БІЗ ҚАНДАЙ АТА-АНАМЫЗ?

Бұрынғылар баланы «Алланың аманаты, халқымның азаматы, елім мен тегімнің абыройы, шаңырағымның иесі, ғұмырымның жалғасы, ақыреттік азығым — артымдағы іздеушім, дұға бағыштар жанашырым» деп, үлкен жауапкершілікпен, бұлтақсыз сенім, қатаң талаппен тәрбиелеген. «Жақсы ұрпақ — артта қалған із, жаман ұрпақ — жараға сепкен тұз» деп түсінген. Тәрбие өте жүйелі түрде жүргізілген. Тұңғыш немеренің «кенже бала» болатын дәстүрді айтпаған күннің өзінде, келесі немерелердің бәрі дерлік ата-әженің алдынан өткен. Жастық-мастықтың буында жүрген, өздері әлі балалық-шалалықтарынан арылмаған әрі тұрмыс түзеу, дүние түгендеуге көңілдері көбірек ауып тұрған жас жұбайлардың естері жиылып, ентікпелері басылғанша, ұрпақ тәрбиесі үлкендердің мойнында болған. Шын мәнінде, бұл өте дұрыс шешім еді. Бала тәрбиесімен айналысуға құлқы да, уақыты да, тәжірибесі де жоқ жастардан гөрі өмірден көргені мен түйгені мол, абыройы артық, айтары бар ата-әженің алақаны бала үшін қай жағынан да артық екені даусыз. Атасымен ілесіп жүріп, ақсақалдардың әңгімесін аузы ашылып тыңдаған, әжесінің тізесінде отырып, аңыз-ертегілерді құлаққа құйған, үлкендердің жүріс-тұрыс, бітім-болмысына еліктеп өскен өркен көркем болып ержетер еді. Өйткені жауапкершілігі жоғары, намысы нар, «Өнегелі қарты жоқ елдің өнерлі жасы да жоқ» екенін жақсы білген қариялар немерелеріне нан табуды ғана емес, әуелі ар табуды, құлқынның құлы емес, Құдайдың құлы, халықтың ұлы болуды үйретуші еді.
Қазір, өкінішке қарай, ата-әжелер мектебі жойылып барады, әсіресе қалалық жерлерде. Үш буынның өкілдері: ата-әже, әке-шеше және балалар — бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен дәстүрлі отбасылар азайып кетті. Тұрмысқа нарық еніп, батыстық өмір салты үлгі болғалы көпшілік ата-ананың негізгі мақсаты «елден қалмау» сылтауымен тұрмысты түзеу, дүние жарыс, мақтан марафоны болса, ал тәрбиенің түрі ақша беріп, күнделік тексеруден аса алмай қалды. Қаржыландыру тәрбие беруді ауыстырды. Тәлімгер тәрбиешінің рөлін теледидар мен ғаламтор, кітаптың орнын компьютер-смартфон мен «саржағал» газет-журнал басты. Ал олар арқылы жеткіншектің санасына қандай у мен қоқыстың құйылып жатқанын бәріміз білеміз. Теледидардың гипноздық әсеріне сана-сезімі жетілмеген жеткіншек, жақсы-жаманды айыра білмейтін бала түгіл, санасында «сүзгісі», «рухани иммунитеті» бар біздер — үлкендер де арбалып, алжаса бастағанымызды мойындайық. Көгілдір экранның алдында көсіліп жатып, көбік сериалдардағы келеңсіз, ессіз, ұятсыз көріністерді келін-кепшік, бала-шағамен бірге көре беруді «демократия» деп, стакан түйістіріп, тост айтуды «мәдениет» деп, әйтеуір ақша тауып киіндіріп, ақысын беріп оқуға түсіріп, ақша беріп сессиясын жауып, пара беріп жұмысқа тұрғызуды, сол арқылы өз күшіне, ақыл-парасатына емес, «ақша» деген пұтқа сенетін бозөкпе, бос белбеуді сомдап шығуды «әкелік қамқорлық» деп, «Жас күніңде, базарыңның барында ойна да күл, жүріп қал, күліп қал, бірақ байқай ғой» деп, жүкті болмаудың жолын үйретіп, қиянатқа баулуды «аналық ақыл», «ағалық кеңес» деп кеңкелестеніп кеттік-ау, шамасы. «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояптының» кері осы болар…
Біз дене тәрбиесінен бөлек сана-сезім, рух тәрбиесінің бар екенін, адамды Адам ғып тұрған ішкі мазмұн екенін естен шығарып алғандаймыз. Бізге «баланың көйлегі көк, қарны тоқ болса болды, өзі-ақ адам болып кетеді» деген тұманды түсінік тән. Ал аталарымыз «Ғалым болу оңай, Адам болу қиын» деп түйіп қойыпты…
Бабалардан мұра болған хақ дін Ислам қағидаты бойынша ата-ананың балалары алдында мынадай міндеттері бар екенін қайталап қою артық болмас:
1. Балдырғанның болашақ анасын немесе әкесін дұрыс тандау;
2. Шақалақтың адал бітіп, дұрыс жетіліп, дүниеге таза келуіне жағдай жасау;
3. Сәбиге жақсы ат қою;
4. Имани тәрбие беру;
5. Үйлендіру.
Бала ата-анасының айтқанымен емес, көріп өскен өнегесімен өсетінін ескерсек, көп күшті өзімізге салуымыз керек екені өзінен өзі шығады. Иә, тәрбиелеу үшін тәрбиешінің өзі тәрбиелі болуы керек. Түптеп келгенде, әр ата-ана — өз баласына идеал, яғни балапаны үшін сұңқар, құлыны үшін тұлпар болуы керек. Асыра айтсақ, өз ұл-қызына рухани ұстаз да бола білуі керек…
Ең қатты құнттайтын мәселе: «Ата-ана баласына өнегелі тәрбиеден артық ештеңе де калдыра алмайды» деген мағынадағы хадистің қадіріне жетіп, амал қылу. Біздің қателігіміздің де, қасіретіміздің де тамыры таным-ның таяздығында, «қасиет», «кие» деген қастерлі ұғымдардан ажырап, «реалист» боламыз деп жүріп, көкіректегі көзден айырылып қалғанымыз-да, өзіміздің рухани жұтаңдығымызда.

Алғадай Әбілғазыұлы

(118)