mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Сәуегейлердің 2018 жылға қатысты болжамдары

Әдетте адамзат баласы алдағы өмірлерінде не болып, не қоятыны туралы аз да болса ақпарат алуды жөн санайды. Ондай ақпараттарды көбінше әлемдік деңгейде есімдері әйгілі болып, айтқандарының бәрі болмаса да көпшілігі өмір шындығына айналып жататын көріпкелдер, сәуегейлер, парапсихологтар, экстрасенстердің болжамына көбірек ден қояды. Төменде сондай бірқатар сәуегейлердің болжамдарын ұсынуды жөн көрдік. Сонымен, атынан ат үркетін француз көріпкелі Мишель Нострадамус биылғы ит жылы туралы не деген екен, соны оқып көрелік.

Сонау XV ғасырда ғұмыр кешкен әйгілі француз сәуегейі Нострадамус: «2018 жыл — адамзат баласы үшін ең маңызды жыл. Бұл жылы әлемде дүлей табиғат апаттары көбейеді. Жерге алып аспан денесінің соқтығысу қаупі туындайды. Италияның оңтүстігіндегі Везувий жанартауы атқылап, мыңдаған адамдардың өмірін қияды. АҚШ-тың батыс жағалауларында қуатты жер сілкіністері орын алады, олардың бүкіл Жер шарына әсері тиеді. Жаһандық жылынудан алапат табиғи апаттар туындайды. Экономикалық дағдарыс тереңдей түседі. «Алпауыт байлар бірнеше мәртеден өледі». Екі ірі держава арасында соғыс басталады, ол 27 жылға созылады. Ядролық лаңкестік қатері күшейеді. Әлемге 3-ші Дүниежүзілік соғыс қаупі төнеді. Осы жылдан бастап көп елдерде тууды жоспарлау мемлекеттік деңгейде қолға алынады. Адамдар өмірге бала әкелу үшін арнайы сертификат, рұқсат қағаздарын алуы тиіс болатын заңдар қабылданады. Адамдар жануар тілін түсіне бастайды. Медицина мен фармацевтика бұрын-соңды болмаған дәрежеде дамиды. Адамның өмір жасы 200 жасқа дейін ұзаруы басталады. Қазіргі 80 жастағы адамдар 50 жастағыдай көрінетін болады. Ұлттық тілдердің, халықтардың кейбірі жоғалады. Әлем халықтары бір тілде сөйлейтін болады. Бүкіл әлем елдері бойынша салық жүйесі жойылады», — деген болжам жасапты.
Ал атағы Нострадамустан бірде-бір кем емес, ХХ ғасырда өмір сүрген Болгарияның атақты көріпкелі Ванга болса: «2018 жылы әлемнің экономикалық және саяси өмірінде көптеген жаңалықтар орын алады. Жануарлардың гормонынан адамның өмірін ұзартатын, оны сыртқы жағымсыз әсерлерге аса төзімді ететін препарат жасап шығарылады. Жер бетінен биікте, Күн қуатымен сағатына 500 шақырымға дейін жылдамдықта жүретін пойыздар қатынасқа ендіріледі. Мұнай өндіру тоқтатылады, адамзат қуаттың басқа, баламалы түрлерін көптеп пайдалана бастайды. Қытай экономикасы әлемде бірінші орынға шығады. Ол өзге елдерге өзінің еркін таңа бастайды. Бұрын өзге елдердің табанында болған бірқатар мемлекеттер енді өздері сырттан отар иелене бастайды. Ресей есін жиып, империя дәрежесіне жетеді. Сириядағы соғыс соңы 3-ші Дүниежүзілік соғысқа ұласу қаупі күшейе түседі», — деген екен.
Қазіргі көріпкел-сәуегейлердің ішінде аты шығып тұрғаны — ресейлік астролог Павел Глобаға да жұртшылық қатты сенеді. Өйткені оның осы уақытқа дейін айтқан болжамдарының 85 пайызы тура келген екен. Осы П.Глоба 2018 жыл туралы болжамдарында: «Әлемдік экономикалық дағдарыс тереңдей түседі, көп елдерде халықтың бас көтерулері орын алады. АҚШ өзінің әлемдік держава статусынан айырылады. Гагаузия, Приднестровье және тағы 4 ел Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Ресейдің күш-қуаты артып, ол НАТО-ның бірден-бір бәсекелесіне айналады. Украинада төңкерістер орын алады. Оның Ресеймен жақындасуы күшейеді. Ресей, Украина және Белоруссия шығысеуропалық православиелік одақ құрады. Әлемде табиғи апаттар көбейеді. Италияда, Балкан түбегі елдерінде ұзаққа созылған нөсер жауындардан елді мекендерді су алуы, Ресейде орман өрттері көбейеді. Доллар валюта ретінде маңызынан айырылады, евро біраз уақытқа дейін күшейеді. Еуроодақтың ыдырауы басталады. Мұнай бағасы артады, ол Ресей экономикасының күшеюіне жол ашады. Ресейде 2018 жылғы Президент сайлауы аяқталғанша ішкі ахуал біраз нашарлайды. Үлкен қалаларға лаңкестік шабуыл қаупі күшейеді. Орман өрттері жиі орын алады. Обыр ауруына қарсы мықты дәрі ойлап шығарылады», — депті. Әрине, олардың болжамдарының бәрі де 100 пайыз тура келе бермеуі әбден мүмкін, бірақ ертеңгі күнге үміт артып, одан жақсылық күтетін дүйім халық үшін осындай сәуегейлердің дуалы аузынан шыққан жүрекке үміт ұялатар жақсы болжамдары дәтке қуат екенін ескерсек, халықтың мұндай болжамдарға сенуіне күле қарауға болмасы анық. Қалай десек те, үміт ұялатар болжамдар орындалып, жамандық туралы айтылған болжамдар сол орындалмаған күйі қалсын деп тілейік.
Ермек Сахариев

(53)