Семей — Ресейдің емес, қазақтың қаласы

Мемлекетіміздің аты біресе «Қазақ КСР» немесе «Қазақстан» деп жазылғаныменен, «қазақ» деген түбірді ешкім жоя алмады. Оның нақты себебі мынада: біріншіден, осы жерде мемлекет құрған ұлт — қазақ ұлты. Бұған басқа халықтың еш қатысы жоқ. Екіншіден, қазақтар америкалықтар сияқты өзге елдерден көшіп келген келімсектер емес, осы жердің қашаннан иесі. Үшіншіден, еліміздегі халықтың басым көпшілігі болып отырған да қазақ ұлты. Бұл жайлармен өзгелердің санасуы қажет. Сондықтан мемлекет құраушы ұлт — қазақтың мұраттары басты орында тұруы керек деп санаймын!

1990 жылғы 25 қазанда және 1991 жылы 16 желтоқсанда жарияланған Мемлекеттік Егемендік туралы декларация мен Тәуелсіздік туралы конституциялық заңда: «Мемлекетіміздің ұлттық сипаты атап көрсетілуімен бірге, оны сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады», — деген қағида бар. Әрине, тоталитарлық жүйеден өзінің саяси мәні мен тұрпаты жағынан бөлек Тәуелсіз жаңа қоғамға өту аса күрделі жүріп жатыр. Оның үстіне бұрынғы патшалық кезеңді былай қойғанда, кешегі кеңестік жүйенің болмыстары да оп-оңай орын босата салмай тұр. Иә, Тәуелсіз Қазақстанның талаптары мен құндылықтары терең орнықпай, ескі дүние өздігінен кете де қоймайды ғой. Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялап, бұрынғы «Қазақ кеңестік социалистік Республикасы» деген атау алынып тасталып, оның орнына жаңадан «Қазақстан Республикасы» деп ресми аталғаннан кейін, Президент Н.Ә.Назарбаев Кеңес өкіметінен қалған ескі мемлекеттік нышандардың барлығынан бірден бас тартты да, егемендігімізді саяси жаңғыртудың жаңа сарабдал тұжырымдамаларын ұсынды. Бұл, сөз жоқ, оңды шешім болды. Соның нәтижесінде, Тәуелсіздік нышандары болып табылатын өзіміздің жаңа Конституциямыз, жаңа Елтаңбамыз, жаңа Туымыз, жаңа Әнұранымыз өмірге келді. Иә, ағайын! Біздер осы күнді 360 жыл бойына әрдайым армандап жүрген едік және бүгін соған қол жеткіздік. Елордамыздан бастау алған бұл «ұлы іс» жергілікті жерлерде де заңды жалғасын тауып, Қазақстандағы 14 облыс, 77 қала, 177 аудан мен мыңдаған елді мекендердің де нышандары жаппай жаңартылып, патшалық заманың түгілі, кешегі кеңестік белгілер (герб, ту, әнұран, жарғы және т.б.) де саналы түрде жойылды. Бұл, әрине, табиғи, тарихи, саяси, рухани-мәдени жағынан заңды да болып табылады.

Семей атауы халық рухын көтерді

2007 жылы 16 маусымда қаламызға ат басын бұрған ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Көшеде «Семей», «Семипалатинск» деп қосарланып жазылыпты. «Абай», яки «Алаш» деп атасақ деген ұсыныс бар. «Семипалатинск» деген сөзді шетел инвесторлары полигон баламасы ретінде түсінеді. Сондықтан бұл қаланы ендігі жерде тек «Семей» деп атасақ қайтеді? Қалалық мәслихат депутаттары солай деп ұйғарса, тездетіп ұсыныс түсірсін!» — деген соң, жандары қала ма, барлық депутаттар жапатармағай қолдарын көтерді де, арада 4 күн өткеннен кейін-ақ Шығыс Қазақстан облысының Семипалатинск қаласын қайта атау туралы Президенттің Жарлығы шықты.
Иә, Президенттің Жарлығымен Семипалатинскінің Семей деп, жаңадан аталуының халық рухын көтергенін айтпағанның өзінде, оның идеологиялық тұрғыдан да мәні өте зор болды. Жалпы сол Семипалатинск деген сұмпайы сөз отарлау саясатынан кейінгі патшалық және кеңестік империяның жемісі болатын. Тіпті, осы сөзге кенедей жабысып алып, саналарына сең болып қатып қалған атаудан айырылғысы келмегендердің өздері де Президент айтқан соң, шарасыз күй кешіп, үндері іштеріне түсіп, ауыздарына құм құйылды да, Семей атауын еріксіз мойындауға мәжбүр болды. Десек те, қазақ халқының рухани діңгегі аталатын қаламыздың баяу дамып, көзге өңсіз көрінгені жаныма қатты батады. Сондайда Президентіміздің: «Қазақтың тарихи тамырын жалғаған, дәстүр мен елдікті үйлестірген Түркістан мен Семейдің орны қашан да бөлек!» — деген ұлағатты сөзі ойыма орала береді. Бәлкім, басқа қалаларға да үлгі болсын деді ме, әйтеуір, өзі бастап, халық қостап Нұрсұлтан Назарбаев қаламыздың атауын өзгертіп, оның «Семей» деген тарихи атын өз тұғырына қайта қондырды. Енді, Президенттің өзі қаламыздың атын осылайша өзгерткеннен кейін, оның затын да (гербін) өзгерту мәселесі өзінен-өзі туындады. Әрине, Президент тағы да қашан ұсыныс жасайды екен деп, ол кісіні күтіп отыру сірә да жарамас. Бұған бар болғаны жергілікті тарихшылар мен шығармашылық адамдары, көнекөз қариялар мен мекеме басшылары үлес қосса және олардың ұсынысын мәслихат депутаттары сөзбұйдаға салмай-ақ зерделеп, шұғыл шешім шығарса, бұл орындалмайтындай соншалықты қиын мәселе емес еді. Қалай дегенмен Президент бастап берген оң бастама ғой, өз жалғасын табатын шығар деп ойладым. Бірақ қала әкімі Ермак Салимов пен орынбасары Надежда Шарованың және ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садырбаевтың тарапынан қатты қарсылыққа тап болдым. Басқа қалалардың гербі ың-шыңсыз-ақ Тәуелсіз Қазақстанның талаптарына лайықталып әлдеқашан өзгертілгенімен, Семей қаласының гербі ғана өзертілген жоқ. Оның есесіне сонау Ресей империясының колониясы болғанда қолданылған патшалық Герб (Кеңес өкіметінен аттап өтіп) бүгін Тәуелсіз Қазақстан атанғанда да заңсыз қолданыста жүр. Бұл енді Қазақстанның Тәуелсіздігіне нұқсан келтіру ғой! Оу, ағайындар-ау! Алаш Орда ту тіккен Семей жері, оның төлтаңбасы (гербі) мәселесі деген, оттың басы, ошақтың қасындағы әңгімеге көшіре салатын ұсақ-түйек нәрсе емес, мұнда біздің ұлттық мүддеміз бар. Сондықтан да Семейге сүйегі әлдеқашан қурап қалған патшаның гербі түкке қажет емес, оған Тәуелсіздігімізді тасқа таңба басқандай айғақтап тұратын өз төлтаңбасы ғана керек!

Киелі қалада патшаның гербі неге тұр?

«Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген қанатты сөзді қалдырып кеткен Мұхтар ағамыздың Отанында, Абайдай алыптың, Шаһкерімдей шежіренің, Қайымдай қазақтың қайсар ұлының тал бесігіне айналған киелі мекенінде патшаның гербі әлі күнге дейін неге заңсыз айналымда жүр?
Озбыр патшаның дәурені келмеске кетті, мойнымыздағы құлдық қамыты алынды. Тәуелсіздігімізге де ширек ғасыр өтті. Бірақ сол баяғы патшалық герб ескі құлдық таңбасындай болып көшелерде самсап тұр. Оған Семей қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы А. Садырбаев аспай-саспай-ақ: «Ол герб — заңды герб емес. Сондықтан, кім қалай пайдаланам десе де, өзі біледі», — деп, қырсыға сөйлеуін қояр емес. Оу, Айдар бауырым!
Семейден басқа қалалар түгілі аудандар да өз төлтаңбаларын Тәуелсіздік талаптарына сай жаңартып алды. Ал Семейдің төлтаңбасын жаңарту ісі қара тас сияқты мылқау-меңіреу күйде әлі мелшиіп тұр! Бұрын Семей десе, дүниежүзі полигоннан қорқушы еді, енді ел-жұртты патшаның гербін көрсетіп шошытамыз ба? Бірақ Қазақстан үшін Семейдің орны қашанда айрықша. Бұл қала ежелден ұлтымыздың рухани-мәдени астанасы саналатын киелі мекені. Сондықтан да оның жаңа төлтаңбасын бекіту заман талабы деп білемін. Менің Семейдің төлтаңбасын жаңарту мәселесін көтеріп, онымен бел жазбай айналысып келе жатқаныма да биыл 16 жылдың жүзі болады екен. Алғаш рет 2001 жылы «Семейге жаңа төлтаңба қажет!» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізгенімде «елін, жерін сүю құштарлығы ойына ұялай берсінші» деп жаныма ертіп апарған кіші ұлым 6 жаста еді, Құдайға шүкір, қазір 22-де!
Осы жылдар аралығында бір ғана «төлтаңбаға» байланысты 20 мәрте түрлі деңгейдегі басқосулар ұйымдастырып, 35 мақала жазыппын. Тәуелсіздігіміздің 26 жылының ішінде қаламызда болған 9 әкімнің 6-ның алдында болдым.
Алайда Семей қаласы әкімдігінің Тәуелсіз Қазақстанның «тәуелсіз қаласы» екенін білдіретін өз төлтаңбасын егемендік алғанымызға осыншама жылдар өтсе де, әлі қабылдатпай жатуының себебі неде? Бұл жердегі мәселе Тәуелсіздік пен рух мәселесі болғандықтан, қаймана қазақтың басынан құлдықтың қамытын шешпей, сіресіп ұстаған кешегі патша кезеңіндегі гербтің туған қаламыз — Семейімде салбырап, ілініп тұрғаны менің жүрегіме қанжар болып қадалып қалды. Жатсам-тұрсам: «Мына қарғыс атқыр таңбадан қаламды қалай құтқарам?» — деген ой санама мәңгілікке ұялады. Әйтеуір, бұл істі қалай болғанда да тоқтатпауға бел будым.
Әлі күнге дейін, туыс пен досты былай қойғанда, тойға не өлім-жітімге барсам болды, Төлтаңбаның бекітілуі тек маған ғана қарап тұрғандай, мені білетін елдің бәрі шулап: «Айдын, қаламыздың төлтаңбасы қашан бекітіледі, не істеп жатырсың, бұл өзі шешіле ме, шешілмей ме?» — деп, шыныменде жанашырлық танытып жатса, кейбіреулері жымысқылана күліп: «е, сенің жаңа төлтаңбаң кімге керек, бос сөз, осыны қиналмай, тастасаңшы!» — деп, мүсіркеп те қояды. Десе-десін, қайсыбірінің аузына қақпақ қояйын.
Бірақ мен бір нәрсені анық білемін: ол — Қазақстанның болашағы қазақ ұлтында екендігі. Сондықтан «Қазақстан — көпұлтты мемлекет» деп қазаққа көптің бірі ретінде қарауды доғару керек. Керісінше, Қазақстан халқының мызғымас бірлігі туралы айта отырып, қазақ ұлты көп этностың бірі емес, «біріншісі, негізгісі, бастысы» деп атап көрсеткен жөн!
Мәселен, әлемдегі мемлекеттердің ішінде Қазақстаннан басқа да көпұлтты мемлекеттер жетіп артылады. Керек десеңіз, өзге елдерде (Қытай, Ресей, АҚШ және т.б.) жер бетін мекендейтін ұлттардың барлығының да өкілдері тұрады деуге болады. Алайда олар көпұлттымыз деп әсте айтпайды!
Ал біздер болсақ патша мен Кеңес заманында үйренген ескі әдетімізді тастай алмай, әсіреқызбаланып, әсіремақтанумен әлі жүрміз. Енді еліміздің азаттығына 26 жыл өтсе де, сол баяғы жасанды даңғазалығымыздан арыла алар емеспіз.
Егер Семей қаласының жаңа гербі қабылданса, онда патшалық гербтің аты да, заты да көзден кетіп, көңілден ұмыт болар еді. Бірақ жергілікті биліктің көксегені қайткен күнде де Семипалатинскінің 300 жылдығын тойлау болғандықтан, оның символдық белгісі етіп, патшалық гербті көтеріп шығу. Мен олардың бұл әрекетінен осыдан басқа себеп те көріп тұрған жоқпын. Әйтеуір, әкімдік екі рет заңды түрде конкурс өткізсе де, жеңімпаз болған жаңа гербті қабылдау мәселесін ананы-мынаны сылтауратып, 2018 жылға таятып әкелді ғой. Әрі жағы белгілі, қаламызға 300 жыл дегенді желеу етіп, шынтуайтында патшалық Ресейдің қазақ даласын отарлауының 300 жылдығын күллі қазақстандықтардың есіне түсірмекші. Неткен аярлық!
Алайда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев: «…пат-шалық Ресей кезінде біздің жерден алынған мол байлықты елімізден әкеткен болатын. Бізге тек жерді қопарып, шаң жұту ғана қалатын еді. Тіпті, біздің еліміздің ішіндегі жүретін жолымыз да болған жоқ. Енді, міне, қай өңірге барамын десең де, жол тұр. Бұрын олай болған жоқ. Себебі біз колония болдық!..» деген еді. Иә, дәл солай, біз колония болдық! Ал Семейдің әкімдігі Президенттің осы ескертпесін біле тұра, қаланың 300 жылдығын қасақана тойламақшы. Бұл жөнінде қала әкімі Е.Салимов: «Семейге 1000 жыл екенін дәлелдей алмасаңыздар, онда 300 жылдықты тойлаймыз!» — деп дөңайбат көрсетіп қалды. Бірақ ол 300 жылдықтың астарында «шовинистік» пиғыл мен «сепаратизмнің» жатқанын біледі ме екен? Әйтеуір, әкім осы бір ғана мәлімдемесі арқылы семейліктердің бірінші жартысын — большевиктік лагерь,екінші жартысын алаштық лагерь деген сияқты екіге бөліп тастады. Орыстілділер Семейге 300 десе, қазақтілді жұрт Семейге 1000 жыл деп шыға келді. Бұдан ұлт араздығы туып кетуі мүмкін. Меніңше, бұл мәселеге ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Үкіметі араласуы қажет. Өйткені біз, қазақ, жақсылықты да, жамандықты да білетін халықпыз. Сонау 90-жылдары сепаратист Пугачевтің Өскеменде салған лаңы да әлі есімізде. Анау Оралдағы казактардың да құтырынғаны ойымыздан кеткен жоқ. Ал мереке күндері Өскемен мен Семейдегі казактардың қылыштарын жалаңдатып көшемізде жүргені де намысымызға тиіп болды. Оу, қылыштың атасы қару емес пе? Олардың тапа тал түсте талтаңдап, қару асынып жүрулеріне кім рұқсат беріп отыр? Сонда біздер патша отарлаушыларының даламызға баса-көктеп кірген күнімен, жерімізді бақылап отыру үшін ғана қайдағы бір бекет (фарпост) салған жылын тойламақшымыз ба, бұл қалай? Басқа елге кіріптар, бодан болғаның ештеңе емес-ау, бәрінен де бізді құл қылғаны үшін, сол отаршылдарға өмір бойы қарыздар болып, енді келіп рақмет айтпақшымыз ба?

Семипалатинск атауы қайдан пайда болды?

Бұл не масқара, қала әкімдігі кімді басынғысы келеді? Е.Салимовтың мұнысы несі? Қаламыздың тарихи мерейтойын қазіргі Семейдің орнында тұрған (840-950 ж.ж.) қимақ қағанатының астанасы Қимақия қаласының іргетасы қаланған кезінен бастамай (Қазақ Совет энциклопедиясы. «Семей». 10 том. 114 бет, «Қимақ қағанаты» 6 том. 557 бет), керісінше, қаламыздан 18 шақырым жердегі (қазіргі «старая крепость» селосы) отарлаушы патша әскерінің «ат қорасы» мен миссионерлерінің «тұрағы» болған, айдаладағы «Семь палат» бекеті (фарпост, бекініс те емес және онда қамал әлі салынып үлгермеген) кезінен бастамақшы ма? Ол село қайда, біздің қала қайда, арасы бақандай 18 шақырым! Логика деген болуы керек қой. Бұл енді біздің ұлттық тарихымызға жасалған қиянат, әділетсіздік деп білемін!
Менің айтар уәжім сәл түсініктірек болуы үшін, осы тұстан бастап Семиполатный бекетінің Семей қаласының орнына қалай келгені жөнінде қысқаша ғана мәлімет бере кетейін: «Ғылыми деректерде сақталған ресми мәліметтер бойынша, Семиполатный бекеті су тасқынына жиі ұшырайтын болғандықтан, халықтың өмір сүруіне жарамсыз деп табылып, шарасыздықтан ғана бүгінгі Семей қаласының тұрған орнына 1776 жылы көшіріледі де, содан бастап бүгінгі жерге тұрақтап қалды. Бұл туралы осы кезде Семей жеріне келіп, ондағы «Жеті сарай (орысшасы — Семь палата)» аталған будда монастрінің қирандыларын көрген орыс зерттеушісі П.С.Паллас өз күнделігінде: «Семь палат» — қазіргі күні «Старая крепость» аталатын жерде салынған, ана Долон, Белокаменка, Стеклянка, Глуховка т.б сияқты қарапайым орыс бекініс-сталицасының бірі. Ерекшелігі болды десек, ол «Семь палаттың» «Жеті сарайға» байланысты аталуында ғана және «Семь палат» қазіргі Семейдің орнындағы бекініс емес!» деп мәлімдейді». Осы арада «Семь палат» (жеті шатыр) пен «Семь палата» (жеті сарай) сөздерінің ұқсастығына да назар аудармасақ болмайды. Жалпы, бұл жаққа орыс әскерлері келердің сәл алдында ғана осы жерде (1635-1758 ж.ж) қалмақ қаласы «Зордшинхийд» тұрған еді және ол жоңғар мемлекеті күйрегеннен соң, өзінің өмір сүруін тоқтатқан болатын. Яғни, бүгінгі Семей қаласының тарихына кешегі «Семь палаттың» еш қатысы жоқ!
Жоғарыда келтірілген аз ғана деректерге қарағанда, Семей қаласына тіпті де 300 жыл емес, 1177 жыл болады. Ал анау айтып жүрген 300 жылдық қазақ даласын Ресей патшалығының отарлауына 300 жыл деген мағына ғана береді. Иә, дәл қазіргі күні қаламызды басқарып отырған Е.Салимов пен Н.Шарова және А.Садырбаев болғандықтан, олардың мұны білмеуі енді мүмкін емес.
Әйтеуір, бір кездері отарлаушылар салып кеткен сол бір ізбен қаланың негізгі тарихы «1718 жылы салынған әлдебір орыс бекетінен ғана басталады» деп, 2018 жылы Семейдің 300 жылдық мерейтойын тойлауға қала әкімдігі неге құштар болып отыр? Артығырақ айтсам, кешірім өтінемін: бірақ, менің ойымша, әкімдік тарапынан бұл үстірт және асығыс шығарылған шешімге «лақ құрлы бақырмай, өлеміз бе, япыр-ай!» деп, атам қазақ айтпақшы, бас шұлғып отыра берсек, бұл енді намыссыздық пен надандық болар еді. Бұл келешек ұрпағымыздың алдындағы біздің ең сорақы, ең жиіркенішті ісіміз бен қылығымыз болар еді. Кім қалай ойласа да, әкімдік мұндай тарихи әрі саяси мәселелерді 10-20 адаммен ғана шешпей (оның өзінде де бұл саланың мамандары емес, қоғамдық белсенділер), тек қана кәсіби тарихшылар мен археологтардан жасақталған зерттеу тобын құрып, оның нәтижелерін халықтың алдына шығарулары керек болатын. Ал, шынтуайтына үңілсек, бұл бір бүгін ғана көтеріліп жатқан мәселе емес еді. Біздің семейлік ғалымдар осы аталған мәселелермен бірнеше жылдай айналысып жүр. Яғни, Семей қаласының тарихы сонау 840 жылдан «Қимақ қағанаты» кезінен басталады, оған биыл «2013 жылы 1177 жыл толады» деген тұжырымдама да жасалынып, оған археолог А.Исин, тарихшы М.Кәрімов, өлкетанушы Ә.Сәдуақасов бастаған жүзден аса кәсіби мамандардың қолдары қойылған хат дайындалып, сол кездегі әкім А.Кәрімовке берілген-ді.
Осы орайда бұл тектес күдікті даталардың нүктесін қойып, басын ашып көрсеткен мына бір жайға тоқтала өтейінші: былтыр ғана болып өткен Алматы қаласының 1000 жылдығы мерекесіне Президент Н.Назарбаевтың қатысуы да елдің еңсесін бір көтеріп тастаған еді. Бұл дегеніңіз қазақ қалаларының тарихын орыс бекіністерінен бастауға болмайтындығының анық дәлелі де. Өйткені біздің қалаларымыздың барлығы да «Ұлы Жібек жолының» бойында тұрған және жастары да құрдас. Мәселен, Таразға — 2000 жыл, Түркістанға — 1500 жыл, Алматыға — 1000 жыл. Сол сияқты Семейге де 1177 жыл деуге толық хақымыз бар. Әйтпесе, «өз тарихына жүгінбеген ел шөлдегі қаңғырған қаңбақ сияқты» демеуші ме еді дана халқымыз.
Ал біздегі мына сөз қай сөз, мына шешім қай шешім? Егер әкімдікке қаламыздың қала атанғандағы тарихы рас қажет болса, (1635-1757) онда қалмақ қаласы болған «Зордшинхийд» қайда, одан да әрідегі (840-950) қимақ қағанатының қаласы болған «Қимақия» қайда? Жалпы, біздер қайдамыз, өзі? Семей әкімдігі әлдебір әуесқой өлкетанушының жалғыз ауыз сөзіне ұйып қалған сыңайлы. Менің ондайларға және оның төңірегінде жүргендерге айтарым мынау: «Сіздердің туған қаламыз Семейге шынымен де жандарыңыз ашыса, оның тарихын қазақ даласына орыс ұлтының келген кезінен ғана бастамай, әріден қарағандарыңыз жөн. Бұл жерде сіздерге дейін де өмір болған, қала тұрған. Анау есалаң Жириновскийге ұқсап: «Бұларда малдан басқа ештеме болмаған, соның соңынан көшіп-қонып жүре берген», — деп, ойлайтын болсаңыздар, онда қатты қателесесіздер. Сонда орыстар келгенше қазақ үй тұрғызбаған ба, қала салмаған ба? Анау Отырар, Сығанақ, Түркістан, Тараз және т.б. мыңдаған қалаларымызды да орыстар салып берді ме?
Әйтсе де, бір нәрсені түсінбеймін: осы сіздердің 1718 жылдың алдындағы қаламыздың өміріне қатысты ата тарихынан неге сөз қозғағыларыңыз келмейді, факті де келтірмейсіздер, тіпті, оны жоққа шығарасыздар ғой, неге? Ондай құқықты сіздерге кім берді? Әлде сіздер баяғы патша мен Кеңес кезіндегі империялық мүддемен, бүтіндей бір қаланың өткенін жоққа шығарудың артында үлкен жауапкершілік жатқанын ұмытып кеткенсіздер-ау, сірә! Иә, солай. Сіздердің оны білгілеріңіз келмейтіні, біздерге аян! Ал біздерге сіздердің келген күннен ғана басталатын жасанды тарих емес, ата-бабаларымыздың кезінен жалғасып келе жатқан ұлттық тарихымыз ғана қажет! Семей Ресейдің қаласы емес, Тәуелсіз Қазақстанның қаласы екенін білесіңдер ме, өздерің? Білмесеңіздер, біліңіздер! Тіпті, арғы тарихты айтпағанның өзінде, бізде қаламыздың алты түрлі кезеңін айшықтайтын алты түрлі тарихы бар: біріншісі — қимақ қағанатының тарихы (840-950); екіншісі — қалмақ хандығының тарихы (1635-1758); үшіншісі — патшалық Ресейдің тарихы (1718-1917); төртіншісі — Алаш автономиясының тарихы (1917-1920); бесіншісі — Кеңес өкіметінің тарихы (1920-1990); алтыншысы — Тәуелсіз Қазақстанның тарихы (1991).
Бірақ кім қалай ойласа, олай ойласын, Семей қаласының әкімі Е.Салимов пен оның орынбасары Н.Шарованың және ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Садырбаевтарға былай дегіміз келеді: қолыма патшаның гербін ұстап, отаршылдықтың 300 жылдығын тойлап, қазақты құл қылғаны үшін патшалық Ресейге рақмет айта алмаймын!

Айдын Ырысбекұлы, «Туған қалам — Семейім!» қоғамдық қорының төрағасы, алаштанушы

Семей қаласының төлтаңбасына ұсынылған төлтаңбаға түсініктеме

Таңбаның дөңгелек немесе шеңбер болуы ол осы таңба ішіне кірген белгілердің ғұмыры мәңгілік болсын деген ойдан туындады. Өйткені шеңбер — шексіздік немесе мәңгілік деген ұғым. Көк түс — төбедегі бұлтсыз ашық аспан түсі, ол геральдика тілінде — адалдық, сенімділік, үміт. Егер киіз үйді жоғарыдан төмен қараса, онда шаңырақ күнге, ал уықтар оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фәни өмірден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы осы бейнеден өз көрінісін тауып тұрғандай. Ал оның ішіндегі күлдіреуіштер арасындағы төрт бөліктің жоғары бөлігіне ашылған кітап пен қауырсын, сол жағына жеті мешіт және оң бөлігіне бас жібімен түйе, ал төменгі бөлігіне жаңа көпірдің нышаны бейнеленген. Бұл біздің төрт құбыламыздың тең екенін көрсетеді. Кітап және қауырсын Семей қаласының ұлы ойшылдар елі екенін білдіреді. Семей- елімізді барша әлемге паш еткен дана Абайдың, Шәкәрімдей шежіренің, Мұхтардай алыптың Отаны екенінің бір көрінісі. Қазақ халқының тарихи-рухани, мәдени дамуында Семей қаласының атқаратын ролі орасан зор. Жеті мешіт қаламыздың 17 ғасырда жазылып көрсетілген тарихи жәдігерлерінің орнын айғақтайды. Алыс жол жүріп келіп дамылдап тұрған қос өркешті түйе жайлы айтатын болсақ, ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесіндей түйелерсіз Ұлы Жібек жолын көзге елестету еш мүмкін емес. Семей қаласының Ұлы Жібек жолы үшін маңызы болғаны тарихтан белгілі, сол маңызын әлі де жоғалтқан жоқ. Шаңырақты айналып ұшқан жеті қарлығаштар алаш арасындағы мәңгілік татулықты білдіреді. Семей атауы сары алтын түспен жазылған, таңбаның төменгі жағынан орын алған, ол қаламыз алтындай бағалы болып жарқырай берсін деген жақсы тілектен туындады.
Қызыл түс — жаңарудың оттың, ошақтың түсі, жамандықтан аластау.
Қарлығаштардың шаңырақты айнала ұшуы ошағымызда, демек шаңырағымызда мәңгілік бейбітшілік болсын деген ұғымды білдіреді. Қарлығаш саны жетеу, жеті — киелі сан. «Жеті ата», «Жеті қазына» , «Жеті жарғы», «Жеті қабат жер», «Жеті қат көк» ұғымдары — ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті сөздер. Түйемойнақ аралындағы «Бейбітшілік» монументіне де осы жеті қарлығаштың қойылуы да халқымыздың қырық жылғы атом қасіретін де жеңгенінің айқын көрінісі. Демек, бұл қаламыздың бүгінгі келбетін айшықтайды.
Таңба жайлы түсінік берген: Ерлан Шаяхметұлы

(177)