Рахымжанның атағы мен шатағы

Атақ шығару мен шатақ шығарудың арасы жер мен көктей, жапатармағай жақауратып, тырнақ астынан кір іздеп, әммесін ғайбаттай салу түбі жақсылыққа апармай, жарға жығады.
Кейінгі кезде төселу үстіндегі жазушы Рақымжан Отарбаев бозадағы бәтуасыз сөзді сапыратын болыпты. Ұрынарға қара таппағандай «аумалы-төкпелі заманда Мұхтар Әуезовтың әйгілі дәуірнамасын көз майын тауысып кім оқиды?» деп күпірлікке барады. Одан шамасы қырық жастай кіші, Құдай бере салған жас әнші, айналайын Дінмұхаммед (Димаш) Құдайберген қазақ мәдениетінің нағыз елшісі екенін ұмытпай, шетелдерден алуан-алуан сыйлықтар ала жүріп, қызыл көз баспасөздің біреуіне берген сұхбатында: «Абай жолының» рухын пір тұтып, қайта-қайта жастанып оқитынын айтып, жаһанға жариялады. Сонда деймін-ау, кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Кез келген қаламгерге бұрынғы-соңғы ақын-жазушыларға топырақ шаша салу жараспайтын қылық. Р.Отарбаевқа дәлелсіз байбарақтап күйе жағу түк емес. Т.Әлімқұлов, Ә.Кекілбайұлы, О.Бөкей Еуропа мен орыс әдебиеттерінің қойыртпағы (сурогаты) болса не шара? М.Мағауиннің жазбагерлігіне шүбә келтіріп, ғалымдық жолы тақтайдай түзу болмаса да «Х.Сүйініш Әлиевтен ұрлап көшіріп алды» дегені қалай шымбайға батпайды? Ақын Ө.Нұрғалиевтың аурушаңдығын айтып, шығармашылығынан асығыс-үсігіс ой түйеді де, мемлекеттік сыйлықтың иегері А.Сүлейменовті тіпті жазушылық ауылына жолатпай, аттан аударып алып, айдар тағып, мансұқ етуге дейін барады. Жазу, жазушы мәдениеті деген қайда? Сыпайылық сақтағанның өзінде әркімнің талғам таразысы бар емес пе? Қазақ әдебиетіндегі әртүрлі үдерісті (жақсы ма, жаман ба?) көзге ілмеу құқы көлденең көк аттыға да берілмеген. Б.Момышұлы айтқандай, ешкімнің аяғы көктен салбырап түскен жоқ. Пешенеге солай жазылған соң, болмыс пен бейболмыс (бұлдыр бейнелердің) арасында күн кешіп жүргендейміз әлі. Р.Отарбаев інімнің кінәмшіл ойларының астарында астамшылық пиғыл жатқандай біртүрлі. Әйтпесе қазақ әдебиетінде барлық көркемдік шыңы түрлі-түрлі тәсілдері, амалдары, әшекейі — бәрі бар. Олар бізге дейін де, бізден кейін де болды, болашақта да бола береді.
Ана бір жолы Алматы көшелерінің бірінде Құрманғазы мен Пушкинді сүйістіріп қойып ілінген жарнама ізінше ізім-ғайым жоғалып, алынып тасталды. Жарымжан жарнамашылар не көздеді, не мақсатпен сөйтті? Ескерген ешкім жоқ. Беймәлім. Олар кімді келемеждегісі келді? Өздеріне өздері ор қозғандай. Сондай әрі-сәрі сүлесоқ күй Р.Отарбаевтың «Махамбет пен Пушкин» әңгімесін оқып шыққанда биледі. Олар кездесті ме, жоқ па? Бұл — қаламгердің құр қиялынан құрастырылған туынды. Толғаныс үстіндегі «орыс поэзиясының күні» (В.Белинский) 1833 жылғы қыркүйектің екінші жартысында Еділ бойымен Орынбор мен Орал өлкесін аралады. Е.Пугачев бүлігінің ізімен жүріп, екі-үш күн асығыс сапардың әсері болар, бәлкім, кейіннен «Капитан қызы» жазылды. Сол жылғы 18 қыркүйекте губерния орталығында болып, 20 қыркүйекте Текеге (Орал) қарай шығып көтеріліс өрті шарпыған өңірді өз көзімен көріп, 23 күні Болдыноға аттанып кетті. Оның ат үсті, түйе қомында жүріп, қазақтың дауылпаз ақынымен ұшыраса қоюы неғайбыл. Қисыны келіңкіремейді. Ол балық аулау үстінде оқыс Е.Пугачевтың тұрған үйін көргісі келеді. В.И.Дальдің шақыруымен (?) келген қонақтар Мұхамет пен Жанкісі жырау ұзақ аңтарылып күтіп қалады. Ақыры А.С.Пушкин мен В.И. Даль оралып, әріптесіне әрең-әрең:
— Ә, бунтарь ақын ба? — деп тіл қатады, түнімен «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» жырланады. Р.Отарбаев аңызды ақиқатқа айналдырғысы келді ме? Егер олар кездесе қалған жағдайдың өзінде бұл оқиға бұндайға елгезек орыс оқымыстыларының назарына ілікпеуі мүмкін емес. Өйткені, қайда барса да А.С.Пушкиннің әр қадамы хатталып, естеліктерде, құжаттарда, хаттарда сақталып, қағазға түспей қалмайтыны ешқандай дау туғызбайды. Жүйелі түрде жыл сайын жарық көріп жататын «Пушкин төралқасының хабарламасында», «Пушкин әңгімелерінде», Н.Шербановтың «…мен Оралға кетіп барамынында» да ондай сыбыс жоқ.
Орыс әдебиеттану ғылымына әкелі-балалы Модзалевскийлер сүбелі үлес қосты. 1937 жылғы «Пушкин Төралқасының хабарламасында» Лев Борисовичтің «Пушкин мұрағатындағы қазақ аңызының жазбасы» атты еңбегі жарияланды. Онда «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» жырының қысқаша мазмұны баяндалып, сипаттама беріледі. Әзірше басқа мағлұмат кездескен емес. Қолтаңбаға қарағанда, оны көшірген жолаушы серіктерінің біреуі болуы. А.С.Пушкин де, В.И.Даль да емес. Сөйте тұра, Р.Отарбаевтың болмағанды болғызатыны несі? Тарихи шындыққа атүсті қарауға бола ма?
Аян – Сейітхан
Нысаналин

(207)