Зорлық-зомбылық шыңдаған тұлға

ХХ ғасыр басында қазақ даласын патшалық Ресейдің отарлық бұғауынан азат етіп, өз алдына  тәуелсіз ел болуды Алаштың талай ұрпағы  мұрат еткені белгілі. Алайда бұл жолдың дұрысын Әлихан Бөкейхан бастаған үркердей жарқырай шыққан талантты топ тапқан еді. Осы алыптардың арасында Мұстафа Шоқайдың орны бөлек, тағдыры ерекше, ал мұрасы айрықша қызығушылық танытады. Ол өмірінің соңғы 20 жылдан астамын жат жерде өткізді және Кеңес Одағындағы ұлттық озбырлық пен өктемдіктің зардаптарын әлем сахнасына шығарып, азаттық қозғалысының эмиграциялық идеологиясын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосты. 1941 жылдың аяғында көзі жұмылғанша сонау Түркістан аймағының, бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігі жолындағы күресті бір сәт толастатпады, осы мақсат жолына бойындағы бар ақыл-парасатын, күрескерлік қажыр қайратын сарқа жұмсады.

Сталин Мұстафа Шоқайдан қатты қорыққан

Жапон ғалымы Уяма Томохико XX ғасырдың бас шенінде Ресейдің өз ішінде және оның төңірегінде көптеген мұсылман реформаторлар шоғыры пайда болғанын айта келе, осы жұлдыздардың ішінде Мұстафа Шоқай бірегей орын алады деп атап көрсеткен болатын.
Мұстафа Шоқайдың туғанына 125 толуына орай Алматыдағы Ұлттық кітапхана «Автобиографиялық көрсеткіш» шығарған еді. Оған енген тоғыз тілдегі 904 еңбегін автор сол кездегі замана ұсынған барлық дерлік мәселелерді қамтыған болатын. Ол фактілерге логикасының күштілігі мен ақыл-ойының кемелдігі арқасында керемет талдаулар жасаған. Шығармашылықтың негізгі өзегі Түркістан аймағы, соның кеңестік кезеңдегі басынан кешіріп отырған тыныс-тірлігі, қайғы-қасіреті, азаттық үшін тынымсыз күресі болды. Бұған бүкіл еңбектің 230-дайының тек «Түркістан» атымен аталуының өзі толық дәлел бола алады. Ал ұлы күрескердің өмірі мен қызметі және шығармашылығы туралы 1405 еңбек сегіз тілде жазылған екен.
Франция көп ұзамай өзінің қажырлы саясаткерлік қызметімен, айрықша публицистикалық қуатымен Еуропада «мұсылман эмигранттарының сөзсiз көшбасшысы» бола алған Мұстафа Шоқай Түркістандағы отаршыл саясат туралы Батыста әділ, объективті көзқарас қалыптастыруды ойлап, Ұлыбритания, Франция, Польша т.б. мемлекеттердің өкілдерімен кездесулер өткізді. Стамбұл, Париж, Берлин және т.б. қалаларда өткен әртүрлі дәрежедегі жиындарда халықаралық саясат, Кеңес Одағындағы түркі халықтары көріп жатқан большевиктік саясатты әшкерелеп баяндамалар жасады. Онда кеңес өкіметінің теориялық саясаты мен социализм орнату бағытындағы тәжірибесінен нақты мысалдар келтіріп, оның жалпы адамзат дамуын тежейтін кеселдерінен жан-жақты мәліметтер келтірді. Мысалы, 1924 жылдан 1933 жылдар аралығында М.Шоқай Англияда алты рет болып, Кеңес өкіметінің берісі Түркістандағы, арысы Одақтағы көлеміндегі тыныс тіршілігінен қолға түскен материалдарға кеңестанулық ғылым тұрғыдан талдау жасап, баға беріп, бұл бағытты жаңа интеллектуалдық көкжиекке көтерді. Сол себепті кеңестік насихат Мұстафа Шоқайға қарсылық көрсетуден аянбады, тіпті оған «сатқын», «опасыз», «контрреволюционер», «нағыз пантюркист» және «панисламист» дегендей толып жатқан аттар тақты. Кеңестік саясаттың төрт бес жылдық ащы шындығы сонау Мәскеуге, большевик басшыларына да жетіп жатты. 1925 жылдың 29 мамырында И.Сталин РКП(б) Қырғыз өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне жолданған хатында: «Бiз өкiметтi, жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен және еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда — автор) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең» деп жазуы тегіннен-тегін емес еді.
Осындай әлемге танылған тұлғаның, бүкіл түркі халықтарының азаттығын аңсаған, осы асқақ мұратқа бар саналы ғұмырын арнаған, тіпті өмірін де қиған Мұстафа Шоқайдың атын кешегі кеңестік кезеңде атауға да тыйым салынған болатын. Алайда өзінің 1930 жылғы «Түркістан ақындарынан» атты мақаласында «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деп айтқанындай, 60 жылдан соң халқымыздың ұлы перзентінің аты мен оның асыл мұрасы өз Отанына оралды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ақ Мұстафа Шоқай Отан есігін қақты. Атақты жазушы Әнуар Әлімжановтың 1991 жылғы мамыр айының 24 және 31 күндергі «Қазақ әдебиеті» газетінде «Мұстафа Шоқай… Ол кім?» деген Түркістан халықтарының теңдігі мен тәуелсіздігі үшін аса зор жауапкершілікті арқалаған тұғырлы заңғар тұлға туралы ерекше сезім мен толғаныстарға толы мақаласы шықты. Содан Бейбіт Қойшыбаев, Мәмбет Қойгелді, Бақыт Садықова, Таласбек Омаров, Әбу Тәкенов, Дихан Қамзабекұлы, Дархан Қыдырәлі т.б. ұлы күрескердің адами, азаматтық және қайраткерлік болмысын ашып, оның шындығында кім болғанын жан-жақты дәлелдеген болатын.
Мұстафа Шоқайдың шығармашылық қуаты да жарқырай көріне бастады. «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты еңбек 1991 жылғы «Қазақстан коммунисі» журналының бірнеше сандарында шықты да, ары қарай жалғаса түсті. Ал 1998 1999 және 2008 жылдары шыққан екі, үш томдық жинақтарға негізінен 1929 1939 жылдар арасындағы Германияда шыққан «Яш Түркістан» журналында басылған материалдар енген еді. 2015 жылы соңғы кітабы шыққан 12 томдық шығармаларының толық жинағы бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігін ту еткен шынайы гуманист, саяси қайраткер, энциклопедист ғалым, ірі ойшыл, халықаралық саяси сарапшы ретіндегі Мұстафа Шоқайды тануға толық мүмкіндік беріп, әлемге танылған тұлғаны тұғырына қондырған болатын.

Саяси көзқарасының қалыптасуы

Мұстафа Шоқайдың дүниетанымының қалыптасуы өзі өмір сүрген заманның саяси әлеуметтік сипатымен айқындалды. Ол ең алғашқы тәрбиені өз кезіндегі тұрмыс мәдениеті жеткілікті билік лауазымдары елге танымал әулеттің отбасында алды. Атасы Торғай датқа ел билеген шешен, озық ойлы көсем, ақыл-парасаты мол, «ел қамын жеген ерлер» қатарында аталған болатын. Әкесі Шоқай да ширек ғасырдай би болыс болған. Ал Мұстафаның анасы Бақтыбике — қазіргі Шиелі және Сырдария өңірлеріне белгілі, аты тарихта би атанған Баспақ (Мәмбетәлі) батырдың қарындасы.
Бала кезінен аса зеректігімен ерекшеленген Мұстафа әуелі ауылдағы 4 жыл мұсылманша оқып, содан Перовскі училищесін аяқтағаннан кейін 1902 жылғы тамыз айында Ташкенттің ерлер гимназиясына қабылданады. Осында жап-жақсы орысша сауатын жетілдіре түскен Мұстафа Шоқай қоғамдық жұмыстарға ерте және белсенді араласады. Жергілікті билеушілердің басынған озбыр әрекеттерін Сыр бойында өз көзімен көріп келген Мұстафа сол кездегі Түркістан аймағының бас қаласы Ташкентке елден келген қазақтан басқа да туыстас ұлт өкілдерінің түрлі өтініш-арыздарын шешуге қатысты.
Мұндай озбырлықты Мұстафа да өз басынан өткізді. 1910 жылы ол оқуды алтын медальмен бітіргенде, Ташкент генерал губернаторы Самсонов оны орыс баласына беруді ұсынды. Міне, мұндай шовинистік әрекеттер гимназистің бойындағы ұлтшылдық рухты күшейтіп, отаршылдықтың өктемдігі мен патша шенеуніктерінің әртүрлі және әр деңгейдегі әділетсіздігі сезімтал санада терең із қалдырады.
Болашақ саяси күрескердің тағдырында оның Санкт Петербург университетінде оқыған жылдары ерекше рөл атқарды. Алдымен терең білім алуға ерекше ден қойған студенттің дүниеге көзқарасын сол кездегі Ресей империясы орталығындағы күрделі саяси оқиғалар жетілдіре түседі. 1933 жылғы “Есімдегілерден… (Ресейдегі түрік студенттер өмірінен)” атты мақаласында: “Мен Ресейді реакция жайлаған, жоғары оқу орындары, әсіресе, университеттер тікелей полицияның бақылауына алынған 1910-1914 жылдары Петербургте оқып жүрген болатынмын. Жағдайдың сондайлығына қарамастан, біз, студенттер, саяси бой көрсетулерге шығатынбыз. Үкіметке қарсы шешімдер қабылдап, көшелерде демонстрациялар жасайтынбыз”, — деп жазған еді. Сондай ақ, осындағы бір топ студенттермен 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құттықтау хаты мен «Сират ул-Мустаким» (Тура жол) ұйымын жақтаушыларын қарсы жарияланған үндеуде көтерілген тіл мен діннің тазалығы жөніндегі ой тұжырымдар жас заңгердің болашақ бағдарын танытқан еді. Бұдан басқа да сол кездегі Ресей орталығындағы толып жатқан, сан алуан мазмұндағы іс-шаралардың ортасына болу, білім дәрежелері әртүрлі, саяси наным сенімдері сан алуан студенттермен, ғылым, саясат иелерімен жиі араласу зерек студентті шыңдады, жаңа сапалы биікке көтерді.
Мұстафа Шоқайдың саяси әлеуметтік көзқарастарының шыңдалуында Ресей империясының отаршылдық саясатының зорлық-зомбылықтарын бастан кешіріп отырған түркі тектес халықтардың алдыңғы қатарлы өкілдерімен қарым-қатынастар, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш тұлғаларының ақыл-кеңестері ерекше болды. Әсіресе, 1905 жылдан бастап қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысын басқарған, Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, қазақ ұлттық «Алаш» партиясының негізін қалаған, оның бағдарламасының авторларының бірі, кейін Алашорда үкіметінің басшысы болған Әлихан Бөкейханның әсерінің айрықша болғанын айта кету керек. 1939 жылдары Мұстафа Шоқайдың «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс өкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыз. Сізге не істеу керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді» — деген ұстаз сөзін еске алуы жайдан-жай болмаса керек. Осы кеңестен кейін қазақ мемлекеті үшін ең үрейлі қатердің қайдан келе жатқанын түсінген ұлттың болашақ зиялылары бар ынтасымен «мұғажыр мәселесін» үйренуге кіріскен көрінеді.
Сондай-ақ, Мұстафаның ғибратты ұстазының көмегімен Мемлекеттік думаның Мұсылмандар Фракциясы хатшылығына орналасуы оның саяси жолын айқындай, толықтыра түскен болатын. Бұл Ресейдің еуропалық бөлігінің татар, башқұрт, әзірбайжан т.б. мұсылмандарынан құрылған фракция еді. Ал Әлихандар үшін бұл өкілдік Түркістандағы отаршылдықтың озбырлығын баян ету үшін қажет болды. Сонымен, осы фракцияның Орта Азия мен Қазақстан халықтарының мүдделерін алғаш білдірген миссиясы Мұстафаға жүктелді. Ол фракция мүшелері депутаттармен күнделікті араласып, олардың ой жиектерін байқап, өрістерін таниды, тиімді ақыл-кеңестерін естіп, соған сәйкес әрекет етіп, оларға Түркістан туралы және өлкеге қатысты басқа да қажетті материалдар дайындайды.

Азаттық үшін күрес жолында

Мұстафа Шоқай гимназияда оқып жүрген кезде-ақ жақсы таныған жадитшілдіктің прогресшіл мәдени реформасынан гөрі саяси күрес тәсілдеріне басымдық беріп, бірақ азаттыққа жетуді Ресейдің демократиялық ұйымдары мен Уақытша үкіметтің саяси қолдауымен байланыстырған болатын. Бұл заңды еді. Біріншіден, Ресей сияқты алып империяның бұғауынан босау оңай емес тұғын. Шынында да, бүкіл басқару аппараты, қарулы күштер және басқа да құралдар қолына болған орыстардың өздері аз болса да, күштері басым еді. Екіншіден, берісі Түркістан аймағы, арысы Ұлы даланың бұқара халқы Еуропа өркениетінен кенже қалған-ды. Үшіншіден, халықты күреске бастайтын тиісті дайындықтары бар жетекші саяси топтар да аз болатын. Міне, осының барлығы автономия мәселесінің объективтік және субъективтік факторларын мұқият зерттеуді қажет етті. Мұнсыз азаттық күресін тиімді жүргізу мүмкін емес еді.
1917 жылғы наурыздың соңғы күндерінде Мұстафа Шоқай Ташкенттен жеделхат алады, онда шұғыл Түркістанға қайтып, жол-жөнекей Торғай облысы қазақтарының съезіне қатысып, Түркістан туралы сөз сөйлейді. Содан Мұстафа Шоқай өзін Түркістан өлкелік атқару комитетінің құрылтайына делегат етіп сайлаған Ақмешітте (Қызылордада) екі күн аялдап, Ташкентке келгенде саяси қозғалыстың қайнаған қазанына түседі де кетеді. Мұндағы Уақытша үкіметтің және жұмысшы-солдат депутаттарының т.б. әртүрлі құрылымдар арасындағы талас-тартыстың бел ортасына болады. Осындай жайлардан Ташкентте Түркістан мұсылмандарының құрылтайы шақырылып, онда Орталық комитет сайланады. Оған Түркістанның барлық аймақтарынан өкілдер кіреді. Мұстафа Шоқай осы Ұлттық Орталықтың төрағасы болады. Ол сонымен қатар Уақытша үкімет тұсында Сырдария губерниялық басқармасының бөлім бастығы, Түркістан Комитеті жанындағы Өлкелік Кеңес мүшесі және тағы басқа қызметтер атқарады.
1917 жылдың қыркүйек айына қарай Түркістанның қоғамдық дамуында екі үрдіс анықталады, оның бірі — ұлттық күштердің Түркістан автономиясын жариялауға дайындық жұмыстарының басталуы; екіншісі — большевиктердің жергілікті халықтың автономияға ұмтылысын ескермей, өкімет билігін басып алуға тырысушылығы. Ал 25 қазандағы Петроградтағы қарулы көтеріліс Алаш ұлт-азаттық қозғалысының Ақпан революциясы нәтижесінде саяси сахнаға келген демократиялық реформаларға артқан үмітіне ауыр соққы болды. Осындай жағдайда Түркістанның ұлттық күштерінің жайын талқылау мақсатында Мұстафа Шоқай Орынборға іссапармен барып, ондағы қазақ зиялыларымен кеңеседі. Кездесуде тәуелсіздік үшін күресті жалғастыру, большевиктерді мойындамау туралы шешім қабылданады. Ал Мұстафа Шоқай екі үш күннен кейін қайта оралғанда Ташкенттегі өкімет билігін орыс жұмысшылары мен солдаттары қолдарына алған болатын. Сондықтан Мұстафа Шоқай Түркістан автономиясы идеясын аса сақтықпен, ұстамдылықпен, өлкедегі саяси күштердің арасалмағын талдай отырып тұжырымдауға тырысты. Бұл Уақытша өкіметпен, оның өлкедегі органдарымен, жұмысшы және солдат кеңестерімен ашық қарсылыққа бармау тактикасын ұстануды, ең алдымен, жергілікті тұрғындардың өздерінің ауызбірлігін қамтамасыз етуге, олардың автономия идеясы төңірегіне топтасуын нығайтуға бар күш жігерін жұмсауды талап етті.
Мұстафа Шоқайдың алғашқы саяси қызметінде Түркістан Мұқарияты ерекше орын алады. 1917 жылдың 27 қарашасында Қоқан қаласында төтенше жалпыөлкелік мұсылман құрылтайы Түркістанды мекендеуші халықтың еркін білдіре отырып, Ресей Федеративтік демократиялық республикасымен біртұтас аумақтық Түркістан автономиясын жариялайды. Бірақ Мұстафа Шоқай автономияны жүзеге асырудың аса қиын екендігін, кадрдың жоқтығын, жалпы мүмкіндіктің жетімсіздігін, әскердің құрылмағанын және тағы басқа толып жатқан жетіспеушіліктердің барлығын съезде сөйлеген сөзінде жан-жақты айтады.
Осындай биыл құрылғанына 100 жыл толатын Түркістан Мұхтарияты (автономия) бар жоғы екі айдан сәл артық өмір сүрді. Кеңес өкіметі оны қанды қырғынға ұшыратты. Мұстафа Шоқай 1930 жылы жазылған «Автономиядан — тәуелсіздікке» атты мақаласында Түркістан (Қоқан) автономиясы туралы өзінің ойларын былай қорытындылаған болатын: “Автономия — біздің басымыздан кешкен бір тарихи құбылыс. Бүгін біз оны еске түсіруменен ғана шектелеміз. Қайталамаймыз! Ересек адамдар өздерінің балалық дәуірін еске алатыны табиғи. Бірақ ол сол дәуірге қайта ораламын деп ойламайды”. Дегенмен Қоқан (Түркістан) автономиясының өмірге келуі жергілікті халықтың саяси, экономикалық және рухани дербестікке ұмтылысының, өзін-өзі билеуге бағытталған нақты қадам жасауының айқын көрінісі болды.
Еліміздің осы бір аласапыран кезеңдерінде Түркістандағы ұлттық қозғалыстың бірден-бір дем берушісі әрі ұйымдастырушысы болған, әлі отызға да толмаған Мұстафа Шоқайдың ұйымдастырушылық қабіле-тін жоғары бағалап, Украина халық республикасының бұрынғы сыртқы істер министрі А.Я.Шульгин оны «нағыз көсем» деген еді. Кейін жат жерде жүргенде де нағыз ұлтшылдық пен қайтпас қайраттың тамаша үлгісін көрсете білген ұлы күрескер осы баға деңгейінен көріне білген болатын.

Эмиграциядағы саяси күрес

Елде берік қалыптасуға бет алған тоталитарлық жүйенің табиғатын таныған, оның нақты дәлелі болған Түркістан автономиясының тағдыры, бостандыққа деген үміттің үзілуі М.Шоқайды мұғажырлық өмірге мәжбүр етті. Бұл жүйенің ешқандай демократиялық іс-әрекетке жол бермейтінін сергек саясаткер көрегендікпен білді, сонымен өмірінің соңғы 20 жылдайын Францияда өткізді.
Мұстафа Шоқай Еуропаның дамыған мемлекеттердің ішінде Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысты Ұлыбританияға ерекше мән беріп, оның Үндістандағы үстемдігінің жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық дамуына тигізген ықпалын зерделеді. Осымен және басқа да мәселелермен байланысты орыс, француз, неміс тілдеріндегі әдебиеттермен танысады. Бірақ Англияны өз көзімен көруге, ондағы жағдаймен, қоғам қайраткерлерімен пікірлерін білуге ұмтылады. Осы мақсатта ағылшын тілін біліп, тіпті осы тілде жеті мақала да жазады.
М.Шоқай 1924 жылдан 1933 жыл аралығында Лондонға бірнеше рет болады. Осы сапарларында ол ағылшын қайраткері, саяхатшы және шығыстанушы Уильям Д.Алленмен танысады. Бұл кезде ол Ұлыбритания парламенті Қауымдар палатасының депутаты болатын. Ал 1933 жылғы наурыз айында Лондонда болып, 27 және 29-ыншы күндері баяндамалар оқылған конференция, жиындарға әйгілі ғалым, шығыстанушы, Ұлыбританияның Персия мен Қашқарияда ұзақ істеген Бас консулы П. Сайкс басшылық етеді. Француз тіліндегі баяндамаларға жиналғандар тарапынан аса қызығушылық туғанын, тіпті бірнеше қайта қол соғылғанын айта кеткен артық болмас. Бұл оқиғалар Мұстафаның ірі қайраткер және халықаралық өмірдің сұңғыла сарапшысы ретінде танылғанының көрінісі болатын.
Тәуелсіздік үшін күресудің қажеттілігін әлемдік деңгейде жариялап қана қоймай, Мұстафа Шоқай оған жетудің жолдары мен тетіктерін, күрестің қозғаушы күштерін саралады. Әсіресе, түркістандықтардың ішкі бірлігін нығайту аса маңызды болды. Мұстафа Шоқай сонау 1917 жылдардан бастап халықты жалпы түркістандық бірегейлік төңірегінде топтастыру тұжырымдамасын тарихи, этностық, мәдени және саяси экономикалық тұрғыдан негіздей бастаған болса, бұл бағыттың тәуелсіздік үшін күресте алатын орны мен маңыздылығын ол шетелде жүрген кезінде тереңірек сезінді. Сан түрлі тарапты қызметтер саяси ұйымның қажеттігіне жетеледі. Тұрақты ізденістер нәтижесінде «Түркістан Ұлттық Бірлігі» құрылды.
Көркем сөздің майталман шебері, білімдар, ойын шапшаң қорыта алатын жалынды публицист ретінде Мұстафа Шоқай Парижге келген бойда орыстың эмиграциялық баспасөз органдарымен түгел дерлік танысып, олардың идеялық бағыт бағдарын, ұлттық қозғалысқа көзқарастарын анықтап шыққан болатын. Олардың қай-қайсысы да Мұстафаны жақсы білгендіктен, редакция есігін ашық ұстайды. Дегенмен «Түркістан Ұлттық Бірлігі» ұйымы құрылғаннан кейін баспасөздің қажеттігі айқын көрінеді. Мұстафа Шоқай ұйымның алғашқы баспасөз органы «Йени Түркістан» журналын ұйымдастыруда ерекше еңбек етті. Осы журналда жарияланған «Большевиктердің Түркістандағы ұлт саясатының идеялық және практикалық қырлары», «Кеңестердің Түркістандағы аштық саясаты», «Түркістанға аштық төніп келеді», «Орыс қоныстанушыларының деревнясы туралы», «Ұлттық мәселе жөнінде», «Тұран мемлекеті жайында» т.б. мақалаларында М.Шоқай большевиктердің орыс емес халықтарды «бостандыққа» пен «азаттыққа» жеткізеді, «ұлттардың өзін билеуі» дейтін жалған саясатының бетпердесін әлем жұртшылығы алдына жайып салады. Алайда азаттық күресінің өрісінің кеңеюі, түркістандықтардың саяси белсенділігінің ауқымының артуы ұлттық басылымдарға сұранысты күшейтіп, екінші басылымның қажеттігін тудырды. Көп ізденістің арқасын-да ТҰБ ның 1929 жылдың желтоқсан айында Берлинде «Яш Түркістан» журналының алғашқы саны жарық көреді. Оны Польша президенті, маршал Ю.Пильсудскийдің бастамасымен құрылған «Прометей» қоры қаржыландырады. Журналдың алғашқы санында берілген редакциялық «Біздің жол» атты мақалада ТҰБ бағдарламалық ұстанымдары толық мәлімденеді.
Алғашқы күндерден бастап журналда басылатын материалдардың шындыққа толық сәйкестілігіне, мазмұны мен идеялық ұстанымдарына, материалдардың терең мағыналы болуына, сан салалы тақырыптарды қамтуына ерекше көңіл бөлінеді. Бұған Мұстафа Шоқайдың білімдарлығы, бірнеше тілдерді жетік білетіндігі айрықша көмектеседі. 1929 жылғы желтоқсан айынан 1939 жылдың қыркүйек айына дейін шыққан «Яш Түркістан» журналы Түркістан ұлттық қозғалысының мақсат-міндеттерінің жалынды жаршысына айналды, оның идеологиялық бағыт бағдарының қалыптасуына зор еңбек сіңірді.
Теориялық терең білімді, үлкен саясаткер Мұстафа Шоқайдың өз дәуіріндегі халықаралық мәселелердің беталысын көрегендікпен болжай алғандығы, оны биік деңгейде талдай білгендігі әлемге танылуына игі әсер етті. Халықаралық саяси тақырыптарға 1920 жылдардан бастап қалам тартылса, ал 1930 жылдан кейін ерекше көңіл бөлінген. Негізінен орыс, француз, ағылшын және түрік-шағатай тілдерінде жазылған 100-ден астам мақалада сол кездегі Батыс пен Шығыстағы іргелі елдердің сыртқы саясаты салиқалы сөз болған. Ол мақалаларында Ұлттар Ұйымының мәселелері, Ұлы Отан соғысы алдындағы Англия, АҚШ, Германия, Италия, Жапония, Қытай, Франция т.б. елдерінің сыртқы саясаттарының, жалпы халықаралық өмірдің өзекті мәселелеріне саяси сараптама жасады. Бұл тарихшылар мен саясаткерлерге өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы халықаралық мәселелерден мол тарихи да саяси да мағлұматтар берері сөзсіз. Бір ескеретін нәрсе — халықаралық тақырыптардың қандайына болмасын қалам тартса да, Мұстафа Шоқай туған елі, Түркістан өңірі әсте есінен шықпайды. Бар мәселені осының маңына топтастырады, халықаралық ахуалдың ұлттық тәуелсіздікке тигізер ықпалын ылғи ойлап, жалпы түрік халықтарының азаттығы төңірегінде шынайы пікір қалыптастыруға ұмтылып отырады.
Мұстафа Шоқай тәуелсіздік үшін күресте азат сана, саяси сергектік пен ұлттық рухымызды жеткілікті қалыптастырудың маңызына ерекше көңіл бөлген болатын. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы — ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді», — деген сөзін айта кетсек артық болмас. Және ұлттық рухтың шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын атап көрсете отырып, Мұстафа Шоқай халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы ұлтшылдық қозғалысқа тән деген еді. Ол жадитшілдік атымен басталған қозғалыстың орыс үстемдігіне қарсы күресте қуатты ұлтшылдық ағымына айналғанын, Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған осы ұлтшылдық идеясын: «Ол — халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деп түсіндірген болатын.
Ұлттық тәуелсіздіктің бірден-бір жалынды жаршысы және тамаша ұлттық идеялардың иесі ғана емес, сол идея үшін бас тіккен, туған еліне деген сарғайған шексіз сағынышын бір сәт баса алмай, жат жерді мәңгілік мекен еткен Мұстафа Шоқайдың тұлғасын барынша ашқан Қазақстан тарихының шетелдік тарихнамасының негізін қалаушы Көшім Лекерұлы Есмағамбетов болғаны даусыз. Ол — 2008 жылы шыққан М.Шоқайдың дүниетанымы және қайраткерлік һәм шығармашылық болмысын кеңінен әңгіме еткен, 30 баспа табақтан астам «Әлем таныған тұлға» атты монография мен он екі томдық шығармаларының жинағының негізгі авторы. Бұл туындыларда берісі Түркістан аймағының, арысы бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігін ту еткен, өмірінің соңғы жиырма жылын Еуропаның төрінде өткізген Мұстафа Шоқайдың дүниетанымы, оның тынымсыз азаттық жолындағы күресі, эмиграциядағы ұлттық қозғалыстың стратегиясы мен тактикасының негізін айқындауы жоғары деңгейде жан-жақты талданып, ғылыми мәні зор тұжырымдар мен қорытындылар жасалды. Сөйтіп, бірнеше жылғы тынымсыз және жүйелі талдау негізінде бұрын әр қырынан зерттеліп жүрген, дара саясаткердің шынайы адами, күрескерлік һәм шығармашылық болмысы барынша ашылды. Бұл талдаулар кімді болса да таң қалдырмауы мүмкін емес.
Қайтқанына жыл болып қалған, қазіргі отандық мұстафатану ғылымының негізін салушылардың алдыңғы легін бастаған Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтің құрметіне мақаламызды «Әлемге танылған тұлға» деп сәл өзгертіп атап отыруымыз тегіннен тегін емес. Мұны Мұстафа Шоқайды зерттеуге айрықша еңбек сіңірген, аса ардақты тұлғаны тұғырлы ете түскен тамаша тарихшыға деген кұрметіміз де деп түсінген жөн.
Әбдіжәлел Бәкір,
саяси ғылымдарының докторы,
профессор

(49)