mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

«Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» көрмесі

Биыл заманының заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл екенін жақсы білеміз. Осыған орай, 11 қазан күні М. Омарханұлының есімімен аталатын қазақ өнерінің қара шаңырағында театр маусымының ашылу салтанатымен бірге алматылық 8 театр ұжымының басын қосқан «Театр әлеміндегі рухани жаңғыру» атты көрме өтті. Тақырыбының өзі көрменің Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасына тікелей қатысты екенін білдіріп тұрғандай. Белгілі театр және кино актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл басқарып отырған, 92-маусымына қадам басқан, сахнасының өзі сыр шертетін іргелі өнер ордасының тағы бір ерекшелігі — театр музейі. 2018 жылы құрылғанына 50 жыл толатын бұл музейді ширек ғасырдан бері білікті маман Наргиз Тамабекқызы басқарып келсе, театрдағы күн сайынғы жаңалықтарды қалт жібермей, әрбір жәдігеріне ұқыптылықпен қарап, қара шаңырақтың «шежірешісіне» айналып кеткен оның еңбегі ұшан-теңіз. Өйткені бүгінгіден, былтырғыдан бөлек, театр құрылғаннан бергі өнер ұжымының тарихын ол секілді түгендеп жүрген ешкім жоқ. Осыны ескере отырып, ширек ғасырдан бері театр музейіне жетекшілік етіп келе жатқан Н.Тамабекқызымен аз-мұз сұхбаттасуды жөн көрдік.

Н.ТАМАБЕКОВА: БҰЛ КӨРМЕ КЕЛЕШЕК ТЕАТРЛАР МУЗЕЙІНІҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ ІСПЕТТІ

— Наргиз Тамабекқызы, білуімізше, мұндай көрме алғаш рет өтіп отыр. Осыны ұйымдастыру бұрыннан ойыңызда жүр ме еді?
— Әрине, дәл осындай көрмені өткізсем деген арман әуелден көкейімде жүрген еді. Тек алматылық театрларды ғана емес, республикадағы театр ұжымдарының басын бір арнаға тоғыстырып, ауқымы кең көрме ұйымдастыру да ойда бар. Десе де, маусымның ашылу салтанатымен қатар басталған көрме мен ойлағаннан жоғары деңгейде өтпесе, одан кем емес. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демеуші ме еді, басшымыз Ерлан Әбділдаұлымен маусым-шілде айларынан бастап жоспарлап, ҚР Мәдениет және спорт министрінің өзі ақыл қосып, ең алдымен музейдің альбомын жасадық. Осы көрменің ұйымдастырылуына театр қызметкерлерінің бір кісідей атсалысқаны мені шын қуантты. Мәселен, «Баспасөз қызметінің» жетекшісі, ақын Бақыт Беделхан көрменің және бөлімдердің тақырыбын қойып, редакторлық көмегін тигізіп, жұмысымыздың ілгерілеуіне өз үлесін қосты.
— Бәрекелді! Ақын қойып берген көрме тақырыбы төңірегінде сұрағым келіп отыр. Театр әлеміндегі рухани жаңғырудың негізгі көрінісі деп нені айта аласыз?
— «Рухани жаңғыруды» тарихымызды түгендеу, ұлттық санамызды қалыптастыру деп жатырмыз ғой. Ал театрды, яғни театр ұғымын рухани жаңғырудың қайнар көзі деп айтсақ, ешкім қарсы дау айта қоймас. Өйткені қазіргі жастарға эстетикалық тәрбие беретін бірден-бір орын — театр. Халқымыздың және әлем елдерінің де тарихы, мәдениеті театрларымызда көрініс тапқан. Жалғыз біздің театрда ғана емес, еліміздегі барлық өнер ұжымдарында талай дарынды ұлдар, талантты қыздар адал қызмет еткен. Міне, осылардың бәрін білу, театр қойылымдарын тамашалау жастарға да, күнделікті күйбең тірлікке байланып қалған үлкендерге де тек жақсылық сыйлайды. Біздің міндетіміз дүниеден өткен әйгілі тұлғаларымызды жиі еске алып, бүгінгі барымызды одан ары жетілдіру және осының бәрін өскелең ұрпаққа аманаттау деп есептеймін.
— Көрмеге қатысқан театрлар жөнінде не айтасыз? Белсенділік танытқан театрларды атап кете аласыз ба?
— Шыны керек, біздің театрдың 50 жылдық тарихы бар музей секілді басқа өнер ұжымдарында мұрағатын түгендеп отырған арнайы бөлім бар деп айту қиын. Десе де, соңғы жылдары Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының музей ісіне көңіл бөліп келе жатқанын байқап жүрмін. Өздерінің шақыруымен арнайы шеберлік кластарын да өткіздім. Ал, осы көрмеге қайта келсек, қатысушы 8 театрдың барлығына да өз ризашылығымды білдіремін. Қатысушы театрлар: Абай атындағы қазақ мемлекеттік опера және балет театры, Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, Республикалық неміс драма театры, Мемлекеттік Республикалық корей музыкалық комедия театры, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған Мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қ.Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры, М.Ю.Лермонтов атындағы орыс драма театры және біздің М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры. Ешқайсысын бөліп-жарғым келмейді.
— Жақсы екен, соңғы сұрақ болсын, көрме қашанға дейін созылмақ?
— Жоғарыда айтып өткенімдей, көрмеге Алматы қаласындағы сегіз театр қатысып жатыр. Барлық театр өздерінің құнды жәдігерлерін, атап айтқанда, сахналық киім, реквизиттер, өнер майталмандарының жеке заттары, театрлардың жетістігін дәлелдейтін жүлделер мен грамоталар және т.б. бұйымдарын қойды. Алматы тұрғындары және қала қонақтарына көрмемізді қазан айының соңына дейін тамашалауға мүмкіндік бар.
— Әңгімеңізге рақмет! Шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбаттасқан — Ермұрат Назарұлы

(106)