«Арғынмын, атым — Әсет арындаған…»

Биылғы жылы қазақ халқының біртуар атақты әншісі, дүлдүл ақыны, дарынды сазгері Әсет Найманбайұлының 150 жылдық дүбірлі тойының келе жатқандығы белгілі. Осы орайда, ШҚО Үржар ауданының Мақаншы ауылындағы ұлы тұлғаның мұражайының директоры Әбен Тұйғынұлы Разуевпен әңгімелесіп, мұражай туралы және Әсет Найманбайұлына байланысты деректерді сұрастырған едік.
— Әбеке, өзіңіз басқарып отырған мұражай туралы айтып берсеңіз.
— Жетісу жері мен Алтайды өзінің әсем әніне бөлеп, Алакөл мен Арқа атырабын жырға қосқан дүлдүл ақын, бұлбұл әнші әрі дарынды сазгер, аққуға үн қосқан күміс көмей ақиық өнер иесі Әсет Найманбайұлын мәңгі есте қалдыру мақсатында Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесінің қаулысымен 1990 жылдың күзінде бұрынғы Семей облысының Мақаншы ауданында Әсетке әдеби мемориалдық мұражай ашылған болатын. Алғашында оған аудан орталығындағы бұрынғы өлкетану мұражайының бір бөлмесі беріліп, лайықталып, безендіріліп, оған ақын мұрасы орналастырылса, 1992 жылы Әсеттің туғанына 125 жыл толуын республикалық дәрежеде атап өту қарсаңында, яғни сәуір айында мұражай өз есігін халыққа салтанатты түрде ашты.
— Әбен Тұйғынұлы, Әсет жөнінде өзіңіз білетін деректерді оқырмандарға кеңірек талдап айтсаңыз.
— Әсеттің әншілік өнерін кезінде Ілияс Жансүгіров аса жоғары бағалап, өзінің «Әншіге» деген өлеңін жазған болатын. Шындығында да ақын Әсет:
«Арғынмын, атым — Әсет арындаған,
Арындап ән сала ма дарымаған,
Аспанның аясында ән шырқаған,
Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған.
Төгіліп інжу-маржан сауылдаған», — деп жырлаған еді.
Академик М.О.Әуезов Әсеттің Абай ауылында 1888-1891 жылдары болып, ұлы Абайдың алдынан тағылым алғандығын жазса, абайтанушы ғалым Қ.Мұхаметқанов өзінің «Абайдың ақын шәкірттері» атты 4 томдық жинағында Әсетке үлкен орын беріп, сүбелі тұжырымдарын жасайды. Ақынның шыққан тегі: руы — Арғын, оның ішінде Қаракесектен тарайтын Қарашоры, оның ішінде Майлық Қожамбергісінен тараған Қалыбайдың балалары Найманбай мен Қайранбай. Бұлардың ертедегі ата қоныстары бұрынғы Қарқаралы уезіне қарасты Темірші болысының 8-ауылы. Қызыларай тауының бөктеріндегі нулы Қаршығалы өзенінің бойында орналасқан «Керегетас» деген жер. Найманбай қолынан іс келетін кәсіп иесі болғандықтан, сонау бір ауыр күндерде Арқаның ақшомырларына ілесіп Семей жеріне, кейінірек Қытай елімен шектесіп жатқан Мұқаншы өңіріне келіп, Алакөл көлінің жағасын жайлаған «Еміл-Барлық» болысын мекен етеді. Осы жерден жаңбыршы руының бір қызы Кермеқасқаға (Керімбала) үйленіп, тұрақтап қалған. Қазіргі кезде Найманбайдың қыстауы мен зираты Мақаншы өңірінің Алакөл жағасындағы Қарабұлақ ауылына жақын Сасықкөл деген жерде.
Әсет Найманбайұлы 1867 жылы туған. Әсеттің нақты туған жері туралы жазба дерек жоқ. Әзірше екі ұдай пікір қалыптасқан. Біраз зерттеушілеріміз ақынды Мақаншы өңірінде туды десе, енді біразы әкесі Найманбай туған жеріне сілтеме жасайды.
Мұражайдың экспозициялық көрмесі осы туралы деректермен және алғашқы зерттеуші 1936 жылы 26 маусымында «Социалды Қазақстан» газетінде жарияланған Б.Ысқақовтың мақаласы, журналист О.Орынтаевтың 1941 жылы 8 маусымда жазып, «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген «Әсет» мақаласы, жазушы Б.Нұржекеев және абайтанушы ғалым Қ.Мұхаметқанов, зерттеушілер О.Бекбосынов, Б.Абылқасымов, Б.Адамбаевтың деректі қолжазбаларымен толыққан.
Бұдан кейін ақынның жастық шағы өткен Көктұма (Бақты) қаласы мен оның 7-14 жас аралығында оқып білім алған Зейнолла қажы (Ғабышүкір) медресесі туралы деректері орын алған. Көрмеде ақын дәріс алған медреседе суреті мен ол ұстаған құран кітабы, ақынның жұбайы Тәтежан аманат етіп, алғашқы келіні Кәукенге табыстаған Әсеттің бойтұмары (дұғалығы) орын алған. Медреседе оқып жүрген шәкірт шағының өзінде-ақ оның бойындағы таланты мен дарынды қасиеті таныла бастайды. Құран сүресін әуендетіп айтқан Әсет ақындық өнердің жолына 13 жасынан араласады.
«Елуден жасым менің белең асқан,
Өлеңге он үш жастан араласқам», — дейді ақын.
Әсеттің ақындығы туралы ел арасында әңгіме өте көп айтылады. Әсіресе оның Рысжан деген қызбен Қоянды жәрмеңкесіндегі айтысы туралы. Осы бір айтыс жөнінде қазақ әдебиетінің классиктері М.Әуезов пен С.Мұқанов оған жоғары баға берген. Көрмеге осы айтыс туралы пікірлер, Әсет пен Рысжан айтысының қолжазбалары және айтыстан үзінділер қойылған. Арқа ақындарының Меккесіне айналған Қоянды жәрмеңкесінің суреті, осы туралы әдебиеттер және Әсеттің Кәрібай, Бақтыбай, Қали, Қызыр, Мәлике қыз сынды ақындармен айтысы туралы да деректер орын алған.
— Әсеттің Ұлы хакім Абаймен арадағы байланысы туралы және Әсет әндерін ел арасына насихаттаушылар туралы таратып көрсеңіз.
— Ұлы Абай — ақындық, әншілік өнер жолында Әсетке үлкен өнеге көрсеткен ұстаз. Абайдан батыстың озық ойлы ғұламалары туралы, шығыстың ғажайып даналарының еңбектерін үйреніп, философиялық ой-тұжырымдарына қанығады. Айтыс бәйгесіне түсе жүріп, ел ішіне аты шыға бастаған жалынды жас Әсеттің ұлы ақынның алдына келіп, кемеңгер ұстаз сынынан өткен шағы 21-22 жас шамасы еді.
Мұражайдағы келесі бір көрме Абай мен Әсет арасындағы шығармашылық байланысқа арналады. Әсеттің Абай ауылына келуі, Шыңғыстау өңірі, ұлылар мекені. Абайдың алдын көрген жас ақын шәкірттері жөніндегі академик М.Әуезовтің сөздері жазылған. Көрмеден сол сияқты әдебиетші Б.Кенжебаевтың, халық ақыны Ғ.Игенсартовтың «Абай мен Әсет» атты мақалалары және Абайдың «Әсетке» атты өлеңі, сондай-ақ Қ.Мұхаметқановтың «Абайдың ақын шәкірттері» жинақтары қойылған.
Әсет — қазақтың көрнекті лирик ақындарының бірі. Замана шындығын шынайы суреттеу, айналасын қоршаған тылсым дүние бояуларын өлең-жырмен, тамаша сөздерімен сол қалпында жеткізу тек қана Әсетке тән қасиеттердің бірі. Ақынның ерекше де құнды дүниелерінің бірі — қиссалары, дастандары. Бүгінде оның бізге 24 дастаны белгілі. Әсеттің көпке танымал шығыстың ертегілерінің желісімен жазылған «Рүстем — Зораб», «Жамсап», «Шәкірт — Шәкрат», «Бозжігіт», «Жүсіп — Зылиха», «Алтын балақ ақ сұңқар», «Бақтияр», «Шеризат», «Француз ханы туралы хикая» тағы басқа дастандарынан басқа моңғол ертегісінің желісімен құрылған «Салиха — Сәмен», қазақ елінің қоғамдық қатынасы және әлеуметтік тынысын аша түсетін «Қызыл табан ағаш ат», «Кешубай», «Түсіпхан», «Төрт өнерпаз», «Нұғыман-Нағым» дастандары мен оның Абайдан кейінгі екінші болып аударған Пушкиннің «Евгений Онегин» поэмасы әдебиетіміздің алтын қорына айналып отыр. Әсеттің алғашқы шығарған шығармаларының бірі — «Салиха — Сәмен» дастаны. 1945 жылы дастан Қытайдың Алтай аймағындағы Сарысүмбе қаласында басылып шыққан. Мұражай көрмесінде Әсеттің осы дастандарына үлкен орын беріліп, қайсыбіреуінің қолжазбалары қойылған.
Келесі бір үлкен бөлім — әншілік өнерін ашатын «Әсет — әнші-композитор» тақырыбымен қойылған көрме бөлімі. Белгілі жазушы С.Бегалин халық ақыны Кенен Әзірбаевтың туғанына 90 жыл толу мерекесі өтерде Кенекеңнен «Осы Әсеттің дауысы қандай еді?» деп сұрапты. Сонда Кенекең: «Мен осы жасыма дейін Әсеттің дауысындай зор дауысты естімеген едім, болса Әміренің дауысы Әсетке жетеғабыл болар», — деген екен. Шынында, Әсеттің ән айту ерекшеліктері өте күрделі. Әуен құрылымы да айтушыға жеңіл түспесі хақ. Әсеттің «Інжу-Маржан» әні қазақ ән өнерінің биік шыңы десе болғандай. Бұдан басқа Әсеттің: «Мақпал», «Қаракөз», «Майда қоңыр», «Ләйлім шырақ», «Қысымет», «Қоңыр қаз», «Шама», «Ардақ», «Желдірме, «Көктас», «Гауhар қыз», «Әпитөк», «Қанапия», «Жиырма бес», «Ырғақты» әндері — диапозоны өте жоғары, кең тынысты әндер. Әсет әндерінің әуезді әуендері бүгінде драмалық шығармалардан басқа опералық қойылымдарда, кинофильмдерде де пайдаланылуда. «Қазақстан» теледидары дайындап, сахналаған «Ғасырлар үні» атты дәстүрлі ән концерттік жобасының алғашқы шымылдығы да жыл сайын Әсеттің «Інжу-Маржан» әнінің әуенімен ашылады. Бұл, әрине, Әсет әнінің құдіреті. Оның әндерінің бізге жетуі белгілі әнші, халық әртісі Дәнеш Рақышовтың 1959 жылы өз Отанына келуімен байланысады. Дәнештен кейін М.Ешекеевтің, Ж.Кәрменовтың, Б.Тілеухановтың, Н.Жанпейісовтың орындауында ғана Әсет әндерін тыңдауға мүмкіндік алдық. Әсеттанушы ғалымдар, зерттеушілер Әсет шәкірттері жөнінде де түрлі материалдар осы бөлімге қойылған.
Мұражай ішіндегі құнды жәдігерлердің бірі — 1918 жылы сәуір айында пәтіретші Мұхамеджан Юсуповтың түсірген Шәуешек қаласындағы қазақ зиялыларымен бірге түскен Әсеттің суреті. Суретте ортада отырған — Алаш қайраткерлері М.Дулатов, Р.Мәрсеков, А.Байтұрсынұлы. Шетте жеке отырған — Әсет ақын. Әсеттің өмірінің соңы Шыңжаңның Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарында өтеді. Ақынның осы өңірден шығарған шығармалары мен өмірінің соңы туралы материалдар көрмеден орын алған. Экспозициядағы ерекше қызығушылық тудыратын материалдардың бірі ұрпақтары жөнінде. Жартылай киіз үй макетінің ішіне жинақталған жәдігерлердің ішінен сіздер Әсеттің өзінің, әйелі Тәтежанның, қызы Сәмегөйдің және ұлы Қожеке ұстаған дүние-мүліктерді тамашалай аласыздар. Сондай-ақ, Әсеттің келіні Қамарияның кейбір үй жиhаздары да осында. Ақынның ұрпақтары туралы, ата тегі туралы шежіресі де жазылған. Көрменің соңғы бөлімі қазасы туралы және зираты жайындағы деректермен толыққан.
Алаштың жезтаңдай әншісі Әсет туралы толықтай мағлұмат аламын десеңіз, Әсет мұражайына келіңіз.

Бейсенғазы Ұлықбек

(426)