оның объективті және себептері бар. Мәселеге осы тұрғыдан келсек, жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған еліміз халық тұрмысының деңгейі жөнінен, шүкір, көштің соңында емес. Тәуелсіз ел болып қалыптасқаннан бастап, елдің өз теңгесі, экономикасы өмірге келді. Кеңес билігі шекпенінен шығып, өзіміз жеке шаңырақ көтеріп, егемен ел болғалы 26 жыл өтті. «Осы уақыт ішінде әлемдік нарықтан өз орнымызды ойып тұрып алдық па?»— деген сауалға келсек, оның жауабын беруде қипақтауға тура келеді. Себебіі, Қазақстан әлі күнге дейін шет елдік тауарларды импорттаудан аса алмай отыр. Ендеше, бұл біздің елдің толық тәуелсіздікке қол жеткізе қоймағанын көрсететін дәйекті дерек болса керек. Отандық өнімдер қолжетімді болғанымен, олардың өзіндік құны қымбат болғандықтан, бағасы да «қыршып» түседі. Олардың сапасына көңіл тола бермейтіні тағы бар. Соның бір мысалы ретінде озық техника мен технологиялардың жетіспеушілігінен базбір тауарларымызды қайта өңдеу үшін шет елдерге жіберуге мәжбүр болып отырғанымызды тілге тиек етуге болар еді. Бұл айналып келгенде мемлекеттік кәсіпорындар ғана емес, жеке кәсіпкер үшін де тиімсіз болып шығары кәміл. Ендеше, сапалы отандық өнімдер өндіру үшін бізге, ең алдымен, білікті әрі қабілетті мамандар мен заманауи үлгідегі озық техникалар қажет.

Кадр дайындап, технологияны дамыту — басты талап

Осы мәселеге қатысты өз ойын ортаға салған а.ш. ғ.к. Таң Қасқаев былай дейді: «Біздің елімізде жоғарыда аттары аталып өткен талаптардың бірі де қарастырылмаған. Өңірлерде орналасқан кәсіпорындардың материалдық базасы жұтаң, техникалары тозған. Кейбір облыс орталықтарындағы өнім өндіретін кәсіпорындарда ғана бұл жағдайды аз да болса дамытуға мүмкіндік бар, ол да жеткіліксіз. Соның салдарынан ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, көлік салалары өз дәрежесінде дамымай, бұл шешімін күткен өзекті мәселе деңгейіне көтеріліп отыр. Рас, отандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан жағдай жасалмай отыр деп айтуға ауыз бармайды. Тіпті олардың тағдырына Елбасының өзі жиі араласып, негізсіз тексерулерді доғаруға мораторий жариялауға дейін барып отыр. Осылайша, билік Елбасы тапсырмасы негізінде мемлекет тарапынан оларға үлкен көлемде қаражат несие беріп, өз кәсібін бастаймын деушілерді қолтығынан демеуде. Қазақстан-Ресей-Беларусь елдері мүше болып кірген ЕАЭО белгілі бір экономикалық өкілеттіктерді ұлтүстілік органдарға беруге мүмкіндік туғызады. Ал, Еурокомиссия болса, кедендік мәселелерді шешіп, сауда-саттық, тарифтер, мұнай мен газ тасымалы, электр энергиясы, теміржол және автомобиль жолдары сынды маңызды салаларды реттейтін болады. Біздің ел жерінің асты-үсті шикізатқа бай мемлекет болғандықтан, басынан қаржы-экономикалық қиындықты өткермеуі керек сияқты еді.
Іс жүзінде бұлай болмай отыр. Осы жерде: «Оның себебі неде?»— деген заңды сауал туындайды. Қазіргі күні әлемдегі ғажайып ел мәртебесіне ие болып отырған Сингапурдың өзі кезінде ғылыми техникалық прогреске ілесіп, жаңа технологияларды игеру арқылы алға дамыған еді. Экономикалық теорияларды ескерсек, бұдан ресурсы бар мемлекет қолындағы мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өз шикізатын өндіріп, оны өңдеу арқылы өндірген таза өнімін экспортқа шығара алмаса, ол мемлекет ешқашан бай мемлекет бола алмайды деген қорытынды жасауға болатын сынды. Себебі, күллі әлем танығандай, Қазақстан расында да ресурстық мемлекет ретінде мойындалған. Бізде Менделеев кестесіндегі химиялық элементтің бәрі дерлік бар десек, артық айтқандық емес. Мәселен, Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде жетекші орында. Астық пен ет, сүт, т.б. ауылшаруашылығы өнімдерін сыртқа пұлдап сатудан да басқалардан кем түспейміз. Бірақ, біз өндірер шикізатымыздан таза өнім шығармасақ, немесе оны энергия көзіне айналдырмасақ, басқа дамыған елдер үшін «шикізат қоюшы» мемлекет мәртебесінде қала береміз. Соның дәлелі — Монғолия мемлекеті. Өткен ғасырдың 70-і жылдары Дүниежүзілік банк Маршал моделі бойынша аталған елге ауқымды мөлшерде несие беріп, негізгі шаруашылығы аграрлық сектормен байланысты аталған ел ірі қараны 33 миллион басқа дейін көбейтіп, етті саудаға шығарған. Алайда дүниежүзілік сауда ұйымы ашылған соң мемлекет өзінің ішкі нарығын қамтамасыз ете алмай, тақырға отырды, тіпті нан шығарудың өзі қиынға соқты. Әлгі модель бойынша іске асырылған бағдарлама салдарынан Моңғолияның экономикасы 3-5 жылдың ішінде құрдымға құлап тынды. Елдің экономикасы да, индустриясы да дамымай, сілтідей тынып тұрып қалды. Бұл мысал алып мемлекеттердің осындай бағдарламалары ақыры кедей елдерді құртып жіберетініне айқын көз жеткізеді.
Қазақстанға келсек, бідің ел — мұнайлы мемлекет. Жоғарыдағыдай әлемдік ұйымдардың мұнай саласына мол қаржы құйып жатқаны да жасырын емес. Ондай алпауыт мемлекеттер құйып отырған қаржыдан үзіп-жұлып біз де алып отырмыз. Шын мәнінде, біз осындай тәуелділіктен құтылуымыз керек. Білікті мамандар мен кәнігі сарапшылар пікіріне ден қойсақ, бұдан шығудың төте жолы – технологияны дамыту. Яғни осы өндірісті шикізат ретінде өндіріп қана қоймай, оларды технологиялардың көмегімен өңдей алсақ қана біз әлгі тәуелділіктен құтыламыз. Дегенмен, бұл жерде бір түйткіл бар, ол — шетелдік мемлекеттердің барлық технологияларды патенттеп алғандығы. Сондықтан біз әлемдегі жоғары дамыған елдерден келген техникаларды өзімізде құрастырудан қорқақтаймыз. Егер қорқынышты лақтырып тастап, тәуекелге барсақ, басқа мемлекеттер бізге кінә артып, мұның арты халықаралық дау-жанжалға ұласуы әбден мүмкін. Ондай «қырқысқа» бармаудың бірден-бір жолы — елімізде өз кадрларымызды дайындау. Кадрлар болашақ бағдарламасы арқылы шетелдерден білім алып, әлгі елге қат технологияларды өзімізде шығарады. Бұл — ертеңгі күні кедей елдердің қатарынан табылмас үшін бізге табиғи байлыққа сеніп қалмау керектігін меңзейтін ақиқат. Сондықтан Қазақстан өзіндегі шикізат өндірісін өнімге айналдыруға күш салуы тиіс. Монғолия президенті Халмаагаийн Баттулганың: «Жаңа өнім өндіріп, оны экспортқа шығармай, мемлекетті көркейтіп, экономиканы дамыту мүмкін емес. Шикізат бағасының өсуі экономикаға уақытша ғана серпіліс береді»,— деген пікірінің мәні әлі күнге өз мәнін жоймағанын мойындауға тиіспіз».
Біздіңше, маман сөзінің астарында өмірлік шындық жатыр. Ендеше, білікті сарапшылар пікіріне құлақ асқан жөн болмақ. Оның үстіне дәл осы ойды жақында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекет басшысы Н.Назарбаев та айтты ғой. Елдің бас адамы солай деп отырса, басқамызға не жоқ?

(11)