Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы, Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Әміре Әрін: Жақсы адам болса, мал маманынан да мықты журналист шығады

ТАРИХИ САНА — ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ ТҰҒЫРЫ

— Құрметті Әміре Әрін, Елбасы бастамасына сәйкес болашақта бірте-бірте латын әліпбиіне көшу ісі қолға алынбақ. Бұл реттегі ой-тұжырымыңызды білсек дейміз.
— Туған халқының ертеңгі күнін есінен бір сәтке де шығармайтын Нұрсұлтан Әбішұлының рухани жаңғыруға тән мақаласы біздің қоғамдық өміріміздегі тарихи жайт дер едім. Ұлттық код дегеніміз — даңқты бабаларымыздың мыңдаған жылдарғы көш-керуенінің асыл арнасы, жиған-терген салт-сана, тілі, өнері, қазақы қалпы. Біз әлемде тұңғыш әліпбиін қамдаған түркілік өркениеттің өкілдеріміз. Сына жазуымызды барша әлем әлдеқашан мойындаған. Ұлы далаға ислам діні күштеп ендірілген кезеңде сол жазу мәдениетіміз түбірімен жойылды. Орыс бодандығындағы бұл ретте көрген құқайымыз көпшілікке белгілі.
Тәуелсіздік жылдарында ана тіліміздің аясы кеңіді. Аллаға шүкір, еліміз бойынша балалардың 80 пайыздан астамы қазақ сыныптарын қалап алған. Арасында өзге этнос өкілдері де жетерлік. Бұл өсу өлшемі жыл өткен сайын қанатын жая түспек. Тіл проблемасы табиғи түрде өзінен-өзі жойылады. Осы орайда, сөз жоқ, латын қарпіне көшуіміз айдынымызды толтырып, өркениеттік аямызды ұлғайта түседі. Ендігі мәселе ғалымдарымыздың төл дыбыстарымыздың негізінде латынның қазақы қалпын тезірек бекіттіріп беруінде тұр. Сонда біз газет өндірісіндегілер ара-арасында бірер бетімізді сол қаріпте теріп, оқырмандардың көңілдерін жұбатып, көздерін үйрете берер едік!
Қайсыбіреулер латын әліпбиін халық талқысына салып, референдум жолымен қабылдау керек деген әңгіме шығарып қалды. Керісінше, бұл Елбасы құзырындағы мемлекеттік шаруа. Тіл мамандары және өзге де тиісті салалар ғалымдары күшімен тындырылатын дүние. Көпшілікті көлденең сөзбен шатастырмау қажет.
— Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы дала ұлағаттары» атты кезекті сүбелі еңбегінде: «Кезінде Ұлы даланың әміршісі болған Түрік қағанаты Дунай жағалауынан Корей түбегіне дейін, Гоби даласынан Байкөлге дейін шығандап шығып, жайылып жатты» деп жария тұжырымдады. Ұлттық жаңғыру дегеніміздің өзі Ұлы дала табиғатына терең дендеу емес пе?
— Бұл фәниде әркімнің ақылына сыя бермейтін ақиқат жетерлік. Ұлттық тарихымыз мұның салқынын тартып отыр. Алдымен айтарым, тарихи сана — ұлттық сананың тұғыры. Ал ұлттық санасыз ешбір ұлттың тіршілік құра алмасы хақ. Қазір ғана өзің Елбасымыздың даңғайыр Ұлы далаға көк түріктердің әмірші болғандығын паш етер сөзін келтіріп отырсың. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада да «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп қадай нығырлады.
— Сөзіңізді құптай өтсем, Нұрсұлтан Әбішұлының «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Кеңестік насихат пен ғылымның көшпелілер тарихын саналы түрде кемсітуі қазақтың ұлттық сана-сезімін күйретіп құртатын рөл атқарды. Сондықтан әділдікке дес берер болсақ, біздің алдымызда төл тарихымызды қалпына келтіріп, жетістігі мен кемшілігін, жеңістері мен жеңілістерін барша шындығымен көрсету міндеті тұр» деп, бар шарапатты шаруаны өзі бас бола бастап берген еді ғой?..
— Пәле дер едік. Тырп ете алмай отырған сол баяғы кәсіпқой тарихшыларыңыз. Әйтпесе Елбасымыз Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанатында «Қазақ хандығы бұдан бес жарым ғасыр бұрын ғана шаңырақ көтерсе де, Еуразияның ұлы даласында орнаған арғы дәуірдегі сақ, ғұн, үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері болды» деп қайталай шегеледі. Алтын Орда дегеніміз — Шыңғыс хан мен оның ұрпақтары құрған ерен мемлекет қой. Ұрпағы жақсы болып, атасы жаман болғанды қайдан көрдіңіз?! Шыңғыс қағанды Аллаға да, адамға да аян түркілік перзент ретінде неге кеңінен зерделемеске?
— Сіздің құрылтайшылығыңызбен қазақ, орыс тілдерінде республикалық «Шыңғысхан» журналы көптен бері шығып жатыр емес пе? Ұлы қаған рухына арналған ел көлемінде мүшәйра өткізгендіктеріңізді де білеміз.
— Рақмет, хабардар екенсіз. Шыңғыс қаған тақырыбы келесі әңгіменің өзегіне айналсын. Қазір бастасақ, жуық маңда доғара алмаспыз. Ұлы қаған Көк Тәңірінен күш алып, өзіне дейін әлемді әлденеше рет дәргейінде ұстаған даңқты бабаларының жасампаз ісін жалғастырушы! Данышпандықпен көктүріктердің кезекті бір алып империясын негіздеген адамзатта теңдесі жоқ қолбасшы, ұлы реформатор. Әлемдік өркениеттің дем берушісі! Ал халықаралық «Шыңғысхан» журналына келсек, аталмыш басылым Ұлы Қаған және оның ұрпақтары заманында жаулап алған барлық кеңістікке еркін тарап отыр. Таралымы уақыт озған сайын өсе түсуде.

Блиц-сауал

— Кімге қарызсыз?
— Аллаға, ата-анама! Басқа жұртқа бермесем, алған шағым мүлдем жоқ.
— Өзіңізді ақылдымын деп есептейсіз бе?
— Ақымақ болсам, сіз сұхбат алмас едіңіз ғой.
— Өлеңді қай мезгілде жазасыз?
— Толғағы жеткенде кез келген жерде уақыт талғамай жаза беремін. Және тез түсе қалады.
— Дос таңдайсыз ба?
— Көбіне достар мені таңдайды.
— Бақыт дегеніміз не?
— Бақыт дегеніміз — Қасиетті Қазақ Жері, Қазақ Елінің бостан қалпы!

ӘДЕБИ, ЖАЗБА ТІЛ — МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІҢ БАСТЫ БІР БЕЛГІСІ

— Ана тіліміздің кеңінен өріс табуы жолында ғұмыр бойына күресіп жүрген қаламгердің бірісіз. Айтарыңыздың аз емес екендігін білеміз. Үш тұғырлы тіл мәселесіне қалай қарайсыз?
— Жер бетінде ұлт болып қалуымыздың басты белгісі Һәм шарты — ана тілімізді көздің қарашығындай сақтай білу. Қасиетті жеріміздің төрінде өзге тілде шүлдірлеп қалсақ, я болмаса басқалар өз дәстүр-салтымен тайраңдап жүрсе, барымыз не, жоғымыз не?! Елбасын толғандырар дүние де дәл осы! Бұдан он бес жыл бұрын «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген бастама да көтерген-ді. Елп еткен ешкімді көре алмадық. Бұдан үш жылдан астам уақыт бұрын облыстық тіл басқармасында басшылық қызмет етіп жүрген тұста негізгі жұмысты осы қағидаттың құрсағында құрып, Жетісу аймағында арнайы акция ұйымдастырдық. Жұртшылықтың сондағы ынта-ықыласын көрсеңіз! Әсіресе ортамыздағы өзге этнос өкілдерінің. Яки бәрі өз қолымызда, барлық руханият суаттарының көзін өзіміз ашып, шырағданды жарқырата жағуға тиіспіз!
Әдетте, әдеби жазба тіл — мемлекеттіліктің басты белгісінің бірі. Орхон мен Енисей бойларында заманымыздың сегізінші ғасырында тасқа қашалған жазулардың тілі неткен керемет?! Әрі икемді, әрі қуатты тіл. Керек десеңіз, сол дәуірде мұндай рухани байлық Еуропа мен Азиядағы небір отырықшы халықтардың үш ұйықтаса түсіне де кірмеген.
Көп тіл білудің артықтығы жоқ. Мәселе жеті жұрттың тілін білсең де, соларды өз ұлтыңның алға қойған асыл мұраттарына қол жеткізуге қолдана білуде. Заманымызға дейінгі көршілес парсы тілін жетік меңгерген Алып Ер Тоңа, Шу батыр бабаларымызды былай қойғанда, біздің эрамыздағы Аттила (Еділ батыр) Шыңғыс қаған, Жүсіп Баласағұн, Махмұд Қашқари, әл Фараби, Ирак пен Иранды билеген Ұлы Хасан шейх, Мысырды қол астында ұстаған Сұлтан Бейбарыс, Мұхаммед Дулати мен Қадырғали Жалайыри, Шоқан Уәлиханов, кешегі Алаш арыстары бірнеше тілді жетік меңгергендегі теңіздей білімдерін елдің игілігіне, келер ұрпақтың қамына жаратты! Қазір де осы өнеге өріс алса, кәнеки!
Қазақтардың қай нәрсеге де кең даланың көксеңгір биігінен зер салатындығын, сондықтан да алыс көкжиектерді бірден көретін қасиетін, дархан табиғаты мен күн сәулесіндей шұғылалы пейілін, ешкімді жатырқамас ақкөйлек болмысын біздің отандастарымыздың бәрі де оңды түйсінуі қажет-ақ.
Аляска бетке алғаш 30-40 мың жылдай бұрын өткен адамдардың тікелей ұрпақтары ретінде саналып, бүгіндері Орталық және Оңтүстік Американы жайлайтын майя, астек, кечуа халықтарының сөздік қорларында түрік тіліне жақын атаулардың кездесуі олардың түп төркінінің тарихы тым әріде, азиялық атамекендерде жатқанын көрсетеді. Білгір ғалымдар Ақатаев пен Ақышев 1993 жылы асқақ Алатау жартасынан қола дәуіріне жататын домбыра тартып отырған адам бейнесі салынған сұлбаның табылғандығын жария етті. Бұл суреттің ғұмыры 4000 жылдықтың тереңінен сыр тартады екен. Яғни қазақтың қара домбырасы әлемдегі барша шекті аспаптардың атасы деп саналады. Екіншіден, домбыра тартылды дегеніміз мынау байтақ далада сол көне заманда күмбірлеп күй төгілді, шарықтай ән қалықтады деген ұғым емес пе?

Шығармашылық дегеніміз — адам жүрегінің, оның моральдық болмысының айнасы. Михаил Светловтың «жақсы адамнан ғана жақсы шығарма туады» деп жүргенінің мәні сонда. Кез келген шығармашылық иесі өзінің өмірлік ұстанымын көк байрақ күйде әмісе ұстап жүру үшін небір тар жол, тайғақты кешуді  басынан кешері сөзсіз. Бәрінен бұрын өзінің ішкі «менімен» күресінің қаншалықты нәтижелі күйге жетері маңызды. Қазір біздің қоғам өзін өзі билей алар жанға зәру.

ҰСТАНЫМЫМ — АҚ СӨЙЛЕУ, НАҚ СӨЙЛЕУ

— Қашан көрсек те қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүресіз. Облыстық қоғамдық кеңестің, әдеп кеңесінің мүшесісіз. Республикалық, облыстық БАҚ-тан сұхбат беріп жатқан сәттеріңізді жиі ұшыратамыз, барлығына қалай уақыт табасыз?
— Қоғамда ғұмыр кешкен екенсіз, оның қам-қаракетінен тыс қала алмасыңыз хақ. Азды-көпті білім, жиған-терген тәжірибемізбен естияр шаруаларға себіміз тиіп жатса, бекер тіршілік құрмағанымыз. Бұдан тыс, қазіргі жағдайда қай салада болмасын қазақтың мүддесіне қиғаш келер көріністер түгесілер емес. Алқалы жиындарда солар хақында сынадай кейіпті бір ауыз сөз кіріктіріп қалуға ұмтыласың. Мұныңыздың бірге ұнап, енді бірге, әсіресе биліктегілерге ұнамасы хақ. Жалпы адам баласы біреулерге ұнау үшін ғұмыр кешпесе керек.
Ара-тұра мемлекет тарапынан берілген заңды құқықтарды асыра пайдаланып қалуға тырысушы пысықайлар да ұшырасып жатады. Әке-көке дегеніңізді құлағына да іле қоймас, мұндай мықтылармен шартпа-шұрт кетісіп те жатамыз. Несін айтасыз, бұл комиссияларыңыз қып-қызыл өрттің ортасы. Амалдың жоқтығынан «Мен жанбасам, сен жанбасаң…» деген байырғы күйдегі жайымыз бар.
— Осыдан үш жылдай уақыт бұрын бір жиын үстінде Сарқан ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет ететін Ғалымжан Маманбаев деген азамат: «Басшылыққа барған бетте басылымның атын өтімді, айшықты қалыпта өзгерту Әміре ағамыздың жұмысының біссімілласы, содан кейін материалдардың мазмұнын замана ағымы, ұлттық ұстанымға сай күрт өзгертуге ден қояды. Облыстық «Огни Алатауға» барғанда да сөйткен, сол ерекшелігін енді «Жетісуда» да бірден қолға алды» деп риза-хош лебізін жария білдіріп отырды. Мұның мәнісі неде?
— Қай газеттің де аты-жөнінің бірден көзге түсері хақ. Ұтымды кейіпте бедерленсе, сонысымен оқырмандарын тартады, көздеріне жылы ұшырап, жүректерін баурайды. Сол тұрғыда ғой, алдымен алмастырып жүргенім. Ал мазмұн деген мәселеге келсек, бұл енді екінің бірінің оң жамбасына келе бермейтін шаруа. Шығармашылық ұжымның бар қуат-күшін халық үшін аса қажетті айтулы арналарға жүйелі түрде бұра алғанда және журналистиканың тиімді жанрлары арқылы ойнатып бере білгенде ғана қанжығаңыз майлана бастайды. Онда да мысқалдап қана. Сондай тулаған тіршілік басымыздан өтуде. Бұрнағы жылы еліміздегі барша мерзімдік басылымдар шоғырында оза шауып, Елбасының марапатын иеленуіміз соның өтеулі көрінісі дер едім.
— Журналистикадағы басты ұс-танымыңыз?
— Ақ сөйлеу, нақ сөйлеу.
— Мықты журналист қайдан шығады?
— Әрине, ата-анадан шығады. Кәсіпке баулу — екінші кезектегі мәселе. Бәрінен бұрын елін, жерін сүйетін ақдидар азаматты қалыптастыру қажет. Өйтпейінше дипломнан қайыр жоқ. Жақсы адам болса, мал маманынан да мықты журналист шығады.
— Жолыңызды қуған балаларыңыз бар ма?
— Әдетте көп ата-аналар барды-жоқты сылтауратып өз мамандықтарын ұландарының меңгергенін қаламай жатады ғой. Мен керісінше, үш баламның үшеуіне де ес білгеннен осы мамандықты қалауларын тіпті талап еттім десем болады. Ақмарал есімді қызым мектеп қабырғасында жүргенде әжептәуір өлең, мақалалар жазып, бет бұрғандай болып еді. Оның өзі өзге мамандықтың жетегінде кетті. Ендігі үмітім немерелерімде. Рамазан атты немерем қазір сегіз жаста, шатпақтап өлең, еркін тақырыпқа эсселер жазады. Қиялы көркем. Ана тілінің шырайын келтіре еркін сөйлейді. Мұғалімдері де мақтайды.
— Сіз облыстық қоғамдық кеңес отырысында мәселе көтеріп, Талдықорғандағы орталық стадионның қақпасын тұрғындар үшін таңғы 5-те аштыратын кестені орнықтырыпсыз. Нағыз тәтті ұйқы шағында не жоғалттыңыз ол жақта?
— Жалғыз мен бе екен, таңғы бесте қақпаның алдында талай адам тұрады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағида бала жастан санама сіңіп қалған. Қараңызшы, беті-қолыңызға залалды бір зат түсе қалса ғой, соны кетіргенше, дамыл таппайсыз. Іш-құрылысымыз да солай. Әрі ағзаңыздың сыртына қарағанда мүлдем нәзік. Бүгінгідей климатың кіртиіп, экологияң жер бауырлап, ішер тамағыңыз химиялық сынақтар нысанына айналған шақта сол нәзік ағзамызды күнделікті тыншу таппастан қалай ластап жатқандығымызды бір сәт ойланып көрелікші. Есің кетеді. Ал таңғы ішкен таза су, серпінді дене шынықтырулары мен жүгіру өз ағзаңызды оп-оңай тазартудың, сондай-ақ шымыр да шыдамды болудың ең төте Һәм арзан жолы.
— Жастар кітап оқымайды деген пікір етек алып тұр. Осы жайында не айтар едіңіз?
— Жастар расында да, кітап оқудан, ұлттық әдеби кітаптарды бойға сіңіруден қалды. Біздің шағымыздағы интеллектуалдық деңгей туралы әңгіме қозғаудың өзі әбестік. Әйтсе де, солай екен деп тосырқап жатқан жастарды көрмедім. Түрлі кездесулерде боламыз ғой. Тілге тартсаң, әлденелерді айтып, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей арасында тақылдайтындары да жоқ емес. Қойған сауалдарыңа жауабы даяр. Сонда деймін-ау, әдеби кітаптарды оқымай-ақ жоқтан барды құраудың реті келгені ғой. Менімше, мұның төркіні интуитивтік сезінуде секілді. Байқағаным, жастар көркем әдебиеттен гөрі белгілі бір салалық нақты әдебиеттерге үйір. Мүмкін бұл заманның талабы шығар. Екінші бір қырынан қарасақ, бұл жалғанда білім-ілімнің, ізденістің шегі жоқ. Бүгінгі көзқараспен қарағанда белгілі бір сапалық деңгейге жеткен, алды-арты тұйықталған дүниенің енді бір жарты ғасырдан соң көзге қораш көрініп қалар жақтары жетерлік. Атамыз қазақ «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деп жатпай ма мұндайда.

Шынайы шығармашылық адамының өзгелей байлық қууға мұршасы да жоқ. Алайда тарихта ауқатты қаламгерлер аз ұшыраспаған. Абайды ешкім кедейшілік көрді деп көрген емес. Гетенің де байлығы бір басынан артып жығылған. Сол майлық-сулығы да, атақ-даңқы да айтулы дүниелер тудыруына септеспесе, кедергі келтірмеген. Қазіргі қазақ ақын, жазушы, өнер адамдары арасында да ауқаттылары жетерлік. Әсіресе эстрадалық әншілер ортасында. Бәрі де қал-қадірлерінше ұлттық ұлық өнеріміздің мәртебесін көтеру жолында адал тер төгуде.

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АДАМЫ ҚАНДАЙ БОЛУҒА ТИІС?

— Шығармашылық дегеніміз — адам жүрегінің, оның моральдық болмысының айнасы. Михаил Светловтың «жақсы адамнан ғана жақсы шығарма туады» деп жүргенінің мәні сонда. Кез келген шығармашылық иесі өзінің өмірлік ұстанымын көк байрақ күйде әмісе ұстап жүру үшін небір тар жол, тайғақты кешуді басынан кешері сөзсіз. Бәрінен бұрын өзінің ішкі «менімен» күресінің қаншалықты нәтижелі күйге жетері маңызды. Қазір біздің қоғам өзін өзі билей алар жанға зәру. Өз ар-ожданы алдында адалдық таныта білмеген жан, Алланың алдында қалай адалдық танытсын. Көркемдік әлеміндегі жеңіс атаулы да осындай сан тоғыз толғақтардан кейін пешенеңе жазылады. Ал көрермен, я оқырманымыз бұларға басын қатырып жатпайды, әрі мұны сезбейді де, оларды қызықтырары шынайы шындық пен көркемдік, шеберлікпен суарылған салмақты ой. Адамзаттық құндылықтардың көз алдындағы мың сан тоғысы.
— Шабытты шақта қандай күйге бөленесіз?
— Жазу үстінде өз еркімнен тыс бір сиқыр күштің жетегінде кете баратын шақтарым көп. Кейде тіпті әдепкіде басымда әбден пісіріп қойған сұлба-соқпақ, ой-тұжырымдарым далада қалып жатады.
— Шығармашылық адамдарының көбіне жұпыны тіршілік кешетіндігі неліктен?
— Шынайы шығармашылық адамының өзгелей байлық қууға мұршасы да жоқ. Алайда тарихта ауқатты қаламгерлер аз ұшыраспаған. Абайды ешкім кедейшілік көрді деп көрген емес. Гетенің де байлығы бір басынан артып жығылған. Сол майлық-сулығы да, атақ-даңқы да айтулы дүниелер тудыруына септеспесе, кедергі келтірмеген. Қазіргі қазақ ақын, жазушы, өнер адамдары арасында да ауқаттылары жетерлік. Әсіресе эстрадалық әншілер ортасында. Бәрі де қал-қадірлерінше ұлттық ұлық өнеріміздің мәртебесін көтеру жолында адал тер төгуде. Әрине, араларында байлық пен барлыққа мастанушылар да ұшырасады. Бес саусақ бірдей емес қой.
— Ақын ретінде жалпы поэзия туралы ой-пікіріңізді білсек.
— Біздің ұлы халқымыз намыс пен поэзиядан жаратылған. Жазба мәдениетімізде жоғалмай қалғаны, сонау Алып Ер Тоңа бабамыз өмірден өткендегі ел-жұртының жоқтауынан бергі жалғасқан өлең-жыр керуені қазыналы да қағидатты. Ұлы Даламызда мыңдаған жылдар мұғдарында жыр толқындап, қара өлең есіп, елдің есін келтірген, жадын жандандырған. Ту ұсталардан бұрын тіл ұстағандардың абыройы артқан. Шешен-ділмәрларымыз жалғыз ауыз сөзбен дүйім жұрттың алдын бөгеп, бейдауа шаруаның бел алуына жол бермеген. Қағандарымызды айтасыз, хан-сұлтан, би-бектерімізге дейін қара сөзден қаймақ қалқып, тіліне тиек жуытпаған. Еуразия кеңістігін еркін жайлап жатқан көк түріктер ұлыстары мен тайпа-рулары бір-бірімен шешендігі байтақ, аузымен құс тістеген арнайы елшілері арқылы байланысып отырған. Барлық елдікке, тіпті жаулыққа қатысты жайттар да қара өлеңмен кестелене жеткізілген. Аллаға шүкір, сол ақ самал, сара жол қасиетті жерімізде үшінші мыңжылдықта да жаңғыра жалғасын табу үстінде. Қазақ поэзиясы бүгінгі түркі поэзиясының айдынды көл, шабытты шалқарына айналған. Атақты ақындарымыз әлем деңгейіне таныла бастады. Жас құрақтай желкілдеп, қыл қобыздай тереңнен үн тербеген жастарымыз да жетерлік.
Поэзия өзінің әу бастағы елді ізгілік пен бірлікке, жан жадыратар жақсылыққа, еліңді сүйіп, қолыңда бардың қадіріне жетуге үндер мәңгілік құс жолынан мысқалдай да арылмаса екен деген азаматтық та, ақындық та тілегім бар баршаға.
— Шалажансар шығармалардың шығуын қалайша тыюға болады?
— Таза інжу-маржанның түзілуі үшін де құм-тас қажет екендігін ұмыта береміз. Сол секілді әдебиеттегі озық дүниелердің арасында да шөп-шалаңның жүрері ежелден хақ. Мәселе соны қатардағы оқырмандардың жазбай айыра білуіне жәрдесе білуімізде.
— Әдебиеттегі жаңалық атаулыға қалай қарайсыз?
— Жаңалық атаулының бәрі адамзат игілігіне айнала береді деу бекершілік. Қызды-қыздымен атам бомбасын ойлап тапқан ғалымдар оның тажал себерін сезе білгенде доғара қояр еді ғой ізденістерін. Сол секілді жаңалық әкелеміз деп тым жадағай күй кешіп жүрген ақын-жазушыларымыз баршылық. Көбіне кейінгі толқын арасында. Жаңалық дегеніңізге және бір мысал. Сөз жоқ, интернет желісінің өркениет көшіне қосары өлшеусіз. Солай бола тұра ол төпелеп жатқан табиғат катаклизмдері, соқыр сенімді саясаткерлер секілді соншалықты қатерлі. Терроризмнің көз алдыңыздағы жарылғыш қапшығына айналды дәл қазір. Ойласаң, жаның түршігеді. Қалайда да, бұл бәтшағар бар адамзатты үлкен ұраға еріксіз тығындап, еркінен айырып келе жатқандай сезіледі маған.
— Мінберде мінсіз көрінер қайсыбір азаматтардың айнала бере ақылсыз қарекеттерге баруының себебі неде?
— Иә, ақиқаттың тонын жамылған көлгірсулер, ақылмансулар жиі кездеседі. Алайда олардың адымы ашылмай жатып-ақ әшкереленіп жатады.
— Сол әшкере күйге жеткенше тұнығымызды лайлап бітпей ме?
— Амал қанша, ақиқаттың жолы ауыр, әрі ол асықпайды да.

КЕШЕУІЛДЕП КЕЛУІМІЗДІҢ ПАЙДАСЫ…

— «Басына Балқаш көлдің
барып па едің,
Қызығына қырық күн қанып па едің.
Ертегі ме, елес пе, айыра алмай,
Ерік кетіп, жалындай жанып па едің?!» деген жыр жолдарыңызбен сұлу көлдің келбетіне деген іңкәр сезіміңізді алақайлай паш етеріңіз бар еді?
— Ежелден Ұлы даламыздың бойтұмарына айналған Көкше теңізді арғы-бергіде жырлаған ақындар жетерлік. Ал енді теңіздің қолтығында күн кешкен біздер үшін оның мән-маңызы тіптен ерек. Балалық балдырған шақ, есею жылдарымыз осынау қасиетті көл мен оған шапқылай келіп құлайтын Қаратал өзенінің жағалауында өтті. Таңбасы бір тәлейлі ағайындарымен жер бөліскен тұста «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деп, келер ұрпақ қамын ойлаған арғы бабаларымыз осы мекенге тізгін тежеген ғой. Балығы атша тулаған, ұшқан құсы сайраған, ну қамысын жабайы аң атаулы жаппай жайлаған өлкеміз қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектің құтты қонысына, сондай-ақ орысшыл пәрменнің ноқтасына басы сыймаған соңғы Кенесары ханымыздың Арқадан суыт келіп, аунап-қунап, күш жинап, сарбаздар жарақтаған саялы мекеніне айналған. Жалпы Қаратал өңірінің ер түріктердің аңсарлы мемлекет түзу жолындағы мыңдаған жылдарғы мақсатты шерулері баянындағы мән-маңыз өте зор. Тек зерттеуі кемшін соғып тұр.
— Туған жұрт, ұшқан ұя әсерлері қай жасыңыздан есіңізде қалды екен?
— Бес жасымнан бергі дүниелер жадымда жазылып қалған-ау. Ата-анадан ерте айрылдық, данагөй Сарқыт әжеміздің тәрбиесінде өстік. Артымнан ерген Әмірия есімді інім бар еді. Аң аулауға барғанда жазатайым мылтық атылып, кете барды қыршын күйде. «Жалғыздың жары Құдай» деп тіршілік түйінін тарқатып жүрген жай бар. Сұрағыңыздың төркініне сай айтып жатқаным ғой. Әйтпесе қайдан жалғыз болайын?! Құдай қосқан қосағым, барымызды сала тәрбиелеген екі ұл, бір қызым және де үш немереміз әулет әуенін әуелетуде.
— Жаттанды болса да, сүйікті кәсібіңізге қалай келдіңіз деген сауал тастасам…
— Мен де жауыр болса да, бәрі де балалық шақтан бастау алған деп тарқатайын. Сол көп ақын-жазушылар тіліне үйіріле беретіндей, біздің де тырнақалды өлең, тиіп-қашпа мақалаларымыз сол дәуірдегі республикалық пионерлер басылымында, аудандық, облыстық газеттерде ауық-ауық жарық көретін-ді. Аты-жөнімнің астына жас тілшіміз деп қоса жазылатын. Содан өскенде қалайда да тілші боламын деп іштей берік байлам жасап қойғам. Бірде Алматыдан Зейнетолла жездем мен Пәниға әпкем үйге келген. Анашым Күлиза: «Біздің Әміре қаламға үйір болып жүр. Алла қаласа, өскенде мықты тілші боламын деген биік арманы бар», — деді.
Бұл шешімімізді құп көрген Зейнетолла жездем астанада үлкен университет бар екенін, соның журналистика деген факультетіне түсіп, журналист атануға болатындығын айтып жатыр жедел түсінік беріп.
Мен болсам, жоқ журналист емес, тілші ғана боламын деп, азарда-безер күйге түсемін. Жездемнің тілші мен журналист деген сөздердің бір ұғым білдіретіндігін алға тартқан уәжін құлаққа да ілмеймін. Атша тулаймын, көзімнің жасын бұлап та алдым. Тек тілші ғана атануым керек деген жүрек түбіне терең ұялап қалған тәтті қиялымды бұған дейін естіп көрмеген журналист деген сөзге аяқасты айырбастағым келмейді. Қазір жастарға осыны айтсаң, иланғаныңды айтсаң, өзіңді ақымақ санайды. Электр жарығы жеткізілмегендіктен, теледидар атаулыны 70-жылдардың басында ғана көріп, білген біздерге қандай кінә тақпақсыздар? Оның үстіне ауылымыз облыстың солтүстік бөлігінің ең шалғай пұшпағында, тас жолы тұрмақ, лас жолы да жоқ шөлейтті аймақ, қалың құмның өзен өзегін жалғаған бел ортасында жатса. Басқаны айтасыз, аудан орталығы Үштөбе қаласын әскерге шақырыларда ғана көрдік, орыс атаулы да сол тұста алғаш рет көзімізге шалынған-ды.
Өркениет атаулыға кешеуілдеп келуіміздің пайдасы да ұшан-теңіз дер едім. Жылдар бойына май шамның түбінде көзіміз талғанша кітап оқыдық. Есті қарттардың даналық әңгімелеріне барынша қаныға білдік. Қыс бойы итшанамен отын-су қамдадық, ала жаздай қысқы мал шөбін қол орақпен-ақ маялап тастадық. Ағайын-туысқа қарайластық. Ересектерден қалмай жүріп, ежелгі асар салу амалымен қоржын тамдарда қысылған көптеген отбасыларға жергілікті материалдардан жаңадан үй тұрғызып бердік. Қазір де дүниеуи тіршіліктен қолым қалт етсе, өзгелерге қалайда бір жәрдем көрсеткім келіп тұрады. Осылайша еңбек пен іздену үстінде жаман ғадет дегендеріңіз бойымызға қылтанақтай да дарымай ержеттік. Байлық деген осы емес пе! Кейінгі рухани-адами байлықтарымыз, балалық байтақ байлығымыздың қолына су құюға да жарамайды.

БАҚЫТ — ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЖЕРІ, ҚАЗАҚ ЕЛІ!

— Әлгі әзірде орыс халқының өкілін әскерге шақырылған кезде ғана көргендігіңізді айтып қалдыңыз. Сонда облыстық орыстілді «Огни Алатау» газетіне үш жылдан аса қалайша бас редактор болып жүрсіз? Оның үстіне сіз басқарған тұста басылым шын мәнінде жанданып, көкейдегімізді қозғар, ойыңды шыңдар жарияланымдар үсті-үстіне жарық көріп жатты. Оқырмандарға өте ұнағаны ана тіліміз, дәстүр-салтымыз бен тарихымыздың қордаланған мәселелерін орыстілді журналистер сол тұста тереңнен қозғап, темірқазық ұстанды. Қысқасы, газеттің қарпі орысша болғанымен, бүкіл ағзасы қазақша бүлкілдеп, болмыс-бітімі ұлттық бейнеге айналып кете барды ғой.
— Бұл енді сол тұстағы облысымыздың әкімі, қазақ руханиятының шырағданына айнала білген бекзат бейнелі Серік Әбікенұлының ерекше сенімі еді өзіме деген. Сезінген жанға сенімнің сең жаратындығы бар. Екіншіден, адамның мүмкіндігі шексіз емес пе, қазіргі таңда бір жылдың ар жақ, бер жағында ағылшын, қытай, басқа да тілдерді еркін меңгеріп жүрген қандастарымыз қаншама? Бүгінге дейін өзімді өзім шыңдап, жетілдіруден бір күнім де қалыс қалып көрген емес. Бұл жарық дүниеде қаныма сіңісті осынау табиғи әдетімнен ажырай қоймасым хақ, Алла мүмкіндік берсе.
Ал енді басылымның қазақы қалпына келсек, газет орыс тілінде жарық көргенімен, тек орыс этносының иелігі емес қой. Барша қазақстандықтардікі. Ұлттық таным, тарих мәселелеріне ден қоюымыздың себебі, қаншама жылдардан бері осы реттегі жанайқайға тән түйткілді жайттарымызды тек қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдары жамырай жазып, айтып келді. Орыстілділерінде үн жоқ. Қазір де оңып тұрғанымыз шамалы. Оу, жұртым-ау, тіпті басқаны былай қойғанда, бәрімізде осынау ұлы Отанымыздың, қасиетті жер, байтақ жұртымыздың арқасында күн кешіп, ұрпақ өргізіп жатыр емеспіз бе?! Ендеше, оның ертеңгі жай-күйіне, мынау жаһандану үрдісі дәуірінде елдігімізді сақтап қала аламыз ба, жоқ па деген тағдырлық сауалдарға біздің жанымыз ауырмаса, сырттан келіп кім басын қатырмақ?
Жалпы айтарым, жасымызға да, жасамысымызға да «мемлекет мұраты — менің мұратым, мемлекет қуаты — менің қуатым» деп құлшына тер төгетін уақыт келді. Асыл арманның құр айқай, даңғырлы даңғазамен келмейтіндігіне қай нәрсені де тереңнен толғар халқымыздың көзі әбден жетті. Асты да, үсті де пейіш қасиетті жеріміздің тек байлығына сұқтанған сыртқы жұрттың келешегімізді әсте ойламайтындығы бесенеден белгілі. Дәл қазіргідей халықаралық терроризм мен экстремизм лаңы өрттей өршіп, алаңкөңіл шақ туған тұста береке-бірлік бұрынғы қай кездегіден аса көкейкесті күйге еніп отыр. Кәрі тарихтың арғы-бергі иірімдерінде әлемді аузына қаратқан небір алпауыт елдердің іштен іріп, үйіндіге айналғандығы — саналы жанға сабақтың төресі.
— Сұхбатыңызға көп рақмет! Жетісу жерінде туып-өсіп, оқырманына шабыт пен сезімге толы жырымен сыр сыйлаған ақын ретінде, ойы ұшқыр қаламгер ретінде есімі дүйім жүртқа танымал Әміре Әрін жуырда 60 жастың асқарлы шыңына шықпақшы. Осындай биік белестің өрінде, туған жердің төрінде әлі де болса оқырмандарыңыздың абыройына бөленіп жүре беріңіз деген ақ жарма тілекке «Қазақстан-ZAMAN» газетіндегі әріптестеріңіз де қосылады.

Сұхбаттасқан — Нұрила Бектемірова

(83)