mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

Ұлттық банкнотта «Москва» бизнес орталығы неге тұр?

Үкімет сағатында мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл ұлттық бет-бейнеміз саналатын 500 теңгелік банкнотқа қатысты өз пікірін ашық айтты. «Таяуда ғана әлеуметтік желілерде, ел арасында және ақпараттық құралдарда Ұлттық банк таныстырған жаңа 500 теңгелік банкнотқа қатысты қызу пікірталастар жүрді. Бұл ретте, жаңа 500 теңгеге кескінделген елордадағы «Москва» коммерциялық бизнес-орталығының бүкіл Қазақстан үшін еш ізгі символдық мәнісі жоқтығы сөзсіз.

Шындап келгенде, әлем бойынша ұлттық валютада таңбаланатын бейне символдық мәнге ие болып табылады. Сондықтан оған қоғам да, орталық банктер де бей-жай қарамайды. Мұны дамыған елдер тәжірибесінен де байқауға болады. Тіпті, көрші Ресейдің өзі биыл айналымға түсетін 200 және 2000 рубльдің жаңа банкноттарында не кескінделетінін бүтін Ресей бойынша жүргізілетін ашық дауыс беру арқылы таңдап алды. Сондықтан ұлттық валютамызда не бейнеленетінін жалғыз Ұлттық банк дизайнерлерінің жеке таңдауына ғана тастамай, қоғамдық талқыға шығаруымыз қажет», — деп, халық қалаулысына тән мінез көрсетті.
Мәжіліс депутаты мұнымен тоқтап қалмай:
— Ұлттық валютада барша қазақстандықтар және күллі түркі дүниесі қасиет тұтатын киелі жерлер көрініс тапқаны абзал, — деп ашық айтты. Сөзінің соңында «Рухани жаңғыру» аясында қолға алынған «Қазақстанның киелі жерлері» жобасын негізге алуға шақырды. Осылайша, Бақытбек Смағұл таңдаулы киелі орындарды ұлттық валютада бейнелеу арқылы оларды барша Қазақстан халқына, жас ұрпаққа, шетелдік туристерге және жаһандық коллекционерлер арасында насихаттауды ұсынды.

(3)