Ұстаз бақыты

Ұстаз — әр адам жүрегіне ерекше жылулық нұрын себетін жан. Адам баласының жүрегіндегі қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса, оның бірі — ұстаз. Сондай аяулы жандардың бірі — Ермұханова Хадиша Кенжеғұлқызы. Ол өзінің ұстаздық жолында заман талабына сай оқытудың жаңа технологиялық жүйесін жетік меңгеріп, оқушы санасына жаңаша жолмен сіңіруді мақсат етіп алған жан.

Ермұханова Хадиша Кенжеғұлқызы еліміздің алдыңғы қатарлы білім ордаларының бірі — Алматы «Білім-инновация» лицейінің (бұрынғы мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің) мұғалімі, ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі. Ол шәкірттерін шынайы жақсы көреді. Әңгіме арасында өзі сияқты тарихты жақсы көретін шәкірттерін ылғи айтып отырады. Бір кездері қарапайым мұғалім болып еңбек жолын бастаған маманның ұлағатты ұстазға айналуының сыры да осында. Шәкіртке деген адалдық пен сүйіспеншілік.
Ұстаздардың ұстазы болып жүрген Хадиша Кенжеғұлқызы еңбегі жанған, үміті ақталған ұстаздардың қатарына жатады.
Хадиша Кенжеғұлқызы — Ақтөбе облысының тумасы. Ол бала кезінен заң қызметкері болуды армандады. Әйтсе де, мектепте мұғалім болып еңбек етіп жүрген алдындағы аға-апаларына қатты қызығады. Сөйтіп, бар болмысымен ұстаздық жолды таңдап, тарихшы атанды. Мұғалім мамандығын тағдырына балаған Хадиша Кенжеғұлқызы осы жолда еңбекқорлық пен жауапкершілікті бойтұмарына айналдырады. Шәкірттерімен етене араласып, білек сыбана жұмыс жасаған біздің кейіпкеріміз білім беру жолында біраз белестерді бағындырды. Балалардың дүниетанымын кеңейтіп, үнемі шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздың мақтаулы шәкірттері де жетерлік. Әр жыл сайын облыстық, республикалық олимпиадалар мен халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанып жүретін шәкірттері ұстаз мерейін асырып келеді. Ондай сәтте, Хадиша Кенжеғұлқызы да тынымсыз еңбектің ақталғанына қуанып, бір жасап қалары анық. Еліміздің әр түкпірінде қызмет атқарып, білім алып жүрсе де, өзін ұмытпай, әр кез хабарласып, хат жазып тұратын шәкірттеріне ұстаз да дән риза. Ұстаз бақытының сыры да осында шығар, бәлкім.
Тарихшы ұстаз ретінде оны қазақ тарихына қатысты ойландырар қатпарлы сұрақтар көп. Әлі күнге дейін қазақ тарихына қатысты кейбір ащы ақиқаттардың айтылмауы, зерттелмеуі ұстаз қабырғасына батады. Әсіресе, Қазақстан тарихына қатысты материалды жиыстыруда, оқып-тоқуда белгілі білім бағдарламасы шеңберінен шығып кетуге тура келеді. Өйткені ғалымдарымыз әлі күнге жоғары сыныптарға лайық тарих оқулығын бере алмай отыр деген еді бірде бізбен әңгімесінде…
Ол қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық конференцияларға қатысып, түрлі тақырыптарда жиі баяндама жасайды. Оның іс-тәжірибесі республика бойынша таратылды. Өзгеге де үйретіп, өзі де үйреніп, бір тыным таппайтын ұстаздың тынымсыз тіршілігі мен осы жолда бағындырған биігі жас мұғалім мамандарға үлгі боларлықтай-ақ.
Мен Хадиша Кенжеғұлқызымен ең алғаш рет 2007 жылы кездестім. Ол кезде мен Шымкенттегі қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінде қызмет жасайтынмын. Хадиша Кенжеғұлқызының тікелей басшылығымен Алматы қаласының жанындағы Есік қазақ-түрік лицейінде үш күндік семинар ұйымдастырылды. Осы семинарда мен Хадиша Кенжеғұлқызының терең білімділігіне, еңбекқорлығына, ізденісінің жоғары деңгейде екендігіне анық көз жеткіздім. Ол кісі «KATEV» Халықаралық қоғамдық қорының әдіскері болып жүргенде мұғалімдердің білімін жетілдіру бағытында өтетін шараларға мені жиі шақыратын. Қазіргі кезде де еліміздегі «Білім-инновация» лицейлерінде (бұрынғы қазақ-түрік лицейлері) қызмет жасайтын тарихшы ұстаздардың басым бөлігі Хадиша Кенжеғұлқызын өзіне үлгі тұтады. Өйткені саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстазымыз өзінің көп жылдық тәжірибесімен, ақыл-кеңесімен бөлісуге әр кез дайын тұрады. Ұстаздық жолын таңдаған өзім сияқты жас мамандар апайдың бағыт-бағдарының арқасында бұл күндері мықты маманға айналды. Ол кісінің жиі өткізетін жоғары деңгейдегі шараларына қатыса жүріп, мен елімізге белгілі тарихшылармен кездестім. Сол арқылы білімімді кеңейтіп, теориялық білімімді тәжірибемен ұштастырдым. Сондықтан мен де өзімді мақтаулы ұстаздың шәкірттерінің бірімін деп есептеймін.
Хадиша Кенжеғұлқызы — бірнеше құнды еңбектердің авторы. Оның ұзақ жылғы еңбегінің нәтижесі талапкерлерге арналған оқулық («Шың» баспасы, 2004 жыл) шығаруға ұласты. Кейіннен электрондық оқулығы (2012 жыл) Қазақстан тарихы мен Дінтану негіздерінен оқу-әдістемелік құралдары (2007, 2013, 2014-2015 жылдары) жарық көрді. Ол кісінің оқулық, тест және оқу құралдарын республикалық мектеп мұғалімдері кеңінен пайдаланып жүр. 2007 жылы ол кісінің «Бабалар тарихы — асыл қазына» атты жалпы білім беретін орта мектептердегі бағдарлы және қолданбалы бағдарламасы жарыққа шықты. Бағдарлама Г.М.Жусанбаева Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясының ғылыми жетекшісі, т.ғ.к. және Э.Д.Телеуова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті, т.ғ.к. сияқты бетке ұстар ғалымдардың тарапынан оңды баға алған. Бұл бағдарлама мемлекеттік білім стандартына негізделіп, Қазақстан тарихы пәнінің оқу бағдарламаларын басшылыққа ала отырып жазылды. Авторлық еңбектің мақсаты:
1. Отан тарихын ұлттық-мәдени құнды-лықтармен үйлестіре отырып тереңдете оқыту.
2. Тарих ғылымының базалық түсінігін кеңейту.
3. Тарихи құбылыстар мен оқиғаларды өзіндік талдауға және бағалауға үйрету.
Мақсаттарға қол жету жолында келесідей міндеттер қойылды:
1. Оқушылар бойына патриоттық-азаматтық құндылықтарды дарыту.
2. Туған халқына деген құрмет, мақтаныш сезімін ұялату.
3. Ұлттық рухты дамыту.
4. Маңызды істерді шешуге қабілетті, іскер, жауапкершілікті жеке тұлғаны қалыптастыру.
Тәуелсіздік жылдарында төл тарихымыз қайта жазылып, қасиетті Қазақ елінің тарихы өз халқының талабына сай қызмет ете бастады. Еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінде болып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар, жаңа үрдістер адамзат баласы ғасырлар бойы жинақтаған құндылықтары мен игіліктерін қайта зерделеп, жа-ңаша көзқарастар мен тұжырымдарды қалыптас-тыруда. Қазақ тарихындағы сондай жаңғырулардың бірталайы Хадиша Кенжеғұлқызының ерен еңбегінің нәтижесінде іске асты.
Өзім де ұстазбын. Сондықтан мені «Ұстаз бақытының сыры неде?» деген сұрақ толғандырады. Менің ойымша, шәкірттері жиі іздейтін, сондай-ақ, әр шәкіртін өз баласындай аялай білген ұстаз бақытты. Осы тұрғыдан келгенде мақаламның кейіпкері — Хадиша Кенжеғұлқызы шынайы бақытты ұстаз! Ендеше, еліміздің әр түкпірінен есіміңізді мақтанышпен айтып, сізді іздеп жүрер шәкірттеріңіздің қатары көбейе бергей!

Сәкен Талдахметов,
БҚО «Білім-инновация»
лицейінің директоры

(130)