mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің жауапты хатшысы, "Біздің сұхбат" бөлімінің редакторы.

Санжар Керімбай: Бос сөз, арзан күлкі, шоу-бағдарламалар суицидке апарады

Франкл:
«Егер адамның көкірегі қазынаға толы
болса, онда ол трагедияға ұшырамайды»

— Бүгіндері Франкл жаршысысыз. Қазақстанда Виктор Франклды сізден артық ешкім насихаттап жүрген жоқ. Онымен қай уақытта таныстыңыз? Оның еңбектерін аударуға не түрткі болды?
— Менің 32 жасымда Алматыда үй-жайым бар, әйел, бала-шағам, көлігім бар, пәтерім, атағым, байланысым бар, бәрі бар еді. Сол шақта діни практикада жүргем. Зікір де салатынмын. Бірақ түнде ұйықтағанда өмірім босқа өтіп бара жатқандай, әйтеуір бір нәрсені таппай тұрғандай алабұртқан сезім үнемі мазалай берді. Құран бойынша Құдайды өте көп зікір қылсаң, жүрегің тынышталады дейміз ғой, жүрегің тыныштық тапқандай болады, бірақ жеке қалғаныңда көңілің құлазиды. Сондай күндерде кітап дүкенінен кездейсоқ «Духовный мир человека» деген кітап сатып алып, соның ішінде «Стремление к смысль» деген өлең тауып алдым. Сол кезде психологияның үшінші мектебінің негізін қалаған, өнегелі өмір принципін ұсынған Виктор Франклмен таныстым деуге болады. Оның принципі – адамды туғаннан өлгенге дейін жетектеп отыратын күш, ол мәнді, мағыналы, өнегелі өмір сүрсем деген мотив. Кейіннен оның «Психолог в концлагере» деген кітабын тауып алдым. Сонда түрмеге түскеннен бастап, тірі шыққанға дейінгісін жазады. Көкірегі қуыс балалардың қалай өліп қалатыны, бұлардың қалай тірі шыққаны, түрменің өзінен қалай шаттық табуға болатыны. «Человек в поисках смысла» деген кітабы Ғалымдар үйінің кітапханасында бар екен, сол жерге барып оқыдым, бірақ түк түсінген жоқпын. Сол кездегі психологияның, философияның терминдерін оқып, шошып кеттім. Пандетерминизм, детерминизм, индетерминизм, плюрализм деген өңшең «измдерін» көргенде шошып кетіп, бір күн таңнан кешке дейін отырып-отырып, түк түсінбей қайтқанмын. Басқа жеңіл афоризмдерін, жеңіл мақалаларын оқып жүрдім. Адам негізі көкірегі бостықтан өледі дегенді жаттап алғанмын. Сондықтан адам үнемі көкірегіне мәнді, мағыналы, өнегелі әңгімелерді түйіп жүру керек. Сонда ғана бұл дамиды деген. Кейіннен осы «Отбасы хрестоматиясын» демеушілік жасап шығарып отырған Абзал Құспанға барып, Франклдың идеялары туралы айтқанымда, ол логотерапияға қатты қызықты да, сен осыны аудар деді. Оған күшім жетпейді, мен оның философиясына тереңдей алмай жатырмын дее едім, ол маған біраз уақыт берді. Ақыры Түркияның Кайсери қаласында осы кітапты аудардық. Мен қасыма дін психологиясында оқитын кәсіби маман Мұхит Төлеген деген жігітті команданың бір мүшесі ретінде алдым. Оларда Франклді де, Масловты да маманданған түрде оқытады, терминдерді де үйретеді. Екіншісі Анкара қаласында дін философиясында магистратурада оқитын Азамат деген жігіт болды. Екеуі де терең білімді жігіттер. Қасымда тағы екі жігіт бар, барлығы бесеуміз бір кітапқа жабылдық. Әйтеуір, біреудің түсінбегенін екінші біреу түсінуі мүмкін, содан кейін ғана терминдердің мағынасы да сол кезде барып менің миыма кіре бастады. Сөйтіп, терминдерді қазақшалай бастадық. Көкірегі қуыс адамды «экзистенциальный вакуум» деп атаса, біз оны «қуыс кеуде» деп аудара салдық. Адамның кеудесінде мән-мағына болу керек дегенді біз Абайдан оп-оңай тауып алдық.
«Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі», — дейді Абай.
Қазақта мемлекет болған, өркениет болған. Мемлекет болды деген сөз, оның философиясы, мәдениеті болды деген сөз. Онсыз мемлекет тұра алмайды ғой. Ханға бағыну керек, өмір сүру шарттары болу керек дегендей, оны аузы дуалы абыздар барып жеткізді дегендей. Демек, қазақта логотерапияның негіздері бар, бірақ ол басқаша аталған.
— Виктор Франклдің іздегені, негізгі аңсары қазақтың мәдениетінде, танымында, мақал-мәтелдерінде де бар екен. Оны өздеріңіз жазған «Логотерапия» кітабынан көрдік. Өзімізде бар құндылықты көрсетуге Виктор Франкл керек болғаны ма?
— «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, егер революция болмағанда, большевиктер қазақтың зиялы қауымын қырып жібермегенде, 30-40 жылдары логотерапия елімізге келіп, дамып, Қазақстан логотерапияны оқытуда белді, өте қабілетті мемлекеттердің біріне айналар еді деп ойлаймын. Неге десеңіз, Шәкәрім мұнымен айналысқан.
— Шәкәрімді қазақтан шыққан тұңғыш психолог немесе психотерапевт деп айта аласыз ба?
— Шәкәрімді ақын, шайыр деп айтып жатады ғой, мен оны бұлардың ешқайсысына жатқызбаймын. Оның ойлары экзистенциялық философияға жатады. Оның ішінде логотерапияға жатқызатын себебім, экзистенциялық бағыттың бәрі оптимистік бағытта болмайды. Олар модернистік бағытта да бола береді. Былайша айтқанда, француз жазушысы әрі көсемсөзші, философы Альбер Камю өзін-өзі өлтірген, «Шал мен теңізді» жазып, бүкіл әлемге танылған америкалық жазушы Эрнест Хэмингуэй атылып өлді. Тағы бір америкалық жазушы Джек Лондон да 40 жасында өліп қалды. Ал олар әлемге ақыл айтады, бірақ өз-өздеріне қол жұмсап өледі. Ал Виктор Франкл экзистенциялық философиямен айналысып отырып, оптимист болған адам. Ол кез келген нәрседен позитив тауып ала береді. Ол әрбір нәрсенің хикметін ашудың шебері болған. Оны ұлықтайтындығы сондықтан. Егер Шәкәрімді оқысаңыз, экзистенциялық бағыт, адамның ақылы деген нәрсеге жауап береді.
Ақыл деген — денеге егілген дән,
Суғарылса, кіреді оған да жан.
Ақылдың өсіп-өніп, зораймағы
Көрген, білген нәрседен ғибрат алған.
Оны Франкл «жеткілікті шарт» дейді. Яғни адамның ішінде денеге егіліп қойған ақыл бар ма, рухтың бір сипаты, онда сен феномен ретінде көріне аласың. Оны арнайы мектеп оқып бітірудің қажеті жоқ. Қарапайым ғана мысал, дүниеден өткен көптеген аталар мен әжелеріміздің 2-3 кластық білімі бар. Қазіргі тілмен айтсақ, сауатсыз дейді ғой, бірақ солар бір әулетті шашау шығармай билеп отырды. Ал қазір қазақтар балаларын «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің маңдайалды оқу орындарына оқытады, бірақ олар бір отбасына ие бола алмай жүр. Әулетті билемек түгілі, өзінің әйел, бала-шағасына ие бола алмайды. Осыдан хикмет ілімі деген шығады. Шәкәрімге мен не үшін таңғалам? Франклдың ашқан жаңалығы, суицид болсын, жалпы оның өмірін игере алмай қалу дейікші, өз өміріне жауапсыз қарау, мейлі ол ішімдікке салына ма, отбасы шашырап кете ме, өзіне қол сала ма, мұның бәрі түпкі негізін таппаудан болады дейді.
Затшылдық көзін байлады,
Адастырып айдады.
Жан билемей, Тән билеп,
Ақылдың соры қайнады…
Тәнсіз зат жоқ дегізді.
Ғылым деп уды жегізді.
Дәлелсіз пәнмен зерделеп,
Тапқызбай қойды негізді.
Франкл осыны ризн деп, тура солай алған. Субъективті негіз деп береді. Барлық негізгі гәп адамның ішкі негізінен қаңырап бос қалып, қирап қалған кезде себеп сырттан соғады дейді. Мысалы, банкрот болып қалу, ғашығы тастап кету. Сырттай қарағанда банкке қарыз болғаннан, ғашығы тастап кеткеннен өлген секілді болып көрінеді. Ал оның субъективті негізіне үңілер болсаң, оның көкірегі қаңырап бос тұрады. Франкл: «Егер адамның көкірегі қазынаға толы болса, онда ол трагедияға ұшырамайды», — дейді. Демек рухани бай адам қандай қиын жағдайға душар болса да, күресе біледі.
Психологияның үш мектебі қатар қалыптасып келе жатыр. Біріншісі — Фрейдтің рақаттану принципі. Екіншісі — Адлердің статус принципі. Яғни үстемдік құруымыз керек, өзімізді сыйлата білу керек дейді. Үшіншісі — Франклдың өнегелі өмір сүруіміз керек деген принципі. СССР мұның алдыңғы екеуін кіргізді. СССР халқын зомби қылып ұстап отыруға бұл екеуі таптырмайтын нәрсе. Адамда рух жоқ деп айту манипуляция ғой. Франкл келіп, рухани болмыс бар, оны дәлелдеймін. Рухтар бірлестігі, ар-ұят бар дейді. Сталин басқарып отырған қызыл империяда Франклдың ілімінің сол кездегі Қазақ АССР-ына кіруі мүмкін емес еді. Біріншіден, Шәкәрім секілді экзистенциялық философияға қызығып, кітап жазып отырған адамдарды атып тастайды. Екіншіден, 50-60 жылдары логотерапияны оқуға тыйым салады. Бірақ менде нақты тыйым салды деуге дәлел жоқ. Осындай темірдей тәртіп орнаған жерде мұны кіргізу мүмкін емес те. Құдай жоқ, ар-ұят жоқ деп отырған коммунистік мемлекетті Құдай бар, ар-ұят, жауапкершілік, махаббат деген бар, мұның бәрі рухпен байланысты, оның арғы жағы Құдаймен байланысады деп отырған адамды кіргізбейді ғой. Сондықтан 30 жылдардағы зобалаңнан кейін темір перденің тартылуына байланысты бұл дүниенің бәрінен мақұрым қалды.
Франкл: «Ар-ұят, намыс, махаббат параллельді екі поляда өмір сүре береді. Әдебиет пен философия да насихаттала береді. Бірақ ол мораль тұрғысында ғана», — дейді. Адамдар философияны білмесең, онда тұрған ештеңе жоқ. Ең бастысы ақша санау білсең болды, өлмейсің деп ойлайды. Ал әдебиетке барсаң, әдебиетті оқитындар оқыса оқи берсін, маған мына екі бетті оқысам да жетеді дейді. Сондықтан «мораль түрінде насихатталатын нәрсе енді өтпейді» деген Франкл. Яғни ХХІ ғасырда антологиялық таным, яғни «әрбір феноменді түпкі табиғатына сен әртүрлі дәлелдермен империкалық әдіспен дәлелдеп бермейтін болсаң, онда оны адамдар қабылдамайды». Ал моральды күшейте берсең, нұқи берсең, жұлқи берсең, оның түбі энтузиазмға алып келеді дейді. Сондай-ақ, кезінде адамды діни танымына бола айыптап, өлтіргендердің бәрі сол моральдық танымның күшейгенінен шықты дейді. Өзінің айтып тұрған нәрсесін антологиялық тұрғыда дәлелдей алмайды, бірақ өзіне сенімді болып алады да, фанатизм туғызады. Мұның көрінісін қазір де табасыз. Мысалы, Ауғанстанға барсаңыз, олар ештеңені зерттемейді. Бір нәрсеге сенеді де, мынау Құранды қорлады дейді де, әйелдерді тепкілеп, елдің көзінше өлтіріп тастай салады. Мынау зина жасады дейді де, дәлелі де жоқ, автоматпен атып тастай салады. Оларға Құдай ондай құқық бермесе де, сол құқықты өздері қолдан жасап ала салады.

…Бәленің бәрі ата-анадан басталады

— Мемлекеттік тапсырыспен суицидке қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар. Мемлекет тарапынан осындай ұсыныс жасау себебі неде деп ойлайсыз? Мемлекеттік қызметкерлер жиналып алып сіздің кітабыңызды оқыды ма?
— Олардың көбісі оқыған жоқ деп ойлаймын. Алматы облысы Жамбыл ауданы білім бөлімінің бізді шақыру себебі — сол жердің тұрғынымыз. Біз ата-аналар жиналысына барып, идеяларымызбен таныстырдық. Сосын олар басшыларына айтады. Сөйтіп, олар 2015 жылдың қараша айында бізді шақырып: «Сіздер осындай логотерапия туралы айтады екенсіздер, біз сынақ ретінде бір рет тыңдап көрейік. Егер ұнаса, 2016 жылдың жоспарына енгізейік», — деді.
Жалпы мектеп ауласында болатын кез келген келеңсіз оқиға, тек қана суицид емес, әлімжеттік дейсіз бе, қыздардың жүкті болып қалуы дейсіз бе, оқушылардың өздерінің қамы үшін жұмыс істеп отырған ұстаздарының жағасынан алуы, сыйламауы — бәрі-бәрі қуыс кеудеден шығады. Оқушылар мәнге ұмтылады, ал мектеп олардың мәнге деген сұранысын өтемейді. Осы жерде екіге жарылып кетеді: құндылық және құрал. Мектеп құрал беруді қатырады, математиканы оқытады, қалай өмір сүруді үйретеді, бірақ не үшін екенін айтпайды. Ал оқушы қалай өмір сүру керектігін үйреніп алады да, осының бәрі не үшін деген сұраққа жауап таппайды. «Не үшін?» деген табиғи мотив келіп тұр арғы жақтан. Оны мектеп түсіндіре алмайды. Тек қана моральдық тұрғыда ақыл айта береді. Ал мораль олардың жүйкесіне тиеді. Сөйтіп сол мектепте оқушысы, мұғалімі бар, 160-тай адам жинады. Сол жиында «енді моральдық танымды қойыңыздар, келіңіздер, одандағы осы айтып отырған нәрселерді дәлелдейік» дедім. Осы айтып отырған нәрселер шынымен бар ма, жоқ па, біз бір рет көрсеттік. Ол ұстаздар тұрмақ, оқушыларға қатты ұнап қалды. Мұғалімдерін таптап кете жаздайтын әдепсіз оқушылардың бәрі аузымызға кіріп кете жаздады. Бізге керегі де осы.
Сонымен, 2016 жылдың наурыз айында олар бізге келісімшарт арқылы жұмыс істеуді ұсынды. Ауданда 56 мектеп бар екен. Біз келістік, бірақ бізге екі түрлі жағдай жасайсыздар дедік. Маған ата-аналар жиналысы керек дедім. Неге десеңіз, бәленің бәрі ата-анадан басталады. Ешқашан мұғалімдерді кінәламаймыз, дұрыс, кәсіби біліктілігі төмен мұғалімдер болуы мүмкін, бірақ ол мұғалімнің кәсіби біліктілігі мықты болса да түк істей алмайды. Себебі белгілі, мектепте әрі кетсе екі психолог болуы мүмкін. Бір мектепте 1500 бала оқиды деп есептесек, оларға екі психолог не істейді, оқу ісінің орынбасары не істейді, ал мұғалім ше? Ал ата-ана үйіндегі 3-4 баласына ие бола алмай отырғанда, сынып жетекшісі бір сыныптағы 30 баланы қалай тәрбиелей алады? Негізі, бала мектеп табалдырығын аттағанша-ақ үйінде қаншама әңгіме тыңдап, соған дейін қалыптасып қалады. Баланың қуыс кеуде болып, дес бермей кететін себебі үйдегі дастарқан басында айтылатын әңгіменің мазмұнына тікелей байланысты.
Сосын біз ата-аналарды жинап алып: «Бұдан былай сіз өзіңіздің 2-3 балаңызға ие бола алмай отырып, мектепте 30 баламен, 1000 баламен айқасып отырған психологтың жағасынан алғанды қойыңыздар!» — дедік. Олар онсыз да мына шатасқан білім жүйесінде қағаз толтырудан қолы босамайды, одандағы үйде балаға 5 минут қисса айтып отырыңыздар деп, баламен қалай сөйлесу керектігін үйреттік. Негізінен оқушылармен емес, ата-аналармен жұмыс істедік. Сөйтіп, ата-аналардың құлағына құя бердік. Сол кезде ата-аналар балаңмен экзистенциялық коммуникацияға түсу мүмкін бе деп сұрайды. «Балам, сенің көкірегің қуыс сияқты, сенің кеудеңде хикмет азайған сияқты, байқаймын, сенің көкірек көзіңді кір шалған сияқты» деген сұхбатқа түсе алмайды. Себебі ондай лексикон жоқ оларда. Оны революцияның кезінде жойып жіберген. Мынандай сөзді қолданасыз деп, сол лексикондардың бәрін үйреттік. Он ай өткен соң мектеп басшылығы бізді есеп беруге шақырды. Статистика бойынша қанша бала қатысты, қандай сұрақтарға жауап берді, барлығын пайызға шақтық. Сонда әдіскер: «Сіздер келгенге дейін 2015 жылы 6 суицид болды, үшеуі өлді, үшеуі тірі қалды. Сіздер қиссамен он ай жұмыс істеп, логотерапия тәсілін қолдандыңыздар, бірде-бір инцидент тіркелген жоқ», — деді.
Осылайша аудан бізді тағы да шақырып, бір-бірінен көріп, Шымкент шақырды. Ақтөбе, Астана, Орал, сөйтіп елді шарлап кеттік.

Қазақ балаларының ғарышкер болам, жазушы болам дегендері әлдеқайда жақсы нәрсе

— Халық көп шоғырланған ОҚО-да көбіне суицидке баратын кімдер?
— Осы жерде сізге бір қызық айта кетейін, бізді алдын ала шақырып, көмектесіңдер деген кезде мен шет қалып кеткен аудандардағы балалар көбірек өлетін шығар деп ойладым. Бізді Созаққа жіберетін шығар деп отырдым. Сөйтсем керісінше, ең қазақтар көп, тығыз отырған орталықтағы аудандарды берді: Отырар, Бәйдібек, Ордабасы, Арыс, Шардара өзбек-қазақ аралас отырған аймақ. Сол кезде мен бірінші рет білдім, этникалық өзбектер қазақтарға қарағанда суицидті көбірек жасайды екен. Мұнысы несі? Өзбектер қазақтарға қарағанда сауда-саттықты жақсы жасайды, өмір сүруге бейім деп таңғалдым. Сонда біз мынаны түсіндік, редуксионистер адамға зат секілді қараған кезде суицид өсе бастайды. Оны Франклдан бұрын Ирвин деген психолог айтқан. «Адам үстел, орындық секілді қолданатын зат емес, ол — ішкі жан дүниесі, транценденті ғайып әлемімен байланып тұрған рухани болмыс. Егер ол өзінің заттанып, өмірде құнсызданып бара жатқанын білетін болса, суицид жасауға дайын отырады» деген.
Сайрам ауданына келгенімізде сол жердегі өзбек жігіттер ауылдарына шақырды. Біз барардан 3-4 күн бұрын ғана 9 не 10 сынып оқитын бір қыз асылып қайтыс болыпты. Сонда редукционизм бізге қарағанда өзбек ағайындарда басымырақ екенін түсіндік. Олар балаларына «мен сені оқытам, тоқытам, өскен соң сен мені асырайсың» деп, ақша табатын машина секілді қарайды. Сосын екіншісі ерік қалауы дейді. Логотерапияда Құдайдан адамға тікелей берілген 4 нығмет деп атайды мұны. Бірінші — адамның ерік-қалауының бар екені. Адамның еркін болмыс екенін дәлелдеу. Екіншісі, адам жауапкершілік арқалайды. Қоғам алдында, ар алдында, адам алдында, Құдай алдында. Осы қоғамға пайдалы іс қылсам, жеке өмірімнен бөлек бір жауапкершілік алсам дейді. Үшіншісі — жасампаздық. Яғни адамның ішіне Құдай Тағала телегей теңіз дарынды салған, соны басқара білу керек. Төртіншісі — шешімді қабылдау. Кез келген мәселеде соңғы сөзді өзің айту керексің дейді. Сонда өзбек жігіттер айтады: «Менің жасым 34-35-те, үш баланың әкесімін. Әлі күнге дейін банк карточкамды әке-шешем ұстайды. Бірдеңе сатып алатын болсаң, әке-шешеңнен барып сұрайсың». Мен: «Өзің де қызықсың, неге беріп қойдың, барып алмайсың ба?» — дедім. «Сұрасам, ақша тапқаныңды, асырағаныңды міндет қылып отырсың ба, біз сені онсыз да асырағанбыз», — деп, карточкамды бетіме лақтырып жібереді. Бұрын ақшамызды әке-шешеміз ұстағанын мақтаныш көретін едік. Соның дұрыс емес екенін енді біліп жатырмыз», — дейді. Мұндай қарым-қатынас ата-ана мен бала арасында да, кейде ерлі-зайыптылар арасында да орын алады. Кейбір әйелдер күйеулерін ақша табатын машина секілді көреді. Карточкасын алып қояды. Ал бүгінде еркектер әйелдеріне осындай қарым-қатынас жасайды. Яғни ақша табатын әйелге үйленіп алады да, соны «сауып» отырады. Жұмыс істемей үйінде жата береді. Осындай редукционистік, адамға бір-біріне мені асыраушы деп қараған кезде суицидтің рейтингі өседі.
Адамдар «қазақтар ақымақ қой, балаларын қайдағы жоқ ұшқыштың оқуына оқытады, ананы-мынаны оқытады, өзбектерді қарашы, қандай ақылды халық» деп айтады. Біз секілді мектеп бітіре сала үлкен армандарға қол созбайды. Шаштараз, аспаздың оқуын оқиды, машина жөндеуді үйреніп алады. Сөйтеді де бұларды 20 жасында әке-шешелері үйлендіріп тастайды. 30 жасында 5-6 баланың әкесі болып отырады. Сонда көрдің бе, өмірдің мәні деген ертерек әке-шешеңнің айтуымен үйленіп, қоян сияқты көбею ме деген сұрақ туындайды. Ал ол 30-дан кейін оның экзистенциялық талаптары оның мәнге деген талаптарын іштен сығады. 32-ге келген кезде өзбек ағайындар да ойланады ғой, жанындағы қазақ балаларды көреді. Қараса бірі «Болашақпен» анда оқып келіп жатыр, мында оқып келіп жатыр. 3-4 тіл біледі. Біреуі үлкен зауыт ашып жатыр. Олар өздерінің басқарылмаған, ашылмаған таланттарын көрген кезде өмір сүруге деген құштарлықтары кеміп қалады. Сосын әйеліне қарайды. Ол — шешесінің таңдауы. Кәсібіне қарайды, әкесінің таңдауы. Бұл туралы Франкл: «суицид жасайтын кезде адам қимас затым бар ма, жоқ па деп, артына қарайды. Егер таңдаған қалауы өзінің қалаған, өзінің жүзеге асырған таңдаулары болса, оны қимайды. Ал біреудің қалауы, біреудің таңдаған шешімі болса, ол жерден мен өзімнің өмірімді көріп тұрған жоқпын, мен не үшін біреудің өмірін аяу керекпін деп, суицидке бейім болады», — дейді. Одан да қазақ балаларының ғарышкер болам, жазушы болам дегендері әлдеқайда жақсы нәрсе.

Қоғамның қалауымен
санаса отырып,
эфир уақытын дәл бөлетін

— Бұдан да өзге суицидке жетелейтін қандай факторлар бар?
— Жалпы Қазақстанда неліктен суицид рейтингі жоғары десек, еліміздегі бос сөз, арзан күлкі, шоу-бағдарламалар шектен тыс асып кеткен. Олар адамдарды өлтіріп жатырмыз деп ойламайды. Біз күлдіріп жатырмыз, қуаныш сыйлап жатырмыз деп, өздерін ақтап алатын неше түрлі мақалдар тауып алады. Бұрын мен Қазақстан телерадиосында істеген кезде Ғалым Доскеннің эфирді бөлгенін көргем. Сонда эфир уақытын бөледі: жаңалықтар қанша минут аласыңдар, мынанша, саяси сараптама қанша минут? Жеті-сегіз минут. Ал эстрада ше дегенде, поп музыканы тыңдайтындар саны көп, бізге жарты сағаттан кем уақыт аз болады дейді. Күй ше десе, оны жастар тыңдамайды кемпір-шалдар болмаса, оған аптасына он минут береді. Қаратау шертпелеріне аптасына он минут жетеді. Қарағандының, Жезқазғанның дәстүрлі әндеріне он бес минут берейік дейді. Діни сұраныс қанша? Қазір діншілдер көбейіп келе жатыр, 20 минут берейік дейді. Сөйтіп, қоғамдағы сұранысты сеткамен дәл есептеп шығаратын. Қоғамның қалауымен санаса отырып, эфир уақытын дәл бөлетін. «Ақжүніс» жастар үшін, саясатты жақсы көретіндер үшін «Күлтегін», тарихи танымды күшейту үшін «Атажұрт», балалардың әдебиетке сұранысын өтеу үшін «Алтын сақаны» шығаруы — бәрі-бәрі есептеліп отырады. Менің ойымша, қазіргі басшылар мына жақта халық бар-ау, олардың өмір мәнін түсінуге сұранысы бар-ау деп санаспайды деп ойлаймын. Бүкіл қоғам «ахаха-ехехеуді» тілеп отыр деп ойлайтын болса керек. Мұның бәрі адамды «өлтіріп» жібереді. Сондықтан қазақтардың үш арсыз бар: ұйқы, тамақ, күлкі деген дүниетанымы өте дұрыс айтылған.
— Сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Бауыржан Карипов

(678)