mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Балшық кешкен астаналықтардың жанайқайы

Астанада күн суытып, қар жиі жауғалы бері қала көшелерінде жаяу жүру қиындап кетті. Бұған себеп — шаһардың кей көшелерінде асфальтті жолдың төселмеуі. Қаланың сол жағалауында тұрғанымен, батпақты белуардан кешіп жүргендердің арасында – «Есіл» көп қабатты үйінің тұрғындары да бар. Арысы Ақорда, берісі ЭКСПО аумағына жақын орналасқан зәулім үйдің тұрғындары: «Қаланың элиталық аумағы саналатын сол жағалауда көркінен көз сүрінетін көп қабатты тұрғын үйлер көп. Әсіресе, «Мәңгілік ел» даңғылы бойындағы тұрғын-үйлердің «сыртқы көрінісі» өзге таңдай қақтынарады. Бірақ, осы «Мәңгілік ел» қақпасынан жарты шақырымнан «бөгде Астанаға» тап боласыз. Салынып жатқан құрылыс, ми-батпақ жолдар мен беті жабылмаған құдықтар – осының бәрі Бөкейханов көшесінде біз тұрып жатқан «Есіл» тұрғын-үй кешенінің маңындағы көріністер. Лай батпақ пен шұңқыр жолдың азабын біз тартудамыз. Бұл мәселені осымен үш жыл қатарынан көтеріп келеміз. Әкімдіктегілер алдаусыратып, жолға тас төсеген болады, бірақ онысы бірер айға ғана жетеді, жүк көліктері әбден таптап бітірген соң, жолда қайтадан осылай батпақ кешіп жүреміз. Бізді қойшы, немерелерімізге обал, көлігіміз жоқ, автобусқа аялдамаға шығу үшін, күн сайын аяққа целлофан киеміз және бұл — қаланың элиталық ауданының түрі. Бер жағы Ақорда, ар жағы ЭКСПО, бірақ жолдың түрі мынау. Тұрғын-үй маңына жақын орналасқан шұңқырлардың беті әлі күнге дейін жабылмаған күйі, ашық-шашық жатыр. Жазатайым біреу-міреук мерт болуы ғажап емес. Бізді Астанада тұрады деп кім айтады? Тіпті, аудан орталықтарының өзінде қазір жолдардың бәрі асфальтталған шығар Тұрғын-үй маңындағы батпақ салдарынан, «Есілге» такси шақырудың өзі азап. Такси, жедел-жәрдемнің бұл үйге келуі тіптен қиын. Бір жағынан оларды да түсінуге болады, мынадай батпаққа кімнің келгісі келеді дейсің? Жүріп жатқан көліктің де «сау-тамтығы» қалмайды. Сыртына батпақты әдейілеп жағып қойғандай лайланады. Әкімдіктегілерге бар айтарымыз, мына қысқа ғана жолға тездетіп асфальт төсесе екен дейміз»,— деген жанайқайларын айтады күйініп. Бәлкім, Астана әкімдігі тұрғындар жанайқайына құлақ түрер деген сенімдеміз.

(5)