Ерлан Омаров: БАЛУАН БОЛСАМ ДА, ТҰЛПАР БАПТАҒАНДЫ ЖАНЫМ СҮЙЕДІ

Қыркүйектің қоңыр салқын күндерінің бірінде Қостанайдың сыртындағы «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының ат қорасында топқа түсіп жүрген жүйріктерге мініп, ұлттық спортымызды, аңшылық-саятшылық дәстүрімізді екеуара қаузап келеміз. Сұхбаттасым — елімізге танымал балуан, облыстық «Қостанай қыраны» байқауының 3 дүркін жеңімпазы, «Қазақстан барысы» турниріне қатысушы, халықаралық додаларда биіктерден көрініп жүрген, қазақ күресінен спорт шебері Ерлан Омаров.
Науырзым ауданының Өлеңді ауылында дүниеге келген қазақтың қарапайым баласының күрестің сыртында да айналысатын кәсіптері барын біреу білсе, біреу біле қоймас.

ИТТЕРІНЕ СИЫРДЫҢ СҮТІН БЕРгеН БАЛА

— Ереке, өзіңнің күрестен бөлек жүйрік ат, алғыр тазы ұстап отырғаныңды естіп келіп тұрған жайымыз бар. Баба кәсіппен айналысу ойыңызға қалай келді?
— Бала кезімде үйде жеті-сегіз итке дейін асырайтынмын. Әйтеуір, жылқыға, итке жақын болдым. Ол кезде шешем 15 сиырға дейін сауатын. Мен солардың бесеуін жасырынып барып өзім сауып алып, сүтін иттеріме беретінмін. Сосын шешеме «бес сиыр еміп қойыпты» деп өтірік айта салам. Бір жолы шешем ұрланып сиыр сауып жүргенімді көріп қалып, ұрысқаны бар. Өзім бала кезден бәйге атына шаптым. Асау үйреттім. Аудандық спартакиада болған кезде көршінің атына шабам. Кім жақсы ат ұстаса, соның шабандозы менмін. Бір ауыл-дасымның қара сүлік әдемі аты болды, сол қатты ұнайтын. Жануардың қасынан шықпайтын-мын. Сабақтан келем, малды жайғап тастап, сол қара сүлікке қарай тартам. Қожайыны ана жануарға мінгізу үшін маған үйінің жұмысын істетіп алатын. Ағашын кесем, малын жайғаймын. Не керек, сорпа терім шығып барып, қара сүлікке отырамын. Міне, жылқы малына деген құмарлығым бала кезден басталған. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық кодыңды сақтау — осының бір көрінісі. Демек, жылқыға, баба дәстүріне жақын болғанымыз — осының айғағы.
Қазір, Құдайға шүкір, өзімнің арғымақтарым бар, екі-үш жыл көлемінде жылқы ұстап, саятшылық құруды қолға алдым. Қолымда 3 бәйге атым бар. Жақында Жамбыл облысының Қордай елінен тағы бір бәйге атын сатып алдым. Мен атты пайда көру үшін ұстамаймын. Ата дәстүрін жалғастыру ғана. Ол үшін маған ешкім айлық төлемейді. Қайта өзім ай сайын қаншама шығындалып отырмын.
— Демек, аңға жиі шығасың ғой?
— Аңға шыққанда да, қазіргі адамдар секілді мылтық ұстамаймын. Атқа отырып, тазы жүгіртіп саятшылық құрғанды жақсы көремін. Тазымен аң алған ғанибет қой. Көбіне Аманкелді, Торғай жағына, Қарабалыққа шығып тұрамыз. Иттерімді өзіммен ала барамын, сол жақтан жігіттер күтіп алады. Астыма бір сәйгүлікті береді, соған мініп алып, аң қуамыз. Соңынан қоян қуырдақ жеп, қымыз ішіп, әнімізді айтып тарқасамыз. Саятшылықтың денсаулыққа пайдасы зор екенін айтудың өзі артық шығар. Үйде отырып қалсаң, смартфон, теледидар, компьютерге байланып қаласың. Тұлпарларыңды баптайсың, одан кейін дайындыққа барасың, кешке келіп құлайсың. Күнде солай ғой. Жылқыға мінген адамның барлық денесінде қозғалыс болады. Ол — табиғи шынығу. Миың тынығады. Барлық клеткаң жұмыс істейді. 3-4 сағат ат үстінде жүргенде шаршамайсың. Енді үйге келгенде бір-ақ білінеді. Содан барып құлайсың. Ал атқа жақын болғанның пайдасы — аударыспақ, көкпар ойындарына түсіп жүрмін. Қанымда бар дүние. Әйтпесе, аға-інімде ондай қызығушылық жоқ. Мен күреске келіп, дін жолына бет бұрғаннан кейін жақын ағайындарымның балалары да маған еліктей бастады. Жылқыға құмар болғаным соншалық, достарымның көбі — шабандоз, атбегілер. Басқа облысқа жарысқа барғанда, мені сол елдің балуандары емес, атбегілері күтіп алып жатады.
— Жоғарыда жылқылардың жем-шөбі, басқа да шығындарын өз қалтамнан шығарамын дедің. Оған ақшаны қайдан аласың?
— Жұмыс істемесем де, жарыстардан ұтқан жүлде қаражатын осы кәсібіме салып тұрамын. Айта кетейін, «Қазақ тұлпары» жылқы зауытының басшысы Нәбидолла Кикебаев ағамызға ат қораны жалға алу туралы кіріп шықтым. Ол кісі «Ереке, өзіңдей азаматтардың аттары тұрмағанда, кімнің аты тұрады?» — деп ризашылығын білдірді.
— Тазы итпен қасқырға түсіп көрдің бе?
— Былтыр өзім аңшылардан 50 мың теңгеге тірі қасқыр сатып алдым. Соны асырадым. Содан күздің бір күнінде қасқырға тазы салып салбуырын жасайық деп, осындағы ит ұстап отырған жігіттерге хабар айттым. Өңірден жиырманың үстінде тазы шықты. Қасқырды шабылған егін алқабына апарып қоя бердік. Сонда әлгі жыртқышқа үш-ақ тазы түсті. Соның екеуі менің Арлан деген тазым мен оның 8 айлық күшігі Қарабарыс. Тағы бір досымның Көксерек деген тазысының шамасы келді. Соның өзінде жай ғана жұлмалаған болды да, қарекет қыла алған жоқ. Қанша дегенмен, бөрінің мысы басады ғой.
— Мұндайда бүркіттің қауқары мықты болушы еді…
— Қыран құс ұстау — ойымда жүрген дүние. Бірқатар құсбегілермен осы жайында сөйлесіп те жүрмін. Оған әзірге бармай отырған себебім, бүркіттің бабы өте қиын. Жүйрік ат шаптырып, алғыр тазы жүгіртіп, қыран бүркіт ұшырған қазақта не арман бар! Тағы бір арманым — домбыраны еркін сөйлетіп, ән айтып, күй тарту. Көп жігіттермен аңға барғанда, олар ән-терме айтып отырады, соған іштей қатты қызығамын.

«ШАЛДАН» БӘРІ
ҚОРҚАТЫН БОЛДЫ

— Енді әңгіме ауанын күреске қарай бұрайық. Жалпы, Ерлан Омаров соңғы бірнеше жылдан бері елге жақсы танылып кетті. Үлкен спортқа келген аз уақыт аралығында зор нәтижелерге қол жеткіздің. Былайша айтқанда, тыңнан түрен салдың. Ертеректе неге көзге түспей жүргенсің дегенім ғой…
— Расымен де, мен қазақ күресімен 20 жасымнан шұғылдана бастадым.
— Кеш келдім деп ойламайсың ба?
— Мойындаймын, кеш келдім. Оған дейін ауылда жүгіруден жарыстарға қатысып жүрдім. Баскетбол, волейбол ойнадым. Қалаға 2002 жылы келдім де, бір жыл бокспен шұғылдандым. Содан кейін қазақ күресіне ауыстым. Қазір қазақ күресінен ұлттық құрама мүшесімін. Республикаға оқу-жаттығу жиынына барған кезде жігіттердің бәрі мені «шал» деп қалжыңдайды. Бірақ «шалың» әлі бабында (күлді).
— Алғаш осыдан үш жыл бұрын «Қазақстан барысы» турнирінде шығыстан шыққан, лақап аты «Шотқара» Талғат Әміреновті ұттың. Ол бір сенсация болды. Содан бастап көбі сені азулы қарсылас деп мойындайды. Оған дәлел биыл Астанада ЭКСПО аясында өткен күресте әйгілі Мұхит Тұрсыновты жеңгенің.
— Рас, басында маған қарсыластарым қатты мән бере қоймаған сыңайлы. Себебі салмағым — 87, аналардың көбі 100 келіден асатындар. Сөйтіп жүріп, үздік сегіздіктен көріндім. Спорт дегенің де өнер ғой. Қалауын тапсаң, кез келген қиындықтан өтуге болады. Әйтпесе бірде республикалық турнирде жеңіп келе жатып, белдесудің аяқталуына 20 секунд қана уақыт қалғанда, ұтылып қалғаным бар… Үлкен залда қаншама мың адам саған көз тігіп отырады. Айқай-қиқу, музыка, жарықтың бәрі саған әсер етеді. Сол кезде ең алдымен психологиялық ішкі түйсік дайындығы аса қажет. Егер өз-өзіңді сол жерде қайрай білсең, сөз жоқ, жеңіске жеттің!
— 120 келіден асатындармен тең белдесуің үшін әлі де салмағыңды қоса беруіңе болады ғой?
— Осы жөнінде біраз жігіттер айтып та жүр. Бірақ маған салмақ қосу қиындау екен. Өйткені менің бойым да оған келмейді. Салмақ қоссам, тапалтақ бола қаламын. Ал оның күресте зияны болмаса, пайдасы жоқ. Сол 80 мен 90 келінің арасы — менің бабым.
— Күрестегі тағы бір мәселе — кейінгі бекітілген ереже. Мәселен, бозкілемде белдескен екі балуанның біреуі ескерту алады да, ұпай қарсыласқа жазылады. Қарсыласыңа айла-қарекет жасамастан, 5 минут бойы ескертудің арқасында алған жалғыз ұпайыңмен жеңіске жету қаншалықты әділ?
— Қиын мәселе. Бұл жерде төрешілер өте мұқият болу керек. Барлығы солардың әділ бағалауымен жүргізілуі тиіс. Керек болса, қосымша қоян-қолтық белдесу бар. Сол арада мықты анықталып жатады.
— Күреске тегін адам келмейді. Соған қарағанда, белдесу өнері аталарыңда бар-ау?
— Мен атақты Қарабалуан Алдиярұлының тікелей ұрпағымын.
— Әлгі қасиетті Түркістанда жерленген бабамыз ғой?
— Дәл өзі. Азаттық үшін күрескен, ел басқарған әділ би, қол бастаған батыр. Ол бала күнінен нағыз білекті екендігімен көзге түскен. Шын есімі — Жанұзақ. Кіші жүзде бір ас өтіп, соған 12 жасар атам да барыпты. Үш жүзден игі жақсы жиналған аста ат жарыс, айтыс, балуандардың белдесуі тағы басқа көптеген жарыстар өтеді. Орта жүзден келген арғын, қыпшақтар бәйгенің көп түрінен жеңімпаз атанады. Тек түйе балуанға қарсы шығатын ешкім болмайды. Сол кезде Мадияр би бабамыз орнынан тұрып, «Арғын, Қыпшақтан түйе балуанмен күресетін бір ұл тумаған ба?» деп қапы болады. Сонда 12 жасар Жанұзақ орнынан тұрып, «ата, батаңды бер, мен күресемін» дейді. Жанұзақтың күресетін қабілетін білмейтін Мадияр би сасып қалып: «Сенің түйе балуанмен күресетіндей қандай өнерің бар еді?» — сұрағанда, Жанұзақ: «Үш-төрт жылғы қу тобылғыны бұрағанда майын шығаратын едім», — дейді. Мадияр би Жанұзаққа батасын беріп, алып қарсыласпен күресуге шығарады. Атамыз түйедей балуанды белінен ұстап көтеріп алып, басынан асыра үйіріп, жерге алып ұрады. Сонда әлгі апайтөстің ортан жілігі сынып кеткен екен. Бүкіл орта жүздің жанкүйерлері түйе балуанды жыққан Жанұзақты басына көтеріп, «Қарабалуан, Қарабалуан!» деп ұран салыпты. Сөйтіп, 12 жасар Жанұзақ бала Қарабалуан атанып кетеді. Сол атамның күрес өнері бізге де дарыса керек.

КҮРЕС ӨНЕРІНДЕ ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ АЗ

— Әулеттеріңде өзің сияқты шаршы топқа түсіп, жетістікке жеткендер бар ма?
— Негізінен, сол Қарабалуан атам бала кезінде көрініп, кейін жаугершілік заманда атақты қолбасшы, әділ би атанғаны болмаса, кейінгі ұрпақтарынан ондай жарыстарға түскен ешкім бола қоймапты. Әрине, қара күш иелері болған шығар, бірақ өз атамның әңгімесінде ондай күреске түскендер туралы айтылмайды.
— Қырықтан асқанша боз кілемді тоздырған Мұрат Кеңтоновтың есімі аңызға айналды. Жұмахан Қасымханов ағамыз да талай додаларда топ жарды. Сол ағалардың ағамыздың орнын өзің бастың. Ал кейінгі кезде соңыңнан тағы бір жас қыран — Абылайхан Қасымхан шығып келеді. Ғабит Балғынбаев, Тоқтар, Талғат Жиентаевтар, аты-жөндерін атамаған жас күш иелері баршылық. Қазір бұлардан бөлек өкшелеріңді басып келе жатқан өрендеріміз бар ма?
— Жастар көп қой. Бірақ оларға қолдау аз. Қазір бапкерім Бейсен Әубәкіровтің алдынан небір мықты балалар өтіп жүр. Соның көбі қалаға студент болып келгендер ғой. Міне, солар оқуын бітіреді де, біреуі жұмысқа тұрады, біреуі әскеріне кетеді, сөйтіп жүріп күрестен кетіп қалады. Себебі «ертең қандай да бір жарақаттар алып жатсақ, оған кім көмектеседі» деп, спортты тастап кететіндерді жиі көріп жүрміз. Егер сол жігіттерге тұрақты ақша төлеп, жарыстарының шығынын уақтылы көтеріп, жағдайын жасап тұратын болса, күреске қызығушылық та арта берер еді.
— Қолдау дегеннен шығады. Ел ішінде өздеріңе демеушілік жасайтын, жарыстарға ақжол айтып шығарып салып жүрген Атымтай Жомарт аз емес шығар?
— Жақсының жақсылығын айта кету керек. «Қазақстан барысына», басқа да жарыстарға аттанарда, жәрдемін жасап жүретін азаматтар баршылық. «Мынаны аз да болса, дәруменіңе, ас-суыңа, жататын жеріңе жұмса» деп, қолыма қаражат ұстатып кететіндер болады. Соған көңілің марқайып қалады.
— Қостанайдың түйе балуанын қызметтерге көп шақыратын шығар?
— Нақты өз саламнан шақыратын болса, неге бармасқа? Мен де ізбасарларымды дайындауым керек. Өйткені жас балуандардың көбі маған «бізге бапкер боласыз ба» деп сұрап жатады. Әзірге өзім күресіп жүрген соң, бапкерлікке уақытым да бола бермейді.
— Ерлан, өзің отыздың үстіне шықтың. Әлі үйленбегенсің. Болашақ жарыңа қойылатын талап та дайын шығар?
— Ең алдымен — тегі. Одан кейін қыздың имандылығы. Ары таза адамнан қаны таза ұрпақ туады. Рас, қазір отбасы құруға мұрша болмай жүр. Әрине, отыздан асып барамын. Менің бір байқағаным, небір бойжеткендермен таныса келіп, өзімнің атбегі екенімді айтып, талабымды қоя бастағаннан-ақ бастарын ала қашатындары көп. Үнемі жарыстарда жүреміз, үйден гөрі түзде көп боламыз. Оның сыртында апталап аңға, басқа да шаруаларға кетіп қалатын кездер бар. Міне, осыны айтсаң, түсінетін қыздар азайып барады. Арманым — күрестен әлем жеңімпазы болып, содан соң отбасын құру. Соған биыл ниеттеніп отырмын. Болашақта өзімнің ат қорамды салып, ит ұстап отырсам деген ойым бар. Соған бас-көз болып отыратын жар керек.
— Жолыңды берсін деп, балаларын жетектеп әкелетіндер, той-жиынына шақыратындар бар ма?
— Соңғы жылдары алты баланың тұсауын кестім. Тіпті, танымайтын адамдар осындай рәсімге шақырып жатады. Жақында Астанадан бір азамат менің атам аттас Омар есімді баласының тұсауын кестірді.
— Алдағы уақытта қандай жарыстар күтіп тұр?
— Қазан айында Беларусь елінде қазақ күресінен әлем чемпионаты өтпек. Қазір соған дайындық үстіндеміз.
— Әңгімеңе рақмет! Алдағы жарыстарда тек сәттілік жолдасың болсын!

Сұхбаттасқан —
Қыдырбек Қиысханұлы

(120)