«Жұмыспен қамтамасыз еткен әкімшілікке мың алғыс!»

Оңтүстік Қазақстан облысында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде биыл 64 314 адамды қамту жоспарланып, жалпы 11,4 миллиард теңге бөлінсе, 1 тамызға дейін 49,6 мың адам қамтылып, жылдық жоспардың 77 пайызы орындалған.

Еңбек — адамның екінші анасы. Өйткені еңбек — адамның басты асыраушысы. Еңбек етпеген адамда табыс та, болашақ та болмайды. Алайда бүгінде еңбек еткісі келгенімен, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандар аз емес. Олар, әрине, мемлекеттің көмегіне мұқтаж. Халықты жұмыспен қамту мәселесіне айрықша көңіл бөлген мемлекет басшысы осы түйткілді мәселенің түйінін тарқату, мұқтаждықты жою үшін көптеген тиімді бағдарламалардың дүниеге келуіне бастамашы болды. Солардың бірі — ішкі көші-қон процестерін реттеу арқылы еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру.

Түркістандықтар да Солтүстікке бет бұрды

Оңтүстік Қазақстан облысы республикадағы халқы тығыз орналасқан аймақтарының бірі саналады. Ал халқы көп өңірде жұмыспен қамту, жұмыссыздықты жою мәселесі де күн тәртібінен түспейтіні түсінікті. Осы мақсатта облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қаншама игі істерді қолға алып, олардың нәтижелі аяқталуын қатаң қадағалауына алған. Жоғарыда айтқан, яғни ішкі көші-қон процестерін реттеу және еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру, еңбек күші мол аймақтан еңбек күші жетіспейтін өңірлерге халықты өз еркімен қоныстандыру мәселесіне айрықша көңіл бөлумен келеді.
Жуырда осы тақырып күн тәртібіне көтерілген селекторлық жиында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев 2014-2016 жылдары «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде облыстан барлығы 154 отбасы қоныс аударып, көшу шығындары өтелгендігін жеткізген болатын. Оның айтуынша, басқарма тарапынан қоныс аударған азаматтарға сол өңірдегі уәкілетті органдар арқылы мониторинг жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда көшіп барғандардың 48-і ауыл шаруашылығымен айналысса, 42 азамат білім саласында, 11 адам жергілікті атқару органдарында, 12 адам қызмет көрсету, 7 адам денсаулық сақтау саласында еңбекпен қамтылған екен. Ал өңіраралық еңбек нарығын дамытудың шараларына 5780 азамат қатысып, олардың 2019-ы солтүстікке қоныс аударуға ниетті екендіктерін жеткізген. Осы азаматтардың 1008-і еңбекке қабілетті болса, олардың 116 адамы ауыл шаруашылығымен, 98 адам кәсіпкерлікті дамытумен, 794 адам мемлекеттік кәсіпорындарда жұмыс істегісі келетінін айтқан.


Осы кезге дейін солтүстікке көшуге ниет білдіргендердің дені Мақтарал, Сарыағаш ауданынан болса, ендігі жерде түркістандықтар да белсенділік таныта бастады. Жуырда осы қаладан 60-тан астам отбасы қоныс аударуға бел буған. Түркістан қалалық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің берген мәліметіне сенсек, солтүстік облыстарға қоныс аударуға бүгінгі таңда 27 адам, оның ішінде 10 адам медицина саласы бойынша, 5 адам білім саласы бойынша, қалғандары тракторист-механизатор, ауыл шаруашылығы саласы бойынша өтініш білдіріп отыр екен.
Осы жерде айта кеткен жөн, өз еркімен қоныс аударған отбасы мүшелерінің әрқайсысына үкімет тарапынан 35 АЕК көлемінде, яғни 79 мың теңге өтемақы төленеді. Бұдан бөлек бір жылға дейін пәтер жалдауға жұмсалатын шығынды да мемлекет көтереді. Сондай-ақ, әлеуметтік қамсыздандыру, көші-қон квотасына да қаржы қарастырылған.

«Жасыл ел» әлемінде студенттер де, жұмыссыз
жастар да бар

Оңтүстік Қазақстан облысында 2004 жылдан бастау алған «Жасыл ел» бағдарламасы да жұмыспен қамтуда көп көмегін тигізіп отыр. Облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова мәлім еткен мәліметке құлақ түрсек, жыл сайын әр жазда мыңнан астам жас жазғы еңбек лагерьлеріне тартылса, осы жылдар ішінде 15 мыңға жуық азамат маусымдық жұмыспен қамтылған. Айтылып отырған бағдарламаның басты тиімділігі — ең алдымен жастардың бос уақытын ұтымды пайдалануға себеп болса, екіншіден, қосымша табыс табуға мүмкіндік ашылады. Мәселен, 2017 жылға осы мақсатқа республикалық бюджеттен 63,1 миллион теңге қаржы бөлініп, 1275 жас сарбаз кезең-кезеңімен көгалдандыру жұмыстарына тартылып, маусым айында 205 жас жұмыспен қамтылған.
«Жасыл ел» еңбек лагерьлеріне тартылатын жастардың басым бөлігі М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының және Шымкент аграрлық колледжі студенттері болса, аудан, қалаларда көбінесе жұмыссыз жас азаматтар. Олардың алған орташа еңбек жалақысы 60-65 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар, жазғы студенттік құрылыс отрядтары бойынша аудан, қалаларда салынып жатқан құрылыс нысандарында 424 жас еңбек етуде. «М.Әуезов атындағы ОҚМУ құрылыс мамандығы бойынша білім алып жатқан 200-ге жуық студент Қазығұрт ауданы мен Түлкібас ауданындағы арнайы индустриялдық аймақта өндірістік практикадан өтуде. Жалпы облыстағы 12 жоғары оқу орындарының алтауында кәсіптік және өндірістік білім беру мамандықтарында оқитын 1106 студент облыстағы 64 кәсіпорындар мен зауыт-фабрикаларда өндірістік практикадан өтуде», — дейді басқарма басшысы Б.Нарбекова.
Студенттік жасақтардың негізгі атқаратын жұмыстары — жер қазу, бетон құю, кірпіш қалау, үй төбесін жабу, сылақ жұмыстарын жүргізу. Биыл жасақ сарбаздары облысымыздағы «СитиСтрой», «Ақ ордасы», «Отау-строй» секілді оннан астам құрылыс компанияларында еңбек етуде. Мұндай мүмкіндікке 2004 жылдан бастап Шымкент қаласындағы бірқатар мердігер компания басшыларымен келіссөз жүргізіп, студенттердің жазғы демалыс уақытын тиімді пайдалану мақсатында студенттік құрылыс жасақтарын еңбекпен қамту жұмыстарын дәстүрлі түрде жүргізу қолға алынғаны себеп болып отыр. Мәселен, 2013 жылы студент жасақтары қатарында 400, 2014 жылы — 458, 2015 жылы 500 студент еңбекпен қамтылып, жазғы демалыстарын тиімді пайдаланған. Олардың орташа айлық жалақылары 50-70 мың көлемінде төленіп, күніне бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылған.

Көш бастаған оңтүстікте
30 мың жұмыс орны…

Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары хабарлады. Ресми мәліметтерге сенсек, жаңа жұмыс орындарының құрылуы бойынша Оңтүстік барлық облыстар ішінде көш бастап тұр. Ашылған жаңа жұмыс орындарына 4127 азамат жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа орналасыпты.
Тарқатып айтсақ, 2017 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәліметке сәйкес, жаңадан ашылған жұмыс орындарының ішінде 1667 орын «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, 1030 орын «Нұрлы жер», 115 жұмыс орны «Индустриялды-инновациялық даму», 396 орын «Бизнестің жол картасы — 2020», 18134 орын мемлекеттік салалық бағдарламалар арқылы құрылса, 7627 орын «Өңірлерді дамыту» мемлекеттік бағдарламасы мен 1379 орын «2020 жылға дейінгі аймақтарды дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған. Жалпы, 2017 жылдың жоспары бойынша өңірімізде мемлекеттік және салалық бағдарламалар негізінде 66 764 жаңа жұмыс орындары ашылатыны жоспарланып, онда 5677 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
Республикада ашылған жаңа жұмыс орындары туралы мәліметті жинақтаған Алматы мен Астана қалаларының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар департаменттерінің дәйегінше, бұл саладағы көшті Оңтүстік Қазақстаннан соң Астана қаласы жалғайды. Онда осы жылдың 1 шілдесіне дейін 17 033 жаңа жұмыс орны құрылған. Кезекті одан әрмен тарқатсақ, Алматы облысында 13 020 жұмыс орны, Алматы қаласында 12830, Маңғыстауда 11821, Жамбылда 11643, Атырау облысында 10656, Шығыс Қазақстан облысында 8529 жұмыс орны жаңадан ашылса, Ақтөбеде 8204, Солтүстік Қазақстанда 7668, Ақмола облысында 7217, Павлодарда 7186, Қызылордада 7017, Батыс Қазақстан облысында 5938, Қостанайда 5603, ал Қарағандыда 5493 жұмыс орны құрылған.

«Жұмыспен қамту — тұрақтылық кепілі»,
— дейді министр ханым

Иә, тұрғындарды нәтижелі жұмыспен қамту тұрақтылық пен табысқа бастайды. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысына арнайы іссапармен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты. Іссапар барысында облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлымен кездесіп, өңірдегі ахуалмен жан-жақты танысқан министр өңірдегі «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Өрлеу» жобасы сынды маңызды бағдарламалардың орындалу барысына көңілі толатынын мәлімдеді.
Осы сапар барысында әлеуметтік салалар аясында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Шымкент қаласындағы бірнеше нысандарды аралап көрген министр Тамара Қасымқызы мен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ең алдымен «Өрлеу» жобасына қатысушы шымкенттік тұрғын Айнұр Жаманқұлованың шаңырағында болды. Жоба игілігін пайдаланып, 500 мың теңгеге жуық қаржы алған кәсіпкер бүгінде өз үйінен тігін цехын ашып, әйелдерге арналған сәнді киімдер тігумен айналысып жатыр. «Әзірге айлық табысым 150 мың теңгенің көлемінде» деген Айнұр алдағы уақытта «Өрлеудің» кезекті мүмкіндіктерін тиімді пайдаланамын деп отыр. Талпынысы жоғары кәсіпкердің жұмысына ризашылығын білдірген министр оған тағы бірқатар ақыл-кеңестерін ұсынды. Ендігі жерде Айнұр ханым министрдің «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында өзіңізге көмекші алуыңызға болады, оның алты айлық жалақысын мемлекет төлеп береді. Егер ол көмекшіңіз ойыңыздан шығып жатса, келісімге келіп, еңбекақы тағайындап, жұмысқа алуыңызға мүмкіндігіңіз бар», — деген кеңесінің өте маңызды болғанын және оны өз кәсібін дамыту жолында міндетті түрде пайдаланатынын жасырған жоқ.
Келесі кезекте жұмысшы топ арнайы аялдаған кезекті нысан — «Стандарт Цемент» ЖШС ғимараты болды.
«Зауыт жұмысымен танысып, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде құрылған әлеуметтік жұмыс орындарына қатысушылармен әңгімелескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ондағы жұмысшылардың мәселелерін тыңдап, мемлекет тарапынан жасалынып отырған жеңілдіктерді баяндады. Бүгінде 700-ге жуық жұмысшысы бар «Стандарт-Цемент» зауыты 2011 жылы құрылған. Цемент өндіріп, оны сатумен айналысатын серіктестік жылына 2 млн. тонна өнім өндіреді. Мұндағы цемент өнімдері Қазақстаннан бөлек, Өзбекстан мен Тәжікстанға саудаланады», — деп баяндайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Министрдің маңыз бере қараған «Өрлеу» бағдарламасының негізгі мақсаты — өмірінде қиын жағдайға тап болған және белгілі бір себептерге байланысты тығырықтан шыға алмай жатқан азаматтарға көмек қолын созу. Оңтүстік Қазақстан облысында жарты жыл ішінде 75 мыңға жуық адам осы жоба аясында мемлекет қолдауына ие болып, республикада көш бастады. Енді 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қазіргі ұсынылатын үш түрлі әлеуметтік төлемдердің орнына атаулы әлеуметтік көмектің жаңа сипаты енгізілетін болады.
Биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында шартты ақшалай көмек 12 813 отбасындағы 74 705 адамға тағайындалып, жалпы сомасы 3,6 миллиард теңгені құраған. Еңбекке қабілетті 13 846 адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылып, оның ішінде 11 528 адам немесе 89,7 пайызы тұрақты жұмысқа орналасқан.
Оңтүстік Қазақстан облысында жеке қосалқы шаруашылықты және кәсіпкерлік қызметті дамытуға біржолғы қаражат сомасын төлеу арқылы жәрдемдесу тиімділігін байқатып үлгерді. Бүгінгі таңда «Өрлеу» жобасына қатысушылардың қатарында 400 біржолғы шартты ақшалай көмек алушы жеке кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп үлгерген. «Өрлеу» жобасын жүзеге асыру нәтижесінде шартты ақшалай көмек алушылардың кірісі 3,2 есеге өсіп, орташа алғанда адам басына айына 18,1 мың теңге межеледі.
Сөзімізді қорытындылай келе айтар болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы шеңберінде биыл 64 314 адамды қамту жоспарланып, жалпы 11,4 миллиард теңге бөлінсе, 1 тамызға дейін 49,6 мың адам қамтылып, жылдық жоспардың 77 пайызы орындалған. Бұл да жоғары көрсеткіштердің қатарынан табылады. Ауа райы өнім өндіріп, өнеркәсіпті дамытуға қолайлы, жері жомарт, халқы еңбекқор оңтүстік өңірінің тұрғындарды жұмыспен қамтудағы жергілікті атқарушы органның атқарып жатқан жұмыстары осындай. Ең бастысы, оңтүстіктің еңбекқор халқы «алма піс, аузыма түс» деген психологияны мүлдем шетке ысырып тастап, кез келген жұмысты пайда көзі ретінде қарап, толағай табыстың еселі еңбекпен ғана келетінін дәлелдей түсуде. Халықтың осындай артықшылығына орай облыс әкімдігі де қолдан келер жәрдемін аянып жатқан жоқ.
Дайындаған —
Шадияр Молдабек

(35)