mm
Халықаралық "Қазақстан Заман" газетінің тілшілер қосыны бастығының орынбасары. ҚР "Ақпарат саласының үздігі"

АУЫР ЖҰМЫСТАН ДЕПУТАТТАР ЖАУЫР БОЛҒАН БА?

Алтыншы сайланған Парламенттің екінші сессиясы аяқталды. Ауыр жұмыстан жауыр болған депутаттар каникулға шықты. Каникул деген аты болмаса, жұмыс шаш етектен. 1 шілдеден бастап сайлаушылармен кездесуге аттанған халық қалаулыларының алдында қыруар жұмыс тұр.
Парламент жұмысына көз жүгіртсек, Сенат пен Мәжіліс депутаттары 357 депутаттық сауал жолдапты. Парламентшілерге халықтан 9 мыңнан астам хат түскен. Ауыл-аймаққа сапарлар барысында депутаттар 700-ден астам елді мекенге барған және ол жерлерде 2 мыңнан астам кездесу өткізіп, 300 мыңдай адаммен кездескен. Каникулға кеткен Парламенттің қоржынында бекімеген 27 заң жобасы ғана қалыпты…
Жасырып-жабары жоқ, ел арасында бір сессия бойы жұмған аузын ашпай отыратын мәжілісімендер туралы алып-қашты әңгіме көп. Бірақ санаулы самарқау адамдарға бола көпшілік депутаттарға топырақ шашуға болмас. Өйткені партия атынан сайланған соң, бірінің жыртығын бірі жамап жатуы заңдылық. Осы тұрғыдан қарағанда, белсенділері өзекті проблемаларға ат шалдырып, азулы ойларға түрен салғандары баршылық. Әсіресе «Ақ жол» партиясының банктерде орын алып отырған кейбір келеңсіздіктерді сынаған депутаттық сауалдары көпшіліктен қолдау тапты. «Нұр Отан» партиясының ауыл-аймақтағы шаруалардың мұң-мұқтажы туралы ой-пікірлері де діттеген жеріне дөп тиіп жатты. «Коммунистік партияның» билік басындағы басшылардың кейбір бюрократтық іс-әрекеттерін әжуалаған сыни көзқарастары ескерусіз қалды дей алмаймыз.
Екінші сессияда қос палатаның 6 бірлескен отырысы, Мәжілістің 38 және Сенаттың 25 жалпы отырыстары өтті. Бұл кезеңде Парламент қарауында 111 заң жобасы болды, оның 84-і қабылданды. Олардың ішінде 15 заң жобасына депутаттардың өздері бастамашы болды. Парламент қабылдаған 66 заңға бүгінгі күні Президент қол қойып, олар өз күшіне енді.
Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында күн тәртібінде бір ғана сұрақ болды. Ол алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті екінші сессиясының жабылуы және Парламенттік каникул туралы. Ол жөнінде баяндама жасаған Мәжіліс төрағасы атқарылған жұмыстарға есеп беріп, болашақ жоспарларымен бөлісті. Ол кісі атап өткендей, алтыншы шақырылған Парламенттің екінші сессиясы өте маңызды және тарихи кезеңге толы болыпты. Мәселен, Тәуелсіз Қазақстанымызға 25 жыл толды. «Халқымызда «Елу жылда ел жаңа» деген қанатты сөз бар. Ал біз елу жыл емес, 25 жылдың ішінде барлық қиындықты жеңіп, дамыған елдердің қатарына кірдік. Бұл Елбасының көреген саясатының, батыл қадамдарының, тарихи шешімдерінің және оған қолдау көрсеткен халқымыздың бірлігінің арқасында келген үлкен жеңіс», — деп атап өтті Н. Нығматулин.
Осы мерейтой қарсаңында Парламент депутаттары Президенттің тарихи тұлғасын ашатын, егемен еліміздің даму жолын көрсететін, келешек ұрпақтарға мұра болып қалатын маңызды құжат — «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығы» Декларациясын қабылдады. Ал еліміздің жаңа даму кезеңі ірі конституциялық реформадан басталды. Ол жеткен табыстарымызды және мықты президенттік билікті сақтай отырып, демократияны одан әрі нығайтуға, халықтық билікті күшейтуге және Үкімет пен Парламенттің жауапкершілігін арттыруға жол ашты. Өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы: «Осы теңдессіз конституциялық реформа — Қазақстанымызды әлемдік абыройға жеткізген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әрқашанда халықпен бірге болып, тарихты бірге жасайтын салиқалы саясатының жемісі. Бұл өзгерістерді біздің депутаттарымыз жоғары сенім мен және Елбасымыздың, халықтың, мемлекеттің алдындағы зор жауапкершілігі деп қабылдады», — деді.
Парламентте өткен үкімет сағаттарында, дөңгелек үстелдерде, көшпелі отырыстарда денсаулық саласы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік-экономикалық, білім және мәдениет, жастар мәселелері қамтылған. Парламент жұмысындағы маңыздың өзгерістің бірі — ашықтық. Мысалы, сессия бойы Парламенттің жалпы отырыстары, Үкімет сағаттары «онлайн режимде» көрсетілді. Парламентте талқыланған маңызды мәселелерге қоғамдық ұйым мүшелері, Парламентке кірмеген саяси партиялар және БАҚ өкілдері еркін қатысып, ұсыныс-пікір айтуға барлық жағдай жасалды.
Мәжіліс Төрағасы екінші сессияның жабылуы Тәуелсіз Қазақстанымыздың абыройы артып, беделі көтерілген ерекше кезеңге тұспа-тұс келгенін де назардын тыс қалдырмады.
— Дәл қазір Елордамыз Астанада 160 жылдан астам тарихы бар, әлемге әйгілі ЭКСПО көрмесі өтіп жатыр. Осы көрмені өткізу — кез келген мемлекет үшін зор абырой және биік мәртебе. Бұл, ең біріншіден, әлем елдерінің біздің Қазақстанға деген үлкен сенімнің және үлкен құрметтің көрсеткіші. Бұл тұңғыш Президентіміз, әлемдік деңгейдегі саяси тұлға Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халықаралық беделінің арқасында келген үлкен жеңіс, — деді Н. Нығматулин. Сөзін қорытындылай келе Мәжіліс Төрағасы барша әріптестеріне, қос аппарат қызметкерлеріне, БАҚ өкілдеріне бірлескен табысты жұмыс үшін өз алғысын жеткізді. Осыдан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша Парламенттің Қаулысы қабылданып, ресми жабылу рәсімінде еліміздің әнұраны орындалды.

Рамазан Жәшиұлы

(9)