mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің Астана қаласындағы тілшісі.

Созақ ауданының ардагерлері ЭКСПО-да қонақта

Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының ардагерлері Астана төрінде «ЭКСПО — 2017» көрмесін тамашалады. Құрылғанына 30 жыл толған республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің аймақтық филиалдарынан халықаралық көрмеге алғаш болып Созақ ауданының қариялары қонақ болғанын айта кетейік.

Қырық ардагердің басын қосып, оңтүстіктен Арқа төріне ат терлетіп келген Созақ ауданының Құрметті азаматы, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспембетов:
— Біз көпті көрдік. Бірақ дәл мұндай әлемдік көрме, мәні зор тақырыптар талқыланатын бірегей шара елімізде өтеді деп ешқашан ойламаппыз. Өзімнің де, қариялардың да көрмеден алған әсерімізді сөзбен айтып жеткізуге келмейді. Баршамыз болашағымыз қалай болар екен деп алаңдап жүрміз ғой. Әйтсе де, келешегіміздің кемел боларына көрме арқылы көзіміз жетті. Қазақ ғылымының дамып, бұрын судан, диірменнен, одан басқа мұнай, көмірден энергия алатын болсақ, енді желдің, күннің энергиясын игеруді еліміздің жолға қойып жатқанына куә болдық. Осы істің басында тұрған Елбасы Н.Назарбаевқа бәріміз шексіз ризамыз. Ал бұған дейін өңір басшысы Жансейіт Түймебаев «ЭКСПО — 2017» туралы бізге насихаттап айтып келген болса, енді мінеки, өз аяғымызбен келіп, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстауға мүмкіндік алдық. Соған бар жағдайды жасаған облыс, аудан басшылығына ардагерлердің атынан алғысымды жеткізгім келеді, — дейді.
Оңтүстік өңірінен келген қарияларымыз «ЭКСПО — 2017» көрмесінен бөлек, қуғын-сүргін құрбандарына арналған «АЛЖИР» мемориалдық музей-кешеніне барып, репрессия кезіндегі тарихи ақтаңдақтардың куәсі болса, жуырда ғана күрделі жөндеуден өткен Астананың символы — «Бәйтерек» монументі және «Бейбітшілік пен келісім сарайымен» толығырақ танысты. Олардың көбі «АЛЖИР» музейіндегі жәдігерлердің қатты әсер еткенін айтса, енді бірі «ЭКСПО — 2017» көрмесіндегі «Нұр әлем» павильонының басқа мемлекеттердікіне қарағанда тартымды әрі ішіндегі құнды дүниелер мен мәліметтердің ұтымды ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.
Бүгінде Созақ аудандық Ардагерлер кеңесі 16 бастауыш ұйыммен жұмыс істесе, қариялардың жалпы саны — 5220 адам. Оның ішінде 6-уы — Ұлы Отан соғысының ардагері (ең үлкені 96 жаста) болса, 625-і — соларға теңестірілген тыл ардагерлері. Солардың бірі, тарихшы, ес білгеннен еңбекке ерте араласқан, бүгінде төрге озған ақсақал Дулат Тұрантегін де сөзге тартқан болатынбыз.
— Көңіл күйіміз керемет! Құдай бұйыртып, ЭКСПО-ны да көрдік. Барынша толығырақ танысып шығуға тырыстық. Айтайын дегенім, көрме қалашығында Қытайдан келген қандас бауырымызбен әңгімелескен едік. Өзі егін егіп күн көріп жүрген нағыз шаруаның адамы екен. Таңғалысын жасырмады, қуанғаннан мені құшақтап та алды. Атамекеніне алғаш рет табаны тиіп отырған болуы керек, «Бауырларымыз сондай қонақжай, ал еліміз дамыған екен» деп ағынан жарылды. «АЛЖИР» музейіне барып, тіптен толқыған жайым бар. Өйткені жерлесіміз, Алаш қайраткері Сұлтанбек Қожановтың жұбайы Күләндам апайымыз да «АЛЖИР»-дің азабын тартқан. Көзінің тірісінде тілдесіп, ол туралы «Егемен Қазақстан» газетіне көлемді мақалам да шыққан болатын. Кейін өзі соны оқып, ризашылығын білдірді. Одан қайтыс боларынан бір-екі ай бұрын ауылға келіп, баршамызбен қоштасқандай болған. Мінеки, осының бәрі музейде жүргенде еске түсті. Менен басқа қарияларға да музейдегі көріністер әсер етпей қоймапты, — дейді Дулат Тұрантегі.

Ермұрат Назарұлы

(25)