«Қырқылған» қазақ әдебиетінің жазығы не?

Отандық білім көгінде жаңартулар жүзеге асса, қазақ тілі нысанаға ілінбес пе екен деп сескеніп отыратын дәрежеге жеттік. Себебі жаңартылған бағдарлама «сыйлаған» түрлі тартуларда шек жоқ. Жаңаша оқытудың тың оқулықтары қандай? Олар қандай мақсатты көздейді? Ендігі сөз осы турасында болмақ.

«Түлеу» салдарынан қазақ тілі мен әдебиеті дербес пәндері ұлт мектептерінде кіріктіріліп, ортақ «қазақ тілі мен әдебиеті» деген атқа ғана ие болды. Апталық жүктеме саны қалай өзгерді десеңізші! «Байқатпай қырқып-қию» бар. Дәлел келтірейік. 5-ұйғыр сыныптары дәстүрлі оқытуда аптасына үш рет қазақ тілін, бір рет қазақ әдебиетін оқитын. Жаңару барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәнімен аптасына үш рет қана қауышып отыр. Яғни бір сағат «құрбандыққа» шалынды. Бірақ не құрбандық екені көпшілікке белгісіз. 7-ұйғыр, өзбек, тәжік сыныптарында да тура осы ахуал. Ол сыныптар да бір сағатынан айырылып отыр. Бұл он екі мүшенің біреуін кесіп алғанмен пара-пар. Кесілген бір мүшенің орнын толтырмақ болды ма, білмейміз, билік ағылшын тілі пәнін дәл осы сыныптарда аптасына үш рет оқытып «мәз-мейрам» етті. Ал орыс мектептерінің 5-7-сыныптары орыс тілі пәнін аптасына үш рет, ал орыс әдебиеті пәнін аптасынан екі рет «масайрай» оқуда. Дәстүрлі оқытуда орыс тілі қазақ сныптарында тек 2-сыныптан бастау алатын. Ал үштілділік құдіретке ие болғанда, орыс тілі пәні дайындық сыныбынан бастап кіріп кетті. Ертегі есіме еріксіз түседі: айдаһардың үш басы болыпты. Дегенмен ол айдаһардың үш басы өзара тең болатын. Ал біз аждаһа елге айналу үшін, әлемнің озық елдерінің қатарынан бой көрсету үшін өзімізге «үш бас жасап алдық». Ол жақсы-ақ. Бір сорақысы — ол үш басымыз өзара ұзынды-қысқалы болып тұр. Қазақ тілі толық басымдылықта қала береді-міс, ағылшын тілін оқытудан мемлекеттік тіл өгейсімейді-міс деген жұбатпа пікірлер айдалада қалды.
Хош делік. Қазақ тілін оқытудың «ғажайып» әдістемесіне сендік пе, әйтеуір, жүктеме жағынан жарытпай тастадық. Ал кіріктірілген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқулықтарын парақтап көрейік. 5-ұлт сыныптарына арналған «қазақ тілі мен әдебиеті» оқулығы ағымдағы жылы Ф.Ш.Оразбаева, Ж.Т.Дәулетбекова, А.Қ.Рауандина, Р.С.Рахметова мен Қ.С.Жай-лаубаеваның авторлығымен мектептерге жол тартты. Алғысөзде оқушыларға қарата «Бұл оқулық сені айналаңдағы адамдармен еркін қарым-қатынас жасауға, пікірлесуге, сауатты жазуға, дұрыс, әсерлі сөйлеуге үйретеді. …Тіл мен әдебиетті қатар меңгересің», — делінген. Тіл-әдебиет деп қосарланған қос егізді қатар меңгертудің «сиқырына» үңілдік. 5-ұлт сыныптары ә дегенде әдебиетті оқуды М. Мақатаевтың «Тоқта, ботам, атаң келеді артыңда» өлеңінен бастады. Жаңа бағдарламаның негізгі қасиеті оңайдан қиынға шиыршық түрінде оқыту еді. Енді сол шиыршық тәрізді оқыту жайына қалғандай. Бастауыш сыныпта ұлт мектептерінде қазақ әдебиеті пәнінің мүлде болмағанын ескерсек, 5-ұлт сыныптары үшін бас сап Мұқағалидың олар үшін күрделі өлеңін оқу қай жағынан да қиынға соғатыны белгілі. Дәстүрлі оқытуда 5-сыныптар қазақ әдебиеті пәнін халық ауыз әдебиеті үлгілерімен танысудан бастап, оңайдан күрделіге қарай өтетін. Ал жаңаша білім беруде шиыршық атып қиыннан бастап кетті. Оқулықта оқушылар желтоқсан айының соңына қарай ұлы Абаймен «әзер» танысады. Сонда қазақ әдебиетін оқытуда әдебиеттану ғылымының кезеңдері неге сақталмаған? Жыртық көрпе жамап отырғандай түрлі кезеңнің алуан өкілдерін ретсіз жұлып алып ұсына берген. Әдебиетті тілге теліп кіріктіріп меңгертудің тағы бір «ғажабына» аталған оқулықтың 108-бетіндегі «Сырдың сұлу өзені» тақырыбында тап болдық. Ақпараттың екіұдайлығын аңғардық. 1-тапсырмада Сырдарияны біресе көл, біресе өзен деп берген. Ең «ғажабы» бұл да емес. 2-тапсырмада А. С. Пушкин мен неміс ақыны Генрих Гейненің суреттерін аты-жөндерімен беріп, оқушыларға сол адамдар туралы білетінін жіпке тізіп баянда депті. Пушкин мен Гейненің Сыр өзеніне не қатысы бар? Бұл тақырыптан ауытқып берілген тапсырмамен оқулық авторлары нені мақсат етті? Әлде тіл мен әдебиетті қатар «келістіру» ойлары «орындалған» соң, шәкірттерді әлем әдебиеті өкілдерімен таныстырып, «тосын сый» жасамақ болды ма? Не десек те, мақсатсыз, басты тақырыпқа байланыссыз төбеден түскендей тапсырма екені даусыз. Ол екі шетелдік тұлғалардың орнына Сыр өңірінде туған қазақ ақын-жазушыларын суретімен жарастырғанда, игі іс болар еді-ау! Тіпті әлем әдебиеті өкілдерімен оқулығын «әрлеймін» десе, оларды мақсатты, қажетті орайда орналастырмай ма? Сөз болып отырған оқулықта бір көңіл жібітер жайт м қазақтың көне тарихы жайлы тақырыптардың түйдектеле келуі. Көшпенділердің жауынгер ел екендігінен басталып, сақ кезеңі толық қамтылған. Бұл — Қазақстан тарихынан алған білімдерін қазақ тілі мен әдебиеті оқулығында және бір бекітіп алуға қолайлы мүмкіндік.
Жаңа бағдарлама-мен білім алуға көш-кен 7-ұлт сыныпта-рының қазақ тілі мен әдебиеті оқулығын да ақтарып байқас-тадық. Мұнда да жоғарыдағы авторлармен қоса Б. Қ. Мукеева есімі аталады. Яғни «соны оқулықтар көшін» сыйлап жүрген тұлғалар бәз-баяғы. Мұнда да әлем әдебиетінен хабардар ету мақсаты қылаң береді. Ағылшын жазушысы Даниэл Дефо жайлы мәтінді түсінікті тілмен әдіптеген. Осы тұста заңды сұрақ туады: кіріктірілген қазақ тілі мен әдебиеті пәні негізінен қай әдебиетті меңгертуге бағытталған? Қазақ әдебиетін толық таныта алмай отырып, жаһандық әдебиеттен ақпарат беру оқушының ойының шашырап, жүйесіздікке ұрынуына алып келмей ме? Өзге ұлт өкілдеріне мемлекеттік тіл мен ұлт әдебиетін тиісінше меңгертіп алмай тұрып, әлем мәдениетінен сусындатпақ болып асығыс қадам жасаған жоқпыз ба?
Сонымен, жаңардық, жасардық. Түледік, тарандық. Бірақ қалай және не үшін? Қазақ тілі мен әдебиетін бұлайша қатар оқыту алдағы оқу жылдарында кезең-кезеңімен жүзеге асырыла беретінін есепке алсақ, жоғарыда баяндалған «сиқырлы тақырыптар» легі молая түспек. Біріксек ештеңе етпес пе еді, кірігіп қиын болды ғой. Оқушы қазақ тілін оқып отырғанын, не қазақ әдебиетін қаужап жүргенін түсінбей дал болды. Бұл адасу болашақта қалпына келтірілмес қасіретке — дүбәра, дүмбілез ұрпақ болмысына алып келмесе болғаны. Осылай жалғаса берсе, сол бір үш басты айдаһар туралы ертегінің мұңды аяқталуы да ғажап емес.

(53)