Жетісу өңірінде туризм дамып келеді

Жетісу өңірі ежелден көрген көзді тамсандыратын сұлу табиғаты мен көк майсалы, сылдырай аққан өзен-көлімен көрікті. Мұнда жасыл белесті заңғар таулар мен ұшы-қиырсыз дала да, көгілдір көл де, аптап шөл де бар. Еліміздегі ең үлкен көл, айдыны жарқыраған Балқаш та, жан мен тәнге суы шипа Алакөл де осы өңірдің аумағында жатыр. Жетісудың тамаша табиғатында еркін демалу арқылы адам денсаулығы нығайып, күш-қайрат бітеді. Жер жәннаты саналған өлкеміз ішкі және сыртқы туризмді өркендетуге қолайлы аймақтар қатарында болғандықтан, бұл бағытта ізгі ізденіс басым екендігі қуантады.
Туризмді дамыту арқылы ел экономикасын жақсартып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге болады. Қазақстан туристік ел болуға мүмкіндігі бар мемлекеттер қатарына жатады. Көгілдір тауларымыз бен жайқалған жасыл құрақты өңірлеріміз, сөз жоқ, шетел туристерін қызықтыруда. Осыған байланысты Алматы облысында туризмді дамыту мастер-жоспарын және оны іске асыру жөніндегі 2014-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғастырылды. Біз осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар барысы жөніндегі облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Әсетұлы Шантаевтың мақаласын назарларыңызға ұсынамыз.
Алакөл мен Балқаш көлдері — демалыс аймағы

Биылғы жылы Алматы облысының аумағында Алакөл мен Балқаш курорттық аймақтарын дамыту жоспары әзірленіп, бекітілді. 2017 жылдың ақпан айында Астана қаласында Алакөл, Балқаш курорттық аймақтарын дамыту бойынша ұсыныстарды қарау және іріктеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында инженерлік-көліктік инфрақұрылымдардың құрылыстары, жағажайларды қоршау бөгендерінің жұмыстары, авиарейстерді субсидиялау бөлігінде республикалық бюджеттен қаржыландыруды талап ететін мәселелерді көрсете отырып, курорттық аймақтарды дамытудың әлеуеті таныстырылды.
Ақши ауылынан Алакөл көлінің жағалауында орналасқан демалыс орындарына дейінгі жолды қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жалғастырылуда. Автомобиль жолының жалпы ұзындығы 23,78 шақырымды, оның ішінде: сол жақ жағалауы бойынша 15,53 шақырымды, оң жақ жағалауы бойынша 8,25 шақырымды құрайды. Жобаны жүзеге асырудың құны — 3,036 млрд. теңге, 1516,0 млн. теңге игерілді. Жобаны аяқтау мерзімі — 2018 жыл.
Алакөл көлінің жағалауында демалушылар санының жыл сайын артуына байланысты, ағымдағы жылы да «Жетіген — Достық — Жетіген» маусымдық теміржол қатынасы ұйымдастырылады, бұл мақсатта 85,0 млн. теңге бөлінді. Тасымалданатын жолаушылардың болжамды саны — 60 мың адам. Пойыздың қатынау кестесі 20 маусым мен 30 тамыз аралығын қамтиды.
Туристерді Алакөл көлінің жағалауына қолайлы жеткізу үшін Үшарал қаласындағы әуежайдың құрылысы жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен 896,9 млн. теңге бөлініп, оның 348,7 млн. теңге сомасы 2016 жылы игерілді. Қазіргі уақытта Үшарал қаласындағы әуевокзал ғимараты және қосалқы ғимарат нысандарының құрылысы 97 %-ға аяқталды, бұған қоса перрон құрылысының жұмыстары жүргізілуде.
«Астана — Үшарал — Астана» әуе бағытын субсидиялау оң шешімін тапты, аптасына 3 рет «Жетісу» Авиакомпаниясы» акционерлік қоғамы жолаушыларды тасымалдайды, қаржыландыру көзі — республикалық бюджет.
Алакөл ауданында 500 адамға арналған көпбейінді қонақүй кешені салынуда, бастамашы — «Falcon Petroleum» ЖШС. Қазіргі таңда су және электр жүйелері тартылды, 4 этажды ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Пайдалануға беру уақыты 2017 жылдың соңына шейін жоспарланып отыр.
2017 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша Алакөл көлінің жағалауында 12 туристік нысан пайдалануға берілді, жеке инвестиция тарапынан бөлінген қаражат сомасы — 1250 млн. теңге. 111 жұмыс орны құрылды. 350 орынға арналған «Каримов» ЖК демалыс орны пайдалануға енгізілді.
2017 жылғы наурыз айында Алматы облысы әкімінің орынбасары Ж. Омардың қатысуымен Алакөл ауданының туристік әлеуетін дамыту мақсатында көшпелі брифинг өткізілді. Аталған шарада БАҚ өкілдеріне Алакөл көлінің жағалауына қажетті туристік инфрақұрылымын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы толық ақпарат берілді.
Балқаш көлінің жағалауында туризмді дамыту үшін жалпы ұзындығы 141 шақырым «Алматы — Өскемен — Қызылқайың — Лепсі» автомобиль жолының реконструкциясын жүргізу бойынша 134,4 млн. теңге сомаға ЖСҚ әзірленді. Аталған автожолдың құрылысын 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыландыруға енгізу үшін уәкілетті органға 758,5 млн. теңге сомаға бюджеттік өтінім жолданды.

«Ақбұлақ» туристік
жоба құрылысы

Алматы облысы туризм басқармасының ұйымдастыруымен 2017 жылғы мамыр айында Талғар ауданында «Ақбұлақ» спорттық-сауықтандыру кешенінде «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу және жазғы туристік кезеңді ашу бойынша жиын өтті. Жиынға «Астана ЭКСПО» ҰК» АҚ өкілдері, қала және аудандар әкімдері, туризм саласына жетекшілік ететін қала және аудандардағы мамандар, МТҰП және турбизнес өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен ассо-циациялар, БАҚ өкілдері қатысты. Жиын барысында «ЭКСПО — 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жұмыстары, Алматы облысының туристік кластерінің Тұжырымдамасын құру, туристік инфрақұрылым жағдайы бойынша мәселелер қаралды. Жиын қатысушыларына «Ақ бұлақ» кешені бойынша инфотур өткізілді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 57 қадамы аясында Талғар ауданында «Ақ бұлақ» халықаралық туристік орталық құрылысы жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда «PEACOCK+LEWISARCHITECTS & PLANNERS INC» халықаралық компаниясымен әзірленген эскиз бойынша 1500 шаршы метрде Клабхауз жобалық жұмыстары бастау алды. Клабхауз құрылысы 2017 жылға жоспарланған, жобаның болжамды құны — 3 500 мың доллар.
QR-кодтау қолданумен облыс қала және аудандарында туристік навигация жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Туристік өнімді жылжыту, ішкі және халықаралық нарықтарда туристік қызмет көрсету мақсатында, облыс бойынша жұмыс жүргізілуде. Облыс туристік логотипі мен брендбугі әзірленген-ді, туристік ақпараттық интернет-порталы ашылды, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерде ресми беттер ашылды. Сондай-ақ, BBC телерадио ұйымы Алматы облысының табиғаты мен көрікті жерлері туралы ролик түсірілді. Сонымен қатар, Қазақстан мен ҚХР арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін туризм басқармасы Қазақстан — Қытай бизнес-форумына қатысты.
Пекин қаласы және Алматы облысының туризмді дамыту комитетімен Форум барысында b2b форматында кездесу өткізілді. Кездесуде 2018 жылы ҚХР-да облыстың туристік потенциалын презентацияларын өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бірлескен ынтымақтастық бойынша жұмыс Шэньчжень (ҚХР) қаласы ақпараттық тур шеңберінде жалғастырылды.
Алматы облысының туристік әлеуеті Петропавл қаласында өңірлік туристік көрмеде, Алматы қаласындағы «КITF-2017» «Туризм және саяхат» қазақстандық халықаралық туристік көрмесінде ұсынылды. Көрмелерде ұлттық «Шарын», «Алтын Емел», «Іле Алатауы», «Жоңғар Алатау», «Көлсай көлдері» табиғи парктері; «Маралсай» демалыс үйі, «Тамғалы» тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайы және басқа да туристік қызмет субъектілері өздерінің туристік өнімдерін көрсетті.
«КITF-2017» «Туризм және саяхат» атты халықаралық туристік көрме аясында b2b форматында туризм саласы өкілдері үшін туристік саласында байланыс орнату және бизнесті дамыту воркшоп ұйымдастырылды. Туристік объектілерді көру үшін сыйлық сертификаттардың ұтыс ойындары өткізілді. Облыстың көрнекті жерлеріне туристік компаниялар көрмеге қатысушыларға ақпараттық тур ұйымдастырылған.

Ішкі және сыртқы туризмді дамыту іс-шаралары

Ішкі және сыртқы туризмді дамыту мақсатында келесі ірі іс-шаралар өткізілді: Іле-Балқаш регатасы, Алматы облысы әкімінің Кубогына Қапшағай су қоймасында халықаралық желкенді қайық регатасы, «Крылья Алаколя» бедвочерлер фестивалі, спорттық туризм бойынша табиғи рельефте Алматы облысының чемпионаты, «Tengri Ultra» спорттық фестивалі.
«Ұлы Дала Елі» облыстық балалар туристік экспедициясы ұйымдастырылды. Сондай-ақ, тау туризмі бойынша Қазақстан Республикасының Чемпионаты, тау туризмі ҚР Кубогының кезеңі, бойынша «Іле — 2017» республикалық жарыстары өтті.
Текелі қаласында туристік көпсайыс (жасанды жер бедерінде тау туризмі) бойынша Алматы облысының ашық Чемпионаты өткізілді. Іс-шараға 10 мыңнан астам адам қатысты. Осы іс-шаралардың мақсаты — су және желкенді туризм, туристік көпсайыс, белсенді демалыс, салауатты өмір салтын насихаттау және туристік мүмкіндіктерін дәріптеу.
Алматы М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қолдауымен Талдықорған қаласының оқушылары арасында «Менің сүйікті Жетісуым» атты өлкетану викторинасы ұйымдастырылып, өткізілді. Қатысушылар саны — 76 оқушы.
Рухани туризмді дамыту мақсатында Қаратал ауданында орналасқан киелі жерлер бойынша «Қасиетті Қаратал — әулиелер мекені» атты экскурсия өткізілді. Экскурсияға қатысушы-студенттер Ескелді би, Балпық би, Қарымбай әулие мен Жолбарыс әулие сияқты адамдардың өмір тарихымен танысты.
Қапшағай қаласы әкімдігінің қолдауымен Тамғалы тас шатқалында «Біздің жерді құтқарайық» атты туристік-экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Акция қатысушылары үшін Таңбалы тас шатқалында Будда мүсіндері бойынша экскурсия өтті.
Жастар саясаты басқармасымен, «Алтын Емел» МҰТП-мен бірлесе отырып, «Саябақтар шеруі» акциясы өткізілді. Іс-шараға жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Акция қорытындысы бойынша «Алтын Емел» МҰТП-ның ұйымдастыруымен парк туристік нысандарымен танысу сыйлық сертификаттары ойнатылды.
Белсенді туризм түрлерін дамыту мақсатында рафтинг бойынша Қазақстан Кубогының кезеңі өткізілді. Іс-шарада 60-тан астам команда қатысты.
2017 жылдың өткен мерзімінде облыс аудандары мен қалаларында көрсетілген ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 2695,1 млн. теңгені құрады, бұл 2016 жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштің 140,4 пайызын құрайды. Алдағы жылдары да жер жаннаты — Жетісу аумағындағы туризмді дамытуға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырыла бермекші.

(186)