Жасөспірімдеріміз Болгарияда топ жарды

Жуырда ғана Болгариядан сүйінші хабар жетті. Қазақ елінің бәйгеге үкілеп қосқан саңлақтары өнер бәйгесінен олжалы оралды. Айта кетейік, Болгар елінің курортты аймағы саналатын Солнечный берег өңірінде «Ние — XXI век» («Біз — XXI ғасыр» ) атты XXV халықаралық балалар және жасөспірімдер фестивалі өткен еді. Румыния, Болгария, Ресей, Македония секілді әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ден астам өнерлі өрендер жиылған додаға Қазақ елі Сыр өңірі мен Жетісудан шыққан талантты 9 тұлпарын үкілеп қосты.

Қалың елі қазағы мен ұстаздарының үмітін арқалап, ат арытып барғанда жас таланттарымыз ел сенімін ақтады. Жас жеткіншектеріміз қазақ әуендерін әуелете шырқап, тыңдармандарын тәнті етті. Бәйгеге қосқан шәкірттердің бірі де ұстаздарын жерге қаратпай, жүлделі орындардан көрінді. Вокал номинациясы бойынша Бақдәулет Исабеков (13-17 жас аралығы), Ақылбек Нұрасыл (9-13 жас аралығы), Арыслан Толыбек пен Арайлым Берік өнер көрсетіп, жиналған қауымды тәнті етіп, барлығы да 1-орынды қанжығаларына бөктерді. Ал Баянсұлу Ертай мен Дінислам Бақытбек 2-орынды иеленсе, 3-орын кішкентай қызымыз Мақаш Қасиетке бұйырды. Бұл өнерпаздардың барлығы да аяулы ұстаз, «Мәдениет майталманы», Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қаракөз Ақдәулетованың шәкірттері екенін айта кеткен жөн.
Бұл додада әншілер ғана бақ сынаған жоқ, қазақ домбырасы да Болгария көгін күмбірлеген күймен тербетті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, атақты күйші Айгүл Үлкенбаеваның шәкірті, алматылық Рауан Мағауин домбыра номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болды. Ал алматылық Ирина Куценконың қазақ әндерін нақышына келтіре орындап, қазылар алқасын тәнті еткенін де ерекше айта кеткен жөн.


Конкурс аяқтала салысымен қызылордалық өрендеріміз Болгарияның тарихи қаласы Тутраканға ат басын бұрды. Ондағы мақсат екінші өнер бәйгесі «Речные ноты» байқауына қатысу болатын. Бұл тартысты додада да жас өрендерімізге сәттілік серік болып, бірнеше жүлдені қанжығаға байлады. Орта топта бас жүлдеге 18 бала таласып, Арыслан Толыбек бас жүлдені иеленді. Ал Бақдәулет Исабеков пен Ақылбек Нұрасыл 2-орын төрінен көрінсе, 3-орынға Қасиет Мақаш лайық деп танылды.
Жасөспірімдердің өнерлерін шыңдап, шетел асып жарысқа қатысуына Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен кәсіпкер Аманбаев Нұрлан мырзаның қолдауы мен көмегі тиіп келеді.
Балғындарды республикалық, халықаралық деңгейдегі үлкен додаларға қатыстырып, конкурсқа дайындап, қажырлы қызмет атқарып жүрген ұстаздары Қаракөз Ақдәулетоваға тұлпарларыңыз әрдайым бәйгеден озат келе берсін деп тілейміз. Ал өнер өрінде бүр жарған бәйшешектей көктеп келе жатқан балғындарымызға қазақ өнерін дамытып, еліміздің даңқын әлемге әйгілеп жүре беріңдер дейміз. Қанаттарың талмай биік шыңдарға қанат қаға беріңдер, жас қырандар!

Айман Рамзия

(14)