Мемлекеттік қызмет — жауапты міндет

Жуырда Талдықорған қаласының Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында билік пен қарапайым халықтың арасын жалғайтын алтын көпір іспеттес болған мемлекеттік қызметшілердің дәстүрлі мерекесі салтанатты түрде атап өтілді. Бұл жиынға облыстың барлық аудандарынан арнайы шақырылған мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Салтанатты шарада Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов мереке иелерін құттықтады.
Лаззат Тұрлашов:
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында алдымызға кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндетін қойғаны белгілі. Бұл орайда мемлекеттік қызметкердің біліктілігі мен кәсіби деңгейі туралы тақырыптың басты мәселе етіп көрсетілуі тегін емес. Әр саланың жетістігі, алдағы экономикалық өсім, индустрияландыру саясатының тиімділігі, халықтың әл-ауқаты, жалпы алғанда, елдің даму деңгейі сауатты да кәсіби басқарушылыққа тікелей байланысты. Осы міндеттерге сәйкес мемлекеттік қызметке қойылатын кәсіби талаптар күшейтіліп, жаңа реформа қолға алынуда. Мемлекеттік саясатты жүзеге асыру барысында халыққа қызмет көрсету сапасын арттыру, атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету бағытында бүгінде облыста үлкен жұмыстар атқарылуда.
Біздің арамызда есімін мақтанышпен айтатын, кәсіби білігі мен толайым тәжірибесі мол мемлекеттік қызметшілер өте көп. Олар: облыс әкімінің бас инспекторлары Николай Симонов, Бақытгүл Нүсіпова, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жасыбаев, ішкі саясат бөлімінің басшысы Рүстам Алпысбаев, білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Сәния Наурызбаева, Текелі қаласы әкімі аппаратының бөлім басшысы Лейла Кешуова және басқалары. Бүгінде республика бойынша мемлекеттік қызметкерлер саны 92 мыңнан астам адамды құрайды. Ал біздің облыста 8500 мемлекеттік қызметкер бар. Олар халыққа қызмет көрсетіп, аянбай еңбек етуде.
Осы салтанатты жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісін Алакөл аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Сатай Бекболатовқа, Іле аудандық қаржы бөлімінің басшысы Қарлығаш Бөпетаеваға, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Гүлғайша Иманбековаға, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Маупашеваға, облыстық қаржы басқармасының бас маманы Бағлан Сайдақұловаға, Панфилов ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Сағила Теткусизоваға тапсырды. Сонымен қатар Алматы облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» және «Алғыс хатымен» өз міндеттерін мінсіз атқарып келе жатқан бірнеше мемлекеттік қызметкерлер марапатталды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаев мемлекеттік қызметкерлерді құттықтап, аталған департамент атынан мақтау қағаздарын Қаратал ауданының әкімі Қайрат Бисембаевқа, Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаевқа, Талдықорған қаласы әкімі Бағдат Қарасаевқа, Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдымановқа, Алматы облысының статистика департаментінің басшысы Азат Хамитовқа салтанатты жағдайда тапсырды.
Қызметке жаңадан тағайындалған бірнеше жас маман «Өз ісімізге адал боламыз, ел сенімін ақтаймыз» деп, салтанатты түрде ант қабылдады. Салтанатты кеш облыстық Сүйінбай атындағы филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Нұрила Бектемірова

(41)