«I`m a singer Kazakhstan» байқауының жеңімпаздығына үміткер өз орнын басқа қатысушыға берді

«I`m a singer Kazakhstan» мега-шоуының қатысушылары біздің арамызда бақталастық жоқ деп бұған дейін бірнеше рет айтты. Кез келген жарыстың ережесі бойынша, сайысқа қатысушылардың біреуі ғана жеңіске жетеді дегенмен, бұл байқауға келген әншілердің бір-біріне бауыр басып, дос болып, туған туыстай болып кеткені сонша, бір-бірі үшін адам таңғалатын қадамдарға барып жатыр. Оның бір дәлелі ретінде шоудың алтыншы кезеңін алайық. Біздің әншілер бұл жолы да көрермендерін ғана емес, шоу ұйымдастырушыларының өздерін таңғалдырды!

Әртүрлі бейнелерге еніп, өзін жан-жақты әртіс ретінде көрсетіп келе жатқан Ерден Жақсыбеков бұл жолы тағы да бірегей ампулада сахнаға шықты. Бұл кезеңде түрік тілінде ән салған жас талант тағы бір мәрте жанкүйерлерінің ыстық ықыласына бөленді.
Жоғары орындаушылық шеберлігін тағы да дәлелдеген шоудың келесі бір фавориті Марсель Алсейітов Джон Леджендтің «All of me» әнін орындап, сезімге толы өнерімен көрерменнің жүрегін жаулап алып, кезеңнің қорытындысы бойынша үшінші орынға тұрақтап, сайыстан шығып қалу қаупінен құтылды.
Сонымен бірге, Қайрат Түнтеков те Майкл Джексонның «You are not alone» әнімен ары қарай шоуда қалуға мүмкіндік алды. Халық қазылығы осымен екінші рет ең жоғарғы дауысты Қайратқа берді. Алайда танымал әнші әнді мінсіз орындап шыққанына қарамастан, бұл кезеңнің нағыз «жаңалығы» бола алмады. Өйткені Қытайдан келген отыз жастағы әнші То Юн Фу залға жиналған қауымды бірнеше рет таңғалдыра білді. Ол алдымен әнін қазақ тілінде жүректерге жеткізе орындап шықты. Одан соң қазір қиын жағдайды бастан кешіріп жатқанын айтып, залдағы көрерменнің көңілін босатты. Туған жерін, отбасын қатты сағынып жүргенін жеткізіп, көрермендеріне қолдау білдіргені үшін алғысын жаудырды. Дегенмен, бұл оның ең соңғы тосынсыйы емес екен. Аспанасты елінен келген әнші кезеңнің соңында денсаулығының сыр беруіне байланысты жобадан кетуге бел буғанын айтып, айды аспанға бір шығарды. Мұндай күтпеген жайт оның осы байқау барысында пайда болған жанкүйерлерінің көңілін түсіріп жіберді. Дегенмен, Юн Фудың жобамен қош айтысуы бір әншінің жұлдызын жақты. Өзбекстандық әнші Азиза Низамова бұған дейін Нұрсұлтан Райымбековпен бірге қауіпті аймаққа тап болып, сарапшылар мен қазылардың шешімінен кейін шоудан шығып қалған болатын. Алайда То Юн Фу өзінің жобадағы орнын Азизаға берді.
Сонымен, «I`m a singer Kazakhstan» шоуының алтыншы кезеңі де өз мәресіне жетті. Осы уақыт ішінде алты қатысушы жобамен қош айтысты. Енді қалған алты қатысушы келесі кезеңге дайындықты бастап кетті. Олар жаңа қарсыластарының келуін тағатсыздана күтіп жүр. Олардың қобалжуына себеп бар. Өйткені жаңадан келетін әншілер шетінен ерекше дауыс иесі. Олардың бұл байқауға келуінің өзі бәсекелестікті қыздыра түсетіні хақ. Екі әншінің бірі Қазақстан атынан шықса, екіншісі көрші мемлекеттен келеді. Олар кім болуы мүмкін? Оны осы жексенбі, 5 қараша 21:00-де “31 арнадан” біле аласыздар!
Жобаның бас серіктесі — ForteBank.

(23)