mm
«Бақ пен сор», «Біздің ауылдың адамдары», «Тәу етем саған, туған жер», «Шың мен шыңырау» атты кітаптардың авторы. Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің экономика, спорт, туризм бөлімдерінің меңгерушісі.

Қысқа да нұсқа жаңалықтар (11.09.2017)

* Елорда төрінде өткен Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі бірінші саммитінде аталған форумның жалпы отырысын қорытындылаған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Саммиттің басты саяси құжаты — Астана декларациясының қабылдануы мен  ғылым және технологияларды дамыту саласындағы Ислам ынтымақтастық ұйымының 2026 жылға дейінгі бағдарламасы атты қорытынды құжат»,— деді.

*«ҚазМұнайГаз» жанармай құю бекетінде АИ-92 бензині 144,  АИ-95 маркалы бензин 158 теңгеден, Sinooil жанармай құю бекетінде АИ-92 —145,  АИ-95 – 159,  Helios жанармай құю бекетінде АИ-92 — 144,  АИ-95 — 158, Royal Peyrol жанармай құю бекетінде АИ-92 — 145, АИ-95 — 159 теңгеден сатылып жатыр.

* Ақмола гарнизонының Әскери соты: «Сот үкіміне сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Нартай Дүтбаевқа 7 жыл 6 айға,  тағы бір фигурант Р.Ж. Мұратовқа  5 жылға, Н.Б.Хасенге 5 жылға,  Е.С.Нұртаевқа 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Олар өмір бойына мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды. Бұлардың барлығына ҚР ҚК 172 бабына сәйкес, мемлекеттік құпияларды жария еткені және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін деген айып тағылған. Оларды әскери атақ пен мемлекеттік марапаттардан айыру жөнінде ұсыныс жасалды. Үкім заңды күшіне әлі енген жоқ»,— деп хабарлады.

* Forbes тізіміндегі мәліметтерге талдау жасаған ВВС: «Ресей Қырымды күшпен өзіне қосып алғаннан бергі үш жыл ішінде елден кем дегенде төрт миллиардер ($37 млрд) кеткен. Олардың барлығы бүгіндері тұрғылықты мепкн-жайларын өзгертіп, шетел асып кеткен»,— деп хабарлайды. Олардың арасында Юрий Мильнер, Михаил Фридман, Алексей Кузьмичев, Дмитрий Рыболовлев бар. Таяуда олардың қатарын Михаил Прохоров толықтыруы мүмкін»,— деп хабарлайды.

* Астана қаласының басшылығы ҚР-дағы БАӘ Төтенше және өкілетті елшісі және «Arabtec Holding PJSC» компаниясының басшылығымен («Абу-Даби Плаза» кешенінің бас мердігері) кездесті. Соның қорытындысы бойынша, компания басшылығы алдағы күндері 61 Үндістан азаматы «Абу-Даби плаза» құрылыс алаңында тәртіп пен қоғамдық жағдайды бұзғаны үшін елден шығарылатынын, оның ішінде 23 адам бір тәулікте отанына оралатынын мәлімдеді.

* ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі: «Биылғы оқу жылынан бастап Қостанай аймағындағы 17 мектеп 4 пәнді ағылшын тілінде оқытуға кірісті. Олардың тоғызы —  ауылдағы білім ошағы. Бағдарлама бойынша барлығы 700-ге жуық шәкірт шет тілінде білім алады. Өзге пәндер бойынша ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер жалақысы көбейтіледі. Олардың базалық лауазымдық еңбекақысына 200 пайыз ақы қосылады. Демек, 35 мың теңге қосымша ақы алады. Бұл жайлы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы шыққан»,— деп хабарлайды.

* Қоғамдық сарапшы Рахым Ошақбаев: «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде мемлекеттік монополия болмауы тиіс. Бұл жерде жекеменшік сақтандыру қорлары болса, бәсеке пайда болады.  Бәсеке болса, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасы артады. Сол кезде әр адамда өз таңдауы пайда болады. Осы бәсекеге қабілеттілік арқылы біз жақсы сапаға жетеміз. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтау реформасын қайта қарауға қоғамдық сарапшылардан құралған арнайы жұмыс тобы атсалысуы керек»,— дейді.

(3)