Бір партада 4 бала отырған ескі мектептің зары

2015 жылдан бері Есік қаласының орталығындағы Абылай хан атындағы №4 орта мектептің ата-аналарының шағымданып бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Аудандағы білім басқармасынан бастап, облыс әкіміне дейін шағым хат жолдады. Олардың шағымы ескі ғимаратта орналасқан, мыңнан аса оқушысы бар Абылай хан атындағы орта мектеп жайлы. Негізінде 250 оқушы сиятын кішкене мектепте бүгінде мыңнан аса бала оқиды. Бір бала отыратын орын жарты метрге де жетпейді екен. Оқушылар ғимараттың бір жақ бұрышынан, екінші қабатқа сырттан темір баспалдақ арқылы көтеріледі. Жаңбырлы күндері немесе қыста қар жауып, мұз қатқанда, сол баспалдақтан қаншама балалар құлап, жарақат та алыпты. Мектеп жасына дейінгі жеткіншектерге арналған әжетхана да жоқ. Мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Тұрар Бақтыбаеваның арқасында қыздар мен ұлдарға арналған әжетхана әрең жасалды.


Мектептің сыныптары өте тар, ауасы ауыр, бір түрлі сасық иіс шығады. Мектеп дәлізінің тарлығы сонша, екі бала қатарласа еркін жүре алмайды. Тіпті, сынып ішіне қолжуғыш қойып, соны пайдаланып отыр. Мектептің ең түкпірінде темір есік бар. «Бұл неғылған есік?» — деп сұрағанымызда, осы есік арқылы кофеханаға кіруге болады екен.Темір есіктің арғы жағындағы асханадан тамақ иісі бұрқырап тұр. Ең болмаса сынып пен кофехана арасын кірпішпен бөлмеген. Шаруашылыққа арналған қосалқы бөлмелердің барлығында қысылып-қымтырылып 25-тен аса жеткіншек оқиaды. Едендерінің бәрі тас, одан аяққа ызғар өтеді. Балалар жыл сайын осы тас еденнің зардабынан ауруханаға жатып шығады екен. Абылай хан атындағы мектепте бұрын бірнеше ғимарат болған, оның біреуі бір қабатты (Онда бұрын кешкі мектеп болған). Екіншісі — екі қабатты үлкен ғимарат. Мұны мектеп тар болған соң, Одақтың заманында мемлекет салып берген. Кезінде аудандық партия комитетінде істеген В.Мельников деген азамат осы екі ғимаратты да болмашы бағаға сатып алып, жекешелендірген. Ол аудан көлемінде бұдан да басқа көптеген балабақшаларды иеленіп алған. Абылай хан мектебінен бөліп алған екі ғимараттың біреуіне балабақша, екіншісіне орысша гимназия ашып, 1990 жылдардың аяғынан бері жұмыс істетіп келеді. Осы ғимараттарды мектепке қайтарып алайын десе, сегіз жүз миллион теңге сұрайды. Мұндай ақшаға сатып алуға бюджеттен рұқсат жоқ.
Абылай хан мектебінің негізгі ғимаратының жанында біраз бос жер бар. Сол жерге мектепке жалғастырып үлкен спорт зал салса, біраз мәселенің түйіні шешілер еді. Жоғарыда айтылған бір ғана В. Мельниковке биліктің шамасы келмеді. Ата-аналардың шағымы бойынша аудан, облыс әкімшілігінен талай рет келіп, құр сөзбен ғана шектелді. В.Мельниковтағы екі ғимаратты қайтарып алса, онда мектеп мәселесі толық шешілер еді. Міне, екі жылдан астам уақыт не қосымша мектеп салынбайды, не Мельниковтағы бұрынғы ғимараттарын қайтарып ала алмайды. Бәрі бос уәде береді де кетеді, ал оқушылар қысылып-қымтырылып білім алуға мәжбүр.
Қазіргі Еңбекшіқазақ аудандық мәслихат депутаты Бекет Төлегенұлы Ахметов осыдан біраз жыл бұрын осы мектепте директор болып істеген. Ол мәслихатқа депутат болып сайланар кезінде Абылай хан атындағы орта мектеп ұжымымен кездесу жүргізіп, мынандай уәде беріпті: «Қысқа мерзімде қаладағы орта білім беретін мектептерде үш ауысымды оқудың жағдайын шешуді қатаң бақылауға аламын. Абылай хан орта мектебінің ғимаратын кеңейтуге атсалысамын».
Мұндай уәденің көкесін Еңбекшіқазақ ауданының әкімі Бинәлі Ғаппасұлы Ысқақ та аямаған. Ал Алматы облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Б.Өнербаев қосымша мектеп салу жөнінде ашып ештеңе айтпаған.
Өткен жылы Алматы облысы Білім басқармасының басшысы Л.Базарқұлова ата-аналардың шағым хатына мынандай жауап жазыпты: «Абылай хан мектебінің жанындағы бос жерге Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігімен келісіп, 300 орынға лайықты мектеп құрылысы жұмыстарын бастаймыз». Бұл уәденің де айтылғанына жылдан астам уақыт өтіпті, бірақ одан ешқандай қорытынды шықпаған. Олардың әр жылда берген жауап, уәделерін де газетке ашық жариялап отырмыз. Ең бір сорақысы — қазақша жазылған арызға қазақтар орысша жауап жазған. Бұл мақаладағы басты мәселе бұл емес, оқушылардың оқып жатқан мектебінің барлық жағынан заманауи талаптарға сай еместігі. Сол мектепте оқитын балапандарының жағдайын ойлап жүрген ата- аналардың мұң-зары осындай. Халықтың мұңын енді кім тыңдап, кім көмектесер екен?

Шаяхмет Құсайынұлы,
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі,
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласы.

(67)