ХХІ ғасыр көшбасшысы кім?

Дәстүрлі тілдер онкүндігі Алматы қаласы  №156 жалпы білім беретін мектепте жүйелі жалғасын тауып келеді. Игі шара биылғы оқу жылында «Тілге құрмет — елге құрмет» атауымен қанатын кеңге жайды. Өз мекемесінде мемлекеттік тілге төрден орын берген мектеп басшысы Ахметова Гүлнәр Мәмбетқызы барлық іс-шараларды жіті қадағалап, ұйытқы болып отырды.

Ашық сабақтар легі жаңартылған бағдарлама негізінде өткізілді. Оқу ісінің меңгерушісі Темірғалиева Манар Бидахметқызы жас мамандарға әдістемелік көмегін аямады. Қазақ тілі бірлестігінің жетекшісі Іргебаева Нұржібек Әлімханқызы онкүндіктің салтанатты ашылуына ықпал етті. Өзге пән мұғалімдері «Тіл — ұлттың жан-дүниесі» атты қабырға газеттерін шығаруды қолға алды. Дүркірей басталған істер кең ауқымдағы сайыс-сабақтар мен «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалды ойындарына ұласты. Оқушылар үлкен белсенділік танытқан мұндай сайыстар әр ай сайын өтіп отыратын болып белгіленді. Өйткені бұл интеллектуалды жарыстарда тіл тарихы мен ұлт мәдениеті, қазақ тілінің әлем тілдері арасындағы өзіндік орны, тілге байланысты ел болашағы, ұлы тұлғалардың осы турасындағы ой-пікірлері кеңінен қозғалған болатын. Ұстаздарының жан-жақты жетелеуінің арқасында ашық тәрбие сағаттары да тіл тақырыбындағы толғаныстарға толы болды. Қазақ тілінің бүгінгі қоғамдағы алар орны мен келешектегі маңызы туралы жасөспірім шәкірттердің пікір алмасулары болып табылған дөңгелек үстелдер де жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Осылайша тілге — ұлттың жанына әркез тағзым етуден бір танбай келе жатқан білім ошағы ұлағатты тәрбие беру жолында қасиетті Темірқазықтан берік ұстағандарын кезекті рет айшықтады. Сірә, біздіңше, ХХІ ғасыр көшбасшылары ана тілін ұлықтаған осы кішкентай балапандар болар…
Айзат Рақыш

(29)