Қажылыққа баратындардың саны артты

Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының қажылық бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиевтің хабарлауынша, қажылық сапары Алматы, Астана және Шымкент қалаларынан тікелей рейспен орындалады. Жалпы, қажылық 22-25 тамыздың аралығында басталып, қыркүйек айының 6-10 аралығында аяқталады. Қазіргі таңда республика бойынша 2500 адам қажылыққа баруды жоспарлап отыр. Оларды Меккеге апаруды 16 туристік агенттік іске асырмақ. ҚМДБ-ның ұйымдастыруымен қажылыққа баратындарды Сауд Арабиясының «Флайнас» және қазақстандық «Scat» әуе компаниялары тасымалдайтын болады. Яғни, 1250 адамды қазақстандық компанияның ұшақтары апарса, қалған жартысына шетелдік әуе компаниясы қызмет көрсетпек. Сауд Арабиясының үкіметі биыл қажылыққа келетіндердің санын өткен жылғыдан гөрі 800 мыңға арттырып, олардың санын 2,6 млн. адамға жеткізуді жоспарлап отыр.

(9)