mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Кәсіпкер қылмыскер ме?

Есімі жалпақ жұртқа белгілі алматылық кәсіпкер төңірегінде қылмыстық дау-дамай туындады. Алматылық бизнесвумен Екатерина Ким баспасөз жиынын өткізіп, мемлекеттік табыс департаментінің қызметкерлерін мол қаржы бопсалады деп мәлімдеме жасады. Кәсіпкер әйел «Астана» телеарнасының редакциясына шағымданып, өзінің экономикалық қылмыскер деген күдікке ілінгендігін жеткізген. Қылмыстық істі жабу үшін департаменттегілер одан арадағы делдалдар арқылы 200 мың доллар беруді талап етіп отырса керек. Бұған дейін кәсіпкерден 50 мың АҚШ долларын талап еткен облыстық экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің маманы анықталып, жұмысынан аластатылған.

Кәсіпкер өзінің отандық киім-кешек пен азық-түлік сатумен айналысатын кәсібі бір-ақ күнде қирады дейді. Ол амалсыздан дүкенін жауып, 60 қызметкерді жұмыстан босатуға мәжбүр болдым деп отыр. Екатерина Ким — алты баланың анасы. Қазір жетіншісіне аяғы ауыр. Тергеу болжамы бойынша, ол 8 миллион теңгеге жуық қаражатқа жалған есеп-фактура жазған-мыс. Екатеринаның өзі бұған өзінің қатысы жоғын, құжатты дайындап, оған қол қойған және басып шығарған қаржы мәселесі жөніндегі көмекшісі Жанар Ибраева екенін алға тартады. Алайда, азаматша Жанар Ибраева тергеуге алынбаған. Екатерина Кимге белгісіз біреулер мәселені «шешу» туралы ұсыныстармен шыққан. Кәсіпкер прокуратураға арыз жазғаннан кейін, бұған бақылаушы ведомство қызметкерлері мен жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері қосылған. Екатерина Ким телеарнаға бопсалауға қатысты аудиожазбаны көрсетті, онда әлдебір прокурор орынбасары бейнеленген. Әйел: «Сома 100-ден 200 мың доллардың аралығында толқып тұр. Маған: «Катя, егер өзіңде мәселе болмасын десең, ақшаны бер»,— дейді. Екатерина Ким өзінен аталған мекеменің өкілдері пара беруді талап етіп отырғанын дәлелдейтін 158 дыбыстық жазба бар екенін айтады. Екатерина Кимді қорғаушы адвокат Джохар Утебековтың айтуынша, Алматы облысының Іле ауданындағы мемлекеттік табыс департаментінің экономикалық тексеру қызметінде мұндай істер жүйелі сипатқа ие. Ол: «Менің тәжірибемде соңғы бір жарым жыл ішінде бұл есеп-фактура жазу бойынша кәсіпкерлерден түсіп отырған төртінші шағым. Департаментте жалған есеп-фактура жазуға қатысты арандатушылық схема жасалған. Іле ауданы бойынша СЭР-ден әлдекім өзіне ортақ таныстарының немесе бұл іске ешбір қатысы жоқ-тардың бірінің жалған есеп-фактура жазуға көмектесуін сұрап, газетке хабарландыру береді. Мұндағы мақсат белгілі: мұнымен бір мезгілде өзіне статистика жасау, бұдан басқа біз мына іс көрсетіп отырғандай, олар осы арқылы пайда табуды көздей ме деп күдіктенеміз»,— дейді. Алматы облысы прокуратурасы бөлімінің бастығы Айдын Раев азаматша Кимнің шағым түсіруі бойынша Алматы облысы прокуратурасы қылмыстық қудалау органдары тарапынан қылмыстық іске тыйым салынғандығын мәлімдеді. Прокурор: «Түскен арыз-шағымдағы барлық деректерді зерттеу қорытындысы бойынша өтініш берушіге жауап берілетін болады»,— деді. Сонымен қатар, Екатерина Кимнің өзі қылмыстық істі тексеру заңбұзушылықпен жүргізіліп жатқанын айтады. Атап айтқанда, оған бетпе-бет кездестірудің бейнежазбасымен танысуға мүмкіндік бермейді, қойылған қолға сараптама жасамайды. Өйткені кәсіпкер оны басқа біреу түзеген деген пікірде. Бұдан басқа, тергеу органы кепілдік ретінде миллион теңгеден астам ақша талап етіп отыр. Әйелде мұндай ақша жоқ. Қазір Екатерина бостандықта жүр, бірақ ол өзін кез келген уақытта ұстап алып, темір торға тоғытудан қауіптенеді.
Бауыржан Карипов

(10)