mm
Халықаралық "Қазақстан-Zaman" қоғамдық-саяси газетінің журналисі. Отбасы, білім, мәдениет-өнер бөлімдеріне жауапты.

Қасты қалай жылдам өсіруге болады?

Үй жағдайында қасты бір аптада өсіру мүмкін емес, ол үшін ең азы 1-2 ай шамасында шыдамдылық пен күтім керек. Қасыңызды қалыңдатқыңыз келсе, бірден бірнеше бағытта жұмыс істеу керек. Өзіңізді күнде ұйықтар алдында бес жеңіл рәсімді жасауға үйретіңіз. Макияжды дұрыс сүрту. Лосьонның орнына табиғи зәйтүн немесе шабдалы дәнегінің майын қолданыңыз. Табиғи майға мақтаны батырып, кірпіктегі және қастағы бояуды сүртіңіз. Бұл әдіс тушь пен қарындаштан қалған бояуды кетіріп қана қоймай, сыртқы ортаның агрессиялық әсерінен түкшелерді жұмсартады. Бет терісіндегі май қалдығын бет жуатын жұмсақ құралдың көмегімен кетіре аласыз.

Жуу. Бас жуу кезінде шашқа арналған ылғалдандырушы және қоректендіруші бальзамыңызды қасыңызға да жағып жіберіңіз.
Скраб қолдану. Душ қабылдаған соң, бетке арналған скрабпен қасыңызға массаж жасап, сумен шайып тастаңыз. Мұндай процедура түкшелерге жақсы әсерін беріп, терідегі бітелген тесіктерді тазартады.
Тарау. Шаш секілді қас та өскен бағыты бойынша тарағанды жақсы көреді. Ол үшін қасқа арналған қылқалам немесе ескі тушьтің аппликаторы жарай береді.
Массаж. Күнде ұйықтар алдында 2 минут уақытыңызды қасыңыздың жоғарғы жағына массаж жасауға жұмсаңыз. Терінің жоғарғы бөлігінде алмасу процестерін және қан ағысын жандандыру үшін жайлап шымшу, сипау, уқалау секілді қозғалыстармен массаж жасаған жөн.

Қас «жақсы көретін» азық-түліктер:
Ағза қалыпты жұмыс істеуі үшін сапалы әрі дәрумендерге бай тамақтануды қажет етеді. Біріншіден, күн сайын ақ ет, сүтті тағамдар, жұмыртқа жеуіңіз керек. Бұл өнімдер ақуызға бай. Екіншіден, сәбіз, бауыр, сүзбе және балғын жидектер жеңіз. Олар А және Е дәрумендеріне бай. Үшіншіден, фаст-фуд, дүкенде сатылатын тәттілер мен газдалған сусындардың орнына үй балмұздағын, сүзбеден жасалған тәтті тағамдар, жемістер жеуді және компот ішуді әдетке айналдырыңыз.
Қасты өсіруге көмектесетін халықтық құралдар:
Майсана майы; Ошаған майы; Жүзім дәнегінің майы; Қара зире дәнегінің майы; Шөптер қайнатпасы.
Жоғарыда айтылған майларды қасқа массаж кезінде немесе ұйықтар алдында маска ретінде жағуға болады. Ал қайнатпа дайындау үшін 1,5 кесе ұсақталған түймедаққа (жалбыз, шайқурай) 200 мл қайнаған су құйып, бетін жауып қоясыз. Жарты сағат өткен соң қайнатпаны сүзіп, суытасыз. Дайын сұйықтыққа мақтаны сулап, қасыңызға 30-40 минутқа қоясыз. Мұндай шөп қайнатпасын бет жууға да пайдалануға болады.

(270)