Қарызға берілген қуаныш

Күні кеше Қазақстандағы борышкерлердің есебін жүргізушілер қарыз алып, қашып жүрген алматылықтардың саны артқанын айтыпты. Қазіргі күні алматылықтар қаржы ұйымдарына 83,6 млрд теңге берешек екен. Қарағандылықтардың да қарызы көп. Олар банктен 32 млрд теңге несие алса, үштіктің ішінде Астана да бар. Елордалықтар банкке 31 млрд теңге берешек. Ал банкке қарыз сұрауға ең аз жүгінетін теріскейліктердің өзі 4 млрд 700 млн теңгеге жуық несие рәсімдеген.

Бүгінде бұл жаңалық емес. Себебі, еңбекке қабілетті деген бес миллион отандастың мойнында қарыздың қамыты бар. Олардың ішінде бір жарым миллионы қарызын төлеуден қашып жүр. Бұл әрбір төртінші қазақстандықтың немесе отбасындағы бір-екі адамның мойнында несие бар деген сөз. Жасыратын ештеңесі жоқ, жағдай осы. Қазір қарызға алынған ақшамен той тойлатып, марқұмды жерлеу мен қалыңдық жасауы, оқу ақысын төлеу, тіпті, шекара асып шетелге шығу үшін де несие аламыз. Алайда алмақтың салмағын ұмытқандар телефон нөмірін ауыстырып, мекен-жайын өзгертсем, оп-оңай құтыламын деп ойлайды. «Кредитті төлемеу – қылмыстық жауапкершілікке жатады. Төлей алмасаң – кредит алма. Егер қарыз алсаң – қайтару міндет. Біз нарықтық экономикада өмір сүріп отырмыз, сондықтан әрбіріміз өз әрекетімізге жауап беруіміз қажет» деген Елбасы Үкімет алдына борышкерлердің ісін майшаммен қарауды міндеттеген еді. Бірақ одан бері де қарызы барлардың қатары сиремеген.

Қарызды қыжалатын өтеу үшін алып, несиеге бола барынан айырылған ағайындар да бар. Қарызын қайтармаймын демейді, қайтаруға шамасы келмей жатады. Себебі, күн сайын емес, сағат сайын қымбаттайтын заманда алған кредитіңнің көк тиындай құны болмайды. Оның үстіне кредит алатындардың дені қарапайым халық. Ал қалтасы жұқа халықтың қандай оңған жұмысы, жоғары жалақысы болады дерсің? Кредит алған соң көп ұзамай жұмыстан шығып жатсаң, қайта жұмысқа тұру үшін жылдап жұмыссыз жүресің. Сол себептен бас аманда банктерге белшеден қарызға батып, бас сауғалап жүргендердің саны жыл санап өсіп отыр.

Осындай тұрмысы төмен отбасылардың қарызына кешірім жасауға келгенде ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланатындар көп. Мәселен, Ұлттық банк өкілдерінің айтуынша, 60 пайыздан жоғары қазақстандықтар қарыз алып, артынша табысы туралы жасырып, өз есебінен кредитті қайтаруға құлықсыздық танытқан. Қазір қарыз алушылар келісімшартқа қол қойып отырып, «қай тұста қалай алдап кетсем екен» деген «мәдениетті» меңгеріп алса керек. Тіпті, кейбір кәсіпкерлер бар байлығын мүгедек немесе зейнеткер танысының атына жаздырып қойып, салықтан жалтарудың да жолын тауып алған. Ұлттық банк өкілдері қарызын қайтармай жүрген азаматтардың 162 мыңы айтарлықтай кірісі мен төлем қабілеті бола тұра, несиелік берешегін өтеуден қашып жүргенін айтады. Мәселен, наурыз айындағы мәліметтерге көз жүгіртсек, Қазақстандағы жеке тұлғалардың банктер алдындағы қарызы 4,038 триллион теңгені құраған. Уақытынан кешіктірілген сома 368,6 миллиард теңгеге жеткен. Уақытынан кешіктірілді дегеніңіз, күн сайын немесе ай сайын қарыз сомасына белгілі бір мөлшерде пайыздар қосылып отырады деген сөз. Бұл қазақстандықтардың тек екінші деңгейлі бактердің алдындағы қарызы. Ал түрлі жекеменшік ипотекалық компаниялардан, онлайн-банктерден несие алған тұрғындардың санын есептесек, есеңгіреп қаларымыз сөзсіз.

 

Аңқау елге – арамза банк

Елімізде қазір не көп, банк көп. Үлкені мен кішісі бар, Қазақстанда қырыққа жуық банк қызмет көрсетеді. Қалалардан бастап шағын қыстақтарға дейін банктің бөлімшелері жұмыс істеп тұр. Яғни ауылды жердің аңқау халқы да банктердің басты пайда көзі – несиеге келгенде шаһарға барып шаршамайды. «Аңқау елге – арамза молда» дегендей, түсініп болмайтын, тіл келмейтін термин түгілі, «экономика» сөзін жарытып жатпайтын жұрт жаппай «жеңілдікке» сенеді. Банк тарапынан көрсетілетін түрлі бонустар мен төменгі пайыздарды естігенде елдің есі кетеді. Ақша жүрген жерде адалдыққа орын жоқтығы белгілі. Қызмет көрсетуі заң-зәкүнмен бекітілгенімен, банктердің бір бүккені ішінде. Еліміздегі банк жүйесі бүгінде халықты қанаудың жаңаша тәсіліне көшкен. Үкіметті де өз дегеніне көндіріп, қара халықты қарап отырып қанайтын заң тетіктерін бекіттіріп алған. Қазір елдегі кез келген банктің пайыздық үстемесі адам шошырлық. Мәселен, БТА банктің несиелік бағдарламаларының көпшілігі 20%-дан төмен емес. «Жедел жалақылық» деп аталатын несие бағдарламасының жылдық үстемесі 24%-дан асса, ал «Жедел баламалы» деп аталатын түрі 29%-дан басталады. «Альянс банктің» кезек күттірмейтін қажеттіліктерге арналған несие бағдарламасы 13-23%-ды құрайды. Бұл банктен «Корпоративтік» несиесін алам деушілер 23%-дан асатын үстеме төлеуі тиіс. Бұдан өзге банктердің де пайыздық үстемесі үсті-үстіне өспесе, азаймайды. Кез келгеніне кірсеңіз, пайыздық мөлшері ең кем дегенде 12%-дан асып жығылады. Банкке барып пайызбен ақша сұрасаң құдды бір құдасы келгендей құрметпен қарсы алып, талаптарына сәйкес деп тапса уыс-уыс ақшаны қазір бере салуының себебі осы. Осылайша банктер жыртығын жамап, жартысын бүтіндеу жолында бейнет етіп жүрген қарапайым жұрттың қалтасына қол салып отыр.

Елдегі банктердің жылдық пайыздық мөлшерлемелерінің тым жоғары екендігі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Тұрмысы жоғары елдердің өзінде банктер дәл біздегідей дәнікпеген. Дәніккен бергі жағы, біздің банктер құнығып алған десе болады. Дамыған мемлекеттердің өзінде мүмкін болса халыққа ыңғайлы жағын іздейді. Үстемелері де құлаққа кіреді, ары кетсе 4-5 пайыз. Еуроодақ елдерінің көпшілігінде жылдық өсім 3,5%-дан басталады. Мысалы, испандықтар ипотекалық несиені 4,25-4,5% жылдық өсіммен алады. Кипрдің гректер жағында шамамен 7% кипр фунты және 5% еуро. Өмір сүру өте қымбат Ұлыбританияның өзінде ипотека – 5,7-ден 6,9% фунт стерлинг, Болгарияда – 8,9% доллар, Әмірлікте – 6,7%-ды құрайды екен. Ал біздікілер солардан 4-5%-ға несие алып, халыққа 20-30%-дан таратып жатыр. Бұдан біздің биліктегі көкелердің хабары жоқ дегенге сену қиын. Өйткені, олардың өз арасында осы бизнестің түрімен айналысып, қалтасын қаржыға толтырып отырғандар бар. Енді бірі өзінің қағанағы қарқ болған соң қалған жұрттың қарызына бола бас ауыртып, балтырын сыздатпайтыны белгілі. Банктің кез келген ұсынысын ұдайы бір ауыздан қабылдай салатын депутаттар несиеге немқұрайлы қарайды. Себебі, басына түспеген кісіден қарыздың жайын қайдан сұрайсың? Ал ақшадан қиналған жұрт амалсыздан банк белгілеген тәртіпке көніп, екі есе қайтарымы бар қарыз алуға амалсыз көнеді.

 

Қаржы сауатсыздығы сан соқтырмасын

Банк ұсынатын келісімшартты оқымай-ақ, қол қойып кете беретін кез келмеске кету керек. Қазір қарызды қайтаратын кезде ғана «бұл қалай болды?» деп екі көзіміз төрт болып, банкті жеті атасына жеткізе балағаттаймыз. Алайда айып алдымен өзімізден. Ақша жүрген жерде кез келген құжатты атүсті қарамай, келісімшартқа келгенде әрбір жолын күнтартқышпен мұқият қарамаса болмайды. Қазір заңгерлер банктен несие аларда келісімшартты жақсылап оқып алмасаң, берешек болғаның бергі жағы, барыңнан айырылып, темір торға тоғытылуың да мүмкін екенін ескертеді. Өйткені, ол жерде көпшілігіміз түсіне бермейтін «жасырын коэффицент» дегеннің кейде о дүниеге ертерек аттануыңа әкеліп соғуы мүмкін. Бұл туралы кезінде Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров жалпы отырыстың бірінде жайып салған еді. Оның айтуынша, клиенттерінің заңды жақсы білмейтіндігін пайдаланатын бетсіз банктер несие беру туралы келісімшартқа осындай талапты да енгізіп жіберетін көрінеді. Ақша қолына тигеніне мәз болатын клиент ұзақ-сонар келісімшарттың барлық баптарын оқымай, қолын қоя салады. Халықтың сауатсыздығын пайдаланған банк әкімшілігі клиенттердің мойнына қызметкеріне өзі төлеуге тиісті шығынды да арта салыпты. Көзі ашық клиенттер ғана мұндай артық шығынды сот арқылы қайтадан өндіріп алса, көбісі банктің мұндай қулық-сұмдығынан әлі де бейхабар. Соңғы жылдары қарызы еселеніп кеткен соң етегі толып еңірегеніне қарамай соттатып жатқандарын көріп жүрміз. Жалғыз баспанасынан айырылмау үшін өз-өзіне қол салып жатқандар қаншама. Ал қарыздың соңы қайғылы жағдайға айналып жатса да банк қызметкерлерінің үстірт түсіндірмелеріне түсінік беріліп жатқан жоқ. Мәселен, банк менеджерлері үстемелер жайлы үстіртін түсіндіргенімен, несие ашқаны жүргізгені, сақтағаны мен уақытынан ерте жапқаны үшін пайыз алатын банк қызметі туралы тіс жармайды. Мәселен, бір миллион несие алсаңыз 80 мың теңге комиссия алады. Тіпті, кейбір банктер ерте жапқаның үшін төленетін пайыздық үстемені ертерек ескертіп алса бір жөн, бір-екі жыл өткенде еске салып комиссиясы қарызға алған ақшаңмен бірдей болғанда хабарласып тұратыны бар. Сондықтан, несиені төлеп бітіргенде «қарызың жоқ» деген қағазды алып кетуді ұмытпаған дұрыс.

 

Әлін білмеген әлек

Жоғарыда жағдайдың жоқтығынан, жыртыққа жамау болсын деп жұрт қарыз алатынын айттық қой. Ал басқалардан қарағанда бай болып көріну үшін қарызға бататындардың ісіне қайран қалмасқа тағы болмайды. Жегені қытайдың кеспесі болса да қолына айфон ұстайтын студенттерді де, пәтерден пәтерге көшіп жүріп кредитке көлік алатындар көп. Ауылды жерде ағайынның бірі үйіне су жаңа теледидар әкелсе, көршілердің барлығы кредитке дәл сондай көк жәшікті қарызға алып көріп отыр. Былтырдың өзінде қазақстандықтар 3 триллион теңгеге кепілақысыз тұтынушылық несиеақы алған. Оның көбісі ұялы телефондар мен планшеттер, тұрмыстық техникалар. Бос мақтанға келгенде кредитті бірінші болып алғанымызбен, қарызын өтеуге келгенде тым ұзақ жүріп алатынымыз бар.

Қазіргі кезде «қарызға сұрап алған қуаныштың ғұмыры қысқа» болатынын біліп, бас қатырмайды. Бәйге шаптырып, бес жүз адам шақырылатын той жасауды әдетке айналдырған халықтың жиған-тергені жетерлік екен деп қаласың кейде. Алайда аста-төк тойдың артында алақанын жайып банк тұрады. Жыл сайын жүз миллиардтаған теңгесін тойханаларға беретін қазақтар бес-алты сағаттық той үшін осылайша белшеден қарызға батады. Әлін білмей әлек болғанның соңы қарызды қайтара алмай, бас сауғалаумен жүр.

Кезінде Еуропада «мойнында қарызы бар адамның басы шабылсын» деген заң болыпты. Өйткені, «қарызы бар адам алдымен жағдайын айтады, сосын сылтауын, артынан өтірік айтуға айналады» деп есептеген. «Өтірік айтқан адам Отанын сатады» деген. Ал ежелгі Египетте қарызын қайтара алмаған борышкер кредит берушінің құлына айналатын. Әрине, құлдықтан құтылудың жалғыз амалы – тар қапасқа қамалу болатын. Ежелгі Римнің борышкерлерге деген заңы египеттіктерге қарағанда анағұрлым жұмсақ болған. Мәселен, бұл елде қарызды бір ай кешіктірсе борышкер алдымен қарыз түрмесіне тоғытылған. Егер белгіленген мерзімнен өтіп, борышкер қарызын қайтара алмаса, оны құл базарына сатылымға қоятын.

Орта ғасырда кез келген қарызды қайтару – ардың ісі саналған. Ал бүгінгі күні несиені өтеу – моральдық мәселе емес, заңды жауапкершілікке айналды. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов БАҚ беттеріне берген сұхбатында «Нарық заманында әр адам, әр отбасы өзіне-өзі жауапты болуы керек. Тиын санайтын заман келді. Ақша алғанда «Ертең оны қалай қайтарамын?» деген ой тұруы керек. Бір кездері «Үкімет қолдайды. Қарызды жауып береді» деген пікір қалыптасқан болатын. Одан арылу керек. Осындай пікірден арылмаса, ылғи проблема бола береді. Нарықтық экономикада өмір сүру жауапты өмір сүру дегенді білдіреді. Несие алдың ба, белгіленген мерзімде қайтару керек», – деген пікірін айтқан екен. Екіншіден, екі жеп биге шыққысы келген банктер жауапсыз саясатын әлі де жүргізуде. Сол үшін төлем қабілетіне қарамай көлік алып, үй салуды доғару керек. «Біздің қазақ қарыз алып той жасайды. Шамасына қарамай тойға көп адам шақырудың керегі не? Той жасамағанға ұялатын несі бар? Қайта қарыз алып оны қайтара алмай жүрген ұят емес пе? Кей кезде біз жағдайға қарамай әрекет жасаймыз.Қаржылық сауаттылық, несие, оның үстемақысы қалай есептеледі, осындай жағдайларды БАҚ үнемі қозғап, жазып отырса жақсы болар еді. «Елімізде экономистер көбейіп кетті» деп жатады. Елде нағыз экономист, қаржыгерлер көп болса, біз мұндай тығырыққа тірелмес едік. «Үкімет несиемізді жауып береді» деп жүретін адамдар да аз емес. Банк қызметкерлері қайтару мүмкіндігі аз адамдарға несиені неге береді? Банкте несиені заңсыз жолмен алып беруді ұйымдастырып, солардың арқасында табыс тауып отырғандар да бар. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың да иісі білініп тұр. Проблемалық несиенің артында көп мәселе бар. Ол – жемқорлық, алаяқтық, банк қызметкерлерінің жеңіл қарағандығы, халықтың надандығы», – дейді Рахман Алшанов.

 

Ақылға жүгінген артық болмайды

Ал экономика ғылымдарының кандидаты Дәуренбек Боқаев теңгемен есептегенде проблемалық несие мөлшері 1 триллионнан асып кеткенін тілге тиек етіпті. «Бізде банк жүйесі шетелдік валютамен, оның ішінде, әсіресе, доллармен көп несие беріп келген. Доллардың 180-188 теңгеден 330-340 теңгеге өсіп кетуі несие қайтарушыларға екі есе күш салып жіберді. Жалақы, яғни алатын табысы өскен жоқ, ал несиенің мөлшері екі есеге өсіп кетті. Сондықтан доллармен есептелетін несиелерді мемлекет тарапынан реттеп, көмектестік деген жағдай болғанмен де, бәрібір банктен түгелімен алып тастаған жоқ. Яғни, табыс тауып отырған тұлға бұрынғыға қарағанда екі есе қайтару жағдайына душар болып қалды. Бұл экономикадағы қиын жағдай. Кейде мұндай девальвациялық үдерістер мемлекет тарапынан жасырын жүргізіледі. Оны жариялап айтпайды. Оның үстіне халық несиені тегін беріп жатқан қаржы сияқты қабылдайды. Осындай жаңсақ түсініктер несие қайтарым қабілетін бірден жойып жібереді. Яғни, көп азаматтар несиені қалай алу керек, оны қалай пайдаланып, жұмсау керектігін білуі керек. Егер несиелік тарихың өте жақсы болса, келешекте кез келген уақытта төмен пайызбен несие алу мүмкіндігі бар екендігін көбі түсіне бермейді. Көбіне жастарымыз, кейде үлкендер жағы да өздерінің мүмкіндігіне, несиені қайтару қабілетіне қарамай үлкен сомада несие алып қояды. Бұл біздің қаржылық сауаттылығымыздың төмендігін көрсетіп тұр. Қаржылық сауаттылықты дүниежүзінің көптеген мемлекеттерінде, тіпті мектеп бағдарламасына енгізіп оқытады. Бізде де «Экономика негіздері» пәнін оқыту кейбір мектептерде бар. Бірақ жалпы мектептерде бұл пән енгізілмеген. Алдағы уақытта бұл пән міндетті түрде барлық мектепте енгізілуі керек. Жастарымыздың қаржылық сауаттылығы жоғары болса, онда олар келешекте жақсы қарыз алушы болып шығады. Қарызды қайтара алмай отырған адамға не шара қолдана бересің? Кепілге қоятын заты жоқ, жалақысы аз немесе оның өзін уақытылы ала алмайды. Бұл банк жүйесінің үлкен проблемасы болып тұр. Банктердің пайыздық үстемақысы дегенді түсінбей көпшіліктің несиеге ұрынуы тоқтайды деп ойламаймын», – дейді Дәуренбек Боқаев. «Жалақысы жетіп тұрса кім несие алады? Таза жалақымен бір нәрсеге қол жеткізу қиын. Сондықтан адамдар өз қажеттілігін өтеу үшін несие алуға мәжбүр болады. Жастар жағы өзгелердің алдында мерейі үстем болуы үшін қымбат ұялы телефондарды несиеге алып жатады. Кейде бренд, этикет үшін артық ақша төлейтініміз де бар. Ешкім өзгелердің алдында кем көрінгісі келмейді. Той жасасақ та, өзгеден қалыспауға тырысамыз.Несие алған кезде рационалды түрде шешім қабылдамайды. Несие беретін ұйымдардың бәрінде мықты маркетологтар жұмыс істейді. Олар клиентті қызықтырып, тартудың түрлі жолдарын меңгерген. Тіпті сол мекемеде ойнатылып тұратын әуенге дейін мән береді. Оның үстіне күнделікті жарнамадан естіп отырған соң, маркетологтардың кеңесінен кейін қалай несие алып қойғаныңды өзің де білмей қаласың. Сондықтан адам әрқашан ақылға жүгініп шешім қабылдауы керек. Кез келген несиені жоспармен алуы тиіс», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының доценті Жарас Сейітнұр.

Түйін: Қазіргі заманда қарап отырсаңыз, алдаушы да көп, алданушы да аз емес. «Төменгі бағамен несие береміз», «Бізден алған ақшаңызбен аз ғана уақыттың ішінде шаруаңызды ыңғайлап аласыз», «Кредит алып, кредит ұтып алыңыз», «Сізге үшін тағы не істей аламыз?» деп сызылғанда, банктің құрған қақпанына қалай түсіп қалғаныңды білмей қаласың. Қарызыңды ғана өтесең ештеңе емес, еселенген пайыздар мен құпия комиссия шығындары шырылдатып қояды, шыны керек. Күліп келетін қарыз қайтарғанда жылататынын түсінгенімен, тұрмыс шіркін, тиын-тебен санатқан талай тағдыр иелерін кредит алатын есікті қайта ашуға мәжбүр етіп жатқан жоқ па?

 

Жадыра МҮСІЛІМ

(24)