mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Асхат Абжанов: «Атақ пен пайда үшін емес, миссия үшін жұмыс жасауымыз керек»

Сұхбат демеушісі еліміздегі ақпараттық технологиялар саласындағы жетекші компаниялардың бірі — BUGIN GROUP компаниясы.

— Асхат мырза, сізді республикалық «Жаңа ұрпақ» Көшбасшылық Мектебінің, «Wake up Technology» IT компаниясының директоры ретінде танимыз. Жас болсаңыз да, бір ұжымға бас болып отырғаныңызды естіп, қуанып қалдық. Жетістікке жетудің сырымен бөліссеңіз.
— Жетістікке жетудің, меніңше, ешқандай құпиясы жоқ. Оның басты сыры өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысуыңда деп білемін. Кез келген адам өзінің жан дүниесі қалайтын ісімен айналысып, бар уақытын, күш-энергиясын, маxаббатын соған арнаса ғана көздеген мақсатына да, зор табысқа да жетеді.
Жолыққан аз-кем қиындықтарға қасқайып қарсы тұра білген, керісінше ағысқа қарсы жүргендер жетістікке жетіп, еңбегінің жемісін жейді. Оған толықтай көзім жетті.
— Қазір көп жастар жеке кәсіп ашуға құмар. Бірақ неден бастарын білмей жатады. Сіз қандай кеңес берер едіңіз?
— Кәсіп ашамын, нәсіп қыламын дегендерге мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауларда шек жоқ. Тек соны тиімді пайдалану жағы ақсап тұр. Неге? Өйткені ол адамға қаражат берілгенімен, сол кәсіпті иегере алмауы мүмкін, басты себеп ол оның сүйікті ісі болмауы да мүмкін. Яғни күнкөріс, пайда, атақ үшін емес, миссия үшін жұмыс жасаса, бастаған ісіңіздің тасы өрге домалап, оның қайыры мен берекесі өзі-ақ келеді.
— Білуімізше, Республикалық «Жаңа ұрпақ» Көшбасшылық Мектебінің ашылғанына көп бола қойған жоқ. Оның жұмыстарына кеңінен тоқталсаңыз.
— Иә, ашылғанымызға небәрі 2 жыл ғана. Бірақ сол екі жылдың ішінде өзінің мұны сүйікті ісі деп білетін жұлдызды команда құрылды. Нәтижесінде 18 тренингтік лагерь (модуль 1), 6 «Қанаттандыр!» 2-модуль жобасы, 5 профориентация жобасы, ең алғаш болып Алматы қаласындағы өзін-өзі басқару ұйымдарының І-форумы, ер жігіттерге арналған «Герой» жобасын, Ақтау, Орал, Қызылорда, Тараз, Астана, Қарағанды қалаларында 7000-ға жуық тыңдаушыға тренингтер өткізіп, ЮНЕСКО-ның ресми клубы мүшесі атандық.
Біздің жобаларымызға Қазақстанның 15 қаласынан балалар келіп қатысты. «Жаңа Ұрпақ» РКМ басты миссиясы Қазақстанның жаңа ұрпақ көшбасшыларын қалыптастыру үшін жастарды ынталандырамыз және олардың ішкі әлеуетін ашуға көмектесу болып табылады. Міне, осы бағытта алдағы 2030 жылға сүйікті ісімен айналысатын 10.000 көшбасшы дайындау біздің ең басты стратегиялық мақсатымыз болып отыр.
— Сұхбаттарыңыздың бірінде Республикалық «Жаңа ұрпақ» Көшбасшылар Мектебіне келіп, «тренингтерімізге қатысқан жас жеткіншектер өміріне азық болатын мотивация мен өмірлік ұстанымын біліп шығады, бастысы нәтиже бар» деген екенсіз. Тренинг жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.
— Дәл солай. Жалпы «тренинг» деген сөз «тренировка-жаттықтыру» дегенді білдіреді, яғни біз жас жеткіншектерді, жастарды білімге, руxани құндылықтарға (сенім, ата-ананы сыйлау, мақсаттарға ұмтылу және т.б.) жаттықтырамыз.
Біз өткізетін барлық тренингтер өз өмірлік тәжірибемізден өткен, сондықтан өз өмірімізбен байланыстыра отырып, жүректен жүрекке жеткізуге тырысамыз. Балалардың қабілет-қарымына қарай тапсырмалар беріп, шығармалық тұрғыда шыңдалуына септігімізді тигіземіз.
Негізінен, тренингтеріміздің негізгі бағыты сенім, мотивация, командалық жұмыс, көшбасшылық, профориентация тақырыптарында өтеді.
— «Жастар кітап оқымайды, керегін ғаламтордан алып, сонымен ғана шектеледі» деп сын тағылып жатады. Сіздің бұған көзқарасыңыз қандай? Жалпы жастарға көңіліңіз тола ма?
— Мен жастардың бойынан үлкен потенциалды көремін және оларға сенемін. Айтылған сынмен келісе алмаймын. Өйткені кітап оқитын жастар жоқ деп кесіп айта алмаймын.
Біз кітапты не үшін оқимыз? Алған білімді өмірде қолдану үшін, тәжірибе мен әрекет үшін оқимыз.
Өзіне қажетті ақпарат пен білімді кітаптан не интернеттен, кездесулер мен жәрмеңкеден, болмаса, форумдардан ала ма, әркімнің өз еркі, маңыздысы сол білімді қолдана білуінде деп ойлаймын.
Қазіргі жастар өте белсенді, еңбекқор, патриот екендіктерін көріп те жүрміз. Сондықтан олардың Мағжан сенген, мемлекет басшымыз сенген үкілеген үмітін ақтайды деп нық айта аламын.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
— «Жаңа Ұрпақ» республикалық көшбасшылар мектебі бойынша биыл қолға алып отырған жоспарларымыз мен жобаларымыз өте көп. Солардың бірі — Ақтау және Астана қаласынан аталмыш мектептің филиалдарын ашып, онымен қоса ««100 мектеп 100 аурухана» жобасы аясында, Қазақстанның 100 мектебінде біздің тренингтерімізді өткізу.
Сондай-ақ аудандық, ауылдық жерлердегі жастардың бойына қанат бітіріп, жалын беру, еңбектенген еңбекшіл адам ғана үлкен жетістікке жететіндігін жіті түсіндіру, сүйікті ісімен айналысудың жолын көрсету.
Бұдан өзге алға қойған мақсатымыз бен белгілі бір дәрежеде оны орындап, межеге жету үшін көздеген идеяларымыз да жеткілікті. Қолға алып жатқан жобаларымыз бен жаңа бастамамыздың жұмысын уақыт еншісіне қалдырғанымыз жөн секілді.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, елдің бесігі — қазіргі жастар. Сондықтан жастардың (14 жас пен 29 жас) өзіне сенімді, көкірегі ояу, құндылықтары биік, xалықты биік қойып елге қызмет ететіндей патриот болуы үшін аянбай қызмет етеміз деп сеніммен айта аламын.
— Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Жұлдыз Әбіл

(32)