ЖАҢА КЕЗЕҢГЕ ӨТУГЕ ЖОЛ КӨРСЕТКЕН ЖОЛДАУ

Атырауда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы «Төртінші  өнеркәсіптік революция жағдайындағы  дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп аталатын Қазақстан халқына Жолдауын қолдау және жүзеге асыру бағытын саралаған облыс активі болып өтті.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәжіліске қатысушыларды облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерімен таныстырды. 2017 жылдың қортындысы бойынша облыста өндірілген өнім көлемі 5,7 трлн. АҚШ долларына жетті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 20,8%-ке артық. Бірінші жартыжылдықта өңдеуші өнеркәсіптегі  еңбек өнімділігі 33,8 мың АҚШ доллары болып, 2016  жылмен салыстырғанда 141,7 %-ке өсті.

2017 жылы өңірде жалпы құны 5 млрд. АҚШ долларына бағаланған 5 жоба іске қосылып, 344 жаңа жұмыс орны ашылды.

Өнеркәсіптік революция аясында инновациялық технологияларды дендеп енгізе отырып, өнеркәсіптік дамудың мүмкіндіктерін жеделдету, экспорттық өнім шығаруды қамтамасыз ететін мекемелерді қайта жаңғырту, цифрландыруға бағытталған жаңа құралдарды даярлау мен сынақтан өткізу  өңірдің ресурстық әлеуетін арттыра түседі. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау мен сақтауға қатысты қордаланған мәселенің де шешімі алынуда. Қазір 10 полигон құрылысының жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде.  Құрылыс 2019  жылы басталады деп жоспарланған. Өзге де жұмыстарды айта отырып өңір басшысы Нұрлан Ноғаев Жолдаудағы тапсымаларды жүзеге асыруды жауапты тұлғаларға нақтылап міндеттеді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Лұқпанов пен Атырау қаласының, аудандардың әкімдеріне индустияландыру карталарына енгізілген жобалардың толыққанды іске асырылуы, кәсіпкерлердің үдемелі индустриялды-инновациялық бағдарламаға белсене қатысуы, жоспарланған табиғатты қорғау шараларының мерзімінде іске асырылуы жүктеліп, қатаң бақылауға алынуы тапсырылды.

Үшінші бағыт бойынша  «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Бұл балық өнімін өңдеу сапасын арттыру, тамшылатып суару әдісімен егіс алаңын көбейту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту және  АӨК қолдау құралдарын жетілдірумен жүзеге асырылады. Облыс әкімінің орынбасары Ә.Нәутиевке, қала және аудан әкімдеріне ауыл шаруашылығы өндірісін одан әрі дамыту, салаға заманауи жаңа технология енгізу арқылы өндірілетін өнім көлемі мен сапасын, еңбек өнімділігін арттыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарына шағын несие беру көлемін арттыру, өзге де жұмыстар тапсырылды.

Төртінші, бесінші бағыттар бойынша әкім орынбасары Ж.Сүйіншалиевке, Атырау қаласы мен аудандардың әкімдеріне биыл облыс аудандарында жол инфрақұрылымын құру жұмыстарын жалғастыру, Атырау қаласы мен аудандардың әкімдеріне құрылыс жұмыстарын энергиялық тиімділігі жоғары, сапалы, таза құрылыс материалдарымен  қамтуды ұйымдастыру тапсырылды. Осы орайда республикалық маңызы бар «Ақтөбе Атырау-Астрахан» автомобиль жолының халықаралық көлік дәлізі «Батыс Европа-Батыс Қытай» автомагитралімен шектесетіндігі аса тиімді болмақ. Қазіргі таңда құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану қажеттігін айтып өтті. Жалпы облыс көлемінде 2017 жылы мемлекет және демеушілер қаржысы есебінен 1977  пәтерлік 36 көпқатарлы тұрғынүй құрылысы аяқталды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 24 көпқабатты тұрғын үй салынды. 2018 жылы осындай 21 көпқатарлы тұрғын үй тұрғызылады.

Алтыншы бағыт бойынша облыс әкімінің орынбасары А.Әжіғалиеваға, қалалар мен аудан әкімдеріне банк портфельдерін сауықтыру,  ипотекалық қарыздарға қатысты мәселелерді реттеу, бизнесті қолжетімді мөлшердегі ұзақ мерзімді несиемен қамту жұмыстарын жетілдіруді бақылау тапсырылды.

Жетінші  «Адами капитал – жаңғыру негізі»  бойынша облыс әкімінің орынбасары Н.Сайлауоваға,  қала мен аудан әкімдеріне орта білім беру саласын жаңғырту,  оқу орындарын цифрландыру, әсіресе ауылдық жерлерге мән беру тапсырылды.  Медицинада заманауи технологияларды енгізу,  тиімділігін арттыру,  сондай-ақ халықты жұмыспен қамтуды бақылауда ұстау да назарда болады.

Сегізінші бағыт бойынша облыс әкімінің орынбасары А.Әжіғалиева мемлекеттік басқару тиімділігін жетілдіруді, қызметтерді цифрландыруды, ведомствалық  бағынышты ұйымдарды жекешелендіруді қадағалайды.

Өңір басшысы Н.Ноғаев тоғызыншы бағыт жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі бойынша аймақта біраз жұмыс істелгенін атап айтты. Әлеуметтік желілерде арналар іске қосылды,  халықпен кері байланысты жолға қою мақсатында жеке  қосымшалар дайындалды.

Оныншы бағыт бойынша көшелерді жарық диотты жарықтандыру жобасы жүзеге асырылуда. Жолаушылар көлігі мен қалалық бейнебақылау жүйесі салаларында жобалар қаралып жатыр.

Нұрлан Ноғаев өз сөзінде Атырау облысында мемлекет басшысының «Төртінші  өнеркәсіптік революция жағдайындағы  дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді жүзеге асырудың нақты жоспары дайындалғанын атап өтті.

Актив мәжілісінде «АтырауМұнайМаш» ЖШС-нің бас директорының орынбасары М.Ищаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Т.Жұмағұлов, №2 облыстық аурухананың дәрігері Е.Вашурина, Қызылқоға ауданы, «Назгүлім» шаруа қожалығының төрайымы М.Әбішева, «Теңізшевройл» ЖШС-нің менеджері Р.Қуатов жарыссөзге шығып, Елбасы жолдауына үн қосты, толымды ойларымен бөлісті.

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев мәжіліс аяқтала келе барша атыраулықтарды Жолдауды насихаттауға, көрсетілген міндеттер мен мақсаттардың өз дәрежесінде орындалуы жолында жұдырықша жұмылып, берекелі еңбек етуге шақырды.

Светлана Муньянова,

                                                                    Атырау облысы

(70)