Парижде шырқалған ән

«Мен Шығыста әншіні неге бұлбұлға теңейтінін енді түсіндім».
Ромен Роллан.

Парижде 1925 жылы бүкіл дүниежүзі бойынша (ЭКСПО) ән өнері көрмесі өтіп жатқан жаз айы. Сонда болған 11 концертке қатысқан Қазақстаннан барған қазақ әншісі Әміре Қашаубаев домбырамен ән айтқанда залдағы халық орындарынан тұрып қол соқты. Оның айтқан «Ағаш аяқ», «Қанапия», «Үш дос», «Жалғыз арша», «Балқадиша» тағы басқа әндері халықтың көңілінен шықты. Халықтың қошеметіне бөленген, өзіне ғана тән даусы бар Әміре жүлделі екінші орынды жеңіп алып, күміс медальге қол жеткізді. Сол кезде Францияның «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміренің сирек кездесетін талант екенін айта келіп: «Ғажайып дауыс иесі Әміре Қашаубаев өз елінің жан жүйені балқытатын әндерін салып берді», — деп жазды. Француз жазушысы Ромен Роллан ерекше таңданыс білдіріп, шығыс халқының жақсы әншіні бұлбұлға теңегенін мойындаған. Париждегі Сорбонна университетінің профессоры Перно Әміренің даусына ерекше мән беріп, бірнеше өлеңдерін фонографқа жазып алған екен. Осылайша Әміре Қашаубаев тұңғыш рет қазақ елін, оның керемет ән өнерін шетелдерге танытқан қазақ әншісі болып аты тарихта қалды.
Бүкіл Еуропаны таң қалдырған әнші Әміре Қашаубаев 1888 жылы Семей облысы, Абралы ауданы Дегелең тауының алабында дүниеге келген. Кедейшілікті басынан өткізген орта жүздің Тарақты руынан шыққан Әміре әншілік өнерімен 12 жасынан бастап таныла бастаған. Сол жылы әкесі Семей қаласына көшіп келеді. Жас Әмірені өзіне ат айдаушы етіп алған Исабек деген бай жанына ертіп алып, жиын-тойларда ән салғызады. Жас Әміре Қоянды жәрмеңкесіне барып ән салған кезде Мәди Бапиұлы, Қали Байжанов, Майра Уәлиқызы және баянауылдық Жаяу Мұсамен танысады. Бұл таныстық Әміреге әншілік өнерін шыңдай түсуге жол ашады. Бойында өнерге деген табиғи қабілеті бар Әміре 1921 жылы Семейдегі қазақ жастарының ағарту ұйымы «Ес-аймаққа» әнші болып кіреді. 1924 жылы Семейде өткен әншілер байқауында Жюри мүшелері Семейден қатысқан Әміре мен финалға шыққан қарқаралық Қали Байжанов екеуіне бірінші орын мен екінші орын жүлделерін қосып, екеуіне теңдей етіп бөліп береді.
1925 жылы Қазақстан Оқу комиссариатының «қазақ өнерпаз жастарының басын қосып театр құру» туралы ұсынысы бойынша Қызылорда қаласында 1926 жылы Қазақ драма театры ашылады. Осы театрға Қалыбек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов сияқты өнерлі жастармен бірге Әміре де сол театрдың мүшесі болады. 1926 жылы театрда алғаш қойылған М.Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасында Жапалдың рөлін нақышына келтіріп орындағаны Әміренің артистік қырын да ашып береді. 1927 жылы сәуір айында Мәскеудің арнайы шақыртуымен Кеңестердің ІV съезіне делегат ретінде қатысқан Әміре, делегаттар үшін ұйымдастырылған концертте өнер көрсетеді. Осы концерт жайында «Правда» газеті «Керемет концерт, керек болса башқұрт қурайшысы Исенбаев, қазақ әншісі Әміре Қашаубаев және өзбектің биші-әншісі Тамара ханум … шын мәнісіндегі халық артистері» деп жазды. Сол жылы шілденің 29-31 арасында Германияның Майндағы Франфуркт қаласында өткен Халықаралық музыкалық көрмеде қойылған тоғыз концертте ән айтып, қазақтың халық әндерін бүкіл әлемге паш етті. Әміре әндері дүниежүзі мәдениетінің ірі өкілдері Анри Барбюс пен Ромен Роллан тағы басқа өнер майталмандарына ерекше әсер етіп, ризашылықтарын білдірді. Қызылорда қаласында алғаш құрылған театр Алматыға ауысқанда Әміре де бірге келеді. Ал 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ опера және балет театрына ауысады. Сол жылы қараша айында оқыстан қазаға ұшырайды. Әміре жайлы оның өмір жолын тексергендердің айтуынша, Әміреге қастандық жасалуы мүмкін екен. Қастандық жасағандар сол кездегі халықты қан қақсатқан Біріккен Бас саяси басқарма (ОГПУ) адамдары. 1925 жылы Парижден келгеннен соң «Парижде Мұстафа Шоқаймен жолыққанда ол саған не айтты? Қандай тапсырма берді?» деген сұрақтар қойып, үйлеріне бірнеше рет тінту жүргізіп, соңынан бақылау қойып және ұрып-соққан екен (Ол өзінше жеке тақырып). Бұл мәселе жөнінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, музыка зерттеуші Жарқын Шәкәрім мырза 2013 жылы 27 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетіне жазған.
Әнші әрі актер Әмірені еске алу мақсатында бастауын 1949 жылы «Саяси концерттік-эстрадалық бюросы» болып ашылған, Семей қаласындағы облыстық филармония Әміре Қашаубаев атымен аталады. Оның атымен республикалық жас әншілер байқауы өтіп тұрады.
Биыл қазақты шетелге алғаш таныстырған Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толады. Қазақтың атын алғаш шетелге танытқан әнші, актер Әміре Қашаубаевты ұлықтау кең көлемде тіптен мемлекет тарапынан туған жылын атап өту — азаматтық борышымыз.

Әкебаев Беркін,
Республикалық «Алтын қалам»
әдеби байқауының жүлдегері

(82)