mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ (Эссе)

 

Ұстаз. Бұл айтуға оңай көрінгенімен тануға, салмақтап ойлануға келгенде мағынасы терең сөз екенін Зекең дүниеден өткесін барып сезе бастағандаймын. Ұстаз менің ұғымымда бұрын тек қана үйретуші, тәлім беруші, бағыттаушы сияқты елестейтін. Сөйтсем, оның мағынасы одан әлдеқайда тереңде жатқан секілді. Ұстаз ол сенімен ойлас, сырлас, жолдас, рухтас адам екен. Себебі, ол сенітәрбиелеп, үйретіп қана қоймайды, ол сені әрдайым жарқын болашаққа, жақсылыққа, бақытқа жетелейді. Егер сенің басыңа қиындық туса, әрдайым қасыңнан табылатын жолдасың, адаса бастасаң жол сілтеп, бағыт беретін ақылшың, қиындыққа тап болсаң, басу айтатын абызың, асқындап кетсең жазалаудан  да тартынбайтын қатал әкең сықылды жан екен.

Жолдасбековты жалғыз өзі қорғаған

Зейнағаң әрдайым жайнап, өзгелерге де шуағын төгіп, айналасына нұрын шашып жүретін ерекше жаратылған адам еді. Ол кісінің сыртқы болмысының өзі осындай өзгеше бітімімен басқалардан оқшауланып тұратын. Ал ұстаздың жан дүниесіне бойлау, ол кісімен әңгімелесу кімді де болса өзгеше бір жылы сезімге бөлейтін.

Ұлы ұстазбен он алты жыл бірге қызметтес болыппын. Ол кісі «Әдебиеттануға кіріспе» пәнінен лекция оқитын, ал мен практикалық сабақтарын жүргізетінмін. Зейнағаң бір нәрсені ежіктеп, қайта-қайта түсіндіре бергенді жаратпайтын. Кейбір тақырыпқа қатысты мәселелерді сұрасам, кабинетіне жеке кіргізіп алып, қарапайым ғана мысалдармен түсіндіріп, оқитын кітаптарды нақты айтып беретін. Бір рет айтқанда ұғып алмасаң, кәдімгідей ренжіп қалатын. Сондықтан да не айтса да зейін қоя тыңдап, содан қорытынды шығаруға тырысатынбыз. Сосын өзі берген уәдесіне берік еді. Ал өзгелер уәдесінде тұрмай жатса, соған кәдімгідей қынжылатын.

Қай нәрсенің болса да, оябын тауып, ушығып кеткен нәрсенің өзін әрдайым бейбіт жолмен  шешуге тырысатын. Ашу шақырып айғайлау, столды тоқпақтап қыр көрсету ол кісінің ғадетінде жоқ болатын. Әрдайым қасындағы адамды мақтап, марапаттап, көтермелеп отырушы еді.

Зекеңнің 70 жылдығының қарсаңында досы Тұрсекең (Кәкішев) кафедраға келіп, шағын дастархан басында өзінің жүрекжарды тілегін айтты. Сонда ол кісінің бізге қаратып:

«Сендер мына Зейнолла ағаларыңды біле бермейсіңдер ғой. Бұл күліп, жаймашуақ жүргенге ақкөңіл, ешқашан біреудің алдын кесіп өтпейтін сыпайы деп ойларсыңдар. Ал мұның ақиқаттың алдында басын имейтін қатал, кейде екінің бірі бара бермейтін тәуекелді іске басын тігіп бара алатын батыр екенін білесіңдер ме? Баяғы сексен алтының қысылтаяң күндерінде ректоратта жиналыс болып, сол кездегі ректорымыз Өмірбек Жолдасбековті аяқ астынан кінәлі қылып, ЦК-дан адамдар келіп жаппай қаралап жатқанда:

– Ау, жолдастар осы күні кеше ғана Жолдасбековтен жақсы адам жоқ еді ғой, бүгін аяқ астынан қалай өзгеріп қалдыңдар? – деп қасқайып тұрып Жолдасбековті қорғаған жалғыз осы Зейнолла ағаларың болатын. Өзі партия мүшесі бола тұрып, сонау Мәскеу мен Қазақстанның күллі қасқалары мен жайсаңдарының алдында олай сөйлеуге ол тұста екінің бірінің ерлігі жете бермейтін», – деген сөзі әлі күнге дейін есімде. Бірақ біз Зейнағаңның қасында қаншама жыл жүрсек те, өзінің ол оқиға туралы бір рет болса да айтып, еске алғанын естімеппіз. Бұл да ұстаздың бойындағы көзге ұрғанды жақтырмайтын қарапайымдылық қасиеті шығар.

Зекең еш уақытта бізге мынадай бол деп айтпайтын. Мінезіңде мынадай кемшілік бар деп біреуді кінәлап жатқанын да көрген емеспіз. Бірақ өзі әрдайым кісілік келбетімен, көркем мінезімен бізге үлгі болып жүретін. Қытайдың ұлы данышпан абызы Конфуций: «Ғылымды меңгерудегі ең қиыны ұстазды құрмет тұту, ұстазды сыйлап үйренгенде ғана ол үйретпек болған ақиқат шындықты танисың» деген екен. Сол айтпақшы, Зекеңнің шәкірттерінің барлығы да ол кісіні барынша сыйлап, құрметтейтін. Себебі, өзінің ақыл-парасатымен, білімімен, адамгершілік қасиеттерімен ұстазымыз бәрімізді өзіне тәнті етіп, өзін еріксіз сыйлататын.

Кейде дәріске кірер алдында кафедрадағы шәкірттерін жинап алып, қай сабаққа баратынымызды, қандай тақырыпта лекция оқитынымызды сұрайтын. Лекцияның тақырыбын  айтсақ, соған кәдімгідей елігіп, мынау бір тамаша тақырып екен, ол туралы мынаны айтуды ұмытпа деп өзінің ойында жүрген тың ойларын ортаға салып, қызбаланып, бізді де шабыттандырып жіберуші еді. Ол кісі«Айтарың болмаса аудиторияға кірме»,«Әр лекция – ол енді қайтып қайталанбайтын ғажайып сәт, сондықтан да аудиторияға құдайға мінәжат етуге дайындалғандай дайындықпен кіру керек», «Аудиторияға жақсы лектор шоқ болып маздап кіріп, от болып лаулап шығады»деген ұлағатты сөздерін ылғи да қайталап отыратын.

Нағыз лектор шоқ болып маздап,

От болып жанғаны абзал

Ұстазымыз өзінің шәкірттерінің қай жерде жүргенін, немен айналысатынын, қай тақырыпқа жақын екенін де дәл танып, соларға сырттай тілекші болып, алаңдап отыратын.

Ол кісі өзінің ұстазы Мұхтар Әуезовті әрдайым ерекше бір ыстық ықыласпен еске алып, ұлылық қасиеттерін әңгімелеуді жаны сүйтін. Әуезов туралы қаншама әңгіме айтқаны есімде жоқ, бірақ еш уақытта бір айтқанын қайталамайтын. Әрдайым ерекше бір қырын, ерекше бір мінезін, ұлы адамға тән және тек Әуезовке ғана жарасатын әдетін сүйсіне сөз етіп отырушы еді.Әуезов Зекең үшін барлық ісі мен әрекетінің өлшемі секілді болатын. Бірде ұстазы туралы толғана әңгімелеп отырып, «қазір менің өзім Мұхаңнаналты жас үлкен екенмін» дегені бар.Енді бірде Мұхаң менің жасымда пәлен том шығарма жазған екен деп өзін қайрағандай, өз өзіне есеп бергендей ойланып қалатын. Өзі жүргізетін сабағына әрдайым дайындықпен келетін және ұсақ-түйек шаруаға бола лекциясын бөліп мазасын алғанды да ұнатпайтын.«Лекция қасиетті нәрсе, оны бөлу – күнә, ал оған келмей қалу – опасыздық»деуші еді. Әуезовтің кезінде «лекциям бар деп» ЦК-ның бюросын тастап кеткенін ылғи да бізге үлгі қылып айтып отыратын.

М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайлов, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаев, Т.Жароков, Ә.Сәрсенбаев, Х.Ерғалиев, Ж.Молдағалиев, Т.Ахтанов, М.Иманжановтар туралы біз біле бермейтін қызықты естеліктер айтатын. Әңгімені де бар болмысымен беріліп, тыңдаушысын еріксіз ұйытып, ғажайып бір көңілмен әсерліетіп айтушы еді. Ол кісі сөйлеп кеткенде барлық оқиғалар көз алдымызға тура бір кино көріп отырғандай елестеп, айшықты да әдемі сөздер тізбегі лек-легімен ағытылып, тыңдаушысын сиқырлап тастағандай баурап алатын. Ауызша әңгіменің талай майталманын көріп жүрсек те, дәл Зейнағаң сияқты хас шеберін әлі күнге шейін кездестірген емеспін.

Зейнағаңның лекциясын тыңдауға еліміздің түкпір-түкпірінен аспиранттар, докторанттар, тәжірибеден өтуге келген оқытушылар келіп жататын. Бірақ солардың біреуіне де «жоқ, бүгін сіз менің лекцияма қатыспайсыз, ертең келіңіз» деп кейінге қалдырғанын көрмеппін. Көбіне олар ортаға мені салыпрұқсатын алып жатады. «Мынадай кісі сіздің лекцияңызды тыңдағысы келеді, рұқсат етесіз бе?» деп барсам, «келсін, менің әр сабағым ашық сабақ емес пе» деп күле жауап беретін.

Өзі академик, өзі халық жазушысы бола тұра кафедрада өзін өте қарапайым ұстайтын. Кез-келгеніміз ол кісімен оймызды бөлісіп, еркін әңгімелесе беретінбіз. Кафедрадағылардың барлығының үй-ішін, балаларының аттарына дейін жатқа білетін. Кафедра екіге бөлінген соң біздің кафедрада әйелдерден тек қана Мәстура Ғайсақызы апайымыз қалды. Ол кезде апайымыз пенсияға шығып, жасы жетпістен асқан кезі еді. Кейбір ақылгөйлер «апайдың жасы біразға келді, несіне ол кісіні ұстап отырсыз, орнына жастау бір оқытушы алмайсыз ба?»  десе:

– Ау, сіз не деп тұрсыз, Мәкең Мұхаңның шәкірті емес пе, ұлыдан қалған көз ғой, – деп қорғаштап отыратын.Кейде апайдың көңілін көтеріп, өздерінің жастық шақтары туралы естелік айтатын.

–Мәкең жас күнінде қандай еді шіркін, – деп бастайтын әңгімесін. Бәріміз жатақханада тұрдық. Мәстура апайларың көрші жатақханада тұратын. Ол кезде жатақханада су болмайды. Суды сырттағы колонкадан тасимыз. Таңертең ерте қасына бір-екі қызды ертіп, Мәстура апайларың суға барады. Ол кездегі Мәкеңнің сұлулығы деген енді керемет еді ғой. Жүрісінің өзі суда қалықтап жүзген аққу сияқты. Сол Мәкеңнің сұлулығын қызықтау үшін ғана бәріміз ерте оянып, терезеге жабысып қарап тұратынбыз. Мәкең ол кезде тәкаппар, ешкімге мойнын да бұрмастан, құмырасын көтеріп, бұралып өте шығады. Талай жігіт сол терезеден қарап тұрып-ақ аһ ұрып, құсаланып, ғашық болып жүретін,–деп әдемі қалжыңымен бәрімізді күлкіге қарық қылып отырушы еді.

Үйі хан базардай адамдарға толы болатын

Ал Әуез Бейсебаев ағамызды ерекше жақсы көріп, екеуі қатты сыйласты. Әуез ағаны кафедрада барлығымыз да жақсы көретінбіз. Мінезі өте жайсаң, сыйласқан адамына жүрегін суырып беруге дайын тұратын мәрт мінезді жігіт еді. Зекеңнің жетпіс жылдық мерейтойы қарсаңында Әуағаң ағамыз туралы көлемді  мақала жазып әкеледі. Зекең ол мақаланы оқып, ұнатып, «бастырсаң бастыра ғой» дейді. Әуағаң:«мақалаға енді сіздің суретіңіз керек болып тұр, ертең соны әкелсеңіз, газетке сосын апарам» деп үйіне қайтады. Ертеңіне деканатқа кірсем, Зекең деканның кабинетінде отыр екен, оған қарсы бетте Әуағаң отыр, тағы бір екі-жігіт қастарында жүр. Байқаймын, Әукеңнің дауысы жарқан-жарқын шығады. Қастарына барып мен де отыра кеттім. Әукеңнің сөзінен аңғарғаным, сол күні үйіне көптен көріспеген ескікөз жолдастары келіп, таң атқанша тойласа керек. Зекеңнің алдында соған кешірім сұрап отыр екен. Зекең:

– Байқа, Әуезжан, шаршап тұрсаң үйге қайт, мұнда көп жүрмей-ақ қой, – деп жатыр. Әукең де қайтар емес:

–  Мен бүгін газеттің редакциясына барам, келісіп қойғанмын, тек суретіңізді берсеңіз болғаны, – дейді.

Зекең ақыры сөмкесінен алып, қағазға оралған суретін шығарып берді, Әукең оны екі бүктеп төс қалтасына сала салды. Зекең:

– Өй, Әуез, сен не істеп жатырсың, ана суретті бүктегенің не, бүлінді ғой енді, – деп ренжи сөйледі.

–Әкел бері суретті, апармай-ақ қой, рақмет саған, – деп суретін сұрап еді, оған суретті Әукең қайтара қоймады. Екі ортада қасында отырған біз  қысылап барамыз. Әукең артық бірдеңе айтып қоя ма деген күдік те жоқ емес. Зекең сосын дауысын көтеріңкіреп:

– Әй әкел бері суретті, – деп қатқылдау сұрады.

Әукең екі қолын кеудесіне айқастырып алып:

– Аға кешіріңіз, бере алмаймын, – деді.

Біз енді бәрі де бүлініп бітті-ау, не істесек екен дегенше болған жоқ, Зекең дереу ашуын басып, Әукеңе барлай қарап алды да:

– Өзің бір қырсық жігіт екенсің, бірақ мына мінезің, тап осы отырысың маған ұнап отыр. Керек десең, саған қызығып та отырмын, – дегені.

Әбіржіп тұрған бәріміз ду күлдік. Әуағаң да күлді. Екі-үш күнде мақала да шықты, Әукең бүп-бүтін суретті Зекеңнің өзіне қайтарды.

Зекеңнің үйі қашан барсақ та, хан базардай адамдарға толы болатын. Кейде кексе тартқан әйелдер, жастары біразға келіп қалған ер адамдар жүретін. «Бұлар кімдер?» деп сұрасақ, «шәкірттерім ғой» дей салатын. Сөйтсек, он-онбес жыл, кейде тіпті  жиырма-отыз жыл бұрын бітіріп кеткен шәкірттері Зекеңмен одан кейінгі жылдары да туыстай боп араласып жүреді екен. Кейін оған да көзіміз үйреніп, көбімен біз де араласып кеттік.

Кейде демалыс күндері үйіне барлық немерелерін жинап алып, Сәуле апай қазан-қазан тамақ пісіріп мәре-сәре болып жатады. Ондайда Зекең де қуанып, ерекше шабыт үстінде жүреді. Бірде барлық немерелерін екі бөлмеге бөліп ұйықтатып, таңертең өзі солардың есіктерін ашып, қызықтап, сүйсініп сырттарынан қарап жүр екен. Мен барып қалып едім, қасына шақырып алып:

– Қарашы мыналарға, менің байлығым осылар! Қандай ғажап! Он немерем бар, барлығы да ұл балалар. Әлгі Махамбеттің:

Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа қонғанда,

Жер қайысқан қол едік, –

дегенінде қандай асқақ ой жатыр, байқайсың ба? Қазір тұрып, дүр етіп шулап далаға шыққанда сырттарынансүйсіне қарап тұрып, «тіфай-тіфай, тіл- көзден сақта!» деп тұрам!Немере деген шіркін ыстық екен ғой, – дегені кеше ғана сияқты. Бүгінде сол немерелерінің көбісі – еліміздің әр түкпірінде қызмет істеп жүрген абыройлы азаматтар.

Зымырап жатқан уақыт. Зекең біздің қасымызда мәңгі жүре беретіндей елестеуші еді. Бірақ өмірдің заңына бағынбайтын пенде бар ма?! Ол күндер де біртіндеп алыстап, естелікке, сағынышқа  айналып барады. Ұстазымыздың өзі де сағымданып, сағыныштың елесіне айналғандай.

Туғанына биыл тоқсан жыл толған Зейнолла Қабдоловтың шәкірттерінің өзі бүгінде талайды тәрбиелеген ұстаз болды. Әрқайсысы өз саласының тәжірибелі тәлімгері атанды. Зекең шәкірттерінің сабақтастығы қазір төртінші ұрпаққа кетті. Қабдоловтың «немере аспиранттары», «шөбере аспиранттары» деген ұғым қалыптасты. Сондықтан, ұстаздардың ұстазы атанған тұғырлы тұлғаның рухы әрдайым биікте бола бермек.

 

Жолдасбек МӘМБЕТОВ,

Сүлеймен Демирел университетінің

доценті, филология ғылымдарының

кандидаты 

(159)