Қандастарымыз Қытайға қуылмайтын болды

Тараздағы қандас-тар елден қуылмайтын болды. Осыдан бір ай бұрын Көші-қон полициясына қатысты шыққан даудың кеше нүктесі қойылды. Бұған дейін ыхтияр хаттары жарамсыз деп табылған 251 оралманды Қытай асыру мәселесі көтерілген еді. Алайда былықты құзырлы мекеме басшыларының өздері жасағаны анықталып,осы аптада 50 қандасымыз Қазақстанның кез-келген өңіріне уақытша және тұрақты тіркеуге мүмкіндік алды.
Ал сол кезде жалған құжат жасады деген күдікпен ұсталған Тараз қалалық көші-қон қызметінің бұрынғы басшысы мен бір инспектор және тағы үш делдалға қатысты сот шешімі шықты. Ұйымдасқан топтың кінәсі дәлелденіп, көші-қон қызметінің басшысы жеті жарым жылға сотталса, инспектор 4 миллион 200 мың теңге айыппұлмен құтылды. Сондай-ақ, делдалдың біреуі бес жылға абақтыға жабылып, екеуі рақымшылық бойынша бостандыққа шықты.
Осылайша ұйымдасқан қылмыстық топ өз жазасын алып отыр. Ал қандастарымыз Қытайға қайта баруға қатты қорыққан. Олардың сөзіне сүйенсек,ондағылар ескертусіз елден кетіп, қайта оралғандарды бірден абақтыға жабатын көрінеді. Сол себепті еліміздің азаматтығын алған қандастарымыздың қуанышы шексіз.
Жамбыл облысы көші-қон қызметі басқармасының инспекторы Арай Айымбектің айтуынша, жоғарыда аталған 251 оралманның барлығына ыхтияр хат беріледі екен. «Және бірде-біреуі елден қуылмайды. Керісінше, біз оларға барынша көмек көрсетеміз», – дейді маман.
Айта кетейік, Қытайдан келген жалпы саны 251 қандасымыз болса, оның тең жартысы әлі күнге қолдағы ықтияр хаттың жарамсыз екенін білмейді. Өйткені, олар кезінде Тараз қаласына тіркеуге тұрып, кейін әр өңірге тарап кеткен. Міне, қазір осы азаматтардың мекен-жайын анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Саятхан Сатылғанов

(223)