Ел мен жердің қамын жеген «Қазақстан ZAMAN» газетіне жазыл!

Газет — өмір айнасы. Ол — өткенді шолып, қорытынды жасайтын, алдағыны болжап, жол көрсетіп отыратын қуатты құрал.       Мен «Қазақстан ZAMAN» газетімен 2007 жылдан таныспын. Газет төрт қала (Алматы, Астана, Қарағанды, Павлодар) зиялыларының өз тарихи атамекенінде ойланбастан жабылған Қазыбек би ауданын қайыра қалпына келтіру туралы Президент Н.Ә. Назарбаевқа жазған үндеу-хатын жариялады. (№22 (637) 1 маусым 2007 жыл). Хатқа 123 адам қол қойған. Бірақ хат Елбасына жетпеген болу керек, жауап болмады.

22 қазан 2010 жылы Егіндібұлақта өткен үлкен жиында облыстың экс-әкімі С.С.Ахметов «Көктасжал» кенішін игеруші «Алтай полиметалл» ЖШС бас директоры Әліпбергеновке Теректі елді мекеніне салынатын 100 тұрғын үйдің жартысын Егіндібұлақта салу туралы ұсыныс жасады. 2011 жылы осы ұсынысты жаңғыртып, ауыл ақсақалдары «Жаңа кеніш орталығы Егіндібұлақта салынса игі» деген тақырыппен аталған газетке көлемді мақала жазған едік («Қазақстан ZAMAN» №15 (834) 14 сәуір 2011 жыл). Өкінішке орай, халық тілегін кеніш басшыларына жеткізбек түгілі, Қарқаралы аудан әкімдігінде ол ұсыныс-мақаланы ешкім оқымаған болып шықты.
28 қаңтар 2015 жылы арнайы хат жазып, «Көктасжал» кеніш басшылары Р.Б.Юн мен М.Әліпбергеновке Егіндібұлақтағы 150 төсектік аурухананы күрделі жөндеуден өткізіп, ортақ пайдалануды ұсынған едік. Кеніш басшылары маусым айында Теміртаудың бір емханасының бас дәрігерін алып, аталған аурухананың жұмыс істеп тұрған бөлігін аралады. Бастапқы қадам ретінде үш терапевт-дәрігер әкеліп отырғызатындарын айтты. Қалғанын кейін арнайы келіп көреміз», — деді. Ұят болғанда, аға дәрігер Е.Елікбаевтан басқа ешкім болмады. Біле тұра, басшылықтан аудандық денсаулық сақтау бөлімі тарапынан бір адам бой көрсетпеді. Ауданға керек емес аурухана бізге керек пе деген болу керек, кеніш басшылары қайтып соқпады. Аудан басшылығы ұмтылыс жасап, қолдан келгенін айтса да, халық риза болады ғой. Өкпе-ренішін жеткізіп, аудан әкімі Х.Мақсұтовтың атына тұрғындардың Ашық хат жазуына тура келді. («Қазақстан ZAMAN» №33 (1057) 20 тамыз 2015 жыл).
Өткен 2016 жылы кейбір «ұшқыр» ойлы азаматтар тарихты, Қазыбек бидің тарихи атамекенін мансұқтап, ұлы тұлғаның 350 жылдық мерейтойын Қарқаралыда өткізейік, Егіндібұлақтағы ескерткіш-мүсінін орнынан қозғап, Қарқаралыға апарып орнатайық деп ұрандады. Оны «Орталық Қазақстан» газетінде «Той алдындағы толғаныс» деген ойларымен бас мақала етіп берді. (№174 (22279) 25 қазан 2016 жыл). Өкініштісі, баба ұрпақтарының қарсы мақаласы облыстық газетте басылмады. Сол кезде «Қазақстан ZAMAN» газеті қол ұшын беріп, аталған мақаланы «Қазыбек би ескерткішінде не аңық бар, Серік-ау?!» деген тақырыппен жариялады. (№14 (1143) 6 сәуір 2017 жыл). Соның арқасында «тойды жеңіп алып», тарихи атамекенде өткізуге мүмкіндік туды. Той баба рухының біз білгеннен де биік екенін көрсетті. Кемеңгер тұлғаның тарихи атамекені — Егіндібұлаққа Қазақстанның түкпір-түкпірінен, шетелдерден 20 мыңнан аса халық жиналып, ұлы баба рухына тағзым етті. («Қазақстан ZAMAN» №35 (1164) 31 тамыз 2017 жыл).
«Қазақстан ZAMAN» газеті таяуда Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Ауылды қайта жаңғыртайық» деген үндеуі аясында осы жолдар авторының «Ауылды кешенді түрде жаңғыртуымыз керек» деген тақырыппен берілген ұсыныс-пікірлерін де жария етті. (№42 (1171) 19 қазан 2017 жыл).
Міне, айтылған материалдарды басқа газеттерден бетіміз қайтқандықтан, «Қазақстан ZAMAN»-ға ұсынып жүрміз. Газет Қазыбек би елі тағдырына бей-жей қарамай, қарамағына алып, үзбей жазып келеді. Мұны елден жырақ кеткен жастардың да сайттардан оқып жүргеніне көзіміз жетті. Бірақ біржақты болмау керек. Қамқоршы газетке де қамқорлық жасау, яғни жазылу керек. Газеттің газетке жазылушылардың ақшасымен жұмыс істеп, содан айлық төлеп күнелтетінін түсіндіргім келеді. Біз халықаралық газетке қолымыз жетіп, бірлесіп жұмыс істегенімізге шүкіршілік етсек екен.
Көңілдегі мүддені, тіршілік түйткілдерін қозғап отырған материалдарды отбасының басқа мүшелері де оқығысы келеді. Ал бәрі «ватцапты» сығалап кетсе, шаруаны кім істейді? Мазмұнды да көркем газетті алдыңа етектей қып жайып қойып, еркін оқығанға не жетсін!
Мен ауыл тұрғыны ретінде мүмкіндігі бар жастарды да ел жанашыры — «Қазақстан ZAMAN» газетіне жазылуға шақырамын. Пікірлері болса, мына телефонға хабарласса, құба-құп: 8-72147-91-2-09.
Қайыр Рахметуллин
Қарағанды облысы,
Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылы

(24)