Қазақтың тонды балалары һәм тонаушылары

Астанадағы Шоқан Уәлиханов көшесінің бойындағы (параллель жатқан С.Сейфуллин мен Бөгенбай батыр даңғылының арасында) «Тұлпар», «Астаналық базар» (жұрт баяғысынша «Артем» сауда үйі дейді) деп аталатын сауда үйлері бар. Қашан көрсең қайнаған тірлігі бір тынбайтын осы жердің «базар тарихы» екі ғасырға таяу деседі айтушылар.

Қазір заманауи үлгіде бой көтерген сауда үйлері де қалыпты жұмыс жүргізіп жатқанымен, осы араның көрігін жол шетінде отырған жаймашылар қыздырады. Бұның айналасында «Алтай», «Бекзат», «Қаражар-2» секілді жатаған сауда үйлерінде де 2017 жылдың көктеміне дейін қайнаған сауда бір тынған жоқ. Ал «Жасыбай» аялдамасы болса тоғыз жолдың торабы дейтіндей. Осы аялдаманың айналасында көп адамдар «питак» атап кеткен жалданбалы жұмысшылар мекені бар. Қайнаған өмірдің кішірейтілген көрінісіндей болған бұл араның құрамына қарап отырып-ақ көп ұлтты Қазақстанның жағдайын аңғару аса қиын емес. Былайша тарқатар болсақ, өздерінше «заңды» түрде сауда жасап отырған дүкендердің 80%-ын «документі дұрыс» қырғыздар ұстайды. «Астаналық базардың» тұтас бір қабатын иелеп жатқан көкөніс бөлігі болса «өз ағамыз» Өзбекстан азаматтарының еншісінде. Сауда үйлерінің ішіндегі өтімді саналатын киім-кешек атаулының басым бөлігінде түрік, әзірбайжан туысқандар. Алтын-күміс қатарлы бағалы әшекейлерде де қазақтың қатары сирек. Жиһаздардың жарнамасына қарасаң, Беларусь елінен… Осы тірлікке қазақ қызықпай-ақ қойсыншы дей тұрғанмен, қайыр сұрап отырған «ходовой местоларға» жайғасқандардың көбісі сығандар екенін де айта кеткіміз келеді.
Енді қайта айналып көше бойына оралар болсақ, жол шетіне тұра қалып майда-шүйделерін сатып отырған, жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, мемлекет заңын «бұлжытпай атқаратын» қатал сақшылар қай жағымыздан сап ете түсер екен деп, сауысқаннан сақ күйде тұрып «бизнес» жүргізіп жатқан қазақ әйелдерін көресің. Қазақтың осы тірлікке араласқанының өзіне тәубе айта отырып, әрмен қарай аяңдасаңыз, қол-аяғы балғадай кілең қазақ жігіттері тұрады жалдап алушыларды күтіп. Абай атамыздың өсиетін екі етпей, туып-өскен ауылдарын артқа тастап, «жат жұртқа келіп жалға жүріп мал тауып жатқан» осынау ерлердің де өз ырқы өз қолдарында емес екен. Сырттарынан бақылап қарап жүретін қазақтың «білекті» жігіттері еңбегін сатып жүрген жандарды біреулер келіп уақыттық жұмысқа жалдамақшы болса, ақысына сөйлесіп, тең жартысын өз қалталарына басып отырады.
Азды-көпті сөз еткен «қара базарлардан» қарапайым базарларға қарай ойысар болсақ, Астана қаласында халықтың қажетін қанағаттандырып тұрған контейнерлер қалашығынан құрам тапқан базарлар бар. Бұларды тарқатып айтсақ, «Шанхай базары» деген ескі атауы қалмай келе жатқан «Көк базар», онан бері қарай «Орталық базар» секілді үлкен базарлар әмбебап бағытта жұмыс істесе, «Эталон», «Мега строй» базарларында арнайы құрылыс заттары саудаланады. Көлік бөлшектерін сататын «Қамқор», «Көктал» секілді сауда нүктелерінде де қайнаған тірлік.
Өкінішке қарай, тұтынушысының түгелге жуығы қазақтардан тұратын Астананың осынау «ырысты мекендерінде» сіздің қолыңыздан шыққан теңгелер өзгелердің қалтасына түсіп жатыр. «Бұған іштарлық етудің қажеті қанша, барлығы да Қазақстан азаматтары, жұмыс жүргізіп жатыр ғой» деп күдіктенсеңіз, қатты қателесесіз. Біздің де айтпағымыз осы жерде. Осыдан 3-4 жыл бұрын еліміздің қай түкпірінде болсын шетел азаматтары көші-қон полициясының қызметкерлерімен «келісе» отырып жұмыстарын алаңсыз жүргізіп келген болса, соңғы жылдары заңның толықтырылған және өзгерістер енгізілген тармақтары бойынша шетел азаматтарының саудамен айналысуына тосқауылдар қойыла бастағаны белгілі. Алайда осы тармақтар күшіне енгеннен кейін базар біткенді жаулап отырған өзбек, қырғыз, әзірбайжан ағайындар жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде «Қазақстан Республикасының азаматы» аталып шыға келді. Елім деп келген оралмандар еңіреп жүріп әзер алатын Ықтияр хатты «абыройлы елдерден» келген шетел азаматтары келе салып «көші-қон туралы заңның тармақтарына сәйкес» миығынан күліп тұрып екі аптаның ішінде оп-оңай алып жатыр. Ал Алматының «Ялян», «Барахолка» сынды атышулы базарларын жаулап алып, тұтас республиканы «қарық қылып» отырған қытайлардың көбі «күйеу» болып орнығып алғанын ерте білсек те, ештеңе істей алған жоқпыз. Осылайша мұнан қусаң онан жылтыңдап шыға келетін қаптесер тышқан секілді талай шетелдік қазақтың «тонды балаларына» айналып шыға келді. Ақкөңіл қазақ асырап алған баласын «тонды балам» деп бауырына басқанымен, «өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді, кісінікі кісендесең де тұрмайды» деп салатыны тағы бар. Сөйтсек, басына тиген соң айтатын көрінеді бабаларымыз. Осының бір мысалы ретінде Қырғыз Республикасынан келген азаматтарды келтіруге болады. Еліміздің азаматтығын неше мың долларға сатып алған қырғыздардың арт жақтарында үй-жайлары баяғысынша тұра береді екен. Бір отбасы мүшелерінің екі мемлекет азаматы болып жүре беретіндігі олар үшін қалыпты жағдай екен. Қазір кез келген банктерден «ана отандарына» ақша аударып жататын «тонды балаларды» жиі көреміз. Яғни кез келген қытай, түрік кәсіпкерлері Қазақиядан тапқан табыстарының белгілі бөлігін қазақтан алған «тоқал», «ақ қолтық», «қызыл тамақтарына» жұмсап жатыр дегенге ешкім де сенбейді қазір.
Еңсесін енді тіктеп келе жатқан қарапайым халықтың нарыққа араласуы барысында ең алғашқы басатын жолы алыпсатарлық болмақ. Тарқатып айтсақ, біреудің қолынан дайын өнімдерді алып, үстіне баға қосып сатып табыс табу барысы. Белгілі дәрежеде қаржылық негізі бар адамдар болмаса, халықтың басым бөлігі бірден өндіріс орындарын ашып, зауыт, фабрикалар тұрғызуға қауқары келмесі тағы анық. Осыдан келіп «базарға барып бағын сынайтындардың» қатары қалыңдайды. Еркін көсіліп шабуға төңіректі торлап біткен «тонды балалар» аяққа орала береді. Ал қыр асып кетіп жатқан қазақ теңгелері бейне көшпелі алтын секілді, көз алдымызда жалт-жұлт етіп ағып бара жатқандай. Қазақ көшпелі алтынды қан шығарғанның қазанына тоқтайды десетін еді. Әйтеуір арты қайырлы болсын деп тілейік.

(29)