mm
«Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас редакторы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одақтарының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР «Ақпарат саласының үздігі». «Қара жапырақтар», «Сарайшық ханшасы және Иван Грозный», «Мен Саған ғашықпын!» атты романдары, балалар туралы хикаяттар мен әңгімелерден құралған бірнеше жинақтары жарыққа шыққан. Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің алтын медалін, «Жалын» жабық бәйгесінің жүлдегері атақтарын жеңіп алған. «Спорт», «Жас Алаш», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерінде әрқилы қызметтер атқарған.

«QAZAQSTAN ZAMANY» рухани жаңғырудың алтын кілтін тапты

Ассалаумағалейкүм, қадірлі оқырман!

Жаңа жыл басталғанда кім болса да бір серпіліп, не бітірдім, не қойдым деп артқа қарай көзін салса, содан соң алға күндерге болжам-жоспар жасайтын дәстүріміз және бар ғой… Биыл да сол дәстүрімізден жаңылмай, өздеріңізбен сәлемдесіп алған соң, бірден іске көшкенді жөн санап отырмыз.
Өткен жылы Елбасымыздың Болашаққа бағдар жасаған «Рухани жаңғыру» бастамасы тарихта қалатыны сөзсіз. Бұл бағдарламалық мақаланың ұлтымыздың болашағына салар салмағы да, жауапкершілігі де жоғары екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Мынаған назар аударыңызшы. Бұрын Елбасымыз халқына қандай да бір Жолдау жасағанда оппозиция өкілдері қалайда ілік табуға тырысатын. Ал бұл мақалаға олар, әсіресе ұлттық оппозиция қос қолдарын көтеріп, бірден үн қосты. Яғни еліміздің болашағына жаңғыру, оң өзгеріс әкелетін осы Рухани майдан болатындығында шәк жоқ. Тек бұл майданымыз да қызыл сөз, ұран күйінде қалмаса игі.
Рас, өткен жылы Рухани жаңғыру жөнінде қаламгерлер, ғалымдар, саясаткерлер насихат жұмысын кеңінен жүргізді. Тарих қойнауына сапар шегіп, бабалар рухына тағзым еттік. Бүкіл еліміз жаңғырықты. Әлі де жаңғырып жатыр. Қатты жаңғырыққанымыз соншама, жер дүние солқылдады. Бірақ соның нәтижесі қандай? Бұл жаңғыруымыздың болашағы бар ма? Алаулатып, жалаулатып жатқанымыздан тіршілігіміз жанданып, ұлт болашағы жарқын бола ма? Осындай күдігіміздің қылаң беруі неліктен? Себебі біз қай мәселе болсын ұрандатуға шеберміз. Бірақ нақты нәтижесі болмай, аяғы сиырқұйымшақтанып кетеді.
Меніңше, Еелбасымыз айтарын айтып, мақаласын халқының алдына әдейі тастағандай көрінеді. Ол кісі қазір «Рухани жаңғыруды қалай жүзеге асырады екен?» деп сынап қарап отырғандай бейне. Мемлекетімізге рухани жаңғыру ауадай қажет. Бірақ оның кілтін кім табады? «Qazaqstan zamany» газеті оқырманына өткен жылы 7 сауал берді. Оқырмандарымыз бұл 7 сауалға белсене араласты. Осы сауалдарымызды тағы да сіздердің назарларыңызға ұсынамыз.

ОҚЫРМАНҒА 8 САУАЛ: 

Белсенділік танытқандарға сыйлығымыз бар
– Газеттегі көтеріп жүрген тақырыптарымыздың қайсысы ұнамайды, қайсысы ұнайды? Газет оқылуы үшін қандай мәселелер қамтылуы керек, немесе сіздің жан дүниеңізге не қажет?
– Қазақстанның дамыған 30 мемлекетінің қатарына тұру үшін мемлекетіміз, халқымыз, билік, қоғамдық ұйымдар нендей мәселелерді атқару керек?
– Жемқорлық мемлекетімізді тұншықтырып, сансыратып, тұралатып тұр. Бұл кесапаттан құтылудың қандай жолдары бар?
– Тіл — халықтың жаны. Мемлекеттік тілдің мемлекетіміздегі мәртебесіне, қолданылу аясына, беделіне көңіліңіз тола ма?
– Қазақ мәселесі, ұлттық идеология мемлекетімізде қандай дәрежеде деп ойлайсыз? Егер оған көңіліңіз толмаса, қандай жолдармен көтеру қажет?
– Елбасымыз ел экономикасын көтеріп, байлығын тасытып, оның қызығын қарапайым халықтың көруі үшін бар күш-жігерін, ақыл-ойын сарп етіп отыр. Осы мәселені шынайы жүзеге асыру үшін миллиардерлерді, миллионерлерді «мемлекеттік арбаға» жегудің қажеті бар ма?
– Халықтың, ұлттың санын көбейту бізге ауадай қажет. Оның жолдары қандай? Сырттағы 5 миллион қазақтың есебінен бе? Әлде «Ана капиталы» қорын құрып, елдегі алтын құрсақты аналарға жәрдем ақшаны көбейту жолымен бе?
Қосымша 8-сауал мынандай: «Рухани жаңғыруды қалай шынайы түрде жүзеге асыра аламыз? Оның басты тетіктерін нақты-нақты көрсетіңіз. Біздің халқымызға төніп тұрған қауіптерді (азғындау, өзі өзіне қол жұмсау, бейтараптық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, ажырасу, зұлымдық т.б.) осы Рухани жаңғыру арқылы тоқтатуға бола ма? Қалай?»
Газетіміз осы нөмірде өздері бағамдаған бір жолды ұсынып отыр. Оны біз Рухани жаңғырудың алтын кілті деп отырмыз.
Біздің ұсынысымыз:

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы өткен жылдың сәуір айында ел назарына ұсынылды. Не өзгерді? Үгіт-насихат жұмыстары қызу жүргізілді. Рухани жаңғыру — қоғамымыздағы шындықты, зұлымдықтарды тоқтататын ғаламат күш. Бірақ біз оның кілтін таппай отырғандықтан, азғындықтың барометрлері — суицид, ажырасу, жемқорлық, нашақорлық, маскүнемдік, алаяқтық т.б. көрсеткіштер осы уақытта өспесе, кемімей отыр. Біз бүгін оларды тоқтатудың бір кілтін ұсынып отырмыз. Тағы да не істеу керек? Егер мемлекетіміздің болашағына шын жаныңыз ашыса, үн қосыңыз!

Қадірлі оқырман!

Біздің газетімізге сенім артып, тұрақ-ты оқырман болғаныңызға алғысымыз шексіз. Біздің сіздерге өтінішіміз — белсенді болсаңыздар екен. Қазір бей-жай қарап отыратын заман емес. Алдымен рухани жаңғыруды өзіңізден бастаңыз. Әрбір отаншыл, ұлтшыл, патриот жандар белсенді болуы тиіс. Ойларыңызды, пікірлеріңізді, тілектеріңізді, өтініштеріңізді газет редакциясына жолдап отырсаңыздар. Біз сіздердің әрбір ойыңызға құрметпен қарап, газетімізде жариялауға пейілміз. Тағы бір сіздердің назарларыңызға ұсынатын нәрсе — газетіміз барлық салаларды қамтиды. Үнемі халықты аралап, ақылдасып отыру — біздің басты мақсатымыз.
Сонымен, сіздерді келе жатқан 2018 — ресми жаңа жылдарыңызбен құттықтаймыз. Мемлекетімізде тыныштық, ырыс-береке, ынтымақ-бірлік болғай! Отбасыларыңызға амандық-есендік, зор байлық тілейміз. Әмин!
Зор құрметпен, «Qazaqstan zamany» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлы

(33)