Торғай аумағынан зымыран құлайтын жер беріледі

Биыл Жанкелдин ауданы тұрғындарынан маза кетті. Шалғайдағы Ақкөл, Қарасу ауылдарының жұртшылығынан сол маңайда зымыран қалдықтары құлайтыны туралы жиі естіп отырдық. Өткен апта аяғында бұл мәселеге орай аудан орталығында қоғамдық тыңдау өтіп, оған еліміздің Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсіп министрі Бейбіт Атамқұлов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ғарышкер Айдын Айымбетов арнайы барып кетті деп хабарлайды жергілікті «Қостанай таңы» басылымы. Басқосуға сондай-ақ Еңбек және әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Білім және ғылым министрліктерінің және Ресейдің «Роскосмос» корпорациясының өкілдері қатысқан. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан «СОЮЗ-2» ғарыштық мақсаттағы зымыранды ұшырудағы еліміздің қоршаған ортасына әсерінің анық-қанығына көз жеткізу негізгі байлам болатын.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсіп министрі:
— Уақыт өте келе өзіміздің жеке зымыранымыз болады. Ол біздің елді әп сәтте-ақ алға сүйрейтініне күмән жоқ. Екі ел арасындағы (Қазақстан мен Ресей) келісімшартқа байланысты республика аумағынан жер учаскесі зымыран тасығыштың бөлігі құлауға берілген. Соның бірі — Жанкелдин ауданына қарасты Ақкөл мен Қарасу ауылдарының маңындағы Шөптікөл даласы. Алдын ала қауіпсіздік шараларын сақтау үшін математика және баллистика мамандары аталған елді мекенді зерттеді. 2016-2017 жылдар аралығында арнайы комиссия құрылып, қажетті жерге барлау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, жалпы көлемі 76 мың гектар болатын қолайлы аумақ анықталып отыр. Барлық шаралар ҚР заңнамасына сәйкес жүзеге аспақ. Биылғы жылдың мамыр айында ғарыш экология қоғамы бірлесіп, Жанкелдин ауданына экспедиция жіберіп, зымыран қалдықтарының қоршаған ортаға әсерін бақылап қайтты. Таңдалған зымыран қалдықтарының құлау аумағында тұрақты тұрғын адамдар, өнеркәсіптік нысандар жоқ. Жан-жануар мен өсімдіктерге, тұтастай қоршаған ортаға тигізер әсерді анықтап, бағалау үшін Қазақстан биоалуан түрлілікті сақтау қауымдастығының мамандары тартылмақ. Жанкелдин ауданының ерекшеліктерін ескере отырып, қалдық құлау аумағын пайдалану кезінде қосымша шаралар мен бірқатар шектеулер енгізілетін болады. Оның ішінде, сәуірден бастап, маусым айына дейін ұшыру қызметі уақытша тоқтайды. Бұл — киіктер мен құстардың, өсімдіктердің ерекше сезімтал кезеңі. Шілдеден бастап қыркүйекке дейін құлау ауданында өрт сөндіру үшін тиісті техникаларды пайдалану мен өрт қауіпсіздігін алдын алу жұмыстары күшейтілмек. Жыл сайын осы пайдаланған жерге мониторинг жасалады. Әлеуметтік-серіктестік шарттары аясында жыл сайын нақты қаржы бөлініп, Жанкелдин ауданы тұрғындарының мәселелерін шешіп отырмақ. Бұл жиынға Қарасу мен Ақкөл ауылдарының тұрғындары қатысты. Екі ауылда бүгіндері мың екі жүз халық тұрады. Қалдықтар түсетін аймақтан біреуі он төрт шақырым жерде, біреуі алты шақырымнан астам маңда орналасқан.
Жиынға қатысқан ақсақал, бұрынғы инженер Рақым Рыскелдин министрден Шөптікөл жері емес, одан әрі жатқан елсіз далаларды неге таңдамағанын сұрады.
— Зымыранды ұшырудағы мақсатымыз — ғылымға қажетті орбита нүктесіне жету. Соған түсу үшін дәл жылдамдық белгіленеді. Ғалымдардың есебі бойынша қажетті жылдамдық шамасында зымыран қалдықтары осы маңға кеп құлайды екен. Сондықтан да осы жерге байланып отырмыз, — деді министр.

Қыдырбек Қиысханұлы,
Қостанай
облысы

(15)