Болыс Бураш өзін неге құрбандыққа шалды?

Мұстафа Шоқай мектебінде оқыған Абылай

1908 жылы Бураш ақсақалдың болыс болып, Шиелі өңіріне билігі жүріп тұрған кезі. Әрі бай әрі болыс. Сол жылдың жаймашуақ бір күнінде Шиелінің жанындағы іргелес ауылдан болыс Бурашқа қайраткер Мұстафа Шоқай келіп жолығыпты.
— Болыс мырза, туған ауылыма қазақ балаларына арнап мектеп ашпақпын, соған қалай қарайсыз?
— Мен қолдаймын, көмек керек болса, қысылмай айт. Әрине, біріншіден, мектеп салу үшін де қаражат керек. Мектеп — біздің балаларымыздың болашағы. Білімді бала көштен қалмайды. Оның үстіне орысша оқып, сауатты болады. Бізге қазір сауаттылық жетпей жатыр. Орыс билеген заман, заманына қарай адамы дегендей. Ал айт, мектеп ашу үшін не керек?
— Мектеп — жеке ойым, оны іске асыру үшін алдымен орыс патшасынан келісім керек. Тұрғылықты елдерден қол жинау тағы бар. Осындағы бай-көпес орыстар рұқсат ете ме, жоқ па, бұл жағы тағы да беймәлім.
— Мұстафа, Шиелі өңіріне мектеп ауадай қажет, ұлым Абылай да өсіп келеді. Сол ұлымды өзің ашқан мектебіңе жетектеп алып барамын. Сондықтан бай-көпестермен өзім сөйлесемін. Халыққа да сауын айтармыз, — дейді Бураш.
Сол жылы Мұстафа Шоқай жарғақ құлағы жастыққа тимей, тыным тапай жүріп, орыс патшасына хат жолдап, өзінің туған ауылына төрт сыныптық мектеп ашты. Онда да орыстар: «Бұл мектептің атауын өзіміз қоямыз», — деп есірді. Көнбеске амал жоқ. Оған «Туземцевтар мектебі», яғни «жабайылар мектебі» деген атау берді. Мектептің аты маңызды емес, рұқсат бергеніне қуанды. Алғашқы бастауыш мектеп бұл жерде осылай ашылып, Бураш болыс та қолдан келген көмегін аямай, мектеп құрылысына үлкен көмек көрсетті. 1910 жылы Бураштың баласы Абылай да тоғызға толып, осы мектептің табалдырығын аттады. Бұл ашылған мектеп төрт жылдық болғанмен, өте сапалы білім берді.

Әке-шешесін абақтыдан алып қашқан

Қазақ балалары алғаш рет орысша мектепке барып, арқа-жарқа болды. Төрт жылда тек сауат ашу ғана емес, сегіз жылдық білім алғандай дәрежеге көтерілді. Ол мектепті бітіргендер аудармашы болып, кейбіреулері үлкен қызметке араласа бастады. Абылай Бурашев осы төрт жылдық мектепті өте үздік бітірді. Орыс пен қазақ арасында аудармашы болып жүргенде, революция басталып, орыстардың өзі ақ пен қызылдарға бөлініп, Торғайдан Амангелді Иманов, Қарқарадан Албандар көтерілісі басталып, жер-жерде жергілікті халықтар ояна бастады. Шиеліде бай орыстың үйі мен жерін тартып алып, қызыл әскерлер кедей қазаққа берді. Негізі, бұл қазақтың жері болатын. Патшалық орыстардың заманында бай-көпестер күшпен тартып алып, қора-жай салып тастаған болатын.
Аудармашы болып жұмыс істеген Абылай бір күні үлкен бір қатерден аман қалды. Қызылдар келді де, бір атақты бай орысты отырған үйінен күштеп көшірді. Сонда үйін тастап кетіп бара жатқан орыс ошағына мылтықтың оқ-дәрісін тығып кетеді. Күзде күн суыған шақта үйге от жаққан қазақ отбасы бала-шағасымен ошақтың жарылысынан қырылып қалады. Қызыл әскер осы оқиғаға байланысты тергеу ісін жүргізіп, қазақ демей, орыс демей, кінәліні табу үшін жазықсыз елді аяусыз қыра бастайды. Сонда қазақ па, орыс па, Құдайға қараған біреу: «Мына баланың жазығы не, өте жас қой, кішкене баланың қолынан не келеді, жазығы аудармашы болғаны ма?» — деп, Абылайды атудан аман алып қалады. Сол Абылай бала өсе келе милиция қызметіне кіріп, оның барлық сатысынан өтеді. Шиелі аудандық НКВД-ның бастығы дәрежесіне дейін көтеріледі. Сөйтіп жүргенде үстінен өзінің жақын таныстарының ішінен біреу «домалақ арыз» жазады. Онда «әкесі Бураш бай, болыс болған, болыстың баласы қалай НКВД-ні басқарады?» деген сөз желеу болып, Абылайдың мәселесі жиналыстарда май шаммен қаралады. Бұл сөзді естіген Бураш ақсақал:
— Балам, менің болыс болғанымның саған кесірі тиетін болды. Кезінде бай, болыс болғаныммен, ешкімге зияным тиген жоқ. Қайта кедей-кепшікке көп көмектесіп едім. Сол жақсылықтарым үшін мені халық болыс етіп сайлап еді. Мен жасарымды жасадым, асарымды асадым, енді кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда саған кесірім тиетін болды. Анаң екеумізді де өз қолыңмен абақтыға қама, тірі болсақ келерміз, мүмкіншілік болса, кейін шығарып аларсың, әйтпесе өзің құрып кетесің, ұрпағым үшін жан пида, бұлай істемесең, өзің атылып кетесің, — дейді. Әкесінің айтуымен Абылай амалсыз әкесі мен анасын Қызылорданың абақтысына қамайды.
Арада аз ғана уақыт өтеді. Бірақ ата-анасы күндіз-түні ойынан шықпай, қатты қайғырады. Бір күні НКВД-дан өз еркімен шығып, Шиелідегі туыстарын ертіп, Қызылордада абақтыда отырған әкесі Бураш пен анасын абақтыдан шығарып, Тәжікстанға тартып отырады. Сөйтіп, жолда Әмудариядан сал жасап өтіп бара жатқанда екі әпкесі суға батып кетеді.

Шиелі ауылы оны неге «папа» деді?

Туған-туыстарын Тәжікстанның бір ауылына орналастырып, ел ішіндегі абыр-сабыр басылған кезде, жалғыз өзі Шымкенттің Түркістан қаласына келіп, қайтадан НКВД-ға бастық болып орналасады. Бұл қызметте ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады.
Ел іші тынышталған соң, Тәжікстандағы туыстарын Шиеліге көшіріп әкеледі. Міне, осы Бурашев Абылай мен Несіпгүл Атабековадан бес ұл, екі қыз дүниеге келеді. Абылай барлық қиыншылықтарды көріп, 1977 жылы қайтыс болады. Несіпгүл апай 1997 жылға дейін ұлдарын үйлендіріп, қыздарын тұрмысқа беріп, немере-шөбере сүйіп, кейінірек бақилық болады. Бүгінде бұл кісілерден тараған ұрпақтар әр жерлерде үлкенді-кішілі қызметтер істейді. Кешегі Мұстафа Шоқайдың өзін көрген Бурашев сол Абылайды Шиелі ауылы сыйлап, «Папа» деген ат беріп, кезінде талай жастар ақыл-кеңесін алып, құрметтепті. Осылайша, Шиелінің ел сыйлаған құрметтісі атаныпты.
Абылай мен жұбайы Несіпгүлдің жас айырмашылығы 24 жыл. Олар «сен үлкенсің, мен кішімін» демей, өте тату-тәтті ғұмыр кешіп, сыйластықтары жарасқан отбасы болыпты. Қандай қиындықтар болса да жасымай өмір сүрді. Ұрпақ сүйді. Олардың үлкен азамат болып өсуі үшін жақсы тәрбие берді. Балаларының ең үлкені Шарипбек Абылайұлы Бурашев бүгінде 70-тен асқан ардагер. Шиелі, Талдықорған, Алматы облысының Ақсу, Еңбекшіқазақ ауданының Есік, Шелек өңірлерінде қызмет істеп, ел құрметіне бөленген азамат. Әке жолын қуып, ол да ұзақ жыл осы аталған аудандарда қауіпсіздік комитетінде қызмет істеп, майор шеніне дейін көтерілді.
Бұдан кейінгі ұл-қыздары да басқа салада қызмет еткенмен, ел алдында абыройлы да беделді. Болыс Бураш ұрпағым аман болсын деп армандап, өзін-өзі құрбандыққа шалып еді. Арманы жүзеге асты. Енді осы ұрпақтарынан тараған немере, шөбере, туажаттары бір қауым ел.
Биыл Шиелі ауылында Абылай мен Несіпгүл әжейге арнап, ұрпақтары Қазақстанның түпкір-түпкірінен жиналып, үлкен ас бермек. Ұрпақтары қандай құрмет көрсетсе де, бұл кісілер соған лайықты. Өйткені ең алдымен Отанына, ұрпағына жанын аямай қызмет етті. Қазіргі ұрпақтар сабақтастығы деген осы.

Шаяхмет Құсайынұлы,
ақын, қаламгер

(41)