Көкшетау диқандары биыл да биіктен көрінді

Мұрат БАЛПАН, Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Ауа райы жайлы, техникамыз сайлы, өнім мол болды

Ақмолалықтар үшін күзгі ауа райының жайлы болғаны егін орағына тиімді әсер етті. Диқандар ораққа жақсы дайындалды. Қажет техника 100 пайыз дайын, жанар-жағармай жеткілікті болды. Маңдай термен келген мол ырыздықты ысырапсыз жинап алудың озық тәсілдері қарастырылып, алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылығы құрылымдары өз тәжірибелерін ортаға салып, ауа райының жайлылығын тиімді пайдалана білді. Аграрлық өңір саналатын Ақмоланың ауыл шаруашылығы саласы жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Биыл облыс бойынша ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы көлемі 4750,4 мың гектарды құраса, оның 4323,2 мыңы дәнді және бұршақ дақылдарына тиесілі. Сонымен қатар 257,2 мың гектар майлы дақылдар (өткен жылғыдан 37,4 мың гектар көп), 18,3 мың гектар картоп және 4,3 мың гектар көкөніс өсіру қолға алынған.
Осыншама алқаптағы жұмысты атқарып, мол өнім алуға мемлекет тарапынан көрсетілген көмек те зор болды. 2017 жылға бюджеттен субсидия ретінде 10,7 миллиард теңге бөлінді.
Өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілді. Биылғы науқанға 8668 астық комбайны жұмылдырылды, оның 2658-і алымдығы жоғары шетелдік техника. Егін орағын ойдағыдай өткізуге қажет жүк көліктері және трактор тіркемелері 100 пайыз әзір болды. Жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілді деп айта аламыз.
Егін орағы кезіндегі ең басты мәселелердің бірі — астық қабылдау кәсіпорындарының дайындығы. Осы орайда, биылғы науқанға лицензиясы бар 63 астық сақтау кәсіпорны қатысып отыр. Бұл кәсіпорындарда 4,1 миллион тонна астық сақтауға болады. Оған қоса ауыл шаруашылығы құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық сиятын қоймалар бар. Бәрі де астық қабылдауға 100 пайыз дайын болды. Осыдан-ақ биылғы алынған астықтың далада қалмайтынын байқауға болады. Облыстағы 229 астық кептіргіш тәулігіне 100 мың тоннадан артық астық кептіре алады.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, сөйтіп, ел ырыздығы — өсірілген дәнді дақылдар 25 қыркүйекте ысырапсыз толық жинап алынды. Егіс алқабының әр гектарынан 11,85 центнерден өнім алып, 5123,9 мың тонна астық жиналды. Келесі жылдың егісіне қажетті 522,8 мың тонна тұқым құйылды. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен шаруа қожалықтары 51325 тонна картоп, 11464 тонна көкөніс жинады.
Әрине, барлық жерде жағдай бірдей болды десек, артық айтқандық болар. Көршілес Сандықтау, Зеренді аудандары әр гектардан 19 және 18,3 центнерден өнім жинап, көш бастады. Сондай-ақ, Жақсы, Бұланды ,Бурабай аудандары да 14,2-14,5 центнерден өнім жинады.
Биылғы жиналған астықтың сапасы қандай деген сұраққа айтарымыз, алдымен өткен жылғымен салыстырғанда бір саты жоғары. Жиналған жаздық бидайдың 31 пайызының қамырлылығы 23-24 пайыз, 48,1 пайызы қамырлылығы 25-28 пайыз , ал 21,1 пайызының қамырлылығы 28 пайыздан жоғары. Айта кету керек, Ақмола облысы жыл сайын 1,8 млн. тоннадай астықты алыс және жақын бірнеше шетелге шығарады.
Биылғы жылы барлық шаруашылықтар жеткілікті мөлшерде қажетті шөп қорын дайындап алды. Облыс бойынша 1126,3 мың тонна немесе жоспарланған бір жылдық мөлшердің 100,7 пайызы деңгейінде шөп әзірленді. Бұл өткен жылғы дайындалған шөптен 31,4 мың тонна көп деген сөз. Оған қоса тиісті сабан және жем қоры да жасалынды.

Мектеп — ауылдың тұтқасы

Қала мен ауылдың айырмасын анықтау мақсатындағы біздің экспедиция ауылшаруашылық басқармасының баспасөз хатшысы С.Хамитовтың жол бастауымен Көкшетаудың іргесіндегі Зеренді ауданының «Қонысбай», Василовка ауылдары және сол ауылдарға қарасты «Ұмай жер» ауылшаруашылық серіктестігінің жай-күйімен танысуға бардық. Көкшетаудан Қонысбай ауылы 25, Василовка ауылы 35 шақырым. Василовка ауылының мектебіне ат басын тіредік. Мектеп Кеңес кезінде салынған. Мектеп директоры Ардақ Кафанова мектеп жайын таныстыра келе, мектеп құрылысына мемлекеттен бөлінген қаржыға біршама жұмыстар атқарып, мектеп ішін көріктендіріп, көрнекті құралдармен толықтырғанын жеткізді. Мектеп аралас мектеп. Екі ауысыммен 73 бала оқиды екен. Ауыл халқының көбі славьян тектестер. Кабинеттер заманауи толық жарақталмаса да, әзірге ауыл деңгейінде қанағат тұтуға болады. Бірақ қала мен ауылдың басқа саладағы айырмасына мемлекет көңіл бөлмесе де, білім саласына көңіл бөлу аса қажет сияқты. Шағын ауылда өндіріс ошағы жоқ. Қалаға жақын болғандықтан тарамай тұрғаны байқалады. Ауыл адамдары қалаға қатынап жұмыс жасайды. Мектеп мұғалімдерінің көбісі Көкшетаудан қатынайды екен. Мектепке көмектесу жайы айтарлықтай еместігін мектеп директоры ренішпен атап өтті. Біз бұл ренішті «Ұмай жер» серіктестігінде болғанда басқарушысы Азамат Елмағанбетовке жаймен айтып түсіндірдік, ол түсініп, көмектесуге уәде берді.
Мектепті аралау кезінде ауылдық округ әкімі Сабыров Серік келіп, ауыл жайынан қысқаша мағлұмат берді.
— Біздің ауылдың жағдайы шеткері ауылдарға қарағанда әжептәуір жақсы десе болады. Осы ауылмен аттас бұрынғы Василовка, қазіргі «Алтын тау» тау-кен өндірісі, Көкшетаудағы мекеме, ұйымдар көмектесіп тұрады. Қыста жолды қардан тазалау, әлеуметтік салаға көмек дегендей. Ал шеткі ауылдарда қыстыгүні қар басып жолсыз қалатын жағдай жиі орын алады. Басқа жағдайда қала мен ауыл теңесу мүмкіндігі қиын. Ауылға күніне 3 рет автобус қатынайды. Тұрғындар қалаға қатынап, іргелес тұрған «Алтын тау» тау-кен өндірісінде жұмыс жасайды. Василовка — шағын ауыл, осы жалғыз мектеп таратпай ұстап тұр десек, артық емес, — деп әкім сөзін түйіндеді.
Иә, қай ауылға барсаң да есігі ашық, ғимараты анадайдан көзге түсетін, ауылға тұтқа болып тұрған мектепті көресің…

Экспедиция тапқан кәсіпкер Елбасынан бата алған азамат

«Ұмай жер» ауылшаруашылық серіктестігі 2009 жылы құрылған. Жер көлемі 26 мың га. Оның 16,6 мыңына егін сеуіп, 21 центнерден өнім жинапты. «New Holland», «Класс», «Вектор-410» сияқты шетелдік техникалармен жарақталған. Жалпы 120 адам жұмыс жасайды екен. «Ұмай жер» өнімін саудалауда еш кедергі жоқ. Себебі серіктестік Көкшетаудағы Абдул Халил Наджибулла иелік ететін «Ақмола бидай» ЖШС-нің серіктес шаруашылығы. Оның әлеуеті өте жоғары. Бидайды өзі егіп, ұнды өзі өндіріп, өнімін Ауғанстан, Тәжікстан, Иран, Мысыр және Ресейге экспорттайды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен жазда Ақмола облысын аралағанда «Ұмай жер» шаруашылығының егінжайымен танысып, жас басқарушы Азамат Елмағанбетовтың ісіне риза болып, батасын беріпті. Азамат бауырымыз қазақ тіліне де жатық, қазақи наным-танымы зор азамат екен. Ол:
— Бізге техника жеткілікті, жанар-жағармай да мәселе емес. Қаржы да қолбайлау емес. Ең тапшы болып тұрған — адам күші. Яғни, маман тапшы. Машинаның, техниканың тетігін білетіндер жетіспейді. Оқуды енді бітіргендер бір-екілеп келеді. Тәжірибесі жоқ. Жас мамандарды мектеп қабырғасынан, өз елінің, жерінің иесі сезініп, елі үшін еңбек етуді үйрететін сана қалыптастырсақ. Мұнда инженер де, агроном да өзім. Білікті агроном таба алмай отырмын. Күзде комбайн айдайтын маман тапшы болды. Табылған жастардың ынтасы кемшін. Жастардың ынта-жігерін жетілдіретін, тетіктерді жетілдірудің жолын тапсақ, жетістіктер өз қолымызда, — дейді іскер жас.

Көкшетаудағы аулалардың жаңғыруы

Экспедиция мүшелері біз жоғарыда алға қойған мақсатымызды зерделеу үшін, алдымен Көкшетау қаласының әкімдігінде болдық. Қала әкімі Е.Маржықпаев қаланың қысқы дайындық мәселесімен танысуға қауырт кетіпті. Бірақ біз әкім Ермек Боранбайұлымен бірнеше күннен соң тұрғындармен кездесу кезінде тауып, жүздестік. Қала әкімінің тапсырмасына сай, орынбасары А.Амренова ханым қабылдап, қала тіршілігінен мағлұмат берді. Қабылдауда ішкі саясат бөлімі басшысы А. Подгурский, әкімнің баспасөз хатшысы М. Мырзахметов бірге болды.
Алтынай ханым Көкшетау қаласында жаңа мөлтек аудандар қосылып, көп қабатты пәтерлер салынып жатқанын, қала халқының саны артып, қаланың бұрынғы аумағы 10 шақырымға созылғанын жеткізді.
Көкшетау соңғы кездері тез көркейіп, өсіп-өніп келеді. Көп қабатты пәтер үйлер, әлеуметтік сала құрылыстары көптеп бой көтеруде. Қала іші жолдары жөнделіп, аулалар абаттандырылып, су бұрқақтар салынуда.
Соңғы жылдары Көкшетау қаласында көп қабатты үйлердің аулаларын жаңғыртып ретке келтіру, жолдарды жөндеу қарқынды қолға алынуда. Бұл кұрделі шаруаны қала әкімі Ермек Маржықпаев тұрғындармен тығыз байланысып, кеңесе отырып, жоспарлы түрде атқарды.
Бүгінгі күні 225 ауланың 90-ы жөнделді.

Кооператив — қала мен ауылдың алтын көпірі

Қала осылай көркейіп жатыр. Ауыл не халде? Қала халқын ауыл азық-түлікпен қамтиды. Ет, сүт, ауылшаруашылық өнімдерін ұсынады. Қала халқы — тұтынушы, ауылдың нарыққа шығу көзі. Осы жүйе қалай жүзеге асуда? Көкшетау қаласындағы өндіруші кәсіпорындарға күніне 2,5 тонна сүт жеткізетін, Зеренді ауданына қарасты Құнанбай Серғазинов басшылық ететін «Әлихан-Әмір» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі өткен наурыз айында құрылыпты. Оған 31 шағын шаруашылық біріккен. Сүтті кооператив мүшелері және ауыл тұрғындарынан да қабылдауда. Бұл Көкшетаудың айналасындағы ауылдардың нарыққа шығып, табыс табуына үлкен сеп болыпты. Атап айтсақ, бұл — отбасылық бизнес. Қ.Серғазиновтың ұлдары Данияр мен Дархан да ауылдардан сүт жинайды. Ал осы кооперативтің мүшесі Қабиден Қайырқожаұлы ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 4 млн. теңге несие алып, 16 бас ірі қара сатып алған. Күніне 100 литрдей сүт тапсырады. Оның айтуынша, мал ұстау — ауылдағы күнкөрістің көзі. Бір жағынан сүт тапсырса, екінші жағынан ет тапсырады. Шаруашылықты одан әрі дамытсақ деген үмітте.
Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығын қолдау қорынан облыс бойынша бүгінгі таңда 2 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінген. Нәтижесінде қордың қатысуымен Ақмола облысында 38 кооператив құрылса, оның 25-і сүт, 13-і ет бағытында құрылыпты. «Берекенің басы, ырыстың молы — бірлікте» деген. Біріксең, ауылдың қуаты артып, қаржы көзі ашылып, әлеуметтік сала өркендеп, ауыл көркейеді. Қала мен ауылдың арасы жақындап, айырмасы азаяды.

Білімін ана тілімен ұштастырған шәкірт

Көкшетау қаласының білім саласының жай-күйімен танысуға қалалық білім бөлімінің басшысы Бейбіт Әйтімұлы Жүсіповпен жолықтық.
Көкшетауда үлкенді-кішілі 26 мектеп болса, оның 2-і ғана толық қазақ мектебі, басқалары орыс және аралас мектептер. № 19 аралас мектепті қазақшаға бұруға дайындық үстінде екен. Қазақтар балаларын орыс мектебіне беруден тыйылмай келе жатқанын Бейбіт Әйтімұлы қынжыла жеткізді. Оның негізгі себебі ата-аналардың өздері ана тілін білмейтіндігінде.
Оған мысал келтірді. Бірде егде жастағы әйел қазақ сыныбындағы немересін орыс сыныбына ауыстыруға өтініш жасай келеді. Қазақша айтса, түсінбейді. Баланы ауыстыруға мектеп басшылары рұқсат бермеген. Себебі қазақ мектебіндегі 2 сыныптағы бала орысша 1 сыныпқа баруы керек. Жоғарыға арызданыпты. Себебін сұрағанда әкесі мен анасының қазақша түк білмейтіндігін біледі. Сөйтіп директор балаға жеке қосымша сабақ бергізеді. Қазір баланың әжесі, әкесі әжептәуір қазақша шүлдірлесіп жүр екен.

«Сәкен серінің» рухы асқақтаған мектеп

С.Жүнісов аты берілген №18 қазақ орта мектебіне бет бұрдық. Мектеп тарихына директор Жақсылық Құланұлы қысқаша тоқталып өтті. 1987 жылы № 18 орта мектеп болып ашылып, тәуелсіздіктің дүмпуімен бертін таза қазақ орта мектебі, 2017 жылы Сәкен Жүнісов атындағы мектеп-лицейі аталыпты. Мектепте 1600 бала оқыса, оған 114 мұғалім сабақ береді екен. Оқушы сыймағандықтан, қосымша оқу корпусы салынып жатыр. Мектепте барлық пәндерге арналған арнайы кабинеттер жақсы жарақталған, материалдық базасы мығым.
Мектеп ғимаратында 45 оқу кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана, әдістемелік кабинеті, логопункт, психологтың кабинеті, медициналық және егу кабинеті, асхана, спорт зал сияқты қажетті нысандардың бәрі бар. Аулада өсімдіктермен тәжірибе жасайтын арнайы алаң, жылыжай да жұмыс істеп тұр.
Мультимедиялық және компьютерлік кабинеттерде және әр кабинеттерде моноблоктар орнатылған және интернетке кіру мүмкіндігі мол.
2016-2017 оқу жылы қорытындысы бойынша 9-сыныптарының 4 оқушысы үздік куәлік, 3 оқушы «Алтын белгі», бір оқушы «Үздік аттестат» иегері атаныпты.

Дахан Шөкшир

(4)