Алматы қоржынын 30 пайызға толтырған Медеу ауданы

Медеу ауданының 2017 жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері

Салық. Медеу ауданы қала көлемінде салық түсімдерінің 30 пайызын, қаржы операцияларының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бөлшек және көтерме сауда тауар айналымының бестен бір бөлігі; ІАТ (ішкі аймақтық тауардың) 2/3 — сауда және қызмет көрсету саласы. 2017 жылдың 30 маусымы бойынша салық түсімі 241 976 761 тг құрайды, болжам 93 пайызға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджеттен —
197 844 650 тг. 90,6 пайыз, жергілікті бюджеттен —
44 132 111 тг., 100,4 пайыз.

Инвестиция. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 43,2 млрд. тг, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 100,7 пайыз, қала бойынша жалпы инвестицияға шаққандағы ауданның үлесі 18,7 пайызды құрайды.

Кәсіпкерлікті және
өнеркәсіпті дамыту.
Қазіргі уақытта ауданда 170 өнеркәсіп орындары жұмыс істейді, оның 12-сі — ірі және орта кәсіпорындар. 2017 жылдың қаңтар-маусым айлары барысында ауданның өнеркәсіп кәсіпорындарымен 62,6 млрд. тг өнімі шығарылды. Өнімнің нақты көлем индексі 105 пайызды құрады. Аудандық өндірістің өнеркәсіп саласындағы қалалық үлесі 11,6 пайызға тең. «2015-2019 жж. арналған Алматы қаласы кәсіпкерлікті қолдау картасына» 10,6 млрд. тг құрайтын, 283 жұмыс орны бар 5 жоба енген. Базарлар мен жеке кәсіпкерлер қызметіндегі бөлшек тауар айналымы көлемі 175,1 млрд. тг құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Сауда секторында 7962 адам жұмыс істейді, орташа айлық жалақы 320 мың тг құрап отыр. Тіркелген кәсіпорындардың шағын және орта бизнестердің жалпы белсенді үлесі 57 пайыз немесе 10,4 мың субъектіні құрайды. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша Медеу ауданынан қатысу үшін 9 кәсіпорын өтініш берген. Жобаның жалпы сомасы — 4,5 млрд. тг, субсидия — 0,9 млрд. тг, құрылатын жұмыс орындар саны — 145.

Әлеуметтік сала.
Қазіргі таңда Медеу ауданында 26 688 зейнеткер, оның ішінде 86 Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері, 2993 тыл ардагерлері тұрады. ҰОС жылдарындағы Жеңістің 72-жылдығына орай 96 ҰОС ардагерлері мен мүгедектеріне жергілікті бюджеттен 150 мың теңгеден 14 млн. 400 мың теңге, 447 соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне теңестірілгендер мен жесірлерге 30 мың теңгеден 13 млн. 380 мың теңге көлемінде қаржы төленді. 9 мамырда 543 біржолғы әлеуметтік көмек алушыларға 37 млн. 780 мың теңге көлемінде қаражат төленді. Медеу ауданы әкімінің аппараты осы салада жылдан-жылға жаңа сатыға қол жеткізуде. 2017 жылдың жартыжылдығында аудандық бірлестіктің тұрақты дамуы бойынша едәуір жұмыс бағдарламалары іске асырылды. Қазақстан Республикасының «Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау» заңының 3-бабына сәйкес, мемлекеттік стандартқа сай барлық кәсіпорындар мен мекемелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз кіру жолдарын қарастыру бойынша ауданда паспортизациялау жұмыстары жүргізілуде. 2017 жылдың жартыжылдығы ішінде 95-ге жуық нысан паспортизацияланды. Паспортталған нысандардың ішінде адаптациядан өткен нысандар саны — 75. «Алматы қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің Медеу аудандық бөліміне 2017 жылдың алты айында 1622 азамат келіп тіркелген (оның 431-і — жұмыссыздар, 54-і — жұмыс іздеушілер), әйелдер саны — 814, 29-ға дейінгі жастар саны — 649, мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны — 90. Жылдың басынан бері әлеуметтік жұмыс орындарына 34 адам жіберілді. Тұрақты жұмыс орындарына 4 адам орналастырылды. Қазіргі таңда 42 адам 17 мекемеде келісімшарт бойынша жұмысын жалғастыруда. Жыл басынан игерілген қаржы 7 096 000 теңгені құрайды. 2017 жылы жастар тәжірибесіне 48 адам жіберілді. 4 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Қазір 40 адам 11 мекемеде келісімшарт бойынша тәжірибеден өтуде, оның ішінде 1-і мүмкіндігі шектеулі азамат.
Жыл басынан игерілген қаржы — 8 539 000 теңге. Қоғамдық жұмыс орындарына 126 адам жіберілді, оның ішінде 25-і — мүмкіндігі шектеулі азаматтар. Қайта даярлау курстарына жыл басынан 45 адам жіберілді. 2017 жылдың 18 сәуірінде «Қазақстан» қонақүйінде мүмкіндігі шектеулі жандарға «Жұмыспен қамту шексіз» атты бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуына қолдау көрсету және осы бағытқа бүкіл қоғамның, мемлекеттік органдардың, бизнес-құрлымдардың, қоғамдық бірлестіктердің күшін жұмылдыра отырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыру.

Денсаулық сақтау саласы.
Мемлекеттік денсаулық сақтау бағдарламасын дамыту барысында медициналық көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Медеу ауданында тұртын 187 568 азаматқа медициналық көмек көрсетілді. Сала бойынша Медеу аудандық медициналық бірлестік 16 көрсеткіштер бойынша жүргізілетін рейтингке сәйкес, Алматы қаласы бойынша 4 жыл бойына 1-орын алып келеді. Аудандық медициналық бірлестік биыл да сол үдеден шығып, 2017 жылдың көрсеткіші бойынша 1-орында тұр. 2017 жылдың жартыжылдығы аралығында әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған аудан әкімі бекіткен кестеге сәйкес, ауданда орналасқан ірі мекемелерде 60-қа жуық кездесу өткізілді. Кездесумен 5000-ға жуық адам қамтылып, 6000-ға жуық міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру ақпараты мен буклеттер және ақпараттық қағаздар таратылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.

Білім беру саласы.
Медеу ауданында қазіргі уақытта 28 білім мекемесі, оның ішінде 14 типтік мектеп жұмыс істейді, олардың 8-і — гимназия, 6-уы лицей. 2016-2017 оқу жылында Медеу ауданының мектептегі оқушылардың контингенті 24756 оқушыны құрады. Оның ішінде 12102 оқушы бастауыш мектепте оқытылады (1-4 сыныптар), 10691 оқушы негізгі мектепте (5-9 сыныптар), 1963 оқушы жоғары сыныпта оқиды (10-11 сыныптар). Медеу ауданы мектептері оқушыларының көрсеткіштері бастауыш мектептерде — 48,89 %; негізгі мектептерде — 43,19 %, жоғары сыныптарда 7,93 % құрайды. 2016-2017 оқу жылына Медеу ауданының білім ұйымдарында 1809 мұғалім қызмет атқарады. Соның 1701-і — жоғары педагогикалық білімі барлар (бұл жалпы мұғалімдер санының 94,03 % құрайды). 108 мұғалімнің орта білімі бар (5,97 %). Медеу ауданында білім ұйымдарында педагогикалық білімі жоқ мұғалімдер жұмыс атқармайды. Аудан мектептерінде жоғары білікті категориясы бар мұғалімдер саны — 678, құрамы бойынша жалпы мұғалімдер санының 37,48 пайызын құрайды; бірінші білікті категорияда 335 мұғалім (18,52 %), екінші біліктілік категорияда 367 (20,29 %) мұғалім. Аудан мектебінде бүгіндері біліктілік категориясын алмаған 429 (23,71 %) мұғалім қызмет атқарады. Бұлар көбінде жас мұғалімдер, ал жұмыс тәжірибесі бойынша екінші категорияны алуға үш жыл қажет. Мектеп мұғалімдерінің құрамына келсек, аудандағы мектеп мұғалімдерінің 1013-і (56 %) жоғары білікті категориясы бар мамандар; 1380-і (76,29 %) мұғалім біліктілік категориясын алуға жеткілікті тәжірибесі барлар; 429 (23,71 %) мұғалім — жас мамандар, соңғы үш жылда мектепте жұмыс атқарып жатқандар. 2016-2017 оқу жылында оқушылардың білім сапасы келесідей сатыда болды: бастауыш мектеп — 73,48 %; негізгі мектеп — 47,37 %, жоғары мектеп — 56,52%. 2016-2017 оқу жылының қорытындысы бойынша аудан мектептерінде 5433 оқу озаты (бұл жалпы оқушылар санының 21,95 пайызы) және 9590 екпінді оқушы шықты (38,74 пайыз). Осылайша, Медеу ауданының білім ұйымдарында білім сапасы 2016-2017 оқу жылында 60,69 пайызды құрады (15023 оқушы «жақсы» және «өте жақсы» үлгерімі барлар). Аудан мектептерінің 9-11 сынып оқушылары қалалық сайыста негізгі ғылым бойынша 6 бірінші орынды, 4 екінші орынды, 55 үшінші орынды иеленді. Республикалық сайыстарда 3 оқушы жүлдегерлер атанды. «Оқу мен тәрбие — егіз» десек, тәрбиенің мақсаты мен міндеттері — жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде жан-жақты және үйлесімді дамыған тұлға тәрбиелеу екені мәлім. Соған орай қыркүйекте «Отбасы — бақыт мекені» атты апталық іс-шаралар, «Өнегелі отбасы» тақырыбында сынып сағаттары мен қызықты кездесулер өткізіліп, сурет байқауы, спорттық сайыстар және Флеш-мобтар ұйымдастырылды. Қылмыстық жағдайлардың алдын алу үшін «Құқықтық сауаттылық — заман талабы» тақырыбына сынып сағаттары өткізіліп, «Қылмыс және қылмыстық жауапкершілік» тақырыбына дәріс оқылды. «Құқықтық тәрбие — азаматтық, адамгершілік тәрбиесі» тақырыбында аудандық Ювениалды полиция бөлімінің бастығы Е.А.Рақыспаевпен, орынбасары Рифхат Сәлімжанұлымен кездесулер өткізіліп, жастарды ана тілінің қадір-қасиетін білуге баулу мақсатында «Тілі басқа — тілегі бір, жүзі басқа — жүрегі бір» атты іс-шара өткізілді. Діни экстремизмге қарсы күрес бағытында оқушылармен «Дінаралық татулық — Тәуелсіздік» тақырыбында кездесулер, ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға бірнеше қайырымдылық шараларды ұйымдастарылып, «Жанұя» №2, №1 балалар үйіне сыйлықтар тапсырылды. «Жемқорлықпен күрес — заман талабы» атты дөңгелек үстел өтті. Жалпы, 2016-2017 оқу жылы қорытындысы бойынша тәрбие жұмысының барлық бағыттары қанағаттанарлық деңгейде атқарылды.

2017-2018 оқу жылына:
мектептердегі ОТЖ ұйымдастыру бойынша барлық шаралары заманауи түрде қамту, мектепішілік бақылауды жүйелі және ойластырылып ұйымдастыру. 1-2, 5 және 7 сыныптарда жаңа мазмұндағы білім беруге көшу жүйесінің шараларын ұйымдастыру: мұғалімдерді курстық даярлау, нормативтік базаны зерттеу, білім беру ұйымдарының базасында тәжірибелік семинарлар жүйесі арқылы әдістемелік жетелеуді қамтамасыз ету. Ұшқыш жүйесіндегі үш тілді білім беруді енгізу. Дарынды балаларға жіті назар аудару. Мектеп оқушыларының аудандық, қалалық, республикалық сайыстарда, сонымен қоса әртүрлі деңгейдегі зияткерлік сайысына қатысушыларды даярлауға жеке жауапкершілікті білім ұйымының жетекшісіне арту. Негізгі бағыттар бойынша оқу-тәрбие процесінде білім беру ұйымдары нақты жоспарланған жүйелік бақылау жолымен іске асырылуы керек: жаппай оқыту, мектеп құжаттарын жүргізу, әртүрлі бағыттағы пәндік оқу процестерін талдау, әкімшілік жұмысы, мұғалімдер кадрын жоспарлы түрде аттестациядан өткізу. Тәрбие жұмыстарын аудандағы білім беру ұйымдарында және МД шығармашылық түрде қалыптастыру. Құқық бұзушылықтың алдын алып, оқушыларды спорттық секцияға, мектепішілік және аудандық жарыстарға қатысуға ынталандыру, білім беру ұйымдарында Денсаулық күнін ұйымдастыру. Баланың бос уақытын ұйымдастыру (пәндік үйірмелер мен қызықты театрландырылған студиялар, мектеп ансамблі, вокалдық топ т.б.). Осы жұмыстарды жандандыру оқушының бос уақытын тиімді түрде пайдалануға, шығармашылығын арттыруға, сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстану мен аудан мектептерінің оқушыларын сауықтыруға мүмкіндік береді.

Ал тәрбие бойынша:
мектеп инспекторларымен бірлескен жұмысты жандандыру; 9-11 сынып оқушыларына дұрыс мамандық таңдауға тәрбиелеу үщін «Ашық есік» күндерін оқу жылы басынан қолға алу; әлеуметтік жағдайы төмен оқушылардың отбасымен жұмысты жандандыру; мектепішілік тіркеуде тұрған оқушылармен жұмысты күшейту. Әлеуметтік сала бөлімімен келесі іс-шаралар өткізу жоспарланды: 1. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша бекітілген кестеге сәйкес 148 кездесу өткізу жоспарлануда. 2. 2017 жылдың 1 қазанынан бастап 1 қараша аралығында қарт адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығына дайындалу және өткізу іс-шаралары жоспарлануда. 3. Аудан тұрғындар арасында жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту жәрмеңкесін өткізу сынды шаралар жоспарланды.

Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету.
Жергілікті полиция қызметкерлерінің жалпы саны 248 адамды құрайды. Қылмыстың барлық түрі бойынша тіркелген құқықбұзушылықтар саны 7 % азайып, 4074-ге жетті (2016 ж. І жартыжылдығы 4571). Қылмыстардың барлық түрлерінің ашылу деңгейі жақсарып, жалпы қылмыстар 36,6 %, ауыр қылмыстар 35,7 % қысқартылды. «Қауіпсіз аула» жобасы аясында 4098 бейне бақылау камералары орнатылып, олардың саны 2930-дан 4096-ға дейін ұлғайтылды.

Көріктендіру.
Аудан аумағын көріктендіру мен көгалдандыру мақсатында Әл-Фараби даңғылы 25, 29 мекенжайларында сүрілген ғимараттардың орнына демеушілердің қолдауымен тұрғындардың демалып, тынығуы үшін аллея жасалынды. Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен 1-2 кезеңде 10 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі 3 кезеңде ауданның 20 көшесіне, ұзындығы 10,4 км. болатын асфальт жамылғысына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 25 көшенің жаяу жүргінші жолдарына орташа жөндеу мен 9 көшеде жаңа құрылыс жұмыстары жүргізілді. Төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жұмыстар атқарылуда. Мердігер ұйыммен ТОО «Арыс ЛТД» ағымдағы жылдың күз мезгіліне дейін жар бөктерін нығайтып, габион құрылымын орнату жұмыстары жүргізілмек. Биыл Медеу ауданындағы 120 аулаға асфальт жабындысын төсеу, бордюрлерді ауыстыру, МАФ-тарды орнату (ойын жиынтығы, әткеншектер, орындықтар, тартылғыштар, қоқыс жәшіктері) және де резина жабындылар, сыртқы көше жарықтарын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Медеу ауданы әкімінің аппараты

(16)